Мейірхан Ақдәулет: Біз өлеңді жазушы емес, жасаушыға айналдық

Мейірхан Ақдәулет – қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген қарымды қаламгер, публицист, қоғам қайраткері ретінде қалың оқырманға танымал. «Бейуақтағы мінәжат», «Жалғыз досым – жүрегім», «Бастау», «Шырақ-ғұмыр», «Дәруішнама» жыр жинақтары өлеңсүйер қауымның өзегіне сәуле құйып, өзгеше әсерге бөлегені белгілі. Қазіргі қазақ және әлем әдебиетінің жай-күйін, оның сан қатпарлы тарихын білетін әрі осы сала төңірегіндегі кейбір түйткілді мәселелерді шешуге айрықша атсалысып жүрген ақынмен сұхбаттасып едік. Мархабат!


Әлем әдебиетінің классигі, француз жазушысы Оноре де Бальзак: «Бұл өмірде әр нәрсені шынайы сезінетін және өлең арқылы «пікір» білдіретін ақындар бар. Әуелгісі бақыттырақ секілді», – деген екен. Махаббаты мен ғадауаты майдандасқан жалғанға адам көзімен қарау бір бөлек те, ақын көзімен қарау өзгеше дүние. Жоғарыдағы қанатты сөз осы пікірді қуаттап тұрғандай. Сіз үшін ақын деген кім?

– Біз қарапайым тілмен айтқанда, өлең жазатын, сөздің құдіретін игерген адамдарды ақын дейміз. Бұрынырақта ауызша әдебиет болса, бертін келе жазбаша әдебиетке көштік. Бәлкім, біреулер үшін ұйқасқан нәрсе өлең болуы мүмкін. Енді біреулер үшін одан сәл жоғарырақ деңгейдегі дүниелерді өлең дері шындық. Шын мәнінде, елімізде жоғары деңгейде поэзия жазып жүрген ақындар бар. Олардың деңгейі тіпті биік. Бір өкініштісі, біз өзімізді өзіміз менсінбейміз. Қазір өлең жазбайтын қазақ жоқ. Екі ауыз сөздің басын қосып, шындап сұрасаң, әйтеуір бір шумақтарды шығарып береді. Ал үлкен әдебиетті алатын болсақ, сондай сезімдері, қабілеттері бар адамдардың шығармашылығын назарға алуға тиіспіз. Дүниені кім қалай сезінеді? Ол – адамның дүниені тануы, білуі, сезінуі, түйсінуіне байланысты болатын нәрсе. Бізде мықты ақындар бар, бұрын да болған, қазір де бар. Болашақта да, Алла амандық берсе, боларына сенемін. Мысалы, бүгінгі таңдағы ақындардың ішінде Есенғали – бөлек әлем. Біріншіден, Есенғалиді айтпай танисың. Есімін, тегін жасырып қойып, өлеңін оқып берсе, «Бұл – Есенғали» дейміз. Сол секілді Тыныштықбек, Светқали, Гүлнар, Ұлықбекті осы қатарға жатқызуға болады. Осылардың әрқайсысы жеке-дара ақындар. Өлеңдерінің формасы бірдей болғанымен, әрқайсысының идеялары, өлең ішіндегі уілі, музыкасы бөлек. Сондықтан талғамға таласуға болмайды. Біз – өте дарынды халықпыз. Бізде бәры бар. Өкініштісі, біз басқа мемлекеттерге жалтақтап қалғандаймыз. Саясат, ілім-ғылым, жүріс-тұрыс, киім киістің өзінде біздің қазақ кешегі кембағалдық комплекстен арылмай келе жатыр. Ол дегеніміз – адамның өзін қор санап, көрінген нәрсеге телмеңдеп жүретін мінез-құлық. Біріншіден, меніңше, қазақтан дарынды халық жоқ. Екіншіден, бір халықтың екінші халықтан дарынды болуы мүмкін емес. Бізде тек қана үстем мәдениеті мен халық мәдениеті бар. Егер қазақ тілінде 50-60 миллион алам сөйлейтін болса, қазіргі әдебиетімізден бүкіл әлем өнеге ала бастайтын еді. Өйткені, мәдениеттің басымдығы сонда. Арланбай айту керек, біздің мәдениетіміз – жеңілген мәдениет. Құрып кеткен емес, бірақ жеңілген мәдениет. Өткенге зер салсақ, талай нәубеттің сұлбасы менмұндалайды. Сұлтанмахмұт: «Абайдың кезінде қазақ халқы бұзыла бастады», – дейді. Бұзылып жатқан қазақ халқы емес. Жүйелі түрде халықтың дұрыс бөлігін, яғни мықтылардың барлығын тайдырып, керісінше, бейнелі түрде айтқанда қазақтың дүниесін төңкеріп жіберді. Астында жатқан нәрсе бетіне шығып, жақсылар көзден тайды. Қазақта болыс сайлау деген болған жоқ. Қазақтың арасынан шыққан би қаршадайынан көзге түсіп, адалдығын, әділдігін танытқан. Моральдық һәм барлық өнегелік жағынан көшпелі қазақтардан артық халық болмаған десем, қателеспеймін. Әрине, есесін жіберіп алған тұстар болды. Бірақ біздің халқымыздың жаны, жүрегі, ақылы таза. Сондықтан қазақта татулық, бірліктің өз орны болған және оларды белгілі тұлғалар бастап отырған. Енді орыстар мұның барлығын сайланбалы қылып қойды. Мұндай жағдайда алға кім бірінші шығады? Біріншіден орысқа ұнағаны шығады. Орысқа кім ұнайды? Орысқа сол халық өкілінің кемтарлау, ойы, санасы төмендеуі керек. Өйткені солай билеуге ыңғайлы болды. Содан кейін Кеңес үкіметі келді. Үш адамға бастық, бес адамға би болып отырса, соған бағынышты болды. Біздің халықтың басқарушылық деңгейі сондай еді. Ол ешкімді аямайды. Сол кезде қазақтар жан үшін, билік үшін күресіп, бір-бірін жек көре бастаған. 1930-1937-ші жылдары қазақтар өз-өздерін ұстап бергені рас. Неге? Тобырдың аты тобыр. Хәкім Абай: «Исаны ағашқа шегелеген, Жанна д Аркті отқа өртеген, пайғамбарды түйенің қоқымына көмген кім? Әрине, көп. Ендеше көпте ақыл жоқ», – дейді. Көп деп отырғаны – тобыр. Сосын «Ебін тап та, жөнге сал», - дейді Абай. Өкінішке қарай, Абайдың өзі де сол қиындыққа душар болды. Асылы, әдебиет – халықтың рухы, адамның ішкі еркіндігіКезінде ревкомның председателі болған Сәкен Сейфуллиннің өзін, қазаққа жан ашитынын біліп тұрып, ақыры соттатып, аттырып жіберген жоқ па? Біз – сондай зұлматтың арасынан шыққан халықпыз. Соған қарамастан біз рухымызды белгілі бір дәрежеде сақтап қалдық. Қазір де белгілі бір дәрежеде алға, еркіндікке, жұртпен терезесі тең адам құсап сөйлесетін жағдайға келе жатырмыз.


Ақын-жазушылардың мақсаты – халықтың жоғын іздеу


«Миым уға малғандай,

Ұғар дейсің қай кісі –

Махамбет пен Абайдан қалған мұра – қайғысы».

Абайдың ішкі толқынысын, үрейін, кей сәттердегі жанның азабын осы шумаққа сыйдырғандайсыз. Қарауылда тұрып қараша жұрттың қамын ойлаған хәкімнің өнегелі өлеңдері бүгінгі таңға дейін жалғасып келуі – өзектілігінде жатса керек. Шынтуайтына келгенде, біз Абайды түсіндік пе? Ол не үшін күйінді?

– Қазіргі өмірді ой елегінен өткізуге болмайды, өйткені сол өмірдің ішінде жүрміз. Бірақ сеземіз. Қазір, шынында да, қазақ үшін жауапкершілігі жоғары, қызығы да, қырсығы да мол заман. «Кез келген ұлт өзін тану үшін өзінің ақындарын туғызады» деген сөз бар. Ақын-жазушылардың мақсаты – халықтың жоғын іздеу. Құнанбайдың баласы болса да, Абайдың тағдыры қиындау болды. Не ішем, не жеймін деген жоқ. Абай – шағын патшазада. Бірақ Абай неге ырза емес? Өйткені оның танымы мен түсінігі бөлек болды. Жоғарыда ақын дегеннен бастадық қой... Әрбір ақын-жазушы жалған мақтан үшін емес, әдебиетке ішкі қозғалыспен келу керек. Құдайға шүкір, ондай жастарымыз бар. Шыны керек, қазақтың таза тілі – әдебиетте ғана қалды. Былайғы халықта жоқ. Қазіргі теледидар, газет-журналдарда істейтін журналистердің тілін жақсы деуге болмайды. Себебі біз үстем мәдениеттерден гөрі басқа мәдениеттің өкіліміз. Мәселен, бұрынырақта Американы жаулап алуға испандар, португалдар барды. Басқа елдер бізге «қызыл терілерге» қарағандай қарайды. Шын мәнінде, ол да жеңілген мәдениет. Десе де, «қызыл терілер» ғажайып деңгейге жеткен бірегей мәдениет еді. Орыстар оларды «краснокожие» дейді. Осылардың ішіндегі сауаттылары мейілінше айтып та, жазып жатыр. «Біз кезінде белгілі бір себептермен құлдырағанбыз. Өйткені біз Тәңірімізге тірі адамды құрбандыққа шалғанбыз», - дейді. Кезінде үндістердің көпшілігі қыздарды құрбандыққа шалатын болған. Содан ол мәдениет құлдырап кетті. Ал енді біз мұнымен салыстырғанда әлдеқайда жақсырақпыз. Біз қанша тауқыметті көрдік десек те, тап сондай бір бейшара күйге түсіп көрген жоқпыз. Әрине, еліміз ойсырады, жеңілді, қорлықты көрді. Соның барлығынан шыққаннан кейін де өзіміздің әр елге үлгі ете алатын әдемі әдебиетімізді жасадық және сақтадық. Біз өзімізді өзіміз менсінбейтініміз болмаса, қазақ әдебиетінен артық әдебиет жоқ. Бізге француз, ағылшын, жапонның әдебиеті бәрінен артық сияқты көрінеді. Бізді менсінбейтін себебі: біріншіден, қазақ бар екен деп зерттеп жатқан ешкім жоқ. Әлем солай қарайды. Екіншіден, біздің ішімізде бұрынғы көшпелі мәдениеттің асқақ рухы, ол қасірет шексе де, ұлтымыздың ішінде сөнбей келе жатыр. Кейде тіпті жастар оның не екенін түсінбейді. Қазіргі жағдайымызды мен білмеймін. Бірақ сол рухымыз, құдайға шүкір, жоғалған жоқ. Және алмағайып замандағы қазақтан қарағанда сандары екі есе немесе үш есе көп болса да біз өз үнімізді естіртіп отырмыз. Мәдениеттануда «кету және қайтып оралу» деген қалыптасқан бір ұғым бар. Оны термин деуге болмас, бірақ философиялық ұғымға жатқызуға болады. Бала ер жетіп, дүниені көруге жан-жаққа шықса да, соңыра үйіне қайтып келеді. Біз сол Еуропада қолдан жасалған, жасанды мәдениетке еліктеп бара жатырмыз. Мен бірнеше адамдардың өлеңдерін оқыдым. Жаңа нәрсе деп жар салғанын түсінемін. Бірақ еліктеумен, сол стильмен жазатын болсақ, онда біз әуелі қазақ түсінетін ділмен, сезіммен жазу керек едік. Міне, осы тұрғыда төл мәдениетіміз деп көшпелі ғұрпымызды айтуға болады. Көшпелі дегеніміз біз ойлағаннан мүлде басқа болды.


Қазақтың құдіреті – сөзде болған


Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан мен Кеңес Одағы кезіндегі қазақ әдебиетінің айырмашылығы қандай?

– Орыстың әдебиеті – ұлы әдебиеттерді бірі. Қалай десек те, мұны осылай қарау заңдылық. Оларда Лермонтов, Блок, Пушкин, Толстой, Чеховтың болғаны үшін сыйлаймын. Қазақ – әуелден дарынды халық. Қазақтың кез келген баласы бір шумақ өлең шығаруға қауқарлы және бұл қалыпты нәрсе. Ауыл ауылды аралап бір-бірімен айтысқан, сөз жарыстырған еді бабаларымыз. Жалпы, қазақтың құдіреті – сөзде болған. Музыкамыз да сол сөздің көркемдігенен шыққан дүние. Сондай дарынды халық келді де жаңа әдебиет жасаймыз деді. Қандай саясат болғанымен, Пушкин, Чехов, Толстойға ешкім қарсы тұра алмады. Ал бізде сондай ақылды болғаны үшін көптеген арыстарымызды жазалап жіберді. «Алашорда» деген партия құрғаны үшін емес, есті болғаны үшін. Есі түгел адамдар қазақтың жоғын жоқтады емес пе?! Сол кездегі ақын-жазушылар қиыншылықты көп көрді. Мәселен, атақты ақын Сәкеннің өзі «Советстан – совстан» деп амалсыздан поэма жазды. Алла-Тағаланың әмірімен Мұхтар Әуезов тірі қалды. Бірақ сол тығырықтан кейін шамалы жылымық болды. Қанша дегенмен, халықтың көзі ашыла бастады. Мұның барлығын есептей келсеңіз, қазақ ақын-жазушылары Кеңес үкіметі тұсында да ғажайып туындылар жазып, ғажайып әдебиет жасады. Оның қай-қайсы да керемет. Қазір қоғамда ұшқары бір пікір бар. Ол заманда түк жазылған жоқ деген. Бұлар әдебиетті шетелмен есептейді және теңестіреді. «Неге бізде Бальзак жоқ, неге бізде бәленше жоқ, түгенше жоқ, ең болмаса кешегі Иосиф Бродский жоқ?», - деп. Иосиф Бродский – еврей қаламгері. Сауаттылау, білімділеу болған болуы керек. Мен одан Құдай жасап көрген адам емеспін. Егер Кеңес дәуіріндегі әдебиет нашар болса, онда «Абай жолы» қалай келді дүниеге? «Абай жолындай» роман ендігі қазақтың тарихында жазылмайды. «Абай жолы» Абай туралы емес, бүкіл қазақ туралы ұғым. Бүкіл қазақтың іші, сырты, ақымақшылығы, даналығы, барлығы сол романда. Одан бөлек қаншама жақсы жазушылар болды. Солардың барлығын алып тастаймыз ба? Өзін танымайтын қыз төркінін танымайды деп. Әр ұрпақ қазақ поэзиясын бір сатыға көтеріп отырды. Тіпті, әр ақын деп айтуға болады. Мысалы, соғысқа қатысқан ұрпақты айтайық. Айналып келіп Қасымға келе береміз. Қасымның тұсында қанша ақын болды? Сырбай көкемізді айтамыз. Одан кейін Қадыр, Тұманбайлардың ұрпағы келді Хрущевтің жылымығы кезінде. Менің өз басым оған жартылай ғана қосыламын. Барлық нәрсе сияқты адам баласы да ұлтты алға бастырады. Бүгінмен тоқтап қалмайды. Оның бер жағына Жарасқан, Кеңшілік, Жұматайларды қосамыз. Біздің толқынымыз да қарыштап қадам басты. 50-ші жылдарда туған ақындардың ішінде Серік Ақсұңқарұлы, одан кейін мен болсам керек. Жаңа уақыт та табан тіреді. Бұл уақытта бір нәрсе ғана қобалжытады. Шетелден үйренуге, зерделеуге қарсы емеспін, бірақ оның барлығы сол топырақтан туған әдебиет. Сен солай жаса, бірақ сен қазақтың топырағынан шығаруға тырыс. Сен оны әуелі қазақтың сорпасына қайнат. Поэзияда ғажайып кезеңдер болады. Біраз жылдар бұрын Тыныштықбекпен әдебиет төңірегінде әңгімелескен едім. Рухани сырласудан кейін өлең оқыды. Бұл өмірі көрмеген өлеңім еді. «Мынау қалай?» деп күледі өзі. Өзгелерге оғаштау көріну мүмкін, бірақ Тыныштықбек – әдебиетімізге батыл эксперимент алып келген ақын. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын», – деп Мұқағали айтса, Жұматай: «Өлеңіме мен өзім өкшелі етік кигіздім», – дейді. Сол секілді Ұлықбекті де айта кеткен жөн. Ол – біз білетін көкжиектерден басқашалау. Жайлауы басқа, қыстауы басқа деген секілді. Есенғалидың да өзіндік өрнегі бар. Ол сол бір арынынан айнымай келе жатыр. Осылардың әрқайсысы – жеке-жеке құбылыс.


Ақындық деген – бүкіл дүниеге жаның ашу


Қазіргі жас қаламгерлерге қандай кеңес бересіз?

– Мұхтар Мағауин деген ұлы жазушының ізденісінің арқасында қазақ әдебиеті XVIII ғасырдан басталады деген ұғым жойылды. «Қобыз сарыны» монографиясында айтысып, арпалысып жүріп қазақ әдебиетін неше ғасырға тереңдетті. Ол – бір Мағауиннің атқарған ісі. Содан бастап әдебиетімізді XV ғасырда өмір сүрген Асанқайғыдан тарататын болдық. Одан кейін Ақтамберді, Шалкиіз, Қазтуған және т.б. жырауларды тілге тиек еткен жөн. Біздің әдебиетке ештеңе өзгертудің қажеті жоқ. Тек өзіміздің азғантай халық екенімізді, басқа әдебиеттерден гөрі біздің жүгіміз он есе жауапкершіліктің көп екенін ұмытпауымыз керек. Мен үйде отырып кейде күлемін, кейде күйінемін. Алдымен ақындық деген – бүкіл дүниеге жаның ашу. Солай жақсы көруге сенің тәуекелің жете ме? Сен шек азапты және шектім деп айтпа. Ал біздің кейбір жастарымыз сөз қасиетін түсінбей жатып, «мынау қара басқан дүниеде мұңнан басқа ештеңе жоқ» дейді. Ол деген Аллаға күпірлік қой?! Сен дүниеге келіп, мына жарықты көріп отырғаның үшін Аллаға, табиғатқа ризашылық білдіруің керек. Мұның барлығы жаттанды сезім. Біз өлеңді жазушы емес, жасаушыға айналдық. Қазақтың сөзі өліп бара жатыр. Бұрын ұяла, қысыла айтатын сөздерді қазір шашып тастайтын болдық. Сол арқылы қарапайым оқырман әдебиеттен теріс қарап кетті. Басқаша айтқанда, әдебиетімізде сондай «сұмырайлық» көбейіп барады. Бүйте берсе мұнымен бірге біздің жақсы ақындарымыз көлеңкеде қалмай ма? Есенғалидің: «Кетеді ертең мына шалдар дау бар ма, Біз өзіміз айналамыз тауларға. Мейірхандар аппақ қудай болады, Есенқұлға ақсақалдық ауғанда», – деген өлең жолдары бар. Бұл өлең жақсы, сүйікті өлең. Соның ішіндегі ең бастысы: «Қазақ үшін түк бітірмей жүріп-ақ, Қазақ жазушысы атанар ма екенбіз?», – деген тұсы. Түсінген адамға бұл сөз өңменінен өтуі тиіс. Әсіресе, ар-ұяты бар, әдебиеттің айналасында жүрген адамдарға бұл сөз сабақ болуы керек. Ақын Абай: «Өлең, шіркін, өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей», – дегендей әр нәрсенің тоқтамы болу керек. Кемеңгер Абай жан-жағын тұтастай барлап, арагідік тізгінін тартып отырған. Және сол Абай: «Ат шаба алмас мінімнен», – дейді. Мінімнің ауырлығынан ат шаба алмайды деген ой қозғаған. Қаламгерлерге сондай тоқтам мен талғам керек-ақ.

– Әңгімеңізге рахмет.


Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР

Cуреттер «Әдебиет порталының» меншігі

Cұхбат 31 қаңтар 2019 г. 648 0