« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
(Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Заря Жұмановамен сыр-сұхбат)
– Сізді жақсы білетін жұрт сыртыңыздан: «Заря – бала кезінде Әбу атасының батасын алған қыз еді ғой»,- деп жатады... Әдебиетіміздің алыптарының бірі, абыз Әбу Сәрсенбаев көптеген талантты жастардың жолын ашып, қиындық көріп, тарыққан жандардан көмегін аямаған өте мейірбан адам болды деп естиміз...
– Иә, қаламы қарымды қаламгерлердің көбі Әбу атаны ұстаз тұтады... Әдебиет атты киелі әлемнің табалдырығын Әбу атаның ақ батасымен аттаған қаламгерлер өте көп: Абдолла Жұмағалиев, Баубек Бұлқышев, Мендекеш Сатыбалдиев, Тахауи Ахтанов, Марат Отаралиев, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова, Софы Сматаев, Сайын Мұратбеков, Темірхан Медетбеков, Қанипа Бұғыбаева... Тіпті талай жас журналисті тәрбиелеп, қанаттандырған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза ағамыз да алғашқы әдеби дүниелерінің республикалық беделді басылымдарда жарық көруіне Әбу ақсақалдың шарапаты тигенін жазған екен... Ал Жұмекен Нәжімеденов пен Зейнолла Серікқалиев ағаларымыз ол кісінің өз балаларындай боп кеткен жандар емес пе?!
Қателеспесем, ауызы дуалы абыз атаның ақ батасын алған ең соңғы шәкірті мен сияқтымын...
– Ауылдың қаршадай қызы Алматыда тұратын атағы жер жарған Әбу Сәрсенбаевтың көзіне қалай түсті екен?
– Әңгімені сәл әріден бастайын. Әлі есімде 9-сыныпта оқып жүргем. Жазған мақала, шағын әңгімелерім аудандық, облыстық газеттерге, тіпті «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газетіне де шығып, елдің көзіне іліге бастаған кезім еді. Бір күні мектеп мұғалімдері: «Ауылға ақын Әбу Сәрсенбаев ұшып келіпті, кешке мәдениет үйінде халықпен кездесуі болады екен», – десіп, дүрлігіп, у-шу болды да қалды. Шалғайдағы біздің ауылға жазушы, ақындар өмірі ат ізін салмайтын. Кездесу болатын жерге елден бұрын жетіп барып, ең алдыңғы орындардың біріне жайғасып алғам. Алайда, үлкен кісілерге орын беріп, ығыса-ығыса, ең соңында, арт жақта түрегеп тұрдым. Залдың ішінде ине шаншар жер жоқ.
Ала жаздай аптап, ыстық боп, күн күйіп тұрған. Дәл сол күні ағыл-тегіл жаңбыр жаусын. Халықтың бұрынғы ілтипаты тіптен күшейіп: «Ойпырмай, жазушы, ақын дегендерің басқан іздері киелі жандар екен ғой. Әне, алты ай жаз нәр тамбай, кенезесі кеуіп жатқан біздің жерге жаңбыр ала келгенін көрдің бе?!» – десті. Бір кезде асыға күткен ақын атамыз да сахнаға көтерілді.
Баяндамашы ағай болса, Әбу атаның мысы басты ма, кібіртіктеп, өз сөзіне өзі сүрініп, жазып алған дүниесін көсіліп оқи алмады. Әбу ата жанарын бір нүктеге қадап, сүлесоқ, тым көңілсіз отыр екен. Біртүрлі ішінен: «Елде менің жазған кітаптарымды еш адам оқымаған ба?» – деп жаны жүдеп отырғандай сезіндім. Сол кезде өзіме де беймәлім бір тылсым күш мені жетектеп алып сахнадан бір шығарды.
Елдің алдына шығып алып, Әбу атаның жастайынан әкесіз, жетім өскенін, «баласының жөргегін Қиғаш толқынына жуған балықшы анасына» қолқанат болып, жасы онға толар-толмастан теңізге қазаншы бала боп шыққанын, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер екенін айтып жатырмын. От пен оқтың ортасында жүріп, майдандағы жауынгерлер ерлігі туралы мақалалар мен өлеңдер жазғанын, бір қолында қаруы, бір қолында қаламымен Жеңісті жақындатқан Ұлы Отан соғысының ардагері екеніне тоқталдым.
Бір кезде Әбу атама көзім түсіп кетті: бар денесімен бұрылып, маған зер сала қарап отыр екен. Жүзінде – мейірім шуағы. Сөзімді аяқтағанда, орнынан ұшып тұрып, көзіне жас алып, маңдайымнан сүйді. Толқып кеттім. Жиналған халықтың алдында маған ақ батасын берді. «Теңіз әуендері» деген кітабына бар жақсы тілегі мен мекен-жайын жазып, «Алматыға келсең, біздің үйге кел, қысылма, қарағым!» – деді.
– Студент кезіңізде Әбу ақсақалмен хабарласып, қатысып тұрдыңыз ба?
– Студент кезімде КазГУградтың атақты №5 жатақханасына орналасқаныммен, көбінесе Әбу атамыздың үйінде жүрдім. Әсіресе сессия кезінде, сабаққа дайындалу үшін тыныштау ғой деп сонда баратынмын. Алайда, атамның үйі де бейне бір қонақ үй секілді еді. Қазақстанның ана шеті мен мына шетінен ол кісіні іздеп келмейтін, көмек сұрамайтын адам жоқтың қасы болатын. «Жақсыда жаттық жоқ», «Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөздерді бабаларымыз бекер айтпаған ғой.
– Ол кісілерден көргеніңіз де, көкейге түйгеніңіз де көп шығар?
– Әрине!.. Абыз атаның жан жары Ләзиза Серғазина әжеміз Керекудің алғашқы кәсіби журналист қызы, бірнеше жылдар бойы «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы болған, өте бір мықты, ерге – ер, серіге серік болатын адам еді. Атамыз соғыс ардагері ретінде госпиталға, шипажайларға емделуге кеткен кезде Ләзиза әжеміз маған: «Қызым, өскесін атаң сияқты жазушы боларсың, бәлкім!» деп, оның кабинетінде отырып сабақ оқуға рұқсат ететін, диванында ұйықтайтынмын.
– Сіз бала кезіңізде жазушы болсам деп армандадыңыз ба?
– Негізі көркем әңгіме жазуға бала кезден икемім болды. Бәлкім өзім сүйсіне оқыған әдеби кітаптардың ықпалы ма екен... Тырнақалды тұңғыш новеллам мектепте 9-сыныпта оқып жүрген кезімде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне шықты. Кейін студент кезімде «Қазақстан әйелдері» журналында «Жаңбыр иісі» деген көлемді әңгімем жарық көрді. Бірақ жазушы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бала кезден әйтеуір журналист болуды армандағаным рас. КСРО кезінде қазіргідей әр облыс сайын бәлен университет, университет сайын журфак жоқ. Күллі Қазақстан бойынша тек Алматыда, қазіргі әл-Фараби атындағы, Қазақ мемлекеттік университетінде ғана журналистика факультеті болатын. Бір орынға 10-12 адам таласады, қырғын конкурс. Ал оған тырнақ іліктіру – ғарышкерлер отрядына алынумен парапар еді. Журфакқа көп қиындықпен түсіп, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұрғали Оразов, Қуаныш Махамбетов, Жағыппар Қарабала, Бақытжан Абызов, Айтбай Сәулебек, Орынбасар Әлжік, Қаршыға Есімсейітова, Әлия Мыңбаевалармен бірге оқып жүргенімде, Тауман Амандосов деген профессор: «Қыздардан жақсы журналист шықпайды. Осы бастан филфакқа ауысып алыңдар, кейін мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берсеңдер де далада қалмайсыңдар», – дегенді жиі айтатын. Соған қатты ренжитінмін. Намыстанатынмын. Қыздардың да жақсы журналист бола алатынын осы кісіге дәлелдесем-ау деп іштей өзімді-өзім қамшылап жүруші ем.
– Бәлкім ұстазыңыз қыздардың намысын қайрасам, қылпылдаған қылыштай боп, еш қиындықтан тайсалмас деген оймен әдейі айтқан шығар?..
– Кім білген. Бәлкім солай да шығар. Әйтеуір, Несібелі Рахметова, Айткүл Шалғынбаева, Қаршыға Есімсейітова – бәріміз сол намыстың жетегімен, өмір бойы журналистикада жүрміз ғой... Шәмшия Жұбатова, Гүлнәр Шәмшиева сынды мықты ақын қыздар шықты журфактан. Несібелі Рахметова – қазір тамаша жазушы, Қазақстандағы санаулы прозаик қыздардың бірі. Таяуда оның «Тұнжыр» деген жаңа кітабын сүйсіне оқып шықтым.
Жеке өз басым журналистиканың әр саласында: телеарналарда, газет-журнал редакцияларында, саяси партияның баспасөз қызметінде өз күшімді сынап көрдім. 2000 жылы «Жыл журналисі» атандым. Тағдыр тәлкегіне тап болған талай жанға қол ұшымды созып, рухани қолдау жасауға тырысып жүремін. Олар айтқан әңгімелер қанша уақыт бойы көңілімде жаңғырып, көкейімнен кетпей жүретін. Ақыры кейіпкерлерімнің аты-жөндерін өзгертіп, айтқан әңгімелерін ақ қағазға түрте бердім.
– Заря Әмірқызы, сізді оқырмандар «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» атты прозалық кітаптардың авторы ретінде біледі. Алайда, Сыр елінің келіні екеніңізді таяуда ғана естідік. Шыққан жеріңіз, өскен ортаңыз туралы аз-кем әңгімелеп берсеңіз...
– Кезінде Исатай, Махамбеттей батыр бабаларымыз «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып жүріп» аман алып қалған киелі жердің перзенті екенімді, әркез айтып жүремін. Кешегі Әбу атамыз, Хамит атамыз, Меңдекеш Сатыбалдиев, Жұмекен Нәжімеденов, қос Зейнолла ағамыз (Қабдолов, Серікқалиев), Фариза Оңғарсынова, Рахымжан Отарбаев...тағы да басқа талантты жандардың кіндік қаны тамған қасиетті топырақта, талантты жандарға өте бай өңірде өмірге келу – кез келген ақын-жазушыға бұйырмаған бақыт!
Университет бітірген жылы тұрмыс құрдым. Құдай қосқан қосағым Қалас Жамалов - Сыр өңірінің, Қазалы ауданының жігіті. Өскен-өнген үлкен шаңыраққа келін боп түстім. Атам марқұм ескілікті аңыз-әңгімелерді, шежірені жақсы білетін, аз сөйлеп, көп тыңдайтын байсалды адам еді. Ол кісіден естіген елдің, жердің тарихына қатысты ұлағатты әңгімелерді қазір енді өз балаларыма айтып жүремін. Жұбайым екеуміз жолдамамен барып, жиырма жылдай Сарыарқа жерінде, Жезқазған қаласында қызмет еттік. Үш жүздің басын қосқан Ұлытау өңірінде перзенттеріміз өмірге келді. Балапандарын ерткен жыл құсы құсап, жыл сайын еңбек демалысымызды алысымен, жер шалғайлығына қарамастан, аңсап, сағынып жүрген Сыр бойына жеткенше асығушы ек. Қазір де елден кіндік үзген жоқпыз. Ата-енеміз болмағанмен, ағайын-туыспен қатысып, хабарласып тұрамыз. Әр барған сайын жаңарып, жасарып, жылдан-жылға жақсарып келе жатқан Қызылорданы көріп қуанамыз, сүйсінеміз.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Раиса ҮМБЕТБАЕВА,
журналист,
Алматы қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |