Теологиялық оңалту- түзелуге бастайтын жол

Бүгінде халықты теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында теологиялық оңалту жұмыстары тек бостандықтағы азаматтар арасында ғана емес, түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерге де жоспарлы түрде жүріп жатыр. Осы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет майоры Талғат Тұрсынбаевқа арнайы жолығып едік. 

Талғат Қуанышұлы, облыс бойынша ҚАЖ мекемелерінде бас бостандығынан айырылғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру жұмыстары жайлы айтып берсеңіз?

– ҚР ІІМ бұйрығымен ҚАЖ мекемелерінде теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыруға ЗК-169/1 (тергеу изоляторы) мекемесіне және ЗК-169/5 мекемесіне (қауіпсіздігі аралас) екі штат берілген болатын. Аталған штаттарға тағайындалған инспекторлар әрбір сотталғанға әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жинақтауыштар әзірленіп, жеке бағдарлама жасап, сол бойынша әділет органдарында ресми тіркелген діни бірлестік өкілдерімен және облыстық ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандарымен бірлесіп жұмыс жүргізуде.  Сонымен қатар, әрбір  жазасын өтеушіге ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің оң пікірін алған діни мазмұндағы әдебиеттер оқытылып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын және отансүйгіштікке тәрбиелейтін кино мен деректі фильмдер,  диструктивті теріс діни ағымдардың қате сипаттары мен адасқан ағымдардың қоғамға тигізер кері әсерлерін айқындайтын бейнероликтер тұрақты түрде көрсетіліп келеді. 

ҚАЖ мекемелерінде теологиялық оңалту  жұмыстарын ұйымдастыру тобын құру қазіргі таңда қандай оң нәтижелер беруде?

– Аталған қызметтің құрылуы қазіргі таңда айтарлықтай оң нәтиже беріп келеді. Инспекторлардың ұйымдастыруымен республикалық ақпараттық түсіндірме топ өкілдерін шақыру арқылы дәрістер жүргізіп отырады. Атап айтқанда, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстаздары А.Әкімханов, Қ.Құрманбаев, «Аңсар» ақпараттық талдамалық орталығы директорының орынбасары Т.Талдыбаев, дінтанушылар М. Орынбай және Т. Әбуов  сотталғандармен кездесті.

Былтырғы есеппен айтсақ, ақпараттық түсіндірме топ мүшелері сотталғандармен 511 рет жеке сұхбат өткізсе, 8 рет топтық нысанда насихаттық дәрістер берген. Топтық дәрістерде 320 жазасын өтеуші қамтылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2 сотталушы қазіргі таңда байыпты діни көзқарасқа ауысып отыр.

Теологиялық оңалту тобындағы инспекторларға арнайы семинарлар өткізіле ме?

– Былтыр қазан айының соңында «ҚАЖ мекемелерінде теологиялық оңалту жұмыстарының ұйымдастырылуы» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті. Оған ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті мен ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, облыс аумағында ресми тіркелген діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және ҚАЖ департаментінің қызметкерлері қатысты. Нәтижесімен алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар белгіленіп, мақсаттар айқындалды.

Сонымен қатар, өткен жылы ҚАЖ комитетінің ұйымдастыруымен теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру қызметінің екі инспекторы Алматы қаласындағы ҰҚК академиясында, бір инспектор Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқу семинарына қатысып келсе, Астана қаласында халықаралық ұйымдардың қатысуымен өткізілген оқу семинарына бір инспектор қатысып,  білімін жетілдірді.

Сондай-ақ, ҚАЖ теологтары жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың ұйымдастыруымен өткізілетін семинар-кеңестер мен жұмыс кездесулеріне жиі шақыртылып тұрады.

Енді биылғы жылға арналған жұмыс жоспарларыңыз жайында айтып өтсеңіз.

– Осы жылға арналған жұмыс жоспарлары әзірленіп, нақты мақсаттар мен міндеттер тиісті мамандарға жүктелді. Атап айтар болсақ, теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобына арнайы ғимарат ішінен бөлінген бөлмені қажетті офистік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, сотталғандарға ұлттық құндылықтарды насихаттайтын қазақтың классик қаламгерлерінің шығармаларымен қатар, Қазақстан тарихы бойынша кітаптар мен оқулықтар қорын көбейту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Сонымен бірге жоғарыда көрсетілген сотталғандарға арналған оңалту бағдарламасына сәйкес діни бірлестік өкілдерімен қатар, ішкі саясат басқармасының теолог мамандарымен бірлескен жұмыс ауқымын кеңейту керек. Аталған іс-шараны бірізділікке қою арқылы оңалтылатын сотталушыларды дәстүрлі дінге қайтару жұмыстарын жетілдіру және үздіксіз жалғастыру басты мақсат болып табылады.

Әңгімеңізге рахмет!                 

Сұқбаттасқан Дана ДАСТАНОВА

Cұхбат 16 наурыз 2019 г. 1 413 0