Сауытбек Абдрахманов: Тұлпар тұрпатты халық болуымыз керек

Қазіргі таңда телевизия елдіктің бір мінберіне айналып келе жатқаны жақсы белгілі. «Асыл арнадағы» «Сүбелі сөз» бағдарламасын жүргізе бастағалы бері қалың қазақтың қадірлісі болып табылатын талай азаматтың ойларын жұртшылыққа жеткізуге мүмкіндік алдым. Сол сұхбаттардың бірін – белгілі қаламгер, қайраткер, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талдап түсіндірген әңгімесін бейнетаспадан қағазға түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

– Әбіш Кекілбаев ағамыздың  «Кез  келген  халықты бостандық бодандықтан да қатты сынайды» деген бір керемет сөзі бар екен. Біз осы ширек ғасыр тәуелсіздік алған жылдар ішінде қастерлі тәуелсіздігіміздің қадіріне жете алдық па? Осыдан бастасақ әңгімемізді, аға.
– Қазақта «өлгенде көрген» деген сөз бар ғой. Өлгенде көрген тәуелсіздік, зарығып жеткен тәуелсіздік, ата-бабаларымыз қанын, терін төккен тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Кейбіреулер айтады: барлығы тәуелсіздік жариялап болғаннан кейін бізге жарияламағаннан басқа не қалды деп. Ол жеңіл сөз. Сол заманда мен өзім партияның Орталық Комитетінде жұмыс істедім. Көп жайдан хабардармын. Қазақтың елдегі саны 39 пайыз болатын, яғни 40 пайызға да жетпейтін. Сондай кезде, өзіңнің еліңнің ортасында азшылық болып тұрған кезіңде ың-шыңсыз тәуелсіздік жариялап, оны орнықтыру оңайға түскен жоқ. Одан кейін, Әбекеңнің сөзімен айтқанда, бостандықтың сынағы да қиын сынақ болып шықты. Осы жылдарда біз талай-талай асулардан аман-есен астық, небір шырғалаңдарға киліге жаздадық. Олардың бәрінен өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Шүкіршілік деуіміз керек.
-  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы   ретінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарыққа шықты. Мақалада айтылған ойларды жүзеге асыруды қазірден бастап кеттік. Мұндай еңбектердің тек кейінгі кезде жариялануының сыры неде деп ойлайсыз?
– Елбасымыздың баршаға белгілі «алдымен экономика, саясат содан кейін» деген сөзі бар. Біз алты айлап айлық бере алмай жатқан кезде, зейнетақыны, шәкіртақыны уақтылы беру мұң болып тұрған кезде, әрине, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламаларды қолға ала алмайтын едік. Олардың мәселесі біршама шешілгеннен кейін барып 2003 жылы Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алғызды. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бастамашы болды. Енді міне Тәуелсіздік күнінің қарсаңында «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық жаңа еңбегін ұсынып отыр. Онда тарих пен уақыттың, кеңістіктің ұштаған бірлестігі жөнінде терең ойлар ортаға салынған. Мысалы, халықтардың барлығы бірдей өзінің тарихи атамекенінде тұрып жатпағандығын нақты айтады. Ежелгі Рим қазіргі Италия емес дейді. Расында да, Ежелгі Рим империясы Жерорта теңізінің қос жағалауын қатар жайлап жатқан алып империя болатын. Оған Рим де кіретін, Карфаген де кіретін, Александрия да кіретін, Афина да кіретін, Константинополь (қазіргі Ыстамбұл) да кіретін. Ол басқаша ұғым. Бірақ сол жерге ие болып, атын алып қалған италиялықтар Римге тиісті мақтаныштың бәріне ортақтасады. Немесе Англияны алайық. Қазіргі Англия жеріне англдар мен сакстар бірінен кейін бірі барған. Содан бара-бара сол жердегі басым ұлт, басым тіл англдар болды да, англдардың тілі басымдық алды. Өздерімен бірге барған сакстарды олар бір халық етіп біріктіріп жіберді. Шын мәнінде, сакстар Германияның Саксониясынан шыққан негізінен неміс тілді жұрт болатын, бірақ біз ағылшын емеспіз деген ой қазір олардың ойына да келмейді. Барлығы да Ұлыбритания деген корольдікке басында-ақ біріккен. Ал біздің Ұлы даламыздың төсіндегі жаңалықтардың сырттан келмегендігін, олар дәл осы жерде жасалғандығын және дәл біздің ата-бабаларымыз жасағандығын Президент ерекше айтты.
