«АСТАНАДАН АҚ ТІЛЕК АЛЫП КЕЛДІК»

 Елорданың 20 жылдық мерейтойы еліміздің облыс орталықтары мен қалаларында «Астана күндері» атты мерекемен жалғасын табуда. Қыркүйектің 6-сы күні басталған Қызылорда облысындағы Астана күндерінің мәдени бағдарламасы өте ауқымды. Үш күнге жоспарланған шаралардың бірталай бөлігін сырбойылықтар тамашалап үлгерді. Біз Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинамен сұхбаттасып, Астана күндерінің барысы туралы сауалдар қойған едік.

– Біздің қаламызда өтіп жатқан Астана күндері мәдени өміріміздегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Әрине, көрермен елордалық өнерпаздардан жаңашылдық, жоғары деңгейдегі өнер туындыларын күтеді. Мереке аясындағы алғашқы шара – қуыршақ театрының қойылымы туралы жақсы пікірлер естідік...

– 6 қыркүйек күні елордалық Қуыршақ театрының труппасы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің сахнасында өзінің үздік қойылымдарының бірі  – «Мәңгілік бала бейне» спектаклін көрсетті. Жазушы-драматург Роза Мұқанованың осы аттас шығарманың желісі бойынша қойылған қойылымдар еліміздің көптеген театрларында сахналанған болатын. Бұл жолы бас кейіпкер – Ләйлә қуыршақ түрінде алғаш рет ұсынылды. Семей полигонындағы жарылыс зардабынан түр-келбеті мен ақыл-ойы өспей қалған Ләйләнің тағдырына көрермен бейжай қарамағанын байқадық.

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында 14 өңірді аралап шыққан «Ақ тілекпен Астана!» көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияға С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Күлбатыров, С.Аллабергенов, Н.Каржасов және т.б. сынды танымал 50 отандық суретшінің 100 үздік туындысы қойылған. Көрмеге келушілер Жанна Спунердің жеке коллекциясындағы еңбектерді, сонымен қатар, астаналық шеберлердің картиналары мен мүсіндерін тамашалады. Отандық қылқалам шебер­лерінің өнеріне, шығармашылық әлеует­теріне өз бағасын берді. Коллекцияны Тәуелсіздік сарайы ұсынып отыр.

– Қызылордалық көрермен аста­налықтардың ән-жыр шашуын – гала­концертті күтуде. Концертте қандай өнерпаздар, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді?

– Кеш бағдарламасында эстрадалық би, «Шалқыма» халық биі ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, классикалық, эстрадалық және халық вокалы солистерінің өнеріне орын берілген. Отандық эстрада жұлдыздары – Индира Расылхан, Айгүл Иманбаева, Дос, Алмас Кішкенбаев ән шырқайды.

– Гала-концертте өнер көрсететін «Қорқыт» дәстүрлі музыкалық тобы мен «Шалқыма» халық биі ансамблі туралы айтып берсеңіз...

– «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы анық­тауышы айтып тұрғандай, дәстүрлі музыканы дәріптеумен айналысады. Ұжым құрамында ұлт аспаптарының барлығы да бар. Қобыз, қылқобыз, домбыра, сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, сыбызғы сияқты аспаптарда ойнайтын талантты музыканттар жиналған. Бұл ұжым мүшелерінің әрқайсысы бірнеше аспапты меңгерген. Сондықтан 12 адамдық құраммен кез келген бағдарламаны орындайды. Музыканттардың көбісі көмеймен ән айту техникасын жақсы меңгерген. Ұжым репертуарында оның көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбектің авторлық өңдеуінен өткен күй, жыр-термелер бар.

Ал, «Шалқыма» би ансамбліне келсек, ол 2007 жылы құрылған. Өнер ұжымын Мәдениет қайраткері Әбдірасул Есекеев басқарады. Ансамбль қазақ биін насихаттаумен және оны  көркемдік түсіндірумен айналысады. Ұлттық билерді орындаумен қатар, көрермендерді қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстырады.  Оған қоса, әлем халықтарының билерін, күрделі хореографиялық тапсырмаларды шебер орындайды.  Ансамбль мүшелерінің шеберлігі айтулы байқаулар мен фестивальдарда өз бағасын алып жүр.

– Өнер ұжымдарының өсуі, шыңдалуы үшін гастрольдік сапарлардың маңызы зор. Бұл ретте астаналық шығармашалық топтардың қандай табыстары бар?

–  Жоғарыда айтқан «Қорқыт» тобы Ресей мен Қытайда ұлттық мәдени мұраларды насихаттайтын шараларға қатысып қайтты. Ал «Шалқыма» Ресей, Ауғанстан, Корея, Германия, Түркия, Швейцария, БАӘ елдерінде көрермен қошеметіне бөленген.

– Екі күндегі іс-шаралар барысынан байқаған боларсыздар, Сыр өңірінде өнерді, мәдениетті бағалай алатын, қадірін білетін халық  тұрады. Көрмеге, театрға келушілердің бағасы қандай?

– Барлық мәдени шараларымызды жұртшылық өте жылы қабылдады. Алғыстарын айтып, жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Бұл, әрине, өнер адамдарына қанат бітереді, шабытын шалқытады.

– Рахмет.

 Сұхбатты жүргізген

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 08 қыркүйек 2018 г. 1 212 0