ЕКПЕНІҢ ИСЛАМ ДІНІНЕ ЕШ ҚАЙШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Елімізде дінді желеу етіп екпе салдырмайтын жағдайлардан хабардармыз. Мұның ақ-қарасын бізге облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Жеңісбек Дәрібаев айтып берді.

– Осы күні екпе мәселесінде елдің  пікірі екіге жарылды. Оның бір жағында «шариғатта бұған тыйым салынған» деушілер тұр. Айтылған пікір қаншалықты дәлелді, негізді?
– Жаңа туған балаға екпе түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында салынады. Алайда, кейбір ата-аналардың оған қарсылық танытатынын естіп-біліп жүрміз. Осындай мәселелер денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алаңдаушылығын туғызатыны сөзсіз. Дәрігерлердің айтуынша, балаға екпе салдырудың қажет. Өйткені екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр екенін дамыған елдердің медицинасы әлдеқашан мойындаған. Екпе салдыруға қарсылықтың барлығы бірдей адамның діни көзқарасына байланысты емес. Біздің мекеме өкілдері жыл сайын денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерімен бірге екпеге қарсы келгендермен түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді. Олар екпенің сапасына күмәнмен қарайтынын жеткізген. Бұл – әлеуметтік желілерде, қоғамда екпе салдырғаннан кейін балалардың түрлі сырқатқа ұшырағынан, тіпті кейбірінің өлімге алып келгенін көріп-естігеннен туындаған қорқыныш.
– Басқа діндерде екпеге қатысты не айтылған?
– Бүгінде Қазақстанда 18 конфессия өмір сүруде. Олардың ешқайсысы балаға екпе салдыруға қарсылық танытпайды. Екпені дінде шектен шығып, оны дұрыс түсінбеген деструктивті діни ағымды ұстанушылар қабылдамайды. Оларды тек ислам дінімен байланыстыру дұрыс емес. Мысалы, исламның деструктивті псевдосалафиттік ағымын ұстанатын азаматтар мұны харам іс-әрекет деп есертейді. Кейбір басқа дін өкілдері өздерінің ұстанымдарына жат әрекет ретінде екпе егуге сенімсіздікпен қарайды.
– Облыста шариғатты сылтау етіп екпе салдырмайтын жағдайлар қаншалықты кездеседі? Оларға қатысты қандай да бір түсіндірме шаралары ұйымдастырыла ма?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, денсаулық сақтау және орталық қызметкерлері бірлесіп түсіндірме жұмысын жүргізіледі. Ислам дінінде «екпе салуға болады немесе болмайды» деген нақты хадис немесе аят кездеспейді. Себебі, екпе салдыруға қарсылық білдірушілер діни ұстанымдарына байланысты екпені шариғат тұрғысынан харамға шығаратыны анық. Шариғат негіздеріне сүйенетін болсақ, егер денсаулыққа зиян келтірмесе және емдік сипатта болса, екпе алудың ислам дініне ешқандай қайшылығы жоқ. Керісінше, ислам діні науқас адамды ем қабылдауға шақырып жатады. Дін тұрғысынан денсаулық Жаратушыдан берілген аманат екенін ескерсек, әрбір адам баласы аманатқа қиянат жасамай, денсаулығын күтіп, ауырмаудың жолын іздеуге міндетті. Осы жөнінде Құранда: «Негізінен Алла сендерге аманаттарыңды өз лайық орнына тапсыруларыңды әмір етті», – делінеді. Жоғарыда айтылған мысалдардан медициналық көмектен бас тартпай, рұқсат етілген мөлшерде кез келген медициналық ем-шара қабылдауға діннің қарсы емес екенін аңғаруға болады.
Конституцияның 1-бабының 1-тармақшасында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – делінген. Осыны басшылыққа ала отырып, денсаулықты жақсартуға бағытталған барлық мүмкіндікті пайдалану адамның жеке басы үшін де, қоғам үшін де тиімді болары сөзсіз.
Мұсылмандар қажылыққа барар кезде менингитке қарсы екпе салдыртады. Енді қараңыз, дінде харам деп екпе салдыруға қарсы болғандар қажылық парызын өтерде міндетті түрде екпе салдыртады. Олай етпесе, қажылығын өтей алмайды.
Қазіргі таңда ислам мемлекеттерінде де екпе жасау кең таралған. Мұны Мысырдағы әл-Азһар ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі, Марокко мен Сауд Арабиясы Әмірлігінің ғалымдар кеңесінің түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін екпеге жүгінуге болатыны туралы пәтуаларынан аңғаруға болады.
- Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан:
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 18 ақпан 2019 г. 1 367 0