Елбасының мақаласында Ұлы даланың жеті қыры атап айтылған. Соның ішінде ең бірінші айтқаны – атқа міну мәдениеті. Әлемдік ғылымда қазір «Ботай мәдениеті» деген ұғым орнығып, жылқының алғаш рет Орталық Азияда, соның ішінде қазақ даласында қолға үйретілгендігі анықталып отыр. Өйткені ең осы заманғы ғылыми тәсілдер арқылы жылқылардың ең ежелгі шоғырланып үйілген жері Қазақстанда табылды. Олар қалай үйіледі? Олар бір қораға иірілген жерде, бір қораға жиылған жерде үйіледі. Ал жылқыны қораға жинау – олардың қолға үйретілгенінің даусыз дәлелі.
Осыған байланысты бір жағдайды айтқым келеді. Мен жазда Парижде болғанымда Адам музейінде осының нақты дәлелін көріп, ерекше таңғалдым. Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Одан кейін «Егемен Қазақстан» газетіне «Асауды алғаш ауыздықтағандар» деген мақала жаздым. Қысқасы, қазіргі таңда әлемде жылқы алғаш рет қолға Ботай қонысында, қазақ даласында үйретілген деген ұғым орныққан. Президент осыны біздің Ұлы даланың ең бірінші қыры ретінде бөлек атайды.
Содан кейінгі бір мысал – ежелгі металлургия. Ол да бір ғажап нәрсе. Қаныш Сәтбаевтың «Жезқазған» деген сөзге мән беріп айтатыны бар, «Бағаналының қай баласы жез қазды екен» деп. Жез қазбаған жерде «Жезқазған» деген сөз шықпайды. Жез табылмаған жерде «Жезді» деген жердің аты болмайды. Қазір Жездіге барсаңыз, ежелгі металлургияның музейі бар. Көз алдыңызда тас рудаларды пешке тастап, екі-үш сағаттан кейін балқытып, мына жақтан темір етіп шығарады. Әлі де сол баяғы технологиямен жұмыс істеп, көрікпен басып отыр.
Ұлы Даланың тағы бір қыры – аң стилі. «Скифский звериный стиль» дейді. Қазір, мысалы, Эрмитажда, Луврда, Британ музейінде тұрған аң стилі ең алдымен осы жердегі сақтардың өнер туындылары.
Біздің түркі дүниесінің бесігі екендігімізді де мақтана айтуға болады. Алтайдан түркінің бәрі тараған. Мұхтар, өзіңіз поэзияны жақсы білесіз, Мағжан айтып кеткен ғой: «Көк түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па!». Дәл сол идеяның арқасында біз қазір Түркістан деген арнайы облыс құрып, оның орталығын қасиетті Түркістан жасап отырмыз. Сол арқылы Назарбаев бүкіл түркі әлемінің қара шаңырағына кім ие екендігін нақты көрсетіп отыр.
Содан кейінгі тағы бір қыры – Ұлы Жібек жолы. Оны енді көп таратып жатудың қажеті болмас. Ұлы Жібек жолы біздің жеріміз арқылы өткен, мәдениеттерді біріктірген. Біздің халқымыздың бойында адамдарды жатсынбау мәдениеті о баста Ұлы Жібек жолы арқылы қалыптасқан, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» - дейді ғой Абай.
Елбасымыз тағы бір үлкен ұлттық мақтанышымыз ретінде қазақ жері алма мен қызғалдақтың отаны екенімізді айтады. Сиверс алмасының Жетісудан шыққандығы нақты дәлелденіп отыр. Регель қызғалдағының Голландияға бізден барғандығы, Голландиядан Түркияға барғандығы бүгінде ғылыми тұрғыдан толық дәлелденген. Голландықтар қызғалдақтың отаны Қазақстан дегенге тақ тұрады.
Президентіміз осындай-осындай ерекше қасиеттерді атап отырып, мұның барлығы біздің мақтаныш етуімізге тұратын жайлар екендігін айтады. Елбасымыз оларды атап қана отырған жоқ, олардың қадір-қасиетін ашып көрсетіп отыр. Мысалы, атқа міну мәдениетіне оралатын болсақ, бұл тек жылқыны қолға үйретіп, мініп, кешіріңіз, қой жайып жүру ғана емес, ол заман үшін атқа алдымен міну, ер-тұрман және үзеңгі жасап барып міну деген, бүгінгі ұғыммен алсақ, атом бомбасына алғаш рет қол жеткізгендей жаңалық. Өйткені, ер-тұрман салып, атқа мінген адам, үзеңгіге аяғын тіреп қатты шапқан адам ол заманда уақыт пен кеңістікті бірдей бағындыра алған. Сол арқылы отырықшы халықтардың зәре-құтын шығарған. Өйткені оларда ондай маневр жасайтын мүмкіндігі болған жоқ. Біз ана жылы жазушы досым Әлібек Асқаров екеуіміз Александрияға барып, Александр Македонскийдің ескерткішін көрдік. Сонда ол атқа үзеңгісіз отыр. Македониялық Александрдың тұсында оларда үзеңгі болған жоқ.
– Ол ұзаққа шаппайды дейсіз ғой.
– Әрі ұзаққа шаппайды, әрі  қатты шаба алмайды және соғысуға өте ыңғайсыз, аттан ауып қалу оп-оңай. Ауыздық кейін шыққан. Ауыздық та Алтайдан шыққан. Темір ауыздыққа дейін қола ауыздық болған, бірақ ол аттың езуін жырып жіберетін, ондай аттар алысқа шаба алмайтын, шыдамсыз болатын. Осылардың барлығына түркілер алдымен қол жеткізді, соның арқасында жарты әлемді жаулайтындай құдіретке ие болды. Осылардың барлығы біздің жас ұрпақтың бойында тарихты білуге құштарлық оятуға тиіс.
– Біздің   сөз   қолданысымыздағы  талай   ұғымдар, тіпті   билік ауысымы, азаматтың азамат болып ер жетуі, барлығы осы жылқы малымен тығыз байланысты. Біз қандай да бір жағдаймен осы жылқыдан қол үзіп қалатын болсақ, көп дүниеден айырылып қалатынымызды Президент негіздеп отыр бір жағынан.
– Бұл өте үлкен мәселе. Біз қазір жылқыға тек соғым ретінде қарайтын жағдайға келе жатырмыз... Жылқыны біздің рухымызды көтеретін, көңілімізді асқақтататын асыл жануар ретінде қарау қалып бара жатыр, өкінішке орай. Мысалы, біздің ат жарыстардағы, бәйгедегі шабыстарымыз, Еуропаның стандарттары бойынша қарағанда, сын көтермейді. Әйтеуір бірінші келген адамның аты бірінші орын алады, екінші келген адамның аты екінші орын алады, үшінші келген адамның аты үшінші орын алады, сонымен жүрміз. Ал шын мәнінде нақты қашықтыққа, нақты минут, секунд бойынша шауып, сол бойынша спорттық ерекшеліктерді шыңдау бізде жоқ. Бұл ойландыратын нәрсе. Қазақ жылқысының ұшқырлығы нашарлап бара жатыр.
– Сауытбек аға, Елбасымен талай сапарларда  бірге  болдыңыз, талай рет сұхбат алдыңыз. Әйтеуір қай кезде де осы биліктің бір бұрышында келе жатырсыз. Өзіңіз де талай жауапты қызметтер атқардыңыз. Биліктің табиғатын білетін адам ретінде айтыңызшы, «Цифрлық Қазақстан», «Төртінші өнеркәсіптік революция» сияқты экономикалық жобалардан кейін кенет шұғыл бұрылыс жасағандай етіп «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақала жариялаудың астарында қандай сыр бар?
– Бұл арада мәселе тағы да сол алдымен экономиканы реттеп алу, одан
кейін идеологиялық мәселелерді шешуге бетбұрыс жасауда деп айтуға болар еді, бірақ бұл жерде мәселенің басқа қыры да бар. Мәселен, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын орындамай тұрып, біз «Архив-2025» деген бағдарламаны жүзеге асыра алмаймыз. Президент өзінің мақаласында айтты, Ұлы далаға қатысты деректі құжаттардың барлығы әлемнің мұрағаттарында шашылып жатыр, олардың іздеушісі де табылмай тұр, зерттеушісі де табылмай тұр деп. Олардың барлығын, әрине, көшіріп алып келмесең, ешкім де өздігінен бермейді. Ал көшірудің жалғыз жолы – цифрға түсіру. Бүкіл біздің музейлеріміздегі құнды құжаттардың барлығы цифрлануға тиіс. Арнайы мамандар болмаса, ешкім бір экспонат үшін ғана Павлодарға немесе Атырауға арнайы бара алмайды. Ал жалпы халық және ғалымдар бүкіл Қазақстан музейлеріндегі, архивтеріндегі құжаттарды цифрлық жүйе арқылы, компьютер арқылы өзінен-ақ ашып көріп, әрі қарай жұмыс істей беретіндей болуы керек. Сондықтан да Президент «Архив-2025» деген жеті жылдық бағдарлама жасауды ұсынып отыр. Содан кейін «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағдарламасын қолға алуды айтты. Біз ұлы тұлғаларымызды әлемдік ғылыми айналымға түсіре алған  жоқпыз. Биыл Мәскеуден «Великие путушествия» деген сериямен Шоқанның кітабы шықты. Бұл үлкен бір бетбұрысты оқиға. Өйткені, ол серия өте құнды серия. Марко Поло, Рубрук, Миклухо-Маклай, Пржевальский кітаптары шығатын сериямен енді Шоқан шығып отыр, керемет безендіріліп. Бұл Шоқанның тартымды түрде, академиялық басылымдардан басқа ерекше безендірілген басылымы. Осындай тұрғыда біз Интернетке өтуіміз керек. Мұхтар мұрасы болсын, Абай мұрасы болсын, басқа мұралар болсын, әлемнің, тым құрағанда Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі алты тілінде сөйлеп, бүкіл жаһанға жетуі керек, сөйтіп танылуы керек. Сонда ғана олар Ұлы дала елінің ұлы мәдениеті деп мойындалады.
– Өзіміз  танығаннан   басқа,  өзгелерге танытудың да жолдарын, тетіктерін қарастыруды жоспарлап отыр дейсіз ғой?
– Қазір осы жөнінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты көптеген шаралар атқарылып жатыр. Оған шүкіршілік дейміз.
– Сіз елдің рухани жаңғыруына ертеректен, жеке үлесіңізді қосып келе жатырсыз. Қаншама шығармаларыңызды, мысалы, «Біздің Пушкин», «Тәуелсіздік шежіресі», «Елдік сыны», «Төлтума мен телтума» деген сияқты көптеген кітаптарыңызды көпшілік қауым ыстық ықыласпен қабыл алды. Енді өзіңіздің де алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Қазір   енді  қып-қызыл   саясаттың  ортасында  отырғаннан  кейін күнделікті жұмыстарға уақыт өте көп кетеді екен. Соны өзім көріп жүрмін, бір жағынан көндігіп жүрмін. Қазір «жоба» деген модалы сөз шықты ғой. Бұйыртса, кейбір жобаларым алдағы екі-үш жылда атқарылады деп ойлаймын. Газетке мақалалар жазудан өздеріңіз сияқты жігіттер шақырғанда телеарналарға сұхбат беруден басқа қомақты дүниелер жазғым бар және дайындап жүрген дүниелерім бар.
