Жақында Венгрияда бокстан өткен дәстүрлі Боскай Иштван турнирінде жерлесіміз, талантты боксшы Тұрсынбай Құлахмет чемпион атанды. Биыл 63-ші мәрте өткізілген дәстүрлі турнирге 27 мемлекеттің былғары қолғап шебері қатысқан еді. Әрине, мұндай додаға «бағымды сынап қайтайыншы» деп бара салатын ешкім жоқ, бәрі де жеңістен үмітті. Ал, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дейтіндердің жөні бөлек. Осындай «сен тұр, мен атайындармен» бетпе-бет кездескен қазақстандық 8 боксшының 5-еуі өз салмақтары бойынша алғашқы үштіктің сапын құрады. Соның бірі, ауылға алтыннан алқа тағып келген Тұрсынбай Құлахметпен кездесіп, жеңісімен құттықтадық. Қайда жүрсе де рухы асқақ қазақ деген ұлттың ұлы екенін биік тұғырдан танытқан Тұрсынбай туралы Сыр жұртшылығына кеңірек мәлімет бере кетуді орынды деп білдік.
– Тұрсынбай, мен бокс жанкүйерімін. Спорттың осы түрімен айналысатын қазақ жігіттерін сырттай саралап жүремін. Барған жерінен абыроймен оралатын сенің атыңа да бұрыннан қанықпын. Дегенмен, боксқа қалай келдің, бүгінгі тұғырыңа шығу үшін қандай белестерден өттің деген сұрақ қоймақпын.
– Бұрын өзі боксқа қатысқан әкем Молдахмет Қызылордадағы №197-мектепте алғашқы әскери дайындық мұғалімі болып жүріп, бокс секциясын ашқан. Сол секцияға әкем мені сегіз жасымда жетектеп апарды.
5-класс оқып жүргенімде Аралда өткен республикалық турнирге қатысып, бірінші орын алдым. Осы турнир менің жеңісімнің басы болды. 8-класта Якутияда өткен Еуразия ойындарына бардым, мұнан да 1-орын иелендім. 2010, 2011 жылдары жастар арасындағы Қазақстан чемпионы атандым.
Біз әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен бір мектепте оқығанбыз.
– Бір мектептен екі чемпионның шығуы мақтанарлық жайт. Жалпы, Қызылорда боксының жағдайы қалай? Өзің ұлттық құрамада жүрген соң осы төңіректегі әңгімені ел боксына да бұра кетерсің.
– Әлем чемпионатының күміс жүлдегері шыққан Қызылорда боксын ешкім осал дей алмайды. Ал, Қамшыбектің Меджидов секілді әлем чемпионы атағын екі мәрте алған алыптан төрешілер шешімімен ұтылуы біздің мықтылығымызды ұқтырады. Бүгінде қызылордалық боксшылар жақсы танылып келеді. 2013 жылы болар, «Төрт астана турнирінде» Орынбор, Алматы, Астана бокшыларын ұтып, жерлестеріміз бас жүлдені алған болатын. Бұл мықтылығымыз емес пе? Ғалым Байғондиев, Жәмил Жүсіпов секілді тамаша бапкерлеріміз бар.
Ал, Қазақстан құрамасы қашаннан дара. Шынымды айтсам, маған халықаралық турнирлердегі жеңістен Қазақстан чемпионатындағы жеңісім салмақтырақ. Себебі мықтылар көп.
– Былтыр Азия ойындарында ел құрамасы өзбекстандық боксшыларға есе жіберді. Сол кезде «қазақ көкпаршылары да, боксшылары да өзбектен жеңілді, енді олар дес бермейді» деген сөз гулеп кетті. Намысымыз қозды, олар қалай озды?
– Халықаралық әуесқой бокс федерациясын өзбек ұлтының өкілі басқарып отыр. Олардың бұл жеңісінің бір ұшы сол жаққа барып тіреледі. Татамиде қолданылатын аяқтан шалу әдісінің өмірде жиі кездесетінін жақсы білерсіз. Негізі бізбен қашаннан да Ресей, өзбек, азербайжан, армян боксшылары бәсекелес болған. Шын мәнінде Ресейден басқасы қазақ боксшыларынан озық болған емес. Мәселен, шет ел турнирлеріне не чемпионаттарына қазақстандық 10 боксшы барса, кемінде соның 8-9-ы үш орынның бірін егеленеді. Ал, 10 өзбек барса, олардың бір-екеуі ғана жеңеді, армяндар мен әзербайжандар да солай. Мысалы, кешегі өткен Венгриядағы турнирге 8 қазақ барып, 5 медаль алды.
– 2017 жылдың ақпан айында бокстан Софияда өткен «Страндж» халықаралық турнирінің финалында сен 75 келі салмақта алтын алдың, болгар боксшысы Арман Хакобянды ұттың. Осы жылы Бакуде болған Ислам ынтымақтастық ойындарында қазір кәсіби боксқа ауысқан біздің Жәнібек Әлімханұлын Риода жеңген Камран Шахсуварлыдан алтын жүлдені тартып алдың. «Тартып алдың» деп отыруымыздың себебі сен біріншіден қапым бар қайта шығам дегендей, Жәнібектің есесін қайтардың, екіншіден ол олимпиаданың қола жүлдегері еді, сондықтан мамандар Камранды фаворит санады. Яғни, сол жеңеді деген сенімде болды. Бұл болжамды сен 5:0 деген есеппен жоққа шығардың. Осы шет елдің кәсіби мамандары бізді неге төмен бағалайды?
– Шахсуварлы шынында мықты боксшы. Негізі ол да қазақ боксының мектебінен шықты. Біздің құрамада 75 келі салмақтағы ойыншылар көп болды да, ол сол себепті тарихи отанының атынан өнер көрсетуге ауысты. Оны жеңіске лайық көрсетіп жүрген де сол олимпиададағы олжасы. Әйтпесе менде жеңем деген сенім әу бастан-ақ болды. Ал, «неге» деген сұраққа келсек, «ауылдастың аты озсын» дегеннің кері.
– Бокс спорттың ауыр түрінің бірі ғой, оған өзіне сенген адам ғана шығады. Сендегі сенімнің кепілі не?
– Көп талапкер жаттығу мен соққыға шыдамай боксты ерте тастап кетеді. Уақытының үштен екі бөлігін арнаған адам ғана бокста қалады. Мен әр уақытта рингке сеніммен шығамын. Сенімге намыс қосылса, ешкім жеңілмейді. Бір Аллаға сыйынып бастаған істің бәрі қайырлы болады. Бокс – төбелес емес, өнер. Өнер тазалықты сүйеді. Сондықтан біз сөзімізде де, ісімізде де тазалықты ұстанамыз. Біздің батыр бабаларымыз таза дін ұстанған. Олар жолымызды жалғастырады деп ұрпағына сенді. Сол әзиздердің зәузаты, мен де бес уақыт намазымды оқимын, таза жүремін.
– Әділетсіздік кездессе немесе біреу нақақ тиіссе, тұмсықтан қайырып жібергің келіп тұратын сәтің бола ма?
– Жоқ, ондай ой миыма мүлде кіріп шықпапты. Не нәрсені де жылы сөзбен, сабырмен сабаға түсіру керек қой. Кейде басымен алысып тұрған біреуге «кешіріңіз, сіздің мұныңыз дұрыс болмады» десең, өзі кешірім сұрап жөніне кетеді. Мұндай жағдайлар болған.
– Әуесқой бокста қанша жекпе-жек өткіздің? Кәсіпқойлыққа ауысу ойда бар ма? Жоспарың?
– Дәл саны есімде жоқ, бірақ алған медальдарымның саны 250 шақты болады. Кәсіпқойлық туралы ойламаппын. Бұйыртса, алдымда әлем чемпионаты мен 2020 жылғы Токио олимпиадасына қатысу мақсаты тұр. Осы екі әлемдік додада қазақтың көк туын биікке көтерсем деген арман бар.
– Арманың орындалсын. Біз тілекшіңбіз. Қазақ деген қайсар халықтың қандай болатынын барша әлемге таныт, бауырым!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.