« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
(филолог-ғалым, ТҮРІКТАНУШЫ, ақын Серікбай Қосановпен әңгіме)
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі, түріктанушы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікбай Қосановпен екеуара еркін әңгімеміз рухани жаңғыру, ұлттық рух мәселелеріне қатысты болды. Бұл тақырыптардағы ғалымның айтар ойы салмақты, таным көкжиегі кең.
– Серікбай, әңгімені рух дегеніміз не нәрсе, ұлттық рух дегеніміз не, осы сауал төңірегінен өрбітіп көрейік.
– Егер адам азықтанбаса ағза әлсірейді, сөз жоқ, қуат баяулайды, азады. Адам баласы асқазаны секілді өзінің рухын да азықтандырып отыруы табиғи қажеттілік. Рух қорегі – жан қалауы. Азудың ең жаманы – рухани азу. Яғни, рух адамның жан-дүниесіндегі бір керемет сипаты. Құранда рухтың денеден бұрын жаратылғаны айтылған. Ал, пәлсапашылар «Адам бойындағы ең қымбат нәрсе – ақыл, рух және нәпсі» деген.
Ұлттық рух – ұлттың өзіне тән қасиеті. Салты, дәстүрі, тілі, тәрбиесі, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі, ата-ана алдындағы парызы, Отан алдындағы қарызы. Мұның бәрін жас өскіннің бойына сіңіретін құрал – тәрбие, ұлттық тәрбие. Білім мен тәрбие дәнекерінен ажырамауы тиіс. «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыз. Тәрбие көзі қазақ тілді ақпаратта, кітапта, тіпті тез дамып келе жатқан интернетте десек, қателеспейміз. Алайда, бүкіл әлеммен бірге дамуға мүмкіндік сыйлаған интернет ессіз еліктеушілікке де жол ашты. Міне, сондықтан асыл мен жасықты айыратын озық ойлы азаматтар ұлтымызды жетелеп отыруы керек. Жастардың бойына рух сіңіруі қажет.
– Рух көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәрсе емес екен, оны мынау деп көрсетудің жолы қайсы?
– Рухты халықтың мұраларынан, көркем шығармалардан табамыз. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген еді Елбасымыз.
Мысалы, Абайды алайық. Өзі 19-шы ғасырда өмір сүрсе де, оның сөздері 20-шы ғасырдың басында Алаш рухының оянуына ықпал етті. Арыстарымыз Алаштың төл басылымы «Қазақ» газетіне Абайдың өлеңін үлгі сөз қылды. Алғашқы мақалалардың бірі «Абай – қазақтың бас ақыны» деп аталды. Мынадай салыстыру айтуға болады. Тәуелсіздікке дейін Шәмші әні бейресми гимн еді. Абай өлеңі мен қарасөздері біздің бейресми идеологиямыз болды.
– Біз бүгінде бойымыздан ұлттық рухты жоғалтып алған сияқты емеспіз бе?
– Рух адам мінезінен әр кез көрініс беріп тұрмайды. Бодандық бұғауында қалғанда, тәуелсіздікке ұмтылған тұста, ұлттық рух буырқанып бой көрсетеді. Мысалы, 1986 жылы Алматыдағы Республика алаңына шыққан жастар ұлттық рухымыздың биік екенін көрсетті. Жер мәселесі сөз болған кезде де осындай жағдайлар орын алды.
Ұлттық рух – аз сөзбен айтқанда, ұлттық жаңғыру, сананың жаңғыруы.
– «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деген еді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Осы сана жаңғыруы деген мәселеге келейікші...
– Бір қарапайым мысал, әлеуметтік желілерде түрік жігіті Оғыз Доған деген азаматтың қазақ тілінде қызмет көрсетпеген «Эйр Астана» компаниясымен және «Казком банкпен» арадағы оқиғасы талқыға түсті. Ақырында сөз Доғанды даттаушылар мен даушылдар арасындағы айтысқа ұласты.
Бұл көп азаматтың бойындағы қоғамдық сананың жаңғырмағандығын көрсетті. Қоғамдық сана жарлықпен бекітіліп жаңғырмайды. Мұның да қайнар көзі әдебиет пен мәдениетте жатыр. Кеңес өкіметі тұсында «Жұлдыз» деген журнал болды, жүз мыңдаған данамен жарық көрді. Оны қиян даладағы қойшылар қонышына салып жүріп оқитын. Олар сол кезде баспасөзге сұранып жүріп жазылатын. Егер пошташы жаздыруды ұмытып кетсе, қойшы не егінші ауылсоветке арызданатын. Бұл қалыптасқан қоғамдық сананың көрінісі.
Мен біраз жыл Алматыда жүріп, қызмет еттім. Солтүстік қалаларда да болдым. Ол жақ пен Қызылорданың айырмашылығы көп. Айталық, бұл жақта қоғамдық көлікке мінсеңіз болды, ұшып тұрып орын беріп жатқан жастарды көресіз. Ал, басқа жақта бұлай емес, жастар құлағын бітеп, ұйықтап отыра береді. Бұл – Қызылордадағы қоғамдық сана, ұлттық тәрбиенің сақталған сипаты.
Бірақ, өмірдің өр-қырының бәрі осындай күйде тұрған жоқ. Жақында осы өзіміздегі «Казком» банктің филиалына бардым. Он екі терезеде он екі жас маман қызмет көрсетіп отыр. Бәрі қазақ, бірақ бәрі орысша сөйлейді. Неге? Себебі министрліктер өз құзырындағы мекемелерден орыс тілінде есеп сұрайды. Сана жаңғырмаған жерде осылай болады.
– Сана қалай жаңғырады?
– Біз жаңа Абайды айттық. Сананы жаңғыртуда үнемі қаперде болуға тиіс бір тұлға – Қорқыт ата. Орыс тарихшысы, шығыстанушы В.Бартольд 1892 жылы Қорқыт ата кітабын қолға түсіріп зерттей бастаған. Тарих атасы Геродотқа үлгі болардай өсиет сөздеріне қызыққан. Өз ойларын білдіріп, көптеген мақала жазып шығарған. Қырық жылдай жасаған зерттеулерін, аудармасын «Всемирная литература» баспасынан шығарамын деген мақсатына жете алмай, дүниеден өткен. Мүмкін сол кезде кеңестік идеология қарсы болды ма, ақыры Қорқыттың философиясы өзін мойындатқан. Кейінгі ғалымдар да Қорқытқа соқпай өте алмаған. Сөйтіп, «Книга моего деда – Коркыт ата» кітабы 1962 жылы ғана баспа жүзін көрген.
Қорқыттың мына сөздеріне қалай таңғалмайсыз. «Мен оғыз халқының алдында не жақсылық, не жамандық күтіп тұрғанын болжадым. Бір заман келер: Ата-ана балаға жаны ашымас, бала ата-ананы сыйламас. Әке отырған жерде ұл сөйлер, ана алдында қыз бұйрық берер. Ол заманға дейін өмір сүрмегенім игі еді». Осы сөздер саған таныс емес пе? Қорқыт сөздерін бізге Асанқайғы, одан Мөңке би, Бұқар жырау, одан Шортанбай алып, ұлт санасына жеткізді.
Сөз ретінде айта кетейік, Шортанбай ұлттық сананы оятушылардың, сәулелендірушілердің бірі. Тегі ақмешіттік қожалар делінетін діни қайраткер, ұлт ақыны Шортанбай Қанайұлының туғанына биыл 200 жыл толып отыр, Қызылордамен құрдас. Оның мерейтойы Қарағандының Шетпе ауданында аталып өтуде. Осындай тұлғаларды естен шығармай, олардың мұрасын ұлт мүддесіне пайдаланған абзал.
– Ұлт мүддесіне бағытталған бүгінгі күнгі Рухани жаңғыру бағдарламасы жөніндегі әңгімеге ойыссақ. Рухани жаңғырудың кешелі-бүгінгі пайда болған әңгіме емесі анық қой.
– 1998 жыл Тарих жылы, 2003 жыл Мәдени мұра жылы болып жарияланды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Біріншіден халықтың орасан зор мәдени мұрасын, соның ішінде осы заманғы ұлттың мәдениетін, фольклорын, дәстүрлер мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау…» қажеттігін атап көрсеткен еді. Сондай-ақ Президент «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп атаған. Елбасы Жолдауымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі болды.
Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмыстары жасалып, 39 қалашық пен қорғанға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми-зерттеу жүргізілді.
Тәуелсіздік жылдарында толық гуманитарлық білім беру қорын құру мақсатында мемлекеттік тілде алғашқы қадамдар жасалды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, Құрама Штаттары және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша ғылыми топтарда бұдан бұрын белгілі Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен 5 мың жазба және баспалар алынды. 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды.
Осының бәрі рухани жаңғыру қадамдары болатын.
Жаңа қоғамның барысында ауыр дағдарыстар килікті. Карл Маркстің еңбектеріндегі «капитализмнің іріп-шіруі» деген сөзді ұмытпаған шығарсың. Сол сияқты қоғамда материалдық игіліктердің алға шығуы рухани дағдарысқа алып келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «әуелі экономика, сосын саясат» деген ұстаным болғанын білеміз. Бұл ұстанымда болмаған көрші мемлекеттердің күй-жайы да белгілі.
Міне, енді Қазақстандағы қазақтар саны 70 процентке жуықтады.
«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол – тәуелсіз Қазақстан» – деген Елбасы сөзін еске алсақ, мемлекеттігіміздің тарихи кезеңдерін барынша жаңғыртып, оны ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналдыратын уақыт жеткенін бағамдар едік. Сондықтан да 2015 жылы Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын тойлау туралы бастама осы тұрғыдағы аса маңызды шара болды.
Осылайша, экономикамыз дамыған тұста сананы байыту сатысына аяқ арттық. Тіл, мәдениет, салт-дәстүр секілді құндылықтарымыздың жоғалып кетпеуі, аяқасты болмауы еліміздегі маңызды факторға айналды. Болашаққа бағдар жасап алу қажеттілігі туды.
– Дәл осы тұста, яғни 2017 жылдың сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шықты. Ондағы ұлттық мүддеге қарата айтылған ойлар мемлекет тарапынан бағдарлама болып құрылды. Бағдарламаның негізгі қазығы неде?
– «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Елбасының осы сөзін бағдарламаның негізгі қазығы болды дей аламыз.
Бірнеше тіл білетін, тарихымызды таразылай алатын, жаңа технологияға жетік, прагматикалық көзқарасы қалыптасқан, санасы ашық, қоғамға қызмет ете алатын ұрпақ тәрбиелеу – Мәңгілік ел болудың жолы екенін көрсетті.
Бағдарлама «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны», «Тәрбие және білім» деген бірнеше кіші жобаларға жіктелген. «Рухани қазына» кіші бағдарламасының өзі – «Туған жер, туған ел», «Қасиетті Қазақстан», «Қазақстанның мәдени жетістіктері» деп аталатын базалық бағыттарға топтастырылды. Осылай, рухани жаңғырудың барлық бағыттарындағы қат-қабат жұмыстар басталып кетті.
Алдымен, Президент Әкімшілігі жанынан «Рухани жаңғыру» бас офисі ашылып, осы мекемеге қарасты орталықтар облыстарда да өз жұмысын қолға алды. Аймақ басшысының ұлтжандылығы болар, республикада бірінші болып «Рухани жаңғыру» орталығы біздің облысымызда құрылды.
– Облысымыздағы орталықтың құрамын, жай-күйін айтып өтсеңіз...
– Орталық құрамында он адам бар. Оның басшылығына белгілі тарихшы ғалым, ғылым кандидаты Нұрлыбек Мыңжас шақырылды. «Ақпарат толқыны» аталатын бөлімге Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова жетекшілік етеді. «Тәрбие және білім» бөлімін педагогика ғылымдарының кандидаты Әлима Әбдіхалықова басқарады. Мен «Рухани қазына» бөліміне келдім.
Қазір «Сыр медиа» ғимаратында жұмыс жасап отырмыз. Алдағы уақытта Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан жаңа қаладан 1925 жылы Қызылордада өз жұмысын жүргізген Қазақ Орталық Атқару комитетінің тарихи ғимаратына негізделіп салынған музей үйіне көшеміз. Бұл жөнінде облыс әкімі Қ.Көшербаев: «Сол жағалауда салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ», – деген болатын. Сол күн де жақын қалды.