– Аға, кино деген - үлкен саясат. Әлемдегі кез келген халық өзінің мәдениетін, тарихын, тіпті кейде экспансиясын осы киномен жүргізетінін өзіңіз жақсы білесіз.
– Осы мақалада тарихты кино мен телевизияда көрсету деген арнаулы пікір бар.
– Өзіміз де сол бойынша пікіріңізді білгіміз келеді.
– Қазір заман сондай болды, оқитын емес, көретін халық басып бара жатыр, өкінішке орай. Бүкіл ақпарат визуальды түрде қабылданатын, визуальды түрде миға тікелей өтетін уақыт келді. Біз мына дүниеге танытқымыз келетін кейіпкерлер шын мәнінде әлемдік кинематографтың стандарттары бойынша блокбастер түрінде, өмірбаяндық қызғылықты, шытырман оқиғалы фильмдер түрінде түсірілсе ғана кең экранға жететініне көзіміз жетті. Сондықтан Президент өзінің мақаласында қажет болса шетелдік мамандарды да біздің жобаларға тарту керектігін айтып отыр. Бұл жерде шалқамыздан түсетін, шамданатын ештеңе жоқ, біздің киномызды шетелдік маман түсіріп берді деп. «Әмірені» америкалық режиссер түсірді. Сол америкалық режиссердің көзімен, Еуропадағы киноның стилімен түсірілгендіктен де «Әміре» фильмі жанды, әсерлі болып шықты, бірнеше кинофестивальдерде сыйлықтар алып жатыр.
– Аға,      ақылыңызды,     кеңесіңізді айтып,   өмірде      көрген-білгеніңізбен бөлісіп, талай жастарды тәрбиелеп келе жатырсыз. Біздің көрермендерге айтылатын тілегіңізді тыңдасақ.
– Тілекті даламыздың данагөйі Әбіш ағаның өзіңіз сөзіңіздің басында келтірген пікірімен айтуға болады. Бостандықтың сынағы бодандықтың сынағынан артық болмаса, кем емес. Бұл Әбіш қана айта алатын өте күрделі ой. Біз соны түсінуіміз керек. Бір жағымызда аю, бір жағымызда айдаһар дегендей, күрделі геосаяси кеңістікте тұрмыз. Оның үстіне, әлемдік экономика, өкінішке орай, саясиланып бара жатыр, санкциялар соғысы жүріп жатыр. Сондай жағдайда өзімізді өзіміз сақтап қалуды, мықты экономикасы бар ел болып тұруды және рухы күшті ел күйінде қалуды ерекше ойлауымыз керек. Президенттің соңғы екі жылдың ішінде рух мәселесіне қайта-қайта қадалуы тегін емес. Қазақ – қашанда рухымен, жігерімен, намысымен ерекшеленген халық. Байқап қарасаңыз, спорттың жеке адамдар сайысқа түсетін түрлерінде қазақтар оңайлықпен ешкімге дес бермейді. Ал командалық ойындарда, үлкен инфрақұрылымды қажет ететін, үлкен жұмыстарды қажет ететін спорт түрлерінде біз ақсап жатамыз. Неге? Өйткені бокста, күресте қазақтың намысшылдығының өзі-ақ алып шығады.
– Және бір адамға құрылған лидерлік бағыт та әсер етеді.
– Иә, намысшылдыққа, жігерге құрылған спорт түрлерінде қазақ дес бермей келе жатыр. Осы қасиетті ерекше сақтауымыз керек. Абайдың қара сөздерінде бұрынғы өткен бабаларымыздың бізден бір артық жері болады екен, намысшыл келеді екен деген ой айтылады. Сондықтан намысшыл ұлт болып, жанталасқан, жағаласқан, жарысқан заманда ешкімге бой бермейтіндей тұлпар тұрпатты халық болуымыз керек.
– Бәрекелді,  аға! Бүгінгі  күнгі   маңызды  мақаланы  түсіндіріп, талдап, ойыңызбен бөліскеніңіз үшін үлкен алғыс айтамыз.

Сұхбаттасқан:
Мұхтар НИЯЗ.
Cұхбат 22 сәуір 2019 г. 1 262 0