Ел сенімін ақтау – ең басты міндет

 Қоғам тыныштығын күзететін тәртіп сақшылары жылды қалай қорытындылады? Елбасы Жолдауынан кейін салада нендей шаралар қабылданды? Осы және өзге де сауалдарға Қызылорда облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраев жауап берді.


– Өткен жылды қоры­тындылап, сала жұмысының нәтижесіне тоқталғанымыз жөн болар. Әрине, полиция қызметі өңіріміздегі құқық бұзушылық деңгейімен өлшенетіні белгілі...

– Әрине, жыл тоғысында қай саланың да жұмысы қорытындыланып, жетістік пен кемшілік безбенделеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда өткен жыл біз үшін жемісті болды деп айта аламыз. 2018 жылдың 11 айының қорытындысымен облыс көлемінде жалпы қылмыстардың саны 10,8 процентке төмендеді. Оның ішінде қылмыстардың ауыр және аса ауыр түрлері 7,4 процентке азайды. Облыс көлемінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны – 3 процентке, көшелерде жасалған бұзақылық – 11,5 процентке, мас күйінде жасалған қылмыс саны – 5,8 процентке, атыс қаруын қолдану арқылы болған қылмыс 25,9 процентке төмендеген.

Әр цифрдың астарына үңіл­сеңіз, нәтижелі жұмыс бай­­қалады. Атап айталық, по­­ли­­ция қызметінің сапасын арттыру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен са­­ла­ның материалдық-тех­ни­ка­лық базасы жоғары дең­гей­де жабдықталды. Қалада бар­лық талаптарға сай  12 по­­лиция бекеті орнатылды және тиісті құрал-жаб­дық­тармен қамтылды. Сала қыз­меткерлерінің сапалы жұ­мыс жасауы үшін барлық қажетті жабдықтармен қамта­масыз ету бойынша үздік 4 облыстың біріміз. Мұның өзі қоғам тыныштығын сақтауға оң әсерін тигізгені сөзсіз.  Екіншіден, жергілікті полиция қызметінің  профилактикалық жұмыстарға ерекше мән беріп, қылмыстың алдын алу бойынша күндіз-түні тынбай еткен еңбектің жемісі.

Атап айтар болсақ, учас­келік полиция саласы бо­йынша облыс көлемінде мас күйінде жасалған қылмыстың алдын алу бағытындағы жұ­мыс нәтижесінде әкімшілік ай­мақтарда орналасқан дүкен­дерде ҚР заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзған 261 дүкен сатушысы анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделіп, мамандандырылған әкімшілік сотына шара көру үшін жолданды. Облыс көлемінде қылмыс пен құ­қық бұзушылықтың алдын алуда «Пробация», «Учас­ке», «Қадағалау», «Альтер­на­тивтік», «Шартты түрде», «Квадрат» атты жедел-профи­лактикалық іс-шаралар ұйым­дастырылды.

Жол қауіпсіздігі бойынша «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!», «Жолда қабылдау» акция­лары ұйымдастырылды. Өт­кен жылы аймағымызда өт­кен үлкен шараның бірі – Ғ.Байтасов атындағы «Қоз­ға­­лыстың жас инспекторлар жасағы» республикалық слеті. Талап бойынша жарыс қорытындысында кім жеңімпаз атанса, слет эстафетасы сол аймаққа беріледі. 2017 жылы сырбойылық жас жеткіншектер республика бойынша жеңімпаз атанып, 2018 жылы слетті халықаралық деңгейде ұйым­дастырдық. Еліміз аймақтарынан және Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Беларусь Республикасынан барлығы 19 жасақ қатысты.

Ювеналды полиция бо­йынша облысымызда кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар профилактикасы, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақса­тында «Жасөспірім-Заң-Қауіп­­сіздік», «Жұмыспен қам­­ту» атты акция, соны­мен қатар «Жасөспірім және көше», «Жас­өспірім», «Сту­дент» атты жедел-профи­лак­ти­ка­­­­лық іс-шарасы ұйымдас­ты­ры­лса, аптаның әр сенбі күндері «Түнгі қала» жедел про­филактикалық шаралары тұрақты түрде өткізілді. Мұ­нан бөлек қаламыздағы №2 «Мұрагер» мектебінде Қы­­­­зылорда облысының по­лиция департаменті, Қы­зыл­­­­орда облысының білім бас­­­қармасының ұйым­дас­ты­руы­­мен облыс көле­мін­дегі мектеп, колледж дирек­тор­ларының тәрбие ісі жөніндегі орынба­сарлары, алғашқы әс­кери да­йындық пәнінің мұғалімдері, балабақша мамандары, қала және аудандық полиция бөлім­дерінің жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің бас­тықтары мен ювеналды полиция бөліністері қыз­мет­керлерінің қатысуымен «Білім беру ұйымдарында төтенше жағ­дайлардың алдын алу» тақыры­бында облыстық семи­нар-кеңес өтті.

– Цифрландыру бойынша салада қандай жұмыстар атқарылды?

– Жергілікті полиция қызметі өткен жылы 146 планшет және қосымша термопринтерлермен қамтамасыз етілді. Планшеттің тиімділігі: біріншіден, әкімшілік істер 3-5 минут ішінде рәсімделеді. Екіншіден, планшетке ЖСН енгізу арқылы кез келген азаматтың толық мәліметі автоматты түрде анықталады. Үшіншіден, жүргізушінің уақытын алмайды. Сонымен қатар әкімшілік айыппұлды сол мезетте төлеуге және азаматтың бұрын-соңды жасаған құқық бұзушылығын анықтау үшін тиімді. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.

Сондай-ақ 2018 жылы «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі іске қосылды. Тұрғындар бұл нөмірге түрлі мәселемен хабарласа алады. Келіп түскен хабарламаларды полиция қыз­меткеріне электронды түрде жолдау мақсатында 70 дана смартфон қолданысқа берілді. Мұның бір тиімділігі «112» мен полиция бекетінің тығыз байланыста болатындығы. Диспетчер полиция инспекторының смартфонына түскен хабарламаны жіберсе, инспектор қандай шешім қабылданғаны, нәтижесі туралы ақпаратты смартфонға енгізеді. Тағы бір жаңалық - 2018 жылдан бастап қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға кезекшілікке шыққан қызметкерлер кеудесіне бейне-жетон тақпай жұмысқа шыға алмайды. Бейне-жетон қыз­меткердің барлық іс-әрекетінен хабардар етіп отырады.

– Елбасы 2018 жылғы Жолдауында құқық қорғау қызметкерлерінің кәсібилігін арттыруды атап айтты. Бұл мақсатта қандай шаралар қабылдануда?

– Жолдауда Елбасы Президент әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту туралы» жол картасын қабылдауды тапсырды. Бүгінде әзірленіп жатқан жол картасы жобасында бірқатар іс-шаралар қарастырылуда. Бі­ріншіден, полицияны артық функ­циялардан арылту. Екін­ші, министрлік жүйесінің штат­тық саны және құрылымы рет­теледі, кейбір басшылық лауазымдар қысқартылады. Үнем­делген қаржы полиция қыз­меткерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалады. Келесі мәселе, қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы беру мәселесі. Қазір облыста 800-ге жуық полиция қызметкеріне үй қажет. Сонымен қатар полиция қызметінің жаңа стандарты бекітіледі. Яғни, полиция қызметін бағалаудың жаңа критерийлері қабылданады. Бұрын жұмыс тек қылмыстың ашылу процентіне және қылмыстың төмендеу деңгейіне байланысты бағаланатын. Нәти­жесінде полиция статис­тикаға көбірек көңіл бөлді. Қазіргі талап – халықтың өзімізге деген сенімін арттыру.

– Полиция қатарына жаңа­дан қабылданатындарға қо­йылар талап қандай?

– Бүгінде жаңа талаптар қабылдануда. Қалалық, аудандық ор­гандардың бас­шылығына ұсы­­нылған қызмет­керлерді мін­детті түрде кәсіби дайындық курсынан өткізу тәртібі ен­гізіледі. Жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді қайта да­йын­дықтан өткізу тәр­тібі қа­ралады. Ішкі істер органдарына жұмысқа оқу орындары арқылы қабылдау жүйесін енгізу қарастырылады. Сонымен қатар барлық полиция қызметкерлерін қайтадан аттестаттаудан өткізу жоспарға енгізілді.

Тағы бір атап айтар жаңа­лық тұрғындармен жұ­мыс істеудің жаңа форматы енгізіледі. Бұл мақсатта ха­лыққа қызмет көрсету ор­талығы үлгісінде барлық полиция бөлінісінде азаматтарды қабылдайтын фронт-офис ашылмақ. Мұнда азаматтарды арнайы іріктелген кеңесші-қызметкерлер қабыл­дайды.

– Рахмет.

Сұхбаттасқан

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 04 қаңтар 2019 г. 1 095 0