« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгінде оқимын, білімін тереңдетемін дегендерге барлық жағдай жасалған. Еліміз тәуелсіздік алғалы қаншама жастар алыс-жақын шетелдерде білім алуда. Әсіресе, “Болашақ” бағдарламасымен оқуға түсіп, біліктілігін жетілдіріп жүргендер жетерлік. Деректерге сүйенсек, аталған бағдарлама аясында 1993 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін он мыңнан аса стипендия тағайындалыпты.
Осының негізінде әлемнің озық университеттерінен дәріс алған бәсекелестікке төтеп бере алатын білікті мамандар дайындалуда. Қазіргі күні осы бағытта көбіне АҚШ, Ұлыбритания мен Еуропаның елдеріне таңдау жасайтындар қатары көбейген. Шетелде оқу мүмкіндігіне ие болған сондай жандардың бірі – жерлесіміз Құралай Ахметова.
– Ең алдымен өзің жайлы айтып өтсең...
– Мен Шиелі ауданының тумасымын. 2007 жылы Алматы қаласына арманымды арқалап келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны 2011 жылы тәмамдап, 2012 жылы өз мамандығым бойынша магистратураны жалғастырдым. 2011 жылдан бастап “Викибілім" қоғамдық қорында, яғни қазіргі "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорында жұмыс істеймін.
– Қазір қай университетте, қандай мамандық бойынша білім жетілдіріп келесің? Шетелдік оқу жүйесінде қандай ерекшелік бар?
– “Болашақ” бағдарламасы бойынша 2017 жылы Ұлыбританияның Глазго қаласындағы Strathclyde университетіне түстім. Онда “медиа және коммуникация” мамандығын игерудемін. Бұл университет медиа саласын оқыту бойынша Ұлыбританияның ондық тобына кіреді. Оқу жүйесіне келер болсам, студент мұғалімді не мұғалім студентті іздеп жүрмейді. Барлық сабақ кредитті технология негізінде электронды онлайн түрде өтеді. Сондай-ақ, дайындаған жұмысың міндетті түрде көшірмеден өткізіледі. Яғни, студенттің жұмысы интернеттен не басқа құралдардан көшіріп алмағандығы тексеріледі. Сілтемені дұрыс бере білуің керек. Осы тұсы маған қатты ұнады. Өйткені, өзіңнің таза еңбегің бағаланады. Сонымен бірге мұнда студенттің сыни көзқарасына жоғары баға береді. Кітапханаға да барып уақыт жоғалтпайсың. Кітаптың барлығы дерлік электронды. Себепсіз сабақтан қалуға да болмайды. Әсіресе, шетелдік студенттерге. Себебі, бізге виза оқу үшін берілгендіктен, барлығы бақылауда. Ереже сақталмаса, елден шығарып жібереді.
– Басқа елге барғандағы басты қиындық не? Қазіргі қоғамда шетелге барсаң, ақшаны молынан табасың, жұмыс көп, жақсы өмір сүруге мүмкіндік жоғары деген көзқарас бар. Бұл қаншалықты рас?
– Ең басты қиындық – тіл. Тілді қанша біліп келдік дегеннің өзінде жергілікті тұрғындардың сөйлеу диалектісіне біршама уақытқа дейін үйренісе алмадық. Келе-келе құлақ үйренді. Ал, шет елде шалқып өмір сүресің деген пікірге мен қарсымын. Бұл жақта ешкім тамағын тосып, үйін дайындап күтіп отырмайды. Жеке өз басым мемлекеттің қолдауымен оқып жатқандықтан, мені еліміз стипендиямен қамтамасыз етеді. Жұмысқа тұру мәселесіне келсек, бәсекелестік жоғары. Міндетті түрде виза керек, онсыз ешкім қабылдамайды. Сондай-ақ, жай ғана мықты болу жеткіліксіз, білімің жоғары болу қажет. Сонда ғана үлкен компанияларға тұруға болады. «Оңай жолмен ақша табамын» деу қате. Мұнда да жұмыссыздар бар, ұры-қары да жүреді. Үйі жоқ, салығын төлей алмай жүргендер де жеткілікті. Лондон – үлкен қала, әрі қымбат. Сондықтан да «шетелге барсам, шекем шылқи кетеді» деген жаңсақ ойдан аулақ болған жөн.
– Ол елде қандай ерекшелік бар?
– Мұндағы халық өте сыпайы. Олардың кезекке тұру мәдениетінің өзі жоғары. Бір-бірімен дауласып жатпайды, кезекке сағаттап тұруға дайын, сондай төзімді. Оған қоса үнемшіл келеді. Мәселен, жаз бойы жаңбыр жауатындықтан, ондағы тұрғындарға бақшасын сумен суаруға рұқсат жоқ. Суарған жағдайда айыппұл төлетеді. Қоқыс қалдықтарының өзін қайта өңделетін, өңделмейтін деп бөліп тастайды. Бізде супермаркеттерге барғанда тегін пакеттерді молынан алып жатамыз. Бұл жақта сатылатындықтан, әркім өзі үйінен алып барады. Ысырапшылдық жоқ, пакеттерді әбден тозығы жеткенше пайдалануға тырысады. Айтпақшы, ағылшындар қазақтар секілді шай ішкенді жақсы көреді. Тіпті, бестің шайын ішеді. Тағы бір ерекшелік туристік аймақ болған соң, туристерге жақсы жағдай жасалған. Мемлекетке қарайтын музейлерге кіру тегін. Музейдің түр-түрі бар. Табиғат, діндер, полиция, ойыншықтар мұражайы кездеседі. Кез келген заттың музейін табуға болады. Айта кететін жайт, мүгедек жандарға да қолайлы жағдай қарастырылған. Мысалы, менің группаласым бар. Аяқ-қолы жұмыс істемейді, қолының ұшын ғана қимылдата алады. Бізбен бірдей толыққанды магистратура оқиды әрі спорт тілшісі болып жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз – мүмкіндігі шектеулі жандардың, оқуына да, жұмыс істеуіне де еш кедергі жоқ екендігін көрсетеді. Жалпы айтқанда, оларға көп жерде жеңілдіктер беріледі.
– Олар біздің ел жайлы біле ме?
– Барлығы біледі деп айта алмаймын. Кейбірі қазақ елін Кеңес Үкіметінің құрамындағы ел деп білсе, енді бірі талантты әнші Димаш Құдайбергенов арқылы танып жатады. Біздер елден жырақ жүрген соң, көпшілік ортада өз еліміз жайлы мақтанып айтып жүреміз. Өйткені, салыстырмалы түрде алсақ, ағылшындар қанша жерден империя болса да, біздің қазақ ұлты секілді салт-дәстүрін, мәдениетін сақтамаған, дәстүрге бай халық емес. Осы тұрғыдан келгенде біздің еліміз алда. Оны біз мақтан тұтамыз, жүрген жерімізде жұртқа таныстырып отырамыз.
– Елге оралғаннан кейінгі мақсатыңыз қандай?
– Биыл тамыз айында оқуымды тәмамдаймын. Басты мақсат – аман-есен оралып, елге қызмет көрсету. Үйренгенімді, білгенімді, ойға түйгенімді өзгелерге үйрету. Шарт бойынша, бұрынғы жұмысыма келіп, бес жылға дейін жұмыс жасауым керек. Бастысы, оқыған-тоқығанымды игілікті іске асырсам болғаны.
– Әңгімеңе рахмет.
Әңгімелескен
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |