«Тоғызқұмалақ – ойын ғана емес, баға жетпес қазына»

Сыр бойының түлегі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Әсел Дәлиева жақында тоғызқұмалақтан әлемнің 9 дүркін чемпионы атанды. Төл ойынның шебері ғана емес, насихатшысына айналған ол ой жарысының құпиясы жайлы «Шеберлер талдауы» атты жинақ шығарды. Спортшының бұл еңбегі төрт тілде жарық көріп отыр.

Чемпионды жеңісімен құттықтап, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Әсел, «100 жаңа есім» жобасының алғашқы жеңімпазының бірісіз. Бұл жеңіс сіз үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашты?

– Тәуелсіз еліміздің жаңа есімдерін танытуды мақсат еткен бұл жоба барша жұрттың назарында болды. Жобаға қатысу, жеңімпаз атану мен үшін жаңа белестерді бағындыруға, алдыма биік мақсат қоюға ық­палын тигізді. Тіпті, жаңа жо­ба­ның алғашқы жеңімпаздары­ның бірі атану ұмы­тылмастай қуанышты сәт болды және маған үлкен жауапкер­шілік жүк­­тегендей сезімде болдым. Жеңім­­паздар қатарында тұрып тәуелсіз ел дамуына алда қандай үлес қосамын деген сұрақ мазалайтыны сөзсіз. Бұған дейінгі жетістігімді бағалап, ел менің есімімді даралап, мақтаныш етіп жатса, елімнің атын аспандату үшін тек алға ұмтыла бергің келеді.

– Жақында тоғызқұмалақтан 9 дүркін әлем чемпионы атанып, тағы бір жеңісті бағындырғаныңызды қазақ елі сүйіншіледі.

– Әлем чемпионатына қатысуға шәкіртім Лина Каримовамен бірге 8 ай бойы дайындалдық. Бір-бірімізге мықты қарсылас ойыншы болып дайындық жүргіздік. Бұл жеңіс – үлкен еңбектің жемісі. Өзім тоғызқұмалақ ойынының классика түрінен, шәкіртім Лина тоғызқұмалақтың рапид түрінен әлем чемпионы атандық. Әрине, қайсыбір жеткен жетістік маңдай тер еңбекпен, үлкен дайындық нәтижесімен келетіні белгілі. Алла қаласа мен үшін Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы атағын алуға аз қадам қалды. Бұл атақ әлем чемпионын дайындаған жаттықтырушыларға беріледі. Бұл орайда менің шәкіртім екі дүркін әлем чемпионы.

– Бұл жолғы чемпионат қалай өтті? Тоғызқұмалақ ойы­нына өзге елдердің қызығу­шылығы қалай?

– Әлем чемпионаты Түркияның Анталия қаласында 26 сәуір мен 4 мамыр аралығында өтті. Әлемнің 16 елінен 80-ге жуық спортшы бақ сынасты. Қай чемпиоанатта болмасын қырғыз бауырлар өте мықты бәсекелес саналады. Бүгінде Моңғолия да биік белестерді бағындыра бастады. Сондай-ақ Украина мен Чехия елінен келген спортшылар чемпионатқа жақсы дайындықпен келді. Жалпы, тоғызқұмалақ ойынына қы­зығушы елдер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Тіпті, үйренуге ықылас танытып, шеберлік сабағын өткізуді сұрайтындар да аз емес.

– Жақында тоғызқұмалақ ойынына арналған «Шеберлер талдауы» атты еңбегіңіз 4 тілде жарық көрді. Мұндағы мақсатыңыз...

– Өткен жылы тоғызқұмалақ ойынының түрлерін бір жинаққа енгізіп, шығарған едім. Содан кейін көптеген жаттықтырушылар қосымша кітап сұрады. Сұранысқа сай жақсы бір кітап дайындауды қолға алдым. Бұл кітапта үш әлем чемпионының өз ойындарын талдау нәтижесі енгізілді. Кітап өте қызықты деп есептеймін. Бұл еңбек тоғызқұмалақ ойнап жүргендерге және жаттықтырушыларға арналған. Сұраныс өте жоғары болды. Қазақ тілінде басылған алғашқы тираж толығымен сатылып, екін­ші мәрте шығардым. Алдағы уақытта тоғызқұмалақтың әдіс-тәсілдерін меңгеруге және жас спортшылардың деңгейін көтеруге арналған кітап жазсам деген мақсатым бар. «Шеберлер талдауы» кітабының ағылшын, түрік тіліне аударылуы сұранысқа сай болды. Бұл еңбегіме шетелдіктер жақсы пікір білдірді. Бұл да мені қанаттандыр­ды.

– Чемпион тәрбиелеп жүр­ген жаттықтырушысыз. Жас өрендердің тоғызқұмалаққа қызығушылығы қандай?

– Шәкірт тәрбиелеп жүргеніме 4 жылдай болды. Кәсіби түрде түрлі деңгейдегі жарыс­тарда бақ сынайтын жиырмаға жуық шәкірт дайындаудамын. Жастардың қызығушылығы өте жоғары деп айта аламын. Бұл мені қуантады. Лина бастаған шәкірттерім талай биік белестерді бағындырып жүр. Өзімнің тоғызқұмалақ ойынының басы-қасында жүргеніме 20 жылдай болды. Бұрын ақпараттың кемдігінен болар, қызығушылық өте аз болса, қазір көпшіліктің бұл ойынға көңіл бөлуі өте жоғары деңгейде.

– Төл ойынға қандай сипаттама берер едіңіз?

– Сан мыңжылдық тарихы бар құндылық болғандықтан тәрбиелік мәні зор дер едім. Адамның ойын жетілдіруге, алдын ала болжауға үйретуге, төзімділікке, қайраттылыққа же­­­телейді. Есептей алуға, сергектікке баулитын бұл ойын на­ғыз ақыл-ой жаттығуы дер едім.

Тарихы терең, даму жағынан жас ойын саналатын тоғызқұмалақ спорт түрі ғана емес, ата-бабамыздан бізге жеткен құндылық дер едім. Үйренуге, білуге, сұранысқа ие спорт түрі. Тоғызқұмалақ ойынын дамытуға үлес қосып жүргенімді мақтан етемін. Келешекте төл ойынды бүкіл әлем танитындай дәрежеге жеткіземіз деген үмітім бар.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

«Сыр бойы».

Cұхбат 16 мамыр 2019 г. 1 701 0