– Рухани жаңғыру орталығының араласуымен нақты қандай жұмыстар атқарылып келеді?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын облыста іске асыруға бағытталған облыстық іс-шаралар жоспары және «Жол картасы» бекітіліп, жыл басынан бері 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бағдарлама қамтыған арнайы жобалар мен оның басым бағыттарын үйлестіру бойынша Сарапшылар кеңесі құрылып, жұмыс жасауда. Қазіргі таңда өңірлік Сарапшылық кеңеске консультативтік кеңес беру мәртебесін беру мәселесі қарастырылуда.
Аймақта «Қазақ дәстүрлі өнер академиясын» ашу жоспарланып отыр. Бұған қатысты тиісті ұсыныстар Үкімет қарауына дайындалды.
Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен 50-ден астам көрнекті ғалым, саясаттанушы, қоғам қайраткерінің қатысуымен «Қазақтану» жобасы аясында лекторий ұйымдастырылды. Лекторий барысында бірнеше ауданда тұрғындармен кездесулер болып өтті.
Жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау және бағдарламаны іске асыруға жастарды кеңінен тарту, бәсекеге қабілетті, шығармашылық тұлға қалыптастырып, білім беру мен оқытудың ұлттық жүйесін дамыту мақсатында өңірімізде 61 жастар орталығы құрылып, жұмыс жасауда.
Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндеттерінен туындайтын студент-жастар мен оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында шығармашылық байқаулар өткізу, ғылыми жобалар әзірлеу бағытындағы жұмыстарды жүргізуде. Анығырақ айтсақ, барлық деңгейдегі 9 жастар ресурстық орталығы, жоғары оқу орындарындағы – 3, орта және арнаулы оқу орындарындағы – 30, кәсіпорындардағы 19 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс жасауда.
Биылғы жылы Орталықтың үйлестіруімен бағдарлама аясында 105 мәдени-әлеуметтік және ғылыми-танымдық маңызды жобалар жүзеге асырылды.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Тарих толқынында» тақырыбымен өңірдегі барлық аудандар бойынша тарихи мәдени орындарға студент-жастар мен оқушылардың экспедициялары, БАҚ өкілдерінің пресс-турлары ұйымдастырылды.
Аймақта облыс әкімінің қолдауымен республиканың белгілі білім-ғылым, мәдениет қайраткерлері, археологтар, тарихшылар, реставраторлар, музей қызметкерлерінің қатысуымен ғылыми-әдістемелік кеңес ашылғанын білесіздер. Кеңес жұмысының нәтижесінде 2017 жылы Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның халықаралық мәдени мұра алдын ала тізіміне енгізілді. Сонымен бірге, осы тізімге тағы 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескенкүйік, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері енді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасымен өңіріміздің киелі ескерткіштері саналатын – Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтарына, Кердері кесенесіне және де қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сығанақ қалашығының 3D форматындағы картасы әзірленуде. Мұның нәтижесінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңартылған экспозициясы өңірімізге келетін қонақтарға аймақтың бай тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Мұражай залдарында сенсорлық моноблок, мұражай залдары арқылы виртуалды экскурсияға шақыратын қондырғылар орнатылған.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне – 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп, жалғасын табуда.
Облыс әкімінің назарында тұрған негізгі іс-шаралардың бірі – археологиялық қазба жұмыстары. Бұл бағытта өз ғалымдарымызбен бірге Арзанцева басқарған мәскеулік археологтар мен германиялық Тюбинген университетінің ғалымдары бірлесе жұмыс істеуде.
Мәдени мұраларымызды насихаттау мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қасиетті Қазақстан және Археология» залы ашылды.
Сонымен бірге, республикада алғашқы болып Сыр өңірінде «Тарихшылар мен өлкетанушылардың» І облыстық форумы өтті. Онда «Өлкетанушылар бірлестігі» құрылып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына сәйкес алда атқарылатын жұмыстар белгіленді.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында туған жерді көркейту, туған өлкені дамыту ісіне өңіріміздегі кәсіпкерлерді, демеуші азаматтар мен жастарды тарту, қолдау жұмыстары белсенді ұйымдастырылып, жүргізілді.
«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында эксперттік қауымдастықтың, тілші-ғалымдардың қатысуымен өңірімізде 500-ден астам шара ұйымдастырылды.
«100 жаңа оқулық» арнайы жобасы мен «100 жаңа есім» жобасына өңірімізден ұсынылған қатысушыларды республикалық және жергілікті БАҚ арқылы кең ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстары жүргізілді, «Тұлғатану» тақырыбындағы кездесулер ұйымдастырылды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында Сыр өңірінің өнері өз жерімізде ғана насихатталып қоймай, Ресейге, Түркияға, Англияға, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына, Әзірбайжанға, Өзбекстанға танылуда.
2018 жылғы 10 сәуірде G-global платформасында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орай «Рухани жаңғыру» және заманауи қоғамдық сана» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.
«Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мен аударма бюросы алқа мүшелерінің өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, мемлекеттік қызметкерлер және кәсіпкерлермен, БАҚ өкілдерімен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» тақырыбында кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында арнайы жоба аясында жүзеге асырылып, қазақ тіліне аударылған алғашқы 18 кітаптың мазмұнына талдау жасалып, түрлі ой-пікірлер айтылды.
– Бәрекелле, көңіл көншірлік-ақ жұмыс. Алда атқарылар жұмыстарға да бір-екі ауыз тоқтап өтейік.
– Жоспарларға сәйкес өңірімізде биылғы жылы өңірлік «Жол картасына» енгізілген 81 жоба – «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша – 24, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша – 38, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша – 17, «Ақпарат толқыны» бойынша 2 жоба өз мерзімінде жүзеге асырылу үстінде. Жыл аяғына дейін бағдарлама бойынша: «Ұлттық құндылықтар негізінде прогрессивті отбасы институтын жаңғырту» тақырыбында басқармалардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен республика көлемінде жүзеге асырылатын әлеуметтік жобасын қолға алу; «Қорқыт ата кітабы және Сыр бойында туған оғыз-қыпшақ эпостары» тақырыбындағы халықаралық симпозиум өткізу; Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында «Науаи және Абай шығармашылығы: түркілік және жалпыадамзаттық рухани құндылықтар концепциясы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын ұйымдастыру секілді шаралар өткізілмек.
– Сізді өз басым ақын есебінде білетін едім. Алайда ғылымдағы жұмысыңызды одан да салмақты ма деп қалдым. Жалпы, жақынырақ білісе отырайық.
– Мен өзім Арал ауданының тумасымын. 1991 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың шығыстану факультетін бітірдім де, ғылым жолына түсуді мақсат тұтып, Алматыда қалдым. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілінің оқытушысы.
1998 жылы ҚР БҒМ ғылым комитеті М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және текстология» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып қабылдандым. Осында жұмыс істеп жүріп, Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы жөнінен кандидаттық диссертация қорғадым. 2006 жылдан бастап «Қолжазба және электронды жүйелеу» бөлімінің меңгерушісі, институттың бас ғылыми қызметкері болып қызмет еттім. Одан кейін «Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті» бөлімінде жетекшілік жасай жүріп, «Балқы Базар жырау», «Көне түркі әдебиетінің типологиясы», «Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселелері», «Жыраулар поэзиясындағы тәуелсіздік сарындары», «Ұлттық ояну дәуіріндегі Еуразия түркілері: әдеби-мәдени сұхбат (ХІХ-ХХ ғғ.)» атты бірқатар ғылыми-монографиялық еңбектердің авторы және жауапты редакторы болдым.
Сондай-ақ, ортағасырлық түркі мәдениетінің көрнекті әдеби мұралары – «Нәхдж-ул фарадис» («Жұмақтың даңғыл жолы») және «Тәзкире-и Бұғра хан» (Сұлтан Сатұқ Бура хан ғазының шежіресі) қолжазба кітабын көне түркі тілінен тәржімалаумен тікелей шұғылдандым.
«Тәзкире-и Бұғра хан» – түп асылы ХІ ғасырдан бастау алатын тарихи әрі агиографиялық туынды. Шамамен, XVII-XVIII ғасырларда қайта түзіліп, толықтырылып, түркі дүниесіне қажетті қолжазба мұралардың біріне айналған. Осы еңбектің бір нұсқасын Ш.Уәлиханов 1859 жылы өзінің «Қашқар саяхаты» кезінде тапқанын жазған. Кезінде Санк-Петербургтегі патша әкімшілігіне тапсырылған бұл кітаптың тағдыры әлі күнге беймәлім болатын. Аталған көне жәдігердің ҚР БҒМ ОҒК-да сирек қорда сақталған нұсқасын, дәлірек айтқанда, қолжазбаның фото-факсимилесін тауып, мәтінді көне түркі тілінен аударып шықтым.
– «Инемен құдық қазу» сөзі, сірә, ғалымдарға ғана тән болса керек. Ерінбей-жалықпай осынша жұмыс атқарудың өзі ерлік. Мені жаңа сіз айтқан 100 томдық қызықтырып отыр. Соның мазмұнына аз-кем тоқталсаңыз. Бұл жұмыс қалай бағаланды?
– Интернет сайттарының бірінен Хуаң Жоңшян деген бейжіңдік профессордың «100 томдықты қарап шығып, оны құрастырған ғалымдар – С.Қасқабасов, У.Қалижанов, Б.Әзібаева, Т.Әлібек және Серікбай Қосановтың қазақ мемлекетінің әдебиет жөніндегі Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанын білдім. Және жоғары марапатқа лайық әдеби-рухани дүние болғандықтан тілектестігімді білдіріп, арнайы пікір білдіруді жөн көрдім» – дегенін оқып едім.
– Бұл 100 томдық ғалымдар тарапынан әлем фольклоры тарихындағы құбылыс деп бағаланды. Басылым тәуелсіз Қазақстан мәдениеті мен руханиятының бренді саналады. Онда қазақ фольклорының барлық саласы қамтылған. Эпостар, батырлық, ғашықтық дастандар, мақал-мәтел, жұмбақ, ертегілер, мифтер, шежіре, ғұрып-салт, қара өлеңдер, өтірік өлеңдер мен мысалдар, ұлттық ойын, балалар фольклоры, магиялық фольклор – түс жору, ырымдар, бәрі-бәрі бар.
2014 жылы бұл еңбектің ұлттық мән-мағынасы ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған болатын. Бірақ, ащы шындық, қорғасындай салмақты көптомдықты қол басындай бір кітап алмастырып, ұсыныс өтпей қалды.
– Қап, дегенмен, «әлем фольклоры тарихындағы құбылыс» деген атағы бар. Енді беделді ғылыми ортадан бір орталықтың жұмысына ауысу жайыңызға ауысайық.
– Осыдан 4 жыл бұрын Алматыда жүріп, Қызылорда облысы әкімінің сайтына өзімнің зерттеп жүрген мәселелерім жөнінде ақпараттар бердім. Облыстың рухани өміріне, ғылыми-зерттеу салаларына қызығушылығымды білдірдім. Ғалымдық әл-қуатымды туған жердің игілігіне жұмсасам деген ішкі ойым бар еді. Менің осы ойымды облыс әкімі дөп басып, таныпты.
Бір күні Аралда жүр едім, қалта телефоным шырылдап, әкімшілік қызметкерлері менің облыс әкімінің қабылдауына келуім керек екенін хабарлады. Келдім, «он минутқа кіріп шығыңыз» деді күтіп отырған әкімшілік қызметкері. Бірақ, әкім менімен бір сағаттан аса әңгімелесті. Сыр еліндегі мәдени жаңалықтар, археологиялық қазба жұмыстары жөнінде сөйлестік. Мен де біраз өз ұсыныстарымды жеткіздім. Облыста Сыр бойындағы мәдени ескерткіштерді қорғау және қолдау бағытында ғылыми-әдістемелік кеңес ашылыпты. Қырымбек Елеуұлы маған осы кеңеске мүше болыңыз деген ұсыныс айтты.
Кеңес құрамында Олжас Сүлейменов, Карл Байпақов, Зейнолла Самашев, Мұрат Әуезов, Бауыржан Байтанаев, Мадияр Елеуов секілді т.б. археолог, тарихшы, мәдениет пен әдебиет өкілдері бар екен.
Сөйтіп, мен жылына бір-екі рет өтетін кеңес мәжілісіне қатысып жүрдім. Онда Сыр бойы мәдениетінің зерттелуі бойынша жасалған жұмыстар, алдағы жоспарлар ортаға салынатын. Бір сапарымда облыс әкіміне кіріп, Сыр өңірінің рухани мұраларын зерттеу жөніндегі ұсыныстарымды айттым. Мәселен, Қорқыт ата мұрасының Дрезденде сақталған түпнұсқасы бар, осыны өз тілімізге аудару керек. Даналық сөздерін жинастырып, туристерге арналған буклеттер әзірленсе, қандай жақсы. Сыр бойындағы көне астаналар жөнінде еңбек дайындап, оны үш тілде бастыру керек. Кейде бізге революцияға дейін қазақ мәдениетін шет ел ғалымдары мен патшалық Ресейдің миссионерлері ғана зерттегендей болып көрінеді. Шынын айтқанда, олардың өз мүдделері бар болатын. Керісінше, қазақ тарихы, тілі мен мәдениеті туралы Ш.Маржани, Х.Файзханов сынды татар ағартушыларының туындыларында ұлтымызға қатысты құнды деректер көп. Жанашырлықпен жазылған осы ғалымдардың көпшілікке беймәлім еңбектерін аудару – менің алдағы мақсаттарымның бірі. Мәселен, халқымыздың мәдениеті мен тарихын тізбелеп, салмақты еңбектер жазған Мұхамедсалық Бабажанов, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп еңбектері біздің ұлт үшін аса бағалы деп ойлаймын. Кеңес өкіметіне дейін өмір сүрген Құрбанғали Халидұлы деген зерттеуші ғалым қазақ тарихын көп жыл зерттеп, Қазан қаласынан 2 том еңбегін шығарған. Сыр бойы мұраларын зерделеген Әбубәкір Диваев, Сыр сүлейлерінің хатшысы болған Әлқуат Қайнарбаев ше? Осындай жанкешті тұлғалардың сирек қорда сақталған мұраларын жарыққа шығару да біздің парызымыз. Менің осындай ұсыныстарым болды. Облыстық мәдениет басқармасы мұндай ғылыми жұмыстармен айналыспайды, себебі, оған арнайы қаржы қаралмаған.
Ғылыми кеңес жиындарының бірінде Қырымбек Елеуұлы маған елге келіп қызмет етіңіз деген ұсыныс білдірді. Соның сәті былтыр, Рухани жаңғыру орталығының ашылуына орай түсті. Бұл өзімнің де қалауым еді. Туған жер алдындағы перзенттік парызымды өтеудің реті келгендігін түсіндім.
– Серікбай, рухани жаңғыруға қосар үлесіңнің үлкен екеніне көз жетті. Маған сенің ақындығың жақын. Өлеңдеріңде рух өршілдігі бар. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» деген А.Байтұрсынұлы. Сен екеуміз сөз етіп отырған тақырыптағы өлеңдеріңді қашан оқимыз?
– Мен өзімді ғалымдыққа қайрап салған адаммын. Бірақ, өлеңге де өгейлік танытқан жерім жоқ. Көп жазбасам да, поэзия айналымында жүрміз. 1997 жылы «Аралды аңсау» деген өлеңдер жинағым жарық көрді. Он жылдан соң «Жүрегімде жүз өлең» атты кітабым жарық көрді.
«Жүрегімде жүз өлең,
Жүз емес-ау, мың болар.
Жал-құйрығын күзеген
Жүйрік десем, шын болар», – деп жырлайтын шақтарым ғой ол...
Өлең жайын өзің білесің, ол жоспар құратын бағдарлама емес. Қай кезде шабыт келеді, сол кезде жазылады. Бұрын ауылға деген сағынышымды көп толғайтынмын. Ауылға келгесін сол сезімімнен айығып та қалған сияқтымын.
Жалпы, қолымда қалам барда, өлең де қалмайды деп ойлаймын. Өлеңімнің ендігі тақырыбы ұлт қауызындағы рух пен ұлы сананың сөзі болса керек. Біреу қаламмен, біреу амалмен, әйтеуір Мәңгілік еліміздің мүддесіне қызмет етсек, екі дүниедегі бақыт сол.
– Әңгімеңізге рахмет, Серікбай. Ойға алғандарыңыздың орындалуына шын көңілмен тілекшімін.
Сұхбаттасқан:
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |