« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
– Бахытжан Әлішерұлы, жаңа қызметіңізбен құттықтаймын! Осы ретте оқырмандарға өзіңізді таныстыру үшін еңбек жолыңызды айтып өтсеңіз...
– Туып өскен жерім Қызылорда қаласы. 1995 жылы Қорқыт ата атындағы университеттің жараталыстану факультетін бітіргеннен кейін биология және география мамандығы бойынша екі жыл осы университетте оқытушы қызметін атқарып,1998 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің өсімдік қорғау кафедрасына күндізгі аспирантураға түстім. 1997 жылы оны тамамдағанда жұрт бизнеске кетіп жатқан кезең болса да ғылымды таңдадым. Аллаға шүкір, нәтижесінде жаман болған жоқпын. 2004 жылы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында өсімдік қорғау саласы бойынша диссертация қорғадым. Қазіргі кезде биология ғылымдарының кандидатымын және ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының корреспондент мүшесімін.
2002 жылдан бастап Қазақ өсімдік қорғау институтында кіші ғылыми қызметкерден бастап, биотехнология зертханасының меңгерушісі, институт бас директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Зертхана меңгерушісі болып жүргенімде Қазақстанда тұңғыш биологиялық препарат шығарған авторлардың бірімін. 40 шақты патентім бар. Қазіргі таңда отандық үш биологиялық препараттарымыз шегірткеге және жұлдызқұрттарға қарсы Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер тізіміне енгізілді. Былтыр шегірткеге қарсы биологиялық препаратты Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының 2019 бюджеттік бағдарламасы аясында өндірістік жағдайда қолдандық. Бұл биологиялық препаратқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қызығушылық танытып қолдау көрсетті, себебі жыл сайын шегірткелерге қарсы, онсызда экологиялық аймаққа жататын аймақта, улыхимикаттарды қолданып келеді. Осы мәселеге қатысты улыхимикаттардың үлесін биологиялық препараттармен алмастыру мақсатында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында тапсырма берген болатын. Арнайы құрылған комиссия оның тиімділігін жоғары бағалады. Ол жұмыс әрі қарай биыл да жалғастырылады.
Алматыдағы "Байсерке" агрохолдингінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты
барлық егілетін мал азықтық дақылдар бойынша рекордтық өнім алды. Былтыр оны Қаскелең Агропаркінде жүзеге асырдық. Енді сол жұмыстарды Қызылорда өңірінде жалғастыру үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім орталығының Директорлар Кеңесінің шешімімен институтқа басшылыққа желтоқсан айында тағайындады. Осылайша туған жерге қызмет етуге келіп отырмыз.
–Дұрыс екен, оң болсын! Ал енді алдағы уақытта қандай бағыттағы жұмыстарға басымдық берілетін болады?
– Ауылшаруашылығы өнеркәсіп кешенін дамыту 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай судың тапшылығына байланысты аймақта егілетін барлық дақыл көлеміндегі 50,2% үлесті қамтып келген күріш алқаптары, 2022 жылға қарай 40,6% көлеміне дейін азаюы тиіс. Алайда, соған қарамастан Елбасы Жолдауындағы ауылшаруашылығы өндірісіндегі еңбек үлесін 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, біз қазір ауыл шаруашылығындағы кез-келген дақылдың өнімділігін арттыруымыз керек. Мысалы, күріштің өнімділігі соңғы жылдары 55 центнерге дейін көтерілді. Бұл бірақ ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың көрсеткіші. Ал жалпы майда шаруашылықтар бұл деңгейге жете алмай келеді. Оның көптеген себептері бар. Біріншіден, ол күріш сорттарына байланысты. Егістік көлемін қысқартқанымен сапалы тұқым пайдалана отырып, өнім көлемін арттыруымыз қажет. Алдыңғы қатарда тұрған мәселенің бірі жоғары өнім беретін тұқымның сапалы сорттарын шығарып, оны өндіріске енгізу. Бұнымен қатар, ол тұқымдармен қалай жұмыс істеу керек және қай технологияны қолданған дұрыс деген мәселелер бар. Осы бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі тапсырмасымен 2018 жылы елімізде үш Агропарк құрылғанын айта кету керек. Қаскелеңде орналасқан "Агропарк Оңтүстік" мәртебесіне ие болған орталыққа оңтүстік облыстардағы барлық тұқым шаруашылықтары, аймақтық ғылыми-зерттеу орталықтары мен тәжірибелік шаруашылықтар қарайтын болады және осы мекемені елімізге және шетелге әйгілі академик Сағитов Абай Оразұлы басқаруда. Ол әрі менің ғылым жолындағы ардақты ұстазым.
Бұл Агропарк негізінен демонстрациялық алаң. Ғалымдардың бүкіл жаңалықтары сол жерде көрсетіледі. Шетелдік тұқымдардың біздің жерге қаншалықты бейімділігі, шетелдік және отандық техникаларды пайдалануда қайсысының тиімділігі жоғары болады, сондай тәжірибелер қойылып, аймақтардан келген фермерлер оны өз көзімен көре алады. Міне осындай алаңдарды біз өз облысымызда да жасауымыз қажет. Бұл ұсынысты облыс әкімі қолдап отыр. Бұл бағытта жұмыс жүргізетін боламыз және Қарауылтөбе тәжірибе алаңында 100 гектар алқапта өзіміздің отандық сорттар мен шетелдік сорттардың әлеуетін салыстырмалы түрде көрсетпекшіміз.
– Ал осы көрсетелім алаңында өсірілетін жаңа сорт түрлері бар ма?
– Өкінішке орай, отандық сорттарға фермерлер тарапынан қызығушылық төмен түсіп кетуіне байланысты, көптеген сорттарды Ресейден алып келіп жатыр. Қазір ресейлік "Янтар", "Лидер" және "Новатор"
сорттары облыстағы күріш егістігінің 70-80% алып жатыр. Ал қалған көлемде отандық сорттар егілуде. Мәселен, "Маржан" сортының үлесі төмен түсіп кетуіне пирикуляриоз ауруына шалдығуы себеп болды. Фермерлердің бұл сорттан бас тартуының негізгі себебі бұл аурумен сол уақыттарда күресу шараларының жоқтығы болды. Сондықтан, басқа сорт іздеуге тура келді. Біздің ғалымдар оған қарап қалды деп айта алмаймыз, үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Биылдан бастап тәжірибелік алқаптарда өсірілетін "Ай-Керім" және "Сыр сұлуы" деген екі сортқа назар аударуын өтінер едік және өз көздерімен көруге шақырамыз. Бұлар ресейлік сорттармен салыстырғанда анағұрлым тез пісіп жетіледі. Яғни ол 110-115 күнде піседі. Ал былтыр "Лидер" сорты ауа-райына байланысты пісіп үлгірмей, көп фермерлер шығынға батып, санын ұрып қалды. Сондықтан, ауа-райына байланысты орта мезгілде пісетін отандық сорттарға көңіл бөлуіміз қажет. Бұл әсіресе облыстың солтүстік аудандары үшін өте тиімді және бұл сорттардың өнімділігі де жоғары. Жаңа сорттардың шынылығы 90-95%, өңдеуден кейінгі шығымы 60-70% аралығына дейін жетеді. Гектарынан 85-90 центнерге дейін өнім алып, рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізуге болады.
Бұған дейін де алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың 70-80 центнерден алып жатқаны бар. Оған қалай қол жеткізуде деген сұраққа жауап беретін болсақ, олар заманауи техникалармен жарақтанған, сонымен бірге қажетті тыңайтқыштарды бере алады. Қазақта адамға қатысты «тегі жақсы», малға қатысты «асыл тұқымды» деген ұғым бар. Ендеше тұқымға да сондай көзқарас танытып, қатты көңіл бөлуге тиіспіз.
– Күріш тұқымының ауруға шалдуығының алдын алу жолдары қандай?
– Әдетте біз, тұқымды себер алдында бір ғана препаратпен дәрілейміз. Өзім жиырма жылдай жұмыс істеген Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты шаруашылық басшыларын тұқымға қатты көңіл бөлуге шақырып келеді. Себебі, біз дәрілегенде тұқымның тек сыртқы бетіндегі ауруларды ғана жоя алады екенбіз де, ал ішіндегі ауруларды жоя алмайды екенбіз. Былтыр "Лидер" сортын тексердік. Сонда 1 келі тұқымның 42 пайызы ауруға шалдыққаны анықталды. Осыдан кейін келер жылы себетін тұқымның қаншалықты көлемі ауру екенін есептей беріңіз. Фермерлер егістік алдында тұқымның өнімділігін, шығымдылығын тексереді. Өкінішке орай шығымдылығы 60-70% болғандықтан тұқым себу нормасын орындау үшін артық шығынға барады. Мысалға, 1 гектарға нормасы 200-220 келі егудің орнына 300 келіге дейін арттырады. Ал тұқымды арзанға алмайтынымыз бәрімізге белгілі. Элиталық тұқым болса, бағасы тіптен жоғары. Міне сол кезде шаруашылықтардың элиталық тұқым алуға қаржысы жетпейді де, амал жоқ тауарлы дәнді, яғни қатардағы тұқым себеміз. Ал оның шығымдылығы одан да төмен. Тұқымға көңіл бөлуіміз керек деп жатқанымның мәнісі осында.
Фитоэкспертизалық талдау жүргізгенде бір ғана тұқымның ішінде бес түрлі саңырауқұлақ ауруы және екі түрлі бактериялық ауру бар екен. Сонда біз ауру тұқым егіп жатырмыз ғой. Ол біріншіден шығымдылыққа әсер етеді.
Екіншіден, өсіп келе жатқанда тамыры шіриді де, тамыр арқылы бүкіл өсімдіктің бойында масаққа дейін өнімділікке кері әсерін тигізеді. Сонда біз 40 пайызға дейін өнімділікті жоғалтады екенбіз. Міне осы бағытта тұқым шаруашылықтар және шаруа қожалықтарымен жұмыс жасауды алға қойып отырмыз. Себебі, бүкіл фермерлер тұқымды осы шаруашылықтардан алады ғой. Тұқымды сауықтыру деген бұл үлкен бағыт. Осы бағытты жолға қоймақшымыз. Облыс басшылығы мен ауыл шаруашылығы басқармасы бұған өте түсіністікпен қарап, қолдап отыр. Оны өз деңгейінде атқарамыз деп ойлаймын.
Шетелдік фермерлер тұқым мәселесіне келгенде өте мұқият көңіл аударады. Жақында Аргентинаға барып келдік. Онда кез-келген фермерден сұрасаң «тұқымды біз өзіміз дәрілемейміз», - дейді. Арнайы мамандандырылған шаруалықтар атқарады. Олар бізге өңдеп әкеп береді, біз соны пайдаланамыз дейді. Одан ауру келмейтінін біледі. Сосын біркелкі өседі. Қазақта "тауық сойса да қасапшы сойсын", - деген сөз бар ғой, сол секілді дәрілеуді өсімдіктің дәрігерлері атқару қажет деп есептеймін. Өйткені, ол сауықтырылған және салмағына қарай іріктеуден өтеді. Сондықтан суперэлита, элита, 1-репродукциялы өнім деп бөлінеді. Соған қарай өнімділікті арттыруға болады. Жоғарыда атап өткен 50-55 центнердің орнына 70-75 центнер және оданда жоғары алуға болады.
– Жаңа сорт шығаруға қанша уақыт кетеді?
– Бізге селекциямен, тұқымды өсірумен айналысатын мамандар керек. Өйткені, жастар арасынан мамандарды тәрбиелемесек, уақыттан ұтыламыз. Өйткені бір сорт шығару үшін ең аз дегенде 10 жыл уақыт керек. Ал күрішке 12-13 жыл керек. Енді біз ғылымның жаңалығын пайдаланып, қазіргі сорттың шығару мерзімін қысқарту үшін биотехнологияны пайдалануымыз керек. Осы институт төңірегінде зертхана ашып, биотехнология мамандарымен топтастыруымыз қажет. Сол кезде бір сортты шығаруға 5-6 жыл уақыт жұмсаймыз. Алдағы үш-төрт жылда осы бағытта жұмыс жүргізбесек, онда Ресейге немесе басқа мемлекеттерге тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін. Қазір Ресейден тұқымның келісін 260 теңгеден алудамыз. Оны алып келіп, өндіріп сатқанымыз үшін тағы да роялти төлемін жасаймыз. Өндірілген өнімнің 7 пайызын төлейміз. Сонда тапқан табысымыздың біраз бөлігі сырт мемлекетке кетіп жатыр. Ал сол ақшаның есебінен тұқым шығаруды неге дұрыс жолға қоймаймыз және оның уақытын қысқартпаймыз?
Жаңа сорт шығару мерзімін қысқарту үшін әлбетте оның матриалдық-техникалық базасы болуы қажет. Мамандарды даярлау тағы бар. Ол да уақытты қажет етеді. Егер 5-6 жылда бұл бағытта жұмыс істемейтін болсақ, айтып отырған сортымызда ескіреді де, оның артынан келетін жаңа сортқа шамамыз келмей қалады. Осындай күрделі мәселелер алдымызда тұр. Бұл бағытта жұмыс жүргізу үшін жылыжайлар керек. Жоғарыда айтқандай мамандар он екі ай бойы үзіліссіз жұмыс жасауы керек. Жұмысты тек жаз мезгілінде ғана жүргізетін болсақ, біз маусымға бағынышты болып қаламыз
да алты айымыз құр босқа кетеді. Сол алты айдың есебінен 12 жылды 6 жылға қысқартамыз. Сонда ескірген сорттың артынан жаңасы келіп отырады.
– Тыңайтқыш беруде өзгерістер бола ма?
– Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі егістіктің агрохимиялық сараптамасы және агрокартасын жасау, соған қарай топырақтың құрамын зерттеу туралы барлық фермерлерге талап қойып отыр. Өкінішке орай фермерлер тыңайтқышты бірде берсе, бірде бермейді. Берген жағдайда ғылыми негіздемеге сүйенбейді. Яғни топырақта қаншалықты азот, фосфор, калий бар, оған қарамаймыз. Пирикуляриоз ауруы неден ушығып кетті? Кезінде мол өнім алу үшін азотты аямай бердік. Ал оны көбірек берген кезде кез-келген дақыл тез өсіп кетеді де, ауруға шалдыққыш келеді. Басқа микроэлементтер жетіспей қалады. Осы бағытта топыраққа қатысты жұмыс жүргізуіміз қажет. Екінші мәселе топырақтың тұздылығы. Егер су режимін дұрыстап реттемейтін болсақ, жер асты суы бетіне қарай көтерілген кезде тұз бетіне шығып екінші реттік тұздану процессі жүреді. Және ауыспалы егіс барысында күріш монодақыл болып қалмау керек.
– Осы ауыспалы егіншіліктің өзі әртараптандырудың тікелей жолы емес пе?
– Әртараптандыруға байланысты біріншіден ауыспалы егісте жоңышқадан бөлек түйе жоңышқаға назар аударуымыз қажет. Күріштің ауыспалы егісінде мұның орны өте ерекше болғаны дұрыс. Себебі, ол тек мал азықтық дақыл ғана емес, сонымен бірге топырақтағы тұзды өзіне сіңіруші өсімдік. Тұздылығын төмендетеді. Екі жылдық өсімдік, биомассаны жоңышқадан екі-үш есе артық береді. Екінші жылы оны топырақпен бірге аударып жіберетін болсақ, онда ол биоорганикалық тыңайтқыш болады. Бұдан бөлек, оны бірінші және екінші орып алғанда жүгерімен қосып, сүрлем жасауға да болады. Күріштің ауыспалы егістігінде бақша егістігін орналастыруға болмайды. Өйткені, жер қыртысының бедерін өзгертіп, нольдік деңгейді бұзып жібереді. Қарық тартылатындықтан атыздардың тегістігін бұзып аламыз. Ал мал азықтық дақыл болса, тұздылықты төмендетеді әрі мал азығы болады, топырақты қалпына келтіреді. Ауыспалы егісте жүгері, жоңышқа, түйе жоңышқа, бидай, арпа, майбұршақ (соя), қант құмайы егілгені абзал. Қант құмайы да тұзды жақсы сіңіреді, оны 3-4 рет оруға болады. Бір маусымда оның жасыл бөлігін балауса күйінде сүрлемгеде жіберуге болады. Оның өнімділігі жүгеріден кем емес, әрі құрамындағы қантылықтың үлесі 25%. Сиыр жегенде сүйсініп жейді, бұл да сүт өнімділігін арттыруға өз үлесін қосатын дақыл. Құрамажемнің құрамында майбұршақ болмаса оның құнарлылығы болмайды. Өкінішке орай, біз бір ғана күрішті білеміз. Күріштің майдасы мен кебегі ол малдың асқазанын алдау ғой. Құнарлылығы төмен. Осылайша ауыспалы егісте мал азықтық дақылды дұрыс орналастыра білсек, фермерлер күріштен бөлек 3-4 есе пайда табады. Осы бағытта біз жұмыс жасайтын боламыз. Күріш негізгі дақыл болып қалғанмен де фермерлерді басқа да дақылдарды егіп пайда табуға дағдыландыруымыз қажет. Мал шаруашылығы дамып келеді, оны мал азықтық жеммен қамтамасыз етудің бір жолы осы.
Қазіргі таңда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да басымдыққа ие. Оны дамытуға мемлекет тарапынан субсидия, жеңілдетілген несие секілді үлкен қолдаулар жыл сайын көрсетілуде. Өзге мемлекет кәсіпкерлерінің бұған қызыға да қызғана қарайтыны бар. Техникаға да, тұқымға да, суына да, жанар-жағар майына да көптеген жеңілдіктер бойынша мемлекет бюджеттен фермерлерге қолдау жасап отыр. Осы мүмкіншілікті біз тиімді пайлалануымыз керек. Біздің ғылыми зерттеу институттарымыз фермерлерге дұрыс бағыт-бағдар беруі қажет.
– Егістікте қолданылатын техникаларға да көп нәрсе байланысты шығар?
– Біздің техникалардың 60-70 пайызы ескі техникалар. "Енисей", "Есіл" комбайндары орақ барысында өнімнің 20-30% дейін жоғалтады. Ал «CLASS» немесе «JONE DEERE» комбайндары 1% ғана шығын жасайды және олардың жаткілері тұқымды зақымдамайды. Күріш тұқымы әдетте зақымдалғыш, сынғыш болып келеді. Егер микрожарықшалар болатын болса, жоғары да айтылған ауру түрлері пайда болады. Бұндай аурулармен біз қандай өнім аламыз?
Міне айналып келгенде бүкіл технология бір-бірімен тығыз байланысты. Бөліп алатыны жоқ. Сондықтан егінді еккеннен бастап, оны орып алып сақтағанға дейін технологияны дұрыс қолданбасақ, сапалы өнім ала алмаймыз. Және экспортқа шығаратын әлеуетіміз де төмендей береді. Өйткен БСҰ талаптары бойынша кез-келген өнім экспортқа жіберер алдында тексеруден өтеді. Бірінші кезекте адам денсаулығы тұр. Ауру тұқымнан ас дайындайтын болсақ, ол адам организмінде жинақтала келе үлкен қатерлі ауру тудырады. Химиялық препараттарды нормадан тыс қолдануға да болмайды. Кейде біз технологияны дұрыс сақтамаймыз да кішкене иістенсе жем ретінде беріп жібереміз. Кішкене ылғалданады да көгере бастайды ғой. Міне содан микотоксин деген ауру кетеді. Оны аламыз да малға береміз, одан қалды тауыққа береміз, олар да ауырады. Ауырғаны сол, жаппай қырылады. Артық дозасын жеп қойса болды, өледі. Біз оны жемнен көрмейміз құс тұмауы немесе бір ауру келді деп шығынға жатқызып жібереміз.
"Ауру астан", "Ауырсаң аузыңды тый" деген нақыл сөздер осындайдан шықса керек. Казіргі таңда «КазАгроЭкс» деген ұйым бар тұқымның сапасын тексеретін. Оның өзінің де үлкен кемшіліктері бар. Тұқым туралы заңға сүйенетін болсақ, тұқымды егіске жіберер алдында өнгіштігін, өсу энергиясын, 1000 дән салмағын тексереді де ауруларын тексермейді екен. Бүкіл Қазақстан бойынша солай. Міне сондықтан қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мекемені монополиялық ортадан бәсекелестік ортаға жіберуде. Оларға талап күшеюі керек енді. Жаңағы айтқандай, олар енді ауруға көңіл бөлуге тиіс. Сонда ауыл шаруашылығы басқармалары конкурсты ұйымдастырған кезде, олардың құрамында фитапатолог мамандары болмайтын болса, онда мұндай мекемелерді конурсқа қатыстырмау керек деп есептеймін. Себебі, тұқымның саулығына қатты көңіл бөлуіміз керек. Сау тұқым – ол мол өнім алудың кепілі!
– Мамандар дайындау да басты мәселе екені анық.
– Институт негізінде білім тарату орталығы құрылады. Мұнда мамандарымыз фермерлерге дәріс беретін болады. Демонстрациялық 100 гектар алқапта егілген дақылдарды егуден бастап оны жинағанға дейінгі процестерді көрсететін әр ай сайын ерте көктемнен күзге дейін дала күнін ұйымдастырамыз деп жоспарлануда. Қандай технологиямен жұмыс істеп жатырмыз, қандай сортты дұрыс орналастырамыз, сол бағытта тікелей ақпараттандырып отырамыз. Мамандарды дайындау бағытында арнайы бағдарлама жоқ әзірге, өкінішке орай. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық институты, Астанадағы Қазақ агротехникалық университеті және батыстағы Жәңгір хан атындағы агротехникалық унивеситетінде PhD докторантурасын бітіргендердің тізімін алу үшін хат жолдадым. Агрономия, агрохимия, топырақтану, механизация, өсімдік қорғау салаларының түлектері болса оларды жұмысқа алуға дайын екенімізді айттым. Оларды өзімізде құрылған ғылыми кеңеспен конкурс негізінде таңдап аламыз. Біздің алтын қазына ақсақалдарымыздың тәжірибелерін үйрену үшін қасына қосып қоямыз. Ағылшын тілін білетіндерін шет елден тағылымдамадан өтуге жібереміз. Осы бағытта жұмыс жүргізбесек артта қалатынымыз анық және де шетелдік сорттарға тәуелді болып қаламыз деген үрей бар. Бұл біздің жан айқайымыз.
– Осы айтылып жатқан жобаларды қаржылай қолдау жағы қандай болмақ?
– Облыс тарапынан қаржылай қолдау жасауға дайын. Оны берудің тетіктерін дұрыс шешу керек. "Байқоңыр" ӘКК" арқылы өңірде агрокешенді дамытуға қаржы қарастырылған, бірақ біздің институтқа қаржылай көмегі тиімсіздеу. 2009 жылы лизингпен алынған техникалары ескірді. Материалдық-техникалық базаны жақсартуға қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл үлкен көмегін көрсетпекші. «JONE DEERE» компаниясының тракторлары мен топырақты өңдеу құралдарымен қаржылай көмек көрсетпекші. Қаржының 49% мемлекет есебінен жабылса, біз тұқым шаруашылығы мен ғылыми жаңалықтарымызбен көрсеткен қызметтерімізден тапқан қосымша қаржы есебінен 51% өз күшімен жабуымыз керек. Бұл техникалар он жылға дейін беріледі. Бұл үлкен жеңілдік. Осы жеңілдікті пайдаланбақшымыз және облыстан біздің институтқа қаржылай көмек қарастырылуда. Осы бағытта облыс әкімдігімен ауыл шаруашылығы басқармасымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Зертханаларымызды күшейтуге, мамандарды дайындауға және жаңа сорттардың шығарылуын тездету үшін жылыжайларды салуға күшімізбен білімімізді жұмсайтын боламыз. Осы уақытқа дейін ашқан ғылыми жаңалықтарды бюджеттің 019 бағдарламасы бойынша енгізуіміз қажет. Қазір тоғыз жоба ұсынып отырмыз. Оның қаншасы конкурстан өтеді, қаншасын комиссия қолдайды, ол алдағы уақыт еншісінде. Осы бағытта қолдау тапсақ біздің ғалымдар барлық жаңалықтарын енгізуге дайын.
Елбасының алға қойған мақсаттары мен міндеттері бар. Соны орындауымыз қажет. Былтыр цифрландыруға байланысты Шиелі ауданында «Ақмая» шаруа қожалығында Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының "Ақылды ферма" деген үлкен жобасын бастадық. Сол жобаның негізінде жұмыс жасаймыз. Осы жоба аталған шаруашылықта енгізілетін болса, басқаларға модель болуы тиіс. Былтыр ісіміз жаман басталған жоқ, облыс басшысы Қ.Е.Көшербаев және орынбасары С.С.Қожаниязов ауылшаруашылығы саласын цифрландыру бағыты бойынша атқарып жатқан бастамамызды көріп, оң бағасын берді. Оны әрі қарай дамытуға облыстан қаржылай көмек болатынын айтты. Бүгіннің өзінде осы бағдарламаға биыл 30 млн теңге бөлініп отыр. Біз бұл бағытты өз деңгейінде атқарамыз деп отырмыз. Бұл жобаға нағыз білікті мамандар атсалысып отыр, яғни Алматыдағы мықты программистер мен ғалымдар біріктірілген топ құрылды және жобаның жетекшісі өзім. Сондықтан осы институтпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сонымен бірге облыста егін шаруалығымен айналысатын барлық фермерлермен өзіміздің ғылыми негізделген бағыттағы барлық жобаны іске асыруға маңдай терімізді төгеміз деп жоспар құрып отырмыз. Алдымызда үлкен стратегиялық жобалар тұр. Оларды іске асыруға, біз - ғалымдар, міндеттіміз!
– Рахмет! Жоспарларыңыздың сәтті жүзеге асуына тілектеспіз!
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
"Сыр бойы".
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |