Жаныңда жүр ғажап жан

Пайғамбарлардан кейін адамзат қауымы азғындыққа түспес үшін және жалған дүниедегі пен­делер­дің парызын есіне тү­сіру­ үшін Алла өзі таңдаған құлдарына, яғни, әулиелерге ерекше қасиет дарыт­қан. Өйткені адам баласы ұмытшақ әрі қыңыр. Олар әулиелер тұрмақ, Пай­ғам­барлардың өзін талай рет тас атып қуған. Әулиелер сол ерекше қасиеттерімен халықты жақ­сылыққа, рухани тазалыққа, мейірімге, иманға үндеген. Жүр­ген жерін жамандықтан тазарт­қан. Адамдарды ауру-сыр­қаудан айық­тырған. Сон­дықтан халық оларды ерекше құрметтеп, зираттарына тәу еткен. Алайда, әулиелердің отқа сал­са, күймейтін, суға салса, батпай­тын қа­сиеттері немесе бір мез­гіл­де екі шаһарда, екі мешітте на­маз оқи беретін кереметтері құпия болып қала берген.

Әу­лиелердің мұндай қасие­тін лажсыз мойындаған ғылым оны «телепортация» деп айдар­ла­ға­нымен, зерттеуге тісі батпай, фантастикалық кинолардың сю­же­­тіне қосумен шектеліп отыр. 

«Сен маған қол созсаң, мен саған құшағымды ашамын» деген Жаратушының пендесіне деген мейірімі шексіз. Адамды о баста жаратқанда ол ұшырауы ықтимал әр дертке бір дауаны қоса жаратқан. Оны қолдану құпияларын әулие, емші, ғұламалар көкірегіне құйған.

Өз тақырыбымның «жыр­бас­тауы» секілді осы деректерді бекер еске түсіріп отырғаным жоқ. Оның мен баяндамақ әңгімемен арадағы үзілмес тінін осы жазғанымды оқып, қолмен ұстағандай бай­қа­са­ңыз керек.

***

«Магнит адам» деген атпен таны­мал халық емшісі Нартай Тұр­сановты көптен бері білемін. Қарапайым қалпынан танбайтын, күле сөйлеп, жағдайыңды сұрау­дан әрі аспайтын жанның пәлендей құ­пиясы да жоқ секілді. Осылай ойлағанмын. Бірақ...

Сол күні бұрыннан білетін емес, беймәлім, бейтаныс жанның ал­дында отырғандай едім. Өз күйіме өзім аң-таңмын. Алдымен бел құя­ңым ұстап бүгілдім, ар­тын­ша ауруымнан айығып, өн-бойымда өзгеріс пайда болды...

Енді екеуара әңгімені әрі-бері ырғамай, қаз-қалпында баяндап кө­рейін. 

– Нареке, сіздің денеңіздің әр­түрлі заттарды магнитше жапсырып алатыны туралы ха­бар­дармыз. Жа­ңылмасам, жүз келіден жоғары. Мұндай сал­­мақты зілтеміршілер екі қо­­лымен көтеріп зорға ұстап тұ­ра­­ды. Қажырлылықтан бө­лек қа­­сиет қажет ететін бұл ерек­ше­­лік қайдан келген?

– Менің ата-бабам әртүрлі қасиет иеленген кісілер. Мысалы, жаугершілік заманда туған төр­тінші атам Биікбай – ел қорғаған батыр, тарихи тұлға. Бейбіт заманда өмір сүрген өз әкем Махамбетқали облыстың бас ақыны атанған адам. Сыр елінің айтыс өнерін белгілі дәрежеге көтерген кісі.

Өз бойымдағы ерекшелік бала кезімде-ақ байқалды. Бірақ, оны «байқайтын» ешкім бол­мап­­ты. Тек әкем ғана «анау-мы­­нау­дан аулақ жүр» дейтін. Бірақ, кезінде сол сөздің түп мә­ніне бойладым дей алмаймын. Тоқ­са­нын­шы жылдардан беріде ем­ші-балгерлер көптеп шықты. Олар­дың ішінде елдің сөзіне ілініп, күлкіге қалғандары да аз емес. Егер бойдағы қасиетімді көрсете бастасам, онда жұрт мені де күлкіге қалғандардың қатарына қосып қоя­тындай, өзімді ол ор­та­дан оқшаулау ұс­та­дым. Емдеу ісін осыдан он бес жыл бұрын қолға алсам да, оны барынша жасырын жүргізуіме тура келді.

Өзің айтып отыр­ған әртүрлі заттардың денеме жабысып тұ­р­­­уына   қасиет деп қа­­рамадым. Бер­­тін келе қызы­ғу­шы­лы­ғым ауып, зерт­теп байқасам, әлемде ал­ғаш рет Васильев де­ген экстрасенс де­несіне 142 келі темірді жап­сы­рып көр­сеткен екен. Ал, ме­нің денеме 165 ке­лі темір оп-оңай жа­бы­сады.

–  Мұның сыры неде?

–  Құранда «Пай­ғам­бар­ларым­нан кейін ерек­ше қасиетке ие құл­дарым бо­лады» деген сөз бар. Алла кә­лә­мінің өзінде ашып айтпаған сырды кім түсіндіріп бере алсын. Егер сен «магия» деген сөзді естіп жүрген болсаң, сол магия Құдай берген қасиет. «Черный магия» дейтін де бар. Өз қасиетін теріс бағытта немесе бас пайда, бақай есебіне жарататындарды солай атайды. Қазақтың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» деген сөзі осыған қатысты. Бұрын Ұлы даламызда Құдай қасиет берген мұндай кісілер көп болған. Алайда, сол аталарымыз өзін үнемі қатаң бақылауда ұстаған, жаманшылықтан жырақ жүрген. Өйткені, Құдай берген қасиетін қара басына жұмсап, жауыздыққа бағыттағандар ақыретте қатаң жазаға тартылмақ. «Әркім өзіне берілгенінен сұралады» деген. 

– Сіз адамдарды қалай емдей­сіз?

– Менің тәсілім халық меди­ци­насында нүктелі ем деп аталады. Аты айтып тұрғандай, мен адам­ның ауырып тұрған нүктесін емдеймін. Ал, химиялық дәрілер ағзаға енгенде аурудың нүктесіне дөп түспейді, бүкіл денеге жайы­лады, яғни, осыдан адамның сау ағзасы зардап шегеді. Мен әуелі науқастың бойын сол дәрілерден шөгіп қалған зиянды заттардан тазартып аламын. Алайда, өзіме де ауырлықты сезінуге тура келеді.

Адам ағзасы үлкен комбинатқа ұқсайды, ішінде жүздеген цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұрады. Сол цехтардың бірінің жұмысынан ақау шығып, «өндіруге» қабілетсіз күйге түскенде адам ауырады. Оның психикалық та, физикалық та себебі болуы мүмкін. Емші осы себепті көре білуімен ерке­ше­ленеді. Мысалы, мен де адам­ның қай жері ауыратынын тамыр ұстамай-ақ, сұрап білмей-ақ анық­тай аламын. 

– Қашаннан бері ашық емдеуге көштіңіз?

– Егер Тоғызбаев Кенжебай ағамыз болмаса, менің әлі де ауыл арасынан аспай жүре беруім мүмкін еді. Бұл кісі елімізге аты белгілі, өте білгір емші. Кенжекең «сенің қасиетіңді көпке паш етуіміз керек, сол арқылы біраз өтірік емшілердің жолы қысқарар» деген ақылын айтып, бір жыл қасына ертіп жүрді, науқас жандарға бірігіп ем жасадық. Қазір бес жыл болды, ашық ем жүргізіп келемін.

– Бұған арнайы рұқсатыңыз бар ғой? 

– Мен Құртқа тәуіп атын­дағы проскопиялық ғылым ака­де­миясының, дүниежүзілік пси­хо­логтар, дәрігерлер, халық және рухани емшілер ассоциациясының мүшесімін. Дәстүрлі Шығыс ха­лық медицинасы дәрігерлері ака­демиясының, ҚР Халық және рухани емшілері мекемесінің то­лық мүшесімін. Әлемдік халық және рухани емшілер ассо­циа­цияның курстарынан өткенмін. Сауықтырудың энергиялық ақ­па­раттық жүйесімен, халықтық рухани және дәстүрлі медицина тәсілімен емдеуге рұқсат етілген сертификатым бар.

– Жақында сізге әлем және Рио олимпиадасының чемпионы, ауыр атлет Нижат Рахимов келіп, ем алыпты. Онымен бұ­рын­­нан араластығыңыз бар ма еді? Қазір жағдайы қалай?

– Араластығым жоқ. Ол 2020 жылы болатын олимпиада ойындарына Сочиде дайындалып жатқан жерінен келді. Жаттығу үстінде белі ауырып, әртүрлі дәрі қолданып, терапиялық ем алса да, нәтиже болмапты. Білетін кісі­лер­ден естіп, мені іздеп келіпті. Сөйтіп, Қызылордада үш күн жа­тып ем алды, кетерінде зілтемір көтеруге дайын қалпына түсті. Бірақ мен оған әлі екі кезең ем алу керектігін айттым. Негізі адамға толық ем қону үшін  алдымен оның сол емшіге ықласының ауғаны абзал, таза ниетпен келуі шарт.

Нижаттың ем алғанын естіген шенді, қалталы кісілер маған «қанша болса да ақшасын беремін, мені де емде» деп жан-жақтан хабарласты. Олар мені ақша үшін келеді деп үстемдік пиғыл таныту арқылы өздерінің немқұрайы ниет­­терін байқатып алды. Ондай шақыртуды қабыл алмаймын, өйт­кені емімді күтіп отырған, күні белгіленген басқа кісілер бар. Егер емші ақшалының артынан жүріп, басқаға берген уәдесін жұтса, онда оның емінің шипасы да жоғалады. Емшіліктің осы се­кілді өз қағидалары бар, мәселен, алдыңа ауырып келсе, жауың болса да емдейсің. Дәстүрлі емшілік – ақиқатты және саф тазалықты талап ететін қасиет. Өз басым жаман сөз айтылатын жерден аулақ жүремін, қиянат жасаудан қорқамын, бес уақыт намазымды қаза қылмаймын, дәретсіз іс бас­тамаймын.

– Нареке, Алла бойыңызға берген шапағат шипаңызбен халқы­ңызды қуанта беріңіз. Сіз­дей жан­дардың ортамызда жүр­геніне шүкір айтамыз. 

 

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ. 

«Сыр бойы»

Cұхбат 27 сәуір 2019 г. 2 165 0