« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елдің рухани тұрғыда дамуы мен кемелденуіне мәдениет саласының ықпалы айрықша. Өңіріміздің барлық өнер ұжымдары осы мәдениет ұғымы аясында бір мүддеге бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Тарих қойнауына енген ескі жылда ақжолтай жаңалықтың жаршысы болған біршама ілкімді істер жүзеге асты. Облыстық филармония ұжымы өңірдегі ауқымды мәдени шаралар мен іргелі бастамалардың бел ортасында болып, руханият керуенінің көшін бастады. Өнер ұжымының өткен жылдағы өмір ағымы, шығармашылық ізденістері мен жемістері туралы облыстық филармония директоры Талғат Мақашовқа бірнеше сауал қойған едік.
– «Өнер ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастырады» десек, сіз басқаратын ұжым бірталай шетел сахналарын бағындырды. Біздің халықтың табиғатын, болмысын танытатын концерттер арқылы өнер әлеміндегі елшілік миссияны да атқарып жүрсіздер...
– Дұрыс айтасыз, өткен жыл облыстық филармония үшін жемісті жыл болды. Жыл көлемінде гастрольдік сапарлардың көкжиегі кеңейді. Ресей, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған гастрольдік сапарлар жоғары деңгейде өтті. Таратып айтатын болсақ, Орынбор қаласы мен аудандарында аралас құрамда әртістеріміз өнер көрсетсе, Лондон қаласында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен дәстүрлі, классикалық орындаушыларымыз болып қайтты. Ал Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі маусым айында Түркия мемлекетінің Кастамону, Болу, Ақсарай, Анкара сынды тарихи қалаларында өткен түркі тілдес халықтарының фестиваліне қатысты. Сондай-ақ, «Томирис» би ансамблі еліміздің мәдениетін халықаралық дәрежеде дәріптеу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид әл Нахаян атындағы гуманитарлық ұйымының ұйымдастыруымен Әбу Даби қаласында өткен халықаралық мәдени фестивальде ай бойы өнер көрсетті. Бұл – ең алдымен ұлттық өнер, мәдениеттің керегесінің кеңейгенін білдіреді. Екіншіден, өнерпаздардың кәсіби деңгейінің жоғарылауына, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Осы орайда жан-жақты қолдау көрсеткен облыс басшысына айтар алғысымыз шексіз.
– Қазір адамдарды таңғалдыру – қиынның қиыны. Өнердің шоу сипатына баса назар аудару белең алды. Мұндайда көрермен талғамына сай бағдарлама түзудің өзі – еңбек. Шетелдіктердің назарына ұсынылатын концерттік бағдарламада не қамтылды? Көрерменнің ықыласы қалай болды?
– Көрерменнің ықыласына бөлену үшін репертуарлық ұсыным сұранысқа сай болу керек. Әр халықтың өнерге деген көзқарасы бар, мәдениеті бөлек, әлбетте. Репертуарды жасақтау барысында осы мәселені назарда ұстаймыз. Өзгені өзіміздің ұлттық болмысымызбен, қазақи салтымызбен, дәстүрлі өнерімізбен ғана таңғалдырамыз. Таңдау барысында әлем классиктерінің шығармалары мен ұлттық музыкалық туындыларға баса назар аударамыз. Көрерменнің қызығушылығына келсек, оларды біздің шеберлігімізден бөлек ұлттық киімдеріміз, сахна мәдениетіміз де қызықтырды.
– Филармония өңірдегі жастарға музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, жергілікті тұрғындарға классикалық, дәстүрлі әндер сыйлап, рухани қажетін өтеу қызметін қалай атқарып жүр?
– Филармония жастармен қалай жұмыс жасап жатыр дегенде тек көрерменмен шектеліп қалмауымыз керек. Өйткені филармонияның өзінде классика, дәстүрлі орындаушылық, эстрада, аспап, би жанрлары бойынша жастар жұмыс атқарып келеді. Олардың шеберлігін шыңдау мақсатында әртүрлі конкурс, байқау, фестивальдарға қатыстыруға мүмкіндік жасап отырмыз. Ал көрермендерімізге келсек, бір күн концертке келгеннен ешнәрсе өзгеріп кетпесі анық. Мәселе – бір келген көрерменді ұстап қалуда. Әр жанрдың өз тыңдарманы бар. Бұл жерде әңгіме – әр адамның талғамында. Классикалық немесе дәстүрлі концерттерден гөрі эстрадалық ән кештеріне көрермен көп жиналады. Биылғы жылы осы классикалық өнерді тереңінен насихаттау мақсатында «Мәртебелі классика» атты жобаны қолға алып жатырмыз.
– Жылдар өтіп, ұрпақ ауысқанмен, біздің тамырымыздағы, түп негізіміздегі аталы сөздің мәйегін ұғу, тыңдау мәдениеті сақталып қалатынына сенемін. Сыр бойынан шыққан ақын-жыраулардың шығармалары орындалғанда елең ете қалып, оны соңына дейін тыңдайтын ынта жас ұрпақтың бойында да бар. Тек сол ұшқыннан жалын лаулату үшін олардың назарын бұра білу керек сияқты. Сіздің ұжымның сүлейлер есімін ұлықтау мақсатында жасаған жұмыстарына тоқталсаңыз.
– Жалпы облыстық филармония концерттерінің негізгі мақсаттарының бірі – шығармашыл адамдардың өнерін насихаттау. Концерт барысында мүмкіндігінше шығарма авторларына тоқтауға тырысамыз. Мысалы, лекция-концерттер, танымдық музыкалық кештер форматында көп өткіземіз. Ал нақты жырауларға келетін болсақ, филармонияда Сыр елінің үш жыраулық мектебінің өкілдері жұмыс атқарады. Олар берген әрбір концертте шайырлар шығармашылығы насихатталады. Осы күндері А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Аталы сөзден ал кеңес!» атты жыршы-термешілердің мысал орындау концерті және 26 ақпан күні филармонияның концерт залында қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор К.Әзірбаевтың 135 жылдығына орай «Ән кемеңгері» атты дәстүрлі орындаушылар концерті өткізіледі.
– Жас баланы қалай исең, солай өсетін жас шыбыққа теңеп жатамыз. Балаларды өнерге баулудағы басты қағида – осы. Бұлақтың көзін ашып, жолын тазалаудан, яғни таланттардың талабын ұштаудан өнер өлкесіндегі ұрпақтар сабақтастығы құралады. Филармонияның осы орайдағы миссиясына – балалар шығармашылығына орай өткізілген шараларға тоқталып өтсеңіз.
– Осыдан 4 жыл бұрын «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясын аштық. Студия бірнеше қойылымдарды сахналап, тұрақты жұмыс жасауда. Сонымен қатар облыстық жобалық кеңсе аясында облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен талантты балалардың мүмкіндіктерін көрсетіп, сахналық тәжірибе жинап, шығармашылығын шыңдау мақсатында «Ля-ля-фа» балалар мюзикл студиясы құрылды. Мәдениет қайраткері Т.Бекарыстановтың «Таусылмасын ертегім» қойылымының премьерасын Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында өткізіп, көрерменнен оң бағасын алды.
– Жыл басында жетістіктер мен «әттегенайларды» безбенге тартып, алдағы кезеңге жоспар жасайтын үрдіс бар. Өнер өлкесіне жетістік өз аяғымен келмейтіні белгілі. Онда адамдардың ой еңбегі мен шығармашылық ізденісі тоғысады. Сондықтан қол жеткен табыстарды ауыз толтырып айту – еңбек пен ізденістің бағасы деп ойлаймын.
– Филармония өнер иелері өз жетістіктерімен өңір жұртшылығын қуантты. Олардың қатарында жырау К.Түрікпен «Мен қазақпын» мега жобасының гран-при иегері атанса, Ш.Бимбетова ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Құрмет» орденімен марапатталды. Мұнан бөлек, филармония директорының орынбасары А.Іздіқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Сонымен қатар, Ш.Тілеулесов «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Өнер ұжымдары да көрерменін өз жетістіктерімен қуантуда. Атап айтсам, камералық оркестр Қазақстанның халық әртісі Ж.Әбдірашовты еске алуға арналған республикалық камералық оркестрлер фестиваліне қатысып лауреат атанды. Камералық оркестрге М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Ә.Бестенбековтің шеберлік дәрісі ұйымдастырылды. Камералық оркестр ұжымы ақпан айында Еуропаның Босния-Герцеговина мемлекетінде өтетін камералық оркестрлер фестиваліне қатысады. Ал, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Атырау қаласында өткен халықаралық ұлт аспаптар оркестрлерінің фестиваліне қатысып лауреат атанды.
– Басталған жылдың айдары – «Жастар жылы» екенін білеміз. Жақында Елбасы атаулы жылдағы бірқатар бастамаларға старт берді. Филармония ұжымы да бұл бастамалардан сырт қалмайтын болар?
– «Жастар жылы» аясында көптеген мәдени шаралар жоспарланып отыр. Оның ішінде филармонияның жас әншілері Н.Нұраддинова, Р.Үсеновтің жеке шығармашылық кештері, «Жас толқын» кәсіби әншілер мен әнге қабілетті жұмыссыз жастардың жұптасып ән салу жобасы, 29 сәуір – Халықаралық би күніне орай республикалық «Dance-ART» би фестивалін өткізу, 6 шілде күні Қазақстан эстрада жұлдызының қатысуымен филармония әртістерінің «Астана жастар жүрегінде» шоу концертін өткізу көзделіп отыр.
Әңгімелескен
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |