– Мақсат Бұрханұлы, өткен ғасырдың елуінші жылдары фольклоршы Мардан Байділдаев пен жазушы Ахат Жанаев ағамыз атақты Нышан қобызшыға барып, «Мына қобызды Алматыдан әкеліп отырмыз. Бізге Қорқыттың күйлерін тартып бересіз бе?» – деп өтініш жасапты. Өйткені ақсақалдың қобыз ұстамағанына көп уақыт өтсе керек.
Сонда әлгі қобызды қолына ұстап аударыстырып отырып, суқараңғы жанарының аңғалағын алдына келген екеуге қадай қалған Нышан:
– Бұл қобызды өзі орыс жасаған ба, немене? – депті.
– Жоқ, ойбай, о не дегеніңіз? – дейді Мардекең. О, тоба, шынымен әлгі қобызды шауып жасаған бір орыс шебері екен.
Содан Нышан қобызды тарта бастайды. Әрі отырады ысып, бері отырады. Бір кезде Мардан шыдамай кетіп:
– Бұл Қорқыттың күйі емес қой, – депті.
– Әй, не айтып отырсың, өзің!? Қорқытқа түсу үшін алдымен Қорқытқа баратын жолға түсу керек! – деп Нышан ашу шақыра сөйлейді.
«Қырсық шалдың алдынан қырсық шалып қайтпасақ жарар еді» деп мұнан әрі екі ағамыз үндемей тыңдап отыра беруге мәжбүр болады. Сонда Нышан күйбастарын тартып отыр екен ғой. Онан әрі қобызшы аңыратып Қорқыт күйіне көшеді.
Сол айтқандай, Мақсат, мен де өзіңмен әңгімелесу үшін осы бір оқиғаны сөзбастар қылып отырмын. Жалпы сұрамақ болғаным, қобыздың киесі болады деген сөз рас па? Жақсы ат, текті қыран секілді қобыз да егесін тани ма, қалай?
– Осы ойыңызды басқаша қырынан айтсам, «мен қобызшылықты таңдадым» деу қате, керісінше қобыз адамын таңдайды. Бұған өз әкемді мысалға келтірсем де болады. Әкем Бұрхан мектепте физика-математика пәнінің мұғалімі еді. Бала күнінде Нартай бригадасына еріп жүрген, өнерді бойына сіңіріп өскен. Студент кезінде Нышан қобызшыны да тыңдапты. Домбыра тартқан, мектептің, ауылдың мәдени шараларының тұрақты қатысушысы болған.
1970 жылы аудандық мәдениет үйінің әдіскері «Бізде бір қобыз тұр, ешкім еге болғысы келмейді, соны сіз тартып көрсеңізші» депті әкеме. Бұрын мұндай аспапты қолына ұстамаған әкем сол қобызды түні бойы тартып үйреніп, екі күннен соң концертке шығып, күй орындапты. Бұл қобыздың адамын таңдағаны емей, не?
Сөйтіп, біздің үйдің барлық баласы қобыз үнімен өсті.
– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз?
– Туған жерім – Жаңақорған ауданының Түгіскен аулы. Мектептен соң әпкем Әсем екеуміз арман қуып Алматыға кеттік. Әкем өзі музыка оқуын оқымағасын біздің кәсіби маман болғанымызды қалады. Жалпы біздің отбасымыздың алты баласы да Құрманғазы атындағы Қазақтың ұлттық консерваториясын бітірген. Әсем әпкем жақсы қобызшы еді, өнертану ғылымының кандидаты болды. Өмірден ерте озды. Қалғанымыз қазір осы музыка саласында жүрміз.Үйдің кенжесі Гүлжәмиға А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің оқытушысы. Пианино аспабының шебері, халықаралық конкурстардың лауреаты.
Мені 2006 жылы Түркістандағы Қазақ-түрік университетінде жүрген жерімнен белгілі жырау, өнертанушы ғалым Алмас Алматов Қызылордаға, Қорқыт ата атындағы университетке алдыртты. ҚМУ басшысы Қ.Бисенов жылы қабылдады, қызметтік пәтер бергізді. Бүгінде осы университеттің оқытушысымын.
– Сіздің қобыз адамын таңдайды деген сөзіңізге қайта оралғым келіп отыр. Себебін ашып айта аласыз ба?
– Бұл оқу-тоқу арқылы қобыз аспабының қасиетін танып, сырын ұғу өте қиын дегенді айтқаным. Мысалы, Мағжан жырлайтын Қойлыбай қобызшы оқып па еді, аңызға айналған жерлесіміз Нышан Шәменұлы да қобызды оқып үйренбеген, менің әкем де... Сіз, өзіміздің қызылордалық Бақыт Кәрібаеваны білесіз бе, керемет қобызшы, ол да кәсіби маман емес. Қалай жеткізсем екен, қобыз кез келген орындаушыға ішкі сырын аша бермейді. Менің қобызшы шәкірттерім көп, бірақ қобызға жырды қосып айтатын Марат Сүгірбай, Жарасқан Төлебай секілді талаптылар аз.
– Сіз жақында Маврикий республикасының астанасы Порт-Луисте болып қайттыңыз. Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілді. Өзіңіз орындап жүрген Қорқыт күйлері әлемдік ұйымның назарын аударып жатқанда нендей әсерде болдыңыз?
– 26 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Порт-Луисте өткен өзіңіз айтқан шараға 127 мемлекеттің өкілдері келді. Біз Қызылордадан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова екеуміз бардық. Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан мемлекеттері қосылып, осы ұйымға Қорқыт мұраларын ұсынған еді. Маған да, басқаларға да өз елінің атынан алып келген шығарманы орындап шығу үшін 1 минут қана уақыт берілетіні ескертілді. Өйткені ЮНЕСКО тарапынан қазылық етіп отырған 20 кісі шығармаларды алдын ала тыңдаған. Сахнадағы мәселе – сол мәдени мұраны қорғап сөйлеу және тыңдарман құлағына жеткізу. Сонда әлгі қазылар сотта отырғандай «дүңк» еткізіп балға соғады, болды! Бұл қабылданды дегені.
Кезек бізге келгенде Түркия мен Әзірбайжан жағынан екі кісі шығып сөйлеп, Қорқыт мұраларының мәні мен құндылығы жөнінде қысқаша пікір білдірді. Сонан соң Жанат Құрамысова сөз алып, Қызылордадан келгенімізді, Қорқыт күйін орындайтынымызды айтты. Сол елдің мәдениет және өнер министріне Сыр елінің символикалық сияпатын табыс етті.
Бойымдағы сезімнің қандайын қайдам, ойымдағы «қанша дайындық жасаған елімнің сенімі ақталмай қалса қайтем?» деген күдік тамағыма келіп кептелгендей болды. Егер сол сәтте біреу бірдеңе айт десе, сөйлей алмасым анық еді. Бірақ қобыз сөйлеп берді. Қорқыттың «Қоңыр» күйін тарттым. Сол сәттегі сиқырлы үннен қанша жұрттың сілтідей тынып қалғанын сездім. Бір кезде балға «дүңк» етті, Қорқыт мұрасы әлемдік мұрағаттың асыл құндылығы болып қабылданды! Қанша жұрт орнынан тұрып, дуылдап қол ұрды. Дәл бір өздері күтіп отырған жеңіс сәті соққандай қуанды.
– Әлгі айтқан күдігіңізге не нәрсе себеп болды?
– Осы сессияға қатысып, шығармаларын қорғап сөйлеп, орындап, қабылданбай кеткен қанша мемлекет өкілдерін көрдік.
– Ойпырмай, ә, біздікі қандай абырой болған! Енді Маврикийден алған әсеріңізге келейікші. Бұл өзі қандай жер, қандай ел?
– Бұл Үнді мұхитының ішінде тұрған ұзындығы 60, ені 50 шақырым арал екен. Ауасы дымқыл, суы жеңіл, мөп-мөлдір болып түбі көрінеді.
Осы аралды 10-шы ғасырда арабтар ашқан екен. Елдің өндірісі жоқ, аздап сапасы жоғары шай шығарады. Жалпы байлардың демалыс орны секілді. Естуімше, ЮНЕСКО сессиясының осы жерде өтуі де әр елден келген жұрт бір тынығып қалсын деген ниеттен туыпты.
– Бір барған адам барғысы келіп тұратын шығар.
– Мен ондай әсерде болған жоқпын. Құдықтың ішіне тастап жібергендей күйде жүрдім. Ол жердің жұрты бізді жақсы қабылдады, бірақ біз олардың көңілін қабылдай алмадық. Кеңдік, дархандық жоқ. Халқының жүзден он бөлігі мұсылман екен, негізінен үндістер көп. Сәт сайын алдыңнан үнді сериалдарындағы домаланған әйелдер шыға келеді. Мүмкін олар емес шығар, бірақ солар ма деп қаласың.
Астанаға ұшып жеткен соң алдымнан кездескен кез келген қазақты құшақтап сүйгім келді.
Жер бетіндегі жұмақ өз отаның екен ғой деп шүкір еттім.
– Мақсат, отанын, ұлтын, өнерін қастерлейтін ұрпақ тәрбиелей бер, ұзақ, ұжымақ ғұмыр иесі бол. Мұны барша жұрт тілегі деп қабыл ал.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.