« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әдеп жөніндегі кеңестің қызметі тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жылдан жылға қаралатын тәртіптік істердің саны азайып келеді. Яғни, бұл атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімділігін көрсетсе керек. Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Берікбол Байхожаевпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Берікбол Ұзақұлы, алдымен Әдеп жөніндегі кеңестің атқарып жатқан жұмыстарын бағамдасақ...
– Облыстағы әдеп жөніндегі кеңес мүшелері биыл мемлекеттік қызметке қатысты 43 мәселені қарады. Оның 19-ы тәртіптік іс болса, 24-і заңнама бұзушылықтарының профилактикасы бағытындағы мәселе. Аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы бойынша атқарған жұмыстары туралы 10 рет есептері тыңдалды. Әдеп жөніндегі уәкілдер 4 рет атқарған қызметтерінің нәтижелерін баяндады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы 2 рет көтерілсе, мемлекеттік қызметте әдептілік деңгейін арттыру жөніндегі кешенді жоспардағы мәселелер 8 мәрте қаралды.
– Мемлекеттік қызметшілердің тәртіп бұзу деректері қандай?
– Тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 12 қызметші әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды, оның ішінде 8-не Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін «ескерту», «сөгіс», «қатаң сөгіс» тәртіптік жазалары қолданылса, 4-не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылды.
Ағымдағы жылы әдеп жөніндегі кеңесі мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының алдын алу мәселесіне басымдық беріп, бұл бағыттағы аудан әкімдерінің, мемлекеттік орган басшыларының есептері өткен жылмен салыстырғанда, 2 есеге артты. Дегенмен, мемлекеттік лауазым иелерінің әдеп нормаларын бұзу, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану фактілері әлі тыйылар емес.
Биыл әдеп жөніндегі кеңестің Шиелі және Арал аудандарында көшпелі отырыстары өткізілді. Өйткені аталған аудандарда сыбайлас жемқорлық көріністері жиі орын алған. Осылайша, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтар аудан активімен бірге талқыланып, нақты ұсыныстар қабылданды.
Мәселен, Арал ауданында орын алған қылмыстардың барлығы да мемлекеттік қызмет көрсету кезінде, яғни қызмет алушыға тікелей қағаз жүзінде қызмет көрсету барысында орын алғаны белгілі болды.
Осыған орай, аудан әкімдігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның отырысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесін арнайы қарап, электронды қызметтердің үлесін арттыру жөнінде ұсынымдар берілді.
– Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері кеңес жұмысын жандандыруға қандай үлес қосып келеді ?
– Мәселен, қаралған 43 мәселенің 14-і немесе 32 проценті кеңес мүшелерінің бастамасымен енгізілген. Бұған дейін кеңес отырыстарының күн тәртібінде негізінен департаменттің тексеруімен анықталған, сондай-ақ құқық қорғау, уәкілетті органдардан келіп түскен материалдар қаралатын. Биылдан бастап бұл түбегейлі өзгерді. Кеңес мүшелерімен әлеуметтік сауалнамалар, талдаулар жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта қалып жұмыс жасауы бойынша 22 факті, еңбек демалысына уақытылы шығармау 131 факті, іссапар шығындарының төленбеуі 14 факті, біліктілігін арттыру курстарына уақытылы жібермеуі бойынша 3 факті анықталды. Қорытындысы кеңес отырысында қаралып, тиісті ұсынымдар енгізілді. Нәтижесінде 170 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.
– Департаменттің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың, Әдеп кодексінің сақталуын бақылау. Осы бағытта қандай жұмыстар жасалуда?
– Департамент биыл 8 айда облыстағы мемлекеттік органдарда 38 тексеру, оның ішінде: ішінара, яғни жоспарлы 8 тексеру, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 30 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде 165 бұзушылық анықталып, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтауда тексеру қорытындысымен бұзушылықты жою туралы мемлекеттік органдарға 15 ұсыныс енгізілді.
Департамент берген ұсыныстар нәтижесінде шағымданған 9 азаматтың құқығы қалпына келтірілді және 15 мемлекеттік қызметшіге, оның 11-і мемлекеттік қызмет заңнамасын бұзғаны үшін (7 ескерту, 2 сөгіс, 2 қатаң сөгіс), 4 қызмет этикасын сақтамағаны үшін (1-ескерту, 1 сөгіс, 2 қатаң сөгіс) қолданылды. Сондай-ақ, облыс бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің 4 лауазымды тұлғасына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен яғни, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзғаны үшін он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды.
– Сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың тиімді жолы – бұл, әрине, алдын алу шараларын күшейту. Жалпы қоғамды осы бағытқа жұмылдыруда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл, әрине, маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта халықтың түрлі санаттағы топтарын тарта отырып «Парасыз болашаққа. Бірге!», «Адал ұрпақ», «Азаматтық бақылау», «Қоғамдық бақылау картасы», «10 қадам», «Саналы Ұрпақ» және өзге де жобалар мен еліміздің аймақтарында қоғамдық қабылдаулар іске асырылуда. «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы аясында әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан 170 өтініш келіп түсті. Өтініштер негізінен жол құрылысы мен әлеуметік объектілердің сапасы бойынша, медицина, тұрғын үй, жер, білім, әлеуметтік қолдау, коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және т.б. салаларды қамтиды. Келіп түскен өтініштер бағыттарына сәйкес өз шешімдерін тапты. Осы орайда, халықтың жемқорлыққа қарсы шараларға деген сенімін білу мақсатында халық көп шоғырланған жерлерде 84 әлеуметтік сұхбат жүргізіліп, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға деген сенімі артқанын көрсетіп отыр.
– Елбасы үнемі кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен қолайлы инвестициялық климат жасау туралы айтып келеді. Бүгінгі жақсарған инвестициялық климат пен кәсіпкерлердің еркіндігі экономикамыздың даму кепілі екені белгілі. Осы бағытта қандай жұмыстар бар?
– Агенттік қызметінің басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлер құқығын қорғау. Агенттік бастамасымен «Рrotecting business and investments» кәсіпкерлерді және инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты – еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвесторларды болуы мүмкін әкімшілік кедергілер мен тәуекелдерден қорғауды қамтамасыз ету. Бұл үшін инвесторларды сүйемелдеу жөнінде арнайы фронт офис ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Қазіргі уақытта 12 инвестициялық жоба сүйемелдеуге алынып отыр. Бұл үшін аталған инвесторлардың барлығымен жобаны сүйемелдеу туралы келісімдерге қол қойылды. Айтып өтетін болсақ, жыл басынан департаментпен 7 бизнес субъектісінің құқықтарын қорғау бойынша қажетті көмек көрсетілді. Фронт офиске «Орда Гласс» ЖШС мен «Хуавей Технолоджиз Казахстан» ЖШС-нан 2 ауызша өтініш, «Чайна Триумф Интернэшнал», «Жолаушы сервис А.Б.» және «Медикеа» ЖШС-нан барлығы 5 өтініш келіп түсті. Осы орайда «Орда Гласс» ЖШС-на тиісті түсіндірме берілсе, «Чайна Триумф Интернэшнал» ЖШС-на цемент зауыты құрылысына қажетті 5 шетелдік маманға уақытынан бұрын визалық құжаттар рәсімделді. Сонымен қатар, «Медикеа ИИС» ЖШС облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен протездік-ортопедиялық құралдармен жабдықтау туралы келісім-шарт талаптарында көрсетілмеген құжаттарды сұрап жатқандығы туралы шағымданды. Шағымды қарау нәтижесімен 118,0 млн теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарттың орындалуы қамтамасыз етіліп, «Медикеа ИИС» ЖШС-ның құқықтары қорғалды.
– Биылдан бастап агенттіктеріңіз, сосын жаңылыспасам, Маңғыстау облысы мен Астана қаласы әкімдіктері пилоттық негізде жоғары айлық алып жатыр. Осының ерекшеліктерін түсіндіріп берсеңіз...
– Биылғы мемлекеттік қызмет саласындағы реформаның бірі – мемлекеттік қызмет саласында факторлық-балдық шкаласын қолдану арқылы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу. Қазіргі күні жаңа жүйе агенттік және оның аумақтық департаменттері, Әділет министрлігі және Астана қаласы мен Маңғыстау облысы әкімдіктерінің әкімшілік мемлекеттік қызметшілеріне сынамалы тәртіпте енгізілді. Ол ай сайынғы жалақыны есептеуге және бонустық төлемдерге қатысты өзгерістерді қамтиды. Яғни, белгіленген бөлік бұл факторлы-балдық шкала негізіндегі қызметшінің кепілді еңбекақысы, ауыспалы бөлігі – бонустар.
Бұл тек лауазымның деңгейін және мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін ескеретін дәстүрлі жүйеден ерекшеленеді. Жаңа жалақының мөлшері нарықтағы ұқсас қызметтердің құнын ескере отырып анықталады. Жаңа жүйедегі сыйақы мәселесіне келетін болсақ, біріншіден, «сыйақы» мәні «бонус» мәніне өзгертілді. Екіншіден, олар жылдың соңында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс қорытындысына байланысты төленеді.
– Мемлекеттік қызметке кіру үшін бос лауазымдар туралы ақпаратты қайдан алуға болады?
– Агенттік Төрағасының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы №85 бұйрығымен мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын талаптар бекітілген. Агенттіктің ресми сайтына (www.kyzmet.gov.kz) бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурс жарияланады. Біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда кез келген азамат конкурсқа қатыса алады.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |