«АЙЛЫҒЫҢ 1 МИЛЛИОН 200 МЫҢ ТЕҢГЕ БОЛАДЫ» ДЕДІ

– Әлемде кибершабуыл болып, барлық ақпарат жойылып кетті. Сіз туралы мүлде ештеңе білмейтін оқырманға өзіңізді қалай таныстырар едіңіз?
– Мен 1988 жылы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келдім. 1995 жылы №183 орта мектебіне бардым. 2005 жылы бітірдім. Содан Қызылордада Қорқыт ата атындағы мемлекеттік уни­верситетінің жанындағы колледжге оқу­ға түстім. Мен IT саласының маманы боламын деп ойламадым. Ол мен үшін жай хобби еді. Негізі геодезист болғым келген. Бірақ грант болмады. Содан «осындай колледж бар, таңдау пәніне қарамайды, балың жетсе түсесің» деді. Бұл саланы мен емес, ата-анам таңдады. Оларға бірнеше мамандықты ұсынған. Ішінде экономикадағы ақпараттық жүйе деген бар. «Осы бәле таңнан кешке дейін компьютерде отырады, соған бере салайық» деп анам құжатты тапсырған. Мен бір айдай сабаққа бармадым. Сосын жетекшім хабарласты. Сыныпқа кіріп қалсам, 24 қыз отыр. Жігіттер мерекесінде – рахат (күліп), бірақ 8 наурызда ештеңе бермеймін. Осылайша оқып шықтым. Бірақ орта біліммен жұмыс табу мүмкін болмады. Жоғары білімге қоса, үш жыл тәжірибең болу керек.
Жаңа бітірген студентте тәжірибе қайдан болсын? Логика жоқ. Жұмыс барысында кәсіпкерлермен  кездескенде осы талапты алып тастауын әлі күнге дейін айтамын.
Кәсіпкер болған соң міндетің ақша табу ғана емес, қоғамға көмектесу. Сол үшін саған мемлекет жылына екі рет ғана есеп бер деп, сол үшін салық деңгейін түсіріп отыр. Ешкім жұмысқа алмаған соң, Астанаға бардым. Алғаш жұмыс істеген жерім ұялы телефон сататын «Азия связной» мекемесі еді. Бір жайт әлі есімде. Біз тәжірибеде жүрген соң зат сатуға құқығымыз жоқ. Сол үшін айлық алатын мамандар бар. Біз қасында жүріп, үйренуіміз керек. Бірақ мен батылдық танытып, бір адамға түсіндіре бастадым. Ол кезде «nokia n95» деген телефон танымал еді. Сол күні алғаш сауда жасадым. Сөйтсем ол өзім жұмыс істейтін мекеме басшысының бірінші орынбасары екен. Ол мені мұқият тыңдады. Кейін екі айдан кейін мен сол дүкенді басқара бастадым. Жұмыс барысында мекемені жақсарту үшін ойымды, идеямды жиі айтамын. Бұл біреуге ұнаса, біреуіне ұнамайды. Осылайша басшылықпен келіспей, жұмыстан шығып кеттім. Қайтадан жұмыс іздедім. Орта білім болған соң ешкім қарамады. Сосын оқу керегін түсіндім. Бірақ Қазақстанда емес. Мен ағылшын тілінен әлі күнге дейін шорқақпын. Дегенмен, қолға алсам, бір-бір жарым жылда орташа деңгейді бағындыруға болады. Алдымен Ресейдің университетіне емтихан тапсырып көрдім. Талабы жоғары болған соң түсе алмадым. Австрияны көрдім. Ол да болмады. Сосын бір досым «тестілеу орталығына бар» деп кеңес берді. Ол жерде Олжас деген жігітпен таныстым. Ол Чехияда барлық оқу тегін, бірақ чех тілінен және мамандық бойынша пәннен емтихан тапсыру керегін түсіндірді. Чех тілін қиын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ орыс тіліне ұқсас екен. Дегенмен, бір сұрақ туындады. Емтихан тапсыру үшін қалай барамын? Ол кезде Чехияға бару – миллион теңге болады. Әкем 37 мың теңге айлық алады. Бірнеше адаммен кеңестім. Бір танысым Чехияның елшілігіне барып, «баруға қаражатым жоқ, елшіліктің ғимаратында тапсыруға рұқсат беріңіз» деп, елшінің атына өтініш жазуыма кеңес берді. Сыртқы істер министрлігінде заң бар екен. Елшілік ғимаратының ауданы сол мемлекеттің территориясы деп есептеледі. Яғни сен Чехияның елшілігіне кірсең, заңды түрде Чехия мемлекетінің жеріне енесің. Мұны алғаш естігенде менің де түрім дәл сенікіндей болды. Маған рұқсат берді. Арнайы комиссия құрылып, емтихан тапсырдым. Жақсы нәтиже көрсетіп, оқуға түстім. Енді манағы сұрақ қайтадан туындады? Қалай барамын? Алдымен Астанадан Мәскеуге ұштым, одан Франкфуртқа, Франкфуртта ұшақты 9 сағат күтіп, Прагаға жеттім. Осылайша миллион емес, бес жүз мың теңге болды.  Алғашында шынымды айтсам қатты қорықтым. Қазақстаннан жалғыз шығып көрмегенмін. Университеттің адамы күтіп алды. Жатақханадағы бөлмеме кірсем, тосын сый күтіп тұр екен. Алдымда қара нәсілді жігіт отыр. Бір-бірімізді түсінбейміз. Әйтеуір ымдап, ол өз тілінде, мен қазақша сөйлеп, бірге тұрдық. Кейін ағылшынша, чех тілін де үйреніп, араласып кеттік. Әлі күнге дейін сөйлесеміз. Кенияда тұрады. Жақсы қыз­метте. 7 баласы бар. «Тұрмысқа шық­паған қарындасым бар» деп мені ша­қырады. Мен «қой, әке-шешемнің жүрегі ұстап қалар, қара қызды көріп» деп күлемін. Бастапқы уақытта сабақ өте қиын болды. Кей мұғалімдер ағылшыннан бөлек, немісше, французша сабақ өтті. Бір сабақ бір сағат емес, 2-3 сағатқа дейін созылатын. Сабақ таңғы 8-де басталып, кешкі 6-да бітеді. Мен жатақханаға барып, үнтаспаға жазып алған лекцияны түнгі 1-ге дейін аударатынмын. Әлі күнге дейін шетелдік достарым еліне жұмыс істеуге шақырады. Мен бас тартамын. Мені шетелде білім алған немесе тұрған адам ғана түсінуі мүмкін. Сенесің бе, мен үшін Париждің ортасынан үй берсе де, Қызылордаға жетпейді. «Кіндік қаның тамған жер» деп бекер айтпайды екен. Ол жақта мен бәрібір бөтен адаммын. Соңғы рет Бакуге шақырды. Айлығың 1 миллион 200 мың теңге болады деді. Мен сол кезде ойландым. Кетейін бе, әлде жоқ па?! Сол кездегі анамның айтқан сөзі әлі есімде: «Әр мекеменің есігін қағып, қанша жаяу жүгірдің. Тегін сабақ өтесің. Не үшін? Біз сенсіз де күнімізді көреміз. Егер бәрін тастап кететін болсаң, қанша шаруаңды, мына мектепті не үшін бастадың?» деді. Сол кезде бастаған істі соңына жеткізу керегін түсіндім. Өкініштісі, қазір жастардың бойында отансүйгіштік қасиет жоқ. Талғат Бигельдиновтың айтқаны бар: «Қазіргі Қазақстанның жастарына 10 мың $ берсең, мемлекетін сатып кетеді». Олқылықтың орнын толтырмасақ, ертеңгі келешегіміз кім?
– Осы салаға қызығушылық неден басталды?
– IT технологияны үйрететін мектеп ашу идеясы 8 жыл бұрын ойыма келді.  Бүгінге дейін 3000 адам оқып шықты. Біз мектепте әр бесінші күнді «Кибер жұма» деп атаймыз. Неге десеңіз, осы күні Қазақтелекомда, банкте, мұнай компаниясында осы секілді басқа да нысандардың IT бағытында жұмыс істейтін шәкірттеріміз бас қосып, бір тақырып аясында тәжірибе алмасады. Қазір елімізде «Startup жоба: Менің арманым» байқауы өтуде. Қызылордадан үш жыл ішінде алғаш рет ақтық сынға менің шәкірттерім өтті. Жобаларының идеясы ерекше.  Менің шәкірттерім жұмыс іздемеу керек, олар жұмыс орнын құру керек. Себебі IT саласындағы білімімен оларға Қызылордада жұмыс жоқ. Шәкіртімнің көбі Алматыға, Астанаға кетті. Мәселен, Костя деген бала алғашында Астанада 90 мың теңгеге жұмыс істеді. 10-шы айдан кейін оны middle (орташа) деңгейіне көтеріп, айлығы – 550 мың болды. Қазір ол деңгейін жетілдіру үшін емтихан тапсыруға дайындалуда. Жақсы нәтиже көрсетсе, айлығы – 5000 € (2 188 100 теңге) болады. Мұғалім шәкіртін шабыттандыру үшін онымен бір деңгейде сөйлесу керек. Қазір жасым 30-ға келсе де, жастармен бір толқында болу үшін компьютерлік ойындарды ойнаймын.
– Соңғы уақытта қандай ой жиі мазалап жүр?
– Қазақстанда IT саласын үйрететін 11 мектеп бар. Соның ішінде 5 мектеп өзара бәсекелеспіз. Оның ішінде үшеуі басқа қалада да мектеп ашты. Себебі олар кәсібін 2000-шы жылдары бастаған. Біз де 2020 жылға қарай Түркістан және Ақтөбе облыстарында ашуды жоспарлаудамыз. Осы жылдың ақпанына дейін мектепте оқу тегін болатын. Дегенмен, білімнің құны жоғалды. Өз еркімен келіп, жазылып кеткен баланы күштеп әкелуге тура келді. Сондықтан біз Қазақстан бойынша ең төменгі бағаны (5000 теңге) қойдық. Неге біз дәл IT саласын оқытудамыз?
Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде елімізге IT саласында және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 5000 маман жетіспейді. Мәселе бұл саланы оқытуда ғана емес, бізде олар оқып шыққаннан кейін жұмыс істейтін нарық жоқ. Елімізді шетелдің бағдарламалары жаулап жатыр. Мәселен, «Яндекс» компаниясы емес, ішіндегі бір ғана бөлімі елімізге келіп еді, көптеген такси компаниялары зардап шегуде. Сол секілді «2gis» қосымшасы бүгінде 8 қаланы қамтыған. Жақсы, олар да өз жұмыстарын істеуде, салық төлеуде. Бірақ... біз жағдайдың екінші жағын ұмытып барамыз. Кейін еліміздің нарығынан оларды қалай шығарамыз?
Біз осы жағдайды қолға алмасақ, ертең сол шетелдің бағдарламасына тәуелді боламыз немесе осы саланы жетік меңгерген IT мамандарымыз өзгенің компаниясында жұмыс істейді.
Яғни бізде бұл салада алға жылжу болмайды. Мені соңғы уақытта ойландыратын жайт осы. Мен көптеген оқу орындарымен байланыстамын. Қай колледж екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ студенттен «сабақтарың қалай өтеді» деп сұрасам, «компьютерде ойын ойнаймыз» деп жауап берді. Жақсы, «қандай бағдарлама тілін меңгердіңдер» десем, «delphi, turbo pascal, visual basic, сосын c, c+, c++», дейді. Бұл тілдер жаман емес, turbo pascal-дің көмегімен де бағдарлама жасауға болады. Бірақ ол қазіргі нарыққа сай емес. Мәселен, сіздің whatsapp бағдарламаңыздың іші ескі, видео, аудио қоңырау, эмоджи жоқ болса, қолданасыз ба? Әрине, дизайны әдемі, мүмкіндігі көп шетелдің бағдарламасын жүктейсіз. Жоғары оқу орындары жылдар бойы қалыптасып кеткен қағидамен жүреді. Оның ішіндегі мыңдаған ұстаздың ойын өзгерту оңай емес. Жыл сайын қайталанатын дүниені бұзып, жаңа жүйеге көшу ондаған жылды талап етеді. Мен тек IT саласына қатысты факультеттерді айтамын. Ал басқа мамандықтар 10-15 жылдан кейін жоғалады. Мәселен, банкке несие төлеуге кассаға барсаңыз, терминал арқылы төлеуіңізді сұрайды. Мұның өзі уақыт өте кассада отыратын адамның керек емес болатынын дәлелдейді. Сондай-ақ, арнайы бағдарлама арқылы онлайн кредит рәсімдеуге болады. Бұл да банктегі кеңесші маманның жоғалатынын көрсетеді. Шетелде адамдар әр 10 жыл сайын мамандығын ауыстырады. Қытайда 15000 зауытты автоматты жүйеге көшірді. Ұялы телефонды адам емес, енді роботтар құрастырады.
Осы салада Қазақстан Ресеймен салыс­тырғанда 15 жылға артта қалған. Бізде өзі­міздің Джобстар, Масктар, Цукербергтер бар. Бірақ оларға білім алу үшін жақсы жағдай жасап, үнемі шабыттандыру керек.
Қарапайым мысал, әкімшілікте тәжіри­беден өткен менің шәкірттерім «егер біреудің компьютері істемей қалса, оны жай өшіріп, қайта қосады» дейді.
Бұл мәселені шешу жолы емес. Алдымен ақау неден болғанын білу керек. Өздерінің қызметіне де олар дәл осындай көзқараста.
– Сіздің салаңызға аяқ басқан жас маманның алдында қандай қиындық туындауы мүмкін?
– Біріншіден, кәсібилік.
Екіншіден, жаңа технологияны жетік білмеу.
Үшіншіден, жалқаулық.
Төртіншіден, нақты мақсаттың болмауы.
Бесіншіден, бюрократия.
– Табысты болу рецептіңізді сипаттап беріңізші. Қандай ингредиент міндетті түрде болу керек?
– Бір данышпан адам болды. Менің үлгі тұтатын адамым еді. Ол инженер де, программист те емес. Бірақ оның идеялары әлемді өзгертті. Есімі – Стив Джобс. Оның бір сөзі бар: «Тек ақылынан адасқан адам ғана әлемді өзгерте алатынына сенеді. Сондықтан ол өзгертеді». Мектепті ашып, тегін оқытамын деп шешкенімде, барлығы «сен есіңнен адасқансың» деді. «Одан саған қандай пайда?» деген сұрақ жиі қойылды. «Игра престолов» сериалында бір кейіпкерден сұрайды: «Сен бір патшадан екіншісіне, одан басқасына қызмет етесің. Осы сенің діттеген мақсатың қандай?» деп, сонда ол: «Патша да пенде. Уақыты санаулы. Мен патшаға емес, мемлекетке қызмет етемін» дейді. Табысты кәсіпкер үшін қайсар мінез керек.
Рингте сені қандай күшпен ұрғаны маңызды емес. Маңыздысы –  9 секунд ішінде есіңді жинап, әрі қарай күресу.
Одан кейін табандылық және жасап жатқан дүниеңді жақсы көру. Ең жақсы мамандық – хоббиің.  
– Біздің IТ саласының мамандарына не жетіспейді?
– Мәселе өте көп. Мынадай қызықты дерек бар. Мақсатыңа жету үшін тынбай 10 мың сағат жұмыс істеу керек. Егер оны шамамен үш сағатқа бөлсек, 10 жыл уақыт керек. Яғни 10 жыл бойы күнде кем дегенде үш сағат тынбай еңбектену керек. Шәкірттеріммен бірге жарысқа барамыз. Сонда бөлмелеріне кірсем, ұйықтап жатады. Қызығып кетемін. Себебі кәсібімді ашқалы бері мен күнде таңғы алтыда тұрамын. Бұл үшін сондай тәрбие берген әкеме алғысым шексіз. Менің әкемнің мінезі қатал. 30 жыл ішінде қандай жетістікке жетсем де, бір рет мені мақтаған емес. Мен білемін, ол мақтан тұтады. Бірақ өзіме айтқан емес. Бұл нағыз ер адамға тән мінез.
Тұрсынбектің айтатыны рас. Баяғыда әкелерің келе жатыр дегенде, балалар жан-жаққа қашады ғой. Біздің үйде де дәл сондай болатын.
Әкемізден қорқатынбыз. Бұл бір жағынан ананың тәрбиесі. Ол кезде 6 сыныпта оқимын. Жаз. Әкем маған кесек құйғызатын. Бастапқыда қызық. Бірақ келесі жылы, арғы жылы, одан арғы жылы да қайталанады. Ол кесекті пайдаланбайды. Қыс бойы қар суымен ериді. Жазда қайта құямын. Не үшін екенін түсінбейтінмін. Таңғы 6-да тұрып, анаммен бірге сиыр сауамыз, мал айдаймыз, сабаққа барамын, одан домбыра үйірмесіне, бокске, мектепте де белсендімін. Осының барлығының мәнін 21 жасымда түсіндім. Әкем маған «кез келген дүние маңдай термен келеді» дегенді ұғындырғысы келген екен. Бірақ әлі күнге дейін мінезі қатты. «Үйге келетін келіншектің жағдайы қалай болар екен» деп уайымдаймын (күліп). Бір сәт әлі күнге дейін көз алдымда. 3-сыныпта оқимын. Жаңбыр жауған. Үсті-басым балшық, киімді тастап, ойнауға кеттім. Сабағымды оқып, ұйықтап қалдым. Таңғы 4-те тұрғызып, бүкіл киімді тазалатты. Екі сағат бойы бәрін жуып, үтіктеп, аяқ-киімді сүртіп, 7-де сиырды жайғап, сабаққа кеттім. 22 жыл өтті. Әлі күнге дейін түнде ұйықтардың алдында ертең киетін киімімді дайындап қоямын. Сондықтан, әсіресе, ер балаға қатты болу керек. Қазір жастардың мақсаты жоқ. Әйтеуір өмір сүріп жатыр.
Біздің IТ саласының мамандарына берік іргетас жетіспейді. Оны университеттен емес, мектеп қабырғасынан бастауымыз керек.
Шетелдің мектеп оқушылары веб-браузер, мобильді қосымша жасайды. Ал бізде университетте ол көбінің қолынан келмейді. Ал мектептегі информатика пәнінің өту деңгейі мүлде төмен. Біріншіден, құрал-сайман ескі, екіншіден, мұғалімнің білім деңгейі нашар. Біз сол мұғалімдерді оқуға шақырамыз. Бірақ олар білімін жетілдіруге талпынбайды. «Маған оқуым үшін мемлекет төлеу керек» дейді. Мен ағылшын тілін үйреткендей, IT саласын 1-ші сыныптан оқытуды ұсынамын. Ол болашақтың айнымас бөлшегі. Егер жақсы маманды өзіміз оқытпасақ, ертең Ресейдегі бір Васяға хабарласамыз: «Вася, өтініш, бізге мынаны істеп берші. Сұраған сомаңды төлейміз». Ал ол телефонның ар жағында қарнын қасып: «Менің қолым бос емес» дейді. Оған ол керек емес. Ал бізге өте қажет. Міне, осындай жағдайға жетпеу керек.

Әсел БЕГМАН,
журналист.
Cұхбат 20 қазан 2018 г. 1 336 0