Қазақстан жақсы мемлекет екеніне кәміл сенімдімін

 Өткен маусымда үздік бестікке енген "Қайсар" футбол клубы жаңа маусымға жаттығуын ширақ бастады. Түркияның Анталия қаласында дайындығын пысықтап жүрген клубтың қатары тағы бір ойыншымен толықты. Осыған дейін Еуропаның белді клубтарында доп тепкен Джон Джошуа қызылордалық командамен бір жылдық келісім шарт жасасты. Қатарға қосылған арубалық аяқдопшы клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берді.

– Джошуа, "Қайсарға" қош келдіңіз!
– Рахмет!
– Алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?
– 1988 жылы жылы қызғалдақтар мекенінде дүниеге келгенмін. Ата-тегіміз арубалық. Нидерландыда арубалық имигранттар өте көп. Жалпы көбісі бұл қандай ел деп ойлауы мүмкін. Аруба – 150 мың халқы бар Кариб теңізіндегі  шағын мемлекет.
– Жеке өміріңізге тоқталсаңыз?
– Футболшы үшін сүйіктісін тауып, бас қосып, отау тігу өміріндегі ең қызық, ең тәтті шақ. Бұл шақты қазір бастан өткерудемін. Яғни, отбасын құрғанмын. Екі баламыз қатардан қалмай, өсіп келеді. 
– Футбол әліппесін қай клубтан үйрендіңіз?
– Нидерландыда футбол мектептері өте көп және әлемдегі өзіндік орны қалыптасқан. Бұл спортқа алғашқы қадам Роттердам қаласынан басталды. "Спартаның" академиясынан дәріс алып, сол клубтан түлеп ұштым.
– Мансабыңызда қанша клубтың жейдесін кидіңіз?
– "Қайсар" клубына дейін 5 клубтың намысын қорғаппын. Атап айтсам нидерландық "Спарта", "Валвейк", "Твенте", даниялық "Норшеланн". Соңғы клуб түріктің "Бурсаспоры"
 Жақын арада Қазақстан жеріне аяқ басарыңыз тұр. Ел біріншілігі  туралы не білесіз?
– Бұл елге барып көрмесем де, жақсы мемлекет екеніне кәміл сенімдімін. Біріншіліктен бейхабармын деуге болады. Бірақ  "Астананың" чемпиондар лигасында ойнағанын білемін.
– Қызылордада "Қайсардың" жанашыр жанкүйерлері жеткілікті. Сізді клубтың жаңа ойыншысы болғаныңыздан хабардар. Команданың жанкүйерлеріне алып-қосарыңыз бар ма?
–  Қателеспесем, біріншілік көктем айында басталады екен. Сондықтан клубтың жанашыр жанкүйерлерімен сол кезде қауышамыз. Негізінде жанкүйерсіз жеңіске жету өте қиын. Қолдау болса, жеңіс те болады. "Қайсардың" жанкүйерлерімен кездесуге асықпын.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет. Жаңа клубыңызда сәттілік тілеймін!
– Сізге де рақмет!

Ерасыл ШӘРІБЕК
Cұхбат 11 қаңтар 2019 г. 1 199 0