« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай елімізде жүйелі жұмыстар жүзеге асып жатыр. Бастауын есте жоқ ескі замандардан алатын құнды мұраларды еркін ел тұрғысынан тану, қолдағы бар құндылықтарды бағамдау барысындағы бастамалар жеміссіз де емес. Осы тұрғыда толымды еңбек етіп жүрген жастардың бірі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты, ақын Бекарыс Нұриман. Қауырт істен қолы қалт еткенде туған топырағына келген жас ғалыммен аз-кем тілдесудің де сәті түсті.
– Бекарыс, қазір қоғамда бір рухани серпіліс бар.
Оған негіз салған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында біраз шаруаның басы қайырылды. Бағдарлама аясында жоспарланған шаралардан бөлек күллі елдің ортақ қазынасына айналған мұраларға жаңаша көзқараспен қарау бағытындағы бастамалар да байқалады. Соның бірі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» трактатын жаңаша тануға талпыныс.
– Елбасының бұл мақаласы біздің еліміздің жаңа бір тарихи кезеңге аяқ басқанының айғағы. Өйткені, кез келген қоғамды жаңартатын құбылыс саяси һәм экономикалық реформалардан бұрын елдің рухани жаңғыруы, сананың өзгеруі болмақ. Сондықтан да бұл бастаманың мемлекет игілігіне айналуына әрбір отандасымыз өз үлесін қосуы керек. Отандық ғалымдар осы бағытта қал-қадерінше еңбек етіп келеді.
Жалпы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының бүгінгі күнге дейін сақталған үш нұсқасы бар.
Біріншісі, Вена нұсқасы. Он бесінші ғасырда Герат шаһарында көшірілген бұл қолжазба қазір Венаның корольдік кітапханасында тұр. Ал Каир нұсқасын 1896 жылы неміс ғалымы Б.Мориц тапқан. Үшінші нұсқа Өзбекстанда тұр. Ол 1913 жылы табылған және дастанның ең толық саналатын бұл нұсқасы бүгінде сол елдегі Ғылым академиясының қорында.
Дастанды қазақшаға 1986 жылы аударған белгілі ғалым Асқар Егеубаев оған «Құтты білік» деген атау берген. Осы тарапта біраз тер төккен тағы бір түркітанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлы оны «Құт әкелуші білім» деп атайды. Ал осы бағыттағы ізденісті өз елімізде бастап, Түркияда жалғастырғандағы көз жеткізгенім – дастанның атауы «Құтты билік» болуы керек. Өйткені, Қарахан мемлекеті тұсында 1069 жылы жазылып, Табғаш Бұғра ханға сыйға тартылған трактаттың өн бойында ел басқару заңдылықтары, билік мәдениеті, мемлекеттің қызмет талаптары туралы жазылады.
– Сонда құнды қазынаның атауы осы уақытқа дейін неге анықталмады? Бұл зерттеушілер тарапынан кеткен қателік пе?
– Бұл жерде мәселе зерттеушілерде емес, кеңестік идеологияда болып тұр деп ойлаймын. Мысалы, «Құтты білік» дастаны жөнінде тұңғыш рет баспасөз бетінде хабар беріп, оның нұсқасының бір бөлігін 1825 жылы «Азия» журналында бастырып шығарған ғалым, француз Жауберт Амадей болатын. Ол трактатқа «билік туралы ғылым» деп нақты анықтама берген. Осы бағытта зерттеу жасаған В.Радлов, А.Кононов, А.Валитова, С.Малов секілді ғалымдар кітап атауын «білім» және «билікпен» байланыстырып, 2-3 нұсқадан ұсынды. Оның бәрінде трактатты билікке, мемлекетті басқару саясатына қатысты деген ой бар. Осындай нұсқалар айтыла тұра ғалымдар шешуші кезеңде «Благодатное знание» деген тұжырымға ат байлайды. Бұл жерде «билік» деген сөзден барынша қашқан Кеңес үкіметі саясатының салқыны сезіліп тұр. Оның үстіне еуропацентристік көзқарастағы ғалымдардың қолайына өздері бұратана, қараңғы, көшпенді санайтын халықтың он ғасыр бұрын билік мәдениеті туралы трактат жазып, оны жүзеге асырғаны аса жаға қоймаса керек. Осыдан келіп, кітаптың мазмұны бұрмаланып, оны білім туралы философиялық еңбек деп санайтындар қатары арта түскен. Бүгінде ол тұжырымның қате екені анықталды деуге болады. Орыс ғалымдарының өзі де мойындаған. Мысалы, американдық ғалым Роберт Данкоф дастан жайлы «қасиетті патшалықтың даналығы» деген байлам жасаған. Түркиялық ғалымдардың басым көпшілігі билік туралы кітап екенін дәлелдеуде.
Тақырыпты тереңірек зерттеу үшін «Құтты білікті» түпнұсқадан оқып, бес тілдегі аудармаларымен салыстыра жұмыс жасадық. Сонда байқағаным, бізде еңбекті толық оқығандар санаулы ғана екен. Көпшілігі басы мен аяғын шолып өтіп, бұрынғы байламды бекіте бергенге ұқсайды. Әсіресе, осы «білім жайлы» деген тұжырымға таскенеше жабысып жүрген қазақ пен қырғыз. Өзге тілдегі ойларда дастанның мемлекеттік билік саясаты жайлы еңбек екені там-тұмдап болса да айтылады.
– Қазір өзің жасап отырған тұжырым жайлы ғылыми орта не айтады?
– Жалпы әлем әдебиетінде мемлекеттік билік жанры деген бар. Ол араб, парсы әлемі мен Түркияда «Саясатнама» жанры деп аталады. Көне гректерде ерте заманнан кездеседі. Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілі, итальяндық Макиавеллидің «Мемлекеттік басқару туралы екі трактаты» да осы қатарда тұр. Бізде де оның ізі бар. Мысалы, осы «Құтты билік», ежелгі ұзандар дәстүрі, оның заңды жалғасы саналатын жыраулар әдебиеті осы жанр белгісі. Қас қылғанда, орыс әдебиетінде мұндай жанр атымен жоқ болып шықты. Содан келді де белден басып отырып, біздегі билік туралы жанрды танымымыздан сызды да тастады. Енді ол олқылықты түзейтін кез жетті. Жалпы бұл жанр өткеніңді танытып, бай тарихыңды білдіреді. Сондықтан да мен бізде де мемлекеттік билік жанры болу керек деген ұсыныс айтып отырмын. Бір қуанарлығы, ол ұсынысқа келісіп отырғандар қатары көп.
– Келіспейтіндер де бар шығар?
– Әрине, бұрынғы ұстанымды малданып жүргендер де бар. Жалпы, ақиқат таластан тумай ма?! Өз бетімше төте және ескіше жазуды үйреніп, Қарахандар дәуірі жазба мұраларының 3 жыл түпнұсқасымен жұмыс істедім ғой. Сонда көзім жеткені – кеңестік перде әлі де көп нәрсені көлегейлеп тұр екен. Мысалы, дастанда «данышпандар осыны жазып кетпегенде, мен осынша білімді қайдан білер едім...» деген мазмұн беретін жолдар бар. Енді қараңыз, ХІ ғасыр бұрын жазылған жыр түп-негізін өзіне дейінгі мыңжылдықтардан алып отыр. Бұл «Қазақта, жалпы түркітілдес елдерде мәдениет болмаған, олардың көзін ашқан еуропалықтар» деген түсінікті теріске шығарып тұрған жоқ па?!
– Бұл бір жағынан «Дастан идеясының өзі утопияға жақын екен...» дегендерге берілген жауап сияқты...
– Жөн айтасыз. Мысалы, дастандағы Еліг (қазіргіше айтқанда, Елбасы, Президент), Ұлық Хажып (Бас уәзір, Премьер-министр), уәзірлер (министрлер), беклер (облыс, қала, аудан әкімдері), сүбашы (Әскербасы), капык башлар ер (сарай әмірі, Президент Әкімшілігінің жетекшісі), иалвачлар немесе елшілер (Сыртқы істер министрлігі, елшілер), бітікші, ылымға (хатшы, жылнамашы, Кеңсе қызметкерлері), ағыжы (қазынашы, қаржы және экономика министрі) деген қызметтер Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат-ат түрік» атты еңбегінде және басқа да деректерде қайталанады. Егер «Құтты билік» идеясы утопия болса, ол кейінгі еңбектерде кездеспес еді ғой.
Мынадай да қызық бар, «Құтты билікте» иүгіріш атты қызмет түрі кездеседі және бұл дәрежені иеленген жанның әрдайым қағанның қасында жүретінін, одан бір дәреже төмен екені айтылады. Қашқаридің «Диуани лұғат-ат түрік» еңбегінде бұған «қарапайым халық арасынан шығып, қағанның бас уәзірі дәрежесіне көтерілген кісіге берілетін лауазым» деп анықтама беріледі. Яғни, ханның бүкіл шаруасын тындырып жүретін адам. Оған жібектен отау тиесілі болған, ең бастысы – бұл лауазым сырттан келген тайпаларға бұйырмаған, оған тек түркілер тағайындалып отырған. Осыдан келіп «Түркімен төрін бермес» деген мәтелдің мән-мағынасы айқындала түседі. Біз қазір бұл сөзді түркімен жұртына қарата айтып жүрміз ғой, негізі оның шығуына ықпал еткен ежелгі бабаларымыз. Көне түріктерде төр – биліктің символы саналған. Біздің жасы үлкен, қадірлі, беделді кісілерге төр ұсынатынымыз содан қалған дәстүр. Қазақ хандарының түгелге дерлігі шыққан төрелер атауы да осыдан туындап отыр. Бұл сөз түркі жұрты ешкімге бұйдасын ұстатпағанын, тізгінін бермеген, керісінше, жарты әлемге сөзін өткізген билеуші жұрт болғанын дәлелдейді.
Көне түркіден қалған мұраларда «жол» сөзіне «заң» деген анықтама береді. Осыдан кейін ұлы далада әділеттіліктің негізін қалаған, хандық дәуірдегі әдет пен ғұрып жиынтығы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» қайдан шыққанын бағамдай беріңіз.
– Жаңа «Ақиқат таластан туады» дедік қой. Көне мұраларды өзің секілді бойлай зерттеп, батыл байлам жасай алатын жастар көп пе?
– Біле білсек, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бізге жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Баяғыда мұраларымыз Мәскеу сызып берген жолмен зерттеліп, солардың ыңғайына сай тұжырым жасалды. Өйткені, оларға қоластындағы халықтың тарихын тануы, бай мәдениетін білуі керек болған жоқ. Рухы күшейген халықтың ешқандай бұғауға көнбейтінін жақсы түсінді. Сондықтан да, елге ештеңе ойлатпауға тырысып бақты. Жалпы, ой жұмысына жегілген, ойлана білген, өз бетінше байлам жасаған адам қай қоғам үшін де қауіпті ғой. Осыдан келіп, Кеңес билігі қарапайым адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі жолын бір сызбаға салып қойды. Ең жаманы, біз әлі күнге дейін осыны аңсаймыз. Мен кейде «Үкімет қайда қарап отыр, маған билік мынаны неге жасап бермейді?» дейтіндерге таңғаламын. Қолың бос, басың орныңда, миың толық. Ендеше, өз міндетіңді өзгеге артқанша, өзің неге жасамайсың?
Ғылымда да баяғы бірізділіктен арылатын кез жетті. Оны жасай алатын жастар қай салада да өсіп, жетілді. Тек соларға сәл қолдау ғана қажет. Сол жастар қазіргі қоғамның көзін ашады. Сөз реті келгенде айта кетейін, мен, мысалы, Тұран жері, Тұран ойпаты деген анықтамамен мүлдем келіспеймін. Өйткені, бұл ирандықтар ойлап тапқан атау. Парсының көне жазбаларында Иран жүйелі деген мағына береді де, Тұран керісінше жүйесіз, мемлекеттік құрылымы жоқ ел дегенге саяды.
Жаңа көне жазбалармен 3 жылға таяу жұмыс істедім дедім ғой. Сонда байқағаным – бұл мұраларда бізге баяғы көне түркі мәдениеті деп оқытып келгендердің ізін де таппайсыз. Есесіне, осы уақытқа дейін белгісіз болып келген талай дерекке қанығасыз. Мысалы, «Құтты билікте» «Ұлға да, қызға да қатар білім бер» деген жолдар бар. Енді айтыңызшы, кімнің атасы сонау ХІ ғасырда білімді ойлап, онымен ұл мен қыздың қатар қамтылуын қадағалапты?
Қарахандар дәуірі тұсында жазылған бір көне еңбекте «үтік» дегенді көзім шалды. Оған «киімнің қыртысын жазуға арналған құрал» деген анықтама берілген. Қызығушылығым оянып кетіп, жалма-жан интернетті қарадым, онда «Үтік XVII ғасырларда Еуропада пайда болған» дегенді таптым. Сонда біздің бабаларымыз еуропалықтардан 5 ғасыр бұрын киімді үтіктеп кию мәдениетін игергені ғой...
Бұл жағынан Түркия біразымыздан озып тұр. Сол елден кезіндегі Алтын Орда хандарының Мәскеу князьдарына, еуропа билеушілеріне жазған хаттары, жарлықтары және бұйрықтары басылған кітап алып келдім. Әрине, өздерінің ата-бабасының түркінің боданы болғанын білсе де, білгісі келмейтін еуропа және орыс тарихшылары мұны кезінде әдейі елеусіз қалдырды. Біздің рухымызды ояту үшін осындай кітаптарды мектептен бастап оқыту керек. Жалпы, ұлттық мұраларымызға еркін қазақтың көзімен қарасақ, әлі талай мәліметке, танымымызды кеңейтетін тың деректерге қаныға түсеміз. Және бұған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бастамасы үлкен мүмкіндік жасап отыр.
– Әңгімеңе рахмет! Ғылым жолындағы бастамаларыңа табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |