« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қарт Қаратаудың аяқталар тұсы мен Сыр өзенінің өзегін еркін жайлаған Шиелі ауданы – тарихы бай, елі еңбеккеш, дамуға дәйекті түрде жол салған берекелі өлке. Қай салада болса да елеулі жетістіктерге жетіп келетін ауданның құрылғанына биыл – 90 жыл. Осы орайда аудан әкімі Әшім Оразбекұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекетімізді қарышты даму мен өсіп-өркендеу жолына бастайды. Елбасы халыққа Жолдауында «Әрбір өңірдің көркеюі мен өркендеуі жалпы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік әлеуетінің артуына үлес қосады» деп атап өтті. Әшім Оразбекұлы, осы тұрғыда қандай ой бөлісер едіңіз?
– Әлбетте, еліміз Елбасының ұзақ мерзімге арналған бағдарламалары негізінде тұрақты даму үстінде. Өйткені, Президентіміз саяси мәні зор бағыт бере отырып: «Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол тәуелсіз – Қазақстан!» деп атап көрсетті. Демек, еліміздегі әрбір қоғам мүшесі өзінің бар қабілетіне сай елдің дамуына атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Көп жұмылса, бітпейтін шаруа, алынбас қамал болмайды. Сондықтан, «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінің ең шұрайлы, ең көрікті аймағына қоныс тепкен Шиелі ауданы әрдайым тұрақтылық пен ынтымақтың жоғары үлгісін көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың мерзімінде жоғары дәрежеде орындалуына өзіндік үлесін қосып келеді. Ел игілігі үшін жасалып келе жатқан жұмыстардың барлығы адамның кемел келешегі үшін атқарылуда. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың жайлы өмірі мен ауызбірлігін алғашқы кезекке шығара отырып, болашақтың іргесі берік қалануына еңбек етудеміз. «Мәңгілік Ел» ол қуатты экономиканы дамытудың, білім, мәдениетіміздің өркендеуі мен адамдардың денсаулығын жақсартудың рухани жаңғырудың негізінде жүзеге асады деп ойлаймын.
«Мәңгілік Ел» идеясы әрдайым алдағы бағыт ұстар бағдаршамдай жарқырап тұруы тиіс. Біз осы орайда бір ғана мысал, аудан орталығындағы басты көшелерге тұрғындар рухын көтеретін ұлағатты атауларды қоюды ұйғарып, жүзеге асыра бастадық. Мәселен, «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала елі», «Тәуелсіздік» деген атаулар әр адамның жүрегінде отаншылдық сезімін нығайтып, елі үшін өршіл талаптарға шақырады деген ойдамын. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын таба беретін болады.
– Кезінде 41 Еңбек Ері шыққан, шежірелі Шиелі атанған атақты ауданның құрылғанына биыл 90 жыл толады екен. Аудан жұртшылығы өздерінің төл мерекесін жоғары дәрежеде атап өтуі үлкен мәнге ие. Шиелі, ең әуелі, аграрлы саласы қалыптасқан және өнеркәсібі өркендеген аудандардың алдыңғы қатарында. Жаз бітіп, күз келе жатыр. Диқанның дала еңбегіне тоқталсаңыз.
– Ауыл шаруашылығы – ауылдың асыраушысы. Халқымыздың басым бөлігі ауылдарда, алыс елді мекендерде тұрады. Сондықтан да, аталған салаға айрықша мән береміз. Президент тапсырмасымен аграрлы салаға Үкіметтің орасан зор көмектері көрсетіліп келеді. 2010 жылы көрші облыста Көксарай су қоймасы салынды. Оған іле - шала Сырдария өзенінің деңгейі төмен түскен жылдары су тапшылығына ұшырайтын Жаңақорған және Шиелі аудандарында аяқ су тапшылығын болдырмау мақсатында облыс басшысының ұсынысымен үрлемелі су тоспасын салу қолға алынды. Нақтылай түссек, 2015 жылы Шиелі ауданында Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылған жобаның бірі – үрмелі су тоспасының құрылысы еді. Аса маңызды құрылыс ауданның бас сағасы тұсынан «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының күшімен 2015 жылдың ерте көктемінен бастап жедел жүргізілді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың салалық министрліктермен іскерлік байланыстарды нығайтуы нәтижесінде үрлемелі су тоспасын қысқа мерзімде аяқтап, пайдалануға берілді. Бұл игілік аудан тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайта түсті. Диқан қауымының үміті ақталып, дария суы таяздана бастайтын шіліңгір шілдеде ерте көктемде орналастырылған дақылдарымыз өсу дәуірлері сатыларынан өз дәрежесінде өтті деп айта аламыз. Айта кетейін, 103 шақырымдық «Телікөл» су жүйесі және басқа да егістіктің күретамыры секілді каналдар облыстық су шаруашылығы басқармасы арқылы тазартылып, жағдайды орнықты етті. Бұл ертеңгі мол өнім негізі болмақ. Шиелі ауданының егіншілері биыл 29 062 гектарға егін ексе, оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 12 500 гектарды құрайды. Күздік бидай 1 мың гектарға таяу болса, жаздық бидайдың да көлемін молайттық. Сондай-ақ, дәндік жүгері – 250, тары – 65, мақсары 1014 гектарға егілді. Ескі жоңышқа 6588 гектар болса, оған қосымша жаңа жоңышқа 3035 гектарға жеткізілді. Өйткені, жер құнарын арттырып, азот түзетін бұл дақыл ауыспалы егіс тәсілін дұрыс қолдануға қажет. Төрт түлік малды семіртуге тиімді деп жемдік асқабақты да ектік. Жұртшылыққа белгілі Шиелінің қауын-қарбызы, картобы мен көкөнісі үлкен сұранысқа ие. Мұны да ескердік. Сондықтан картоп – 1050, көкөніс – 1285, бақша 1993 гектарға егілді. Оның өнімдерін еліміздің барлық аймағы тұтынуда. Сонымен қатар, 2017-2018 жылдары аудан бойынша 43 гектар жерге алма көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады.
– Мына мәселені де білгіміз келеді. Елбасы Жолдауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөнінде биік мақсат қойып отыр. Бұл орайда нендей жоспарларыңыз бар?
– Қазақта «арық айтып, семіз шық» деген мақал бар. Іргелі жоспарларымыз бар екені ақиқат. Бастысы, Мемлекет басшысы тапсырғандай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамти отырып, олардың нәпақасын адал жолмен ажыратуына жол ашу. Сондай-ақ, өндірілген өнімдерді өңдеу бағытында жұмыс ұйымдастыру мәселелері ойымызда тұр.
«Сыр агро и К» ЖШС-ның жобалық құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 1200 бастық тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды. Кешен құрылысын жүзеге асыру үшін 20 гектар жер телімі сауда-саттық арқылы табысталды. Сүт өндіру бағытында жаңаша жұмыс жүргізе бастаған «Асылхан» шаруа қожалығының жоспарлары ауқымдылығымен ерекшеленеді. Онда жобалық құны 250 млн теңгені құрайтын, тәулігіне 1 тонна сүт өңдеу цехы іске қосылды.
Соңғы жылдары ашылған «Аруана» шұбат цехы жылдан жылға өз өнімдерінің сұранысқа ие түрлерін көбейтуде. Биыл тағы да жаңадан түйе сүтінен балмұздақ шығаруды қолға алды.
Мұның бәрі жеке кәсіпкерлердің іскерлік қабілетінің арқасында болып жатқан жағдайлар. Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» қағидасына сәйкес, аудан бойынша биылғы жылы мемлекет тарапынан элита, 1-ші репродукциялы тұқымдар мен алма көшеттеріне 60 млн 337 мың теңге субсидия төленді.
Айналымнан шығып қалған егістікті қалпына келтіру бойынша «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы Жалғыз ағаш учаскесі 1800, «Агро Байдалы» ЖШС 1700 және Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты «Сыр Игілігі» ЖШС 200 гектар жайылымдық жерден егістік алқабына ауыстырылып, айналымға қосылды.
Орта және шағын кәсіпкерлікті өрістету барысында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен диқандарымыз бар күш-жігерімен еңбек етуде. Әзіргі жобамызша, алдын ала белес биігінен іркілмей өтеміз деген сеніміміз мол.
– Халқымыздың атакәсібі – мал шаруашылығында үлкен шаруалар атқарылып жатыр екен. Осыған кеңірек тоқталсаңыз...
– Мал шаруашылығы – біздің қос қанатымыздың бірі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау барысы жұртшылықты қанағаттандырады. Көзін тауып еңбек еткенге, мұның пайдасы зор болып тұр. Ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың Агрокартасының 2018-2022 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілді. Ауданда 201 майда қожалық пен 311 дара кәсіпкердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, оның ішінде 2018 жылы 6 кооператив құрылған.
Жылыжайлар салу, балық шаруашылығын дамыту бағытында да жоғарғы міндеттер тұр. Аудан бойынша 2018 жылдың 1 шілдесіне барлық төрт түлік мал саны тиісті кезеңмен салыстырғанда өсім бар.
2018 жылдың 6 айында тірілей салмақта 2349 тонна ет, 8657,7 тонна сүт, 1574,5 мың дана жұмыртқа өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда ет 103,4, сүт 104,9 процентке жетсе, жұмыртқа өндірісі 2,9 есеге артқан.
Тағы бір қанағат тұтар жағдайымыз, асылтұқымды ірі қара 602 басқа, асылтұқымды қой 8272 басқа, жылқы 144 басқа, түйе 380 басқа жетті. Бүгінде 5 шаруа қожалығында мал бордақылау алаңдары іске қосылған. 16 қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істейді. Жыл басынан бері 2593 бас аналық сиыр қолдан ұрықтандырылды.
Биылғы жылы Төңкеріс ауылдық округіне қарасты «Жылқайдаров» шаруа қожалығы 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды көздеп отыр. Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Жерұйық» шаруа қожалығы 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлауда.
– Егіннің ебін, түлектің тегін танитын еңбекші қауымның бұл, шын мәнінде, жарқын жетістігі екен. Ал облыс әкімінің бастамасымен жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылының үш жылға ұзаруы бүкіл республикамызға үлгі болды. Жалпы, кәсіпкерлік саласында ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?
– 2018 жылдың 1 шілдесіне ауданда 4714 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,3 процентке артқан. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3643-ке жетті. Бұл салада 7686 адам жұмыспен қамтылған.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда 2 жоба жүзеге асырылуда. Біріншісі – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығару зауыты. Халықаралық ірі жобаның құрылысы өз мерзімінде аяқталып, желтоқсан айында пайдалануға беріледі.
Екіншісі – «Фирма Балауса» ЖШС-ның Балауса Сауысқандық кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл соңына дейін 2,5 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланған.
Аммоний метованадатын өндіру былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 3 есеге артты. «Жаппай кәсіпкерлікті қолдауға» орай аудан көлемінде 2018 жылға арналған Жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Картаға кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы», «Байқоңыр» ӘКК ҰК АҚ негізінде қолдау көрсету шаралары секілді барлық мемлекеттік бағдарламалар енгізілді. Әзірленген картаға сәйкес, кент және ауылдық округтерден барлығы 730 кәсіпкерлік субъектісін ашу жоспарланса, мемлекеттік кірістер басқармасына қаңтар-маусым айларында 514 кәсіпкер тіркеліп, жоспар 70,4 процентке орындалды. Кәсіпкерлердің тіркелімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,6 процентке артты.
Ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 350 жоба нақтыланып, 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында, жалпы құны 740 млн 500 мың теңгені құрайтын 92 жоба несие қаражатын алды. Жуық арада жобалық құны 485 млн теңгені құрайтын 71 жоба қаржыландырылатын болады. Сонымен қатар, 307 азамат несие алу үшін құжаттарын қаржы институттарына ұсынуда.
Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан ауыл шаруашылығын дамыту үшін аудан бойынша 34 жобаға 108 млн 500 мың теңге несие қаражаты берілді. Қазіргі таңда жалпы құны 470 млн теңге болатын 122 жоба аталған қаржы институтына ұсынылып, ауданға бөлінген қаржыға сәйкес 96 млн теңгенің 23 жобасының нақты несиелендіру бағытында құжаттары қабылданды.
Өңірлік инвестиция орталығы арқылы ауданнан жалпы құны 548 млн теңгені құрайтын 82 жоба бақылау кеңесіне ұсынылып, 58 жоба 195 млн 500 мың теңгеге қолдау тапты. Бүгінде бұл жобалар бойынша жалпы құны 157 млн теңге болатын 40 жоба толық қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы құны 364 млн теңге болатын 14 жоба қаржыландырылды, қосымша жобалық құны 336 млн теңгені құрайтын 17 жобаның құжаттары несиелендіру үшін қаралуда.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде проценттік мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша Шиелі ауданында жалпы құны 111 млн теңгені құрайтын 4 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды.
Қазіргі талап өте жоғары. Өйткені, уақыт өткен сайын замана көшіне ілесу қажеттігі мойнымызда тұр. Сондықтан сан салалы шаруалардың арасынан мына мәселеге назар аударғанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. 2018 жылдың 1 жартыжылдығында негізгі қорға барлығы 12,3 млрд теңге инвестициялық қаржы салынды, 5,6 млрд теңге шетел инвестициясы тартылды. Сонымен қатар, құрылыс саласы ұмыт қалмауы тиіс. Аудан бойынша 2018 жылдың 6 айында құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 1547 млн.теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіп отыр.
Осы кезеңге 27080 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,6% орындалды.
Атқарушы орындардың халықпен тығыз байланыста болып, жұмыс жүргізуі өз нәтижесін берері анық. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өнер, мәдениет, спорт салаларында көптеген жетістіктеріміз бар. Бұл көрсеткіш жалғасын таба түседі.
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жөнінде қосарыңыз қандай?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясындағы «Туған жерге тағзым» кіші бағдарламасына сәйкес жыл басында форум өткізілген болатын. Осыған сәйкес, туған жердің өркендеуіне бей-жай қарамайтын азаматтар көптеген ұсыныстарын білдіруде.
Бұл бағытта 2018 жылдың қаңтарынан бастап «Шиелі-Думан» ЖШС-на қарасты «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» жұмысын бастады.
Бүгінде Жуантөбе, Ақмая ауылдық округтерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілсе, Керделі, Төңкеріс, Жөлек, Бестам ауылдық округтерінде дене шынықтыру-сауықтыру ғимараттарының құрылыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жұртшылықтың пайдалануына беріледі деп отырмыз.
Осыған дейін, ауданымызда Қызылқайың, 2 ферма елді мекендерінде 2 медициналық пункт пайдалануға берілсе, қазірде Жөлек, Жуантөбе, Керделі ауылдық округтерінен «Дәрігерлік амбулатория» ғимараттары, Қоғалы ауылдық округінде «Фельдшерлік акушерлік пункт» ғимараты салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Гигант ауылдық округінен салынып жатқан жабық бассейн құрылысы жақында аяқталады.
Аудан бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында барлығы 11 нысан салынуда.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, замана әкелген жаңалықтың бірі – цифрландыру технологиясы. Осы бағытта ауданда нендей жаңалықтар бар?
– Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көзделген жаңа тапсырмаларды орындау мақсатында цифрлық технологияларды қолданатын бірнеше жоба жүзеге асырылуда.
Уран шикізатын өндіруші кәсіпорындарда цифрландыру жүйелері енгізілуде. Атап айтқанда, №6 кен басқармасы технологиялық процестерді (геотехнологиялық полигондарда диспетчерлік және автоматтық жүйелер) қамтитын «Ақылды кеніш» бағдарламасы жүзеге асуда, «Семізбай-U» ЖШС-да цифрлық өлшегіш құрал-жабдықтар пайдалануда. Сондай-ақ электронды құжат айналымы, Биометриялық терминалдар, КАП Сафети мобильдік қондырғысы, Пневматикалық электронды клапондар жүзеге асуда.
«Ақмая» шаруа қожалығы егіс алқаптарын цифрландыру жобасына облыстық бюджеттен 22,2 млн теңге бөлініп жұмыстар жүргізілсе, бұл тәжірибе ауқымын кеңейту жоспарымызда бар.
«Ақылды қала» жобасы аясында ауданда «Көшені ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу жобалануда. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары 100,1%-ке жетіп, 29633 гектар жердің электронды сызбасы қалыптастырылды. Мемлекеттік қолдау ретінде субсидиялау жұмыстары электронды түрде тапсырылуда.
Білім мекемелерін цифрландыру мақсатында үстіміздегі жылы барлығы 220754,8 мың теңге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарының жұмысын автоматтандыру мақсатында электронды база орнатуға 12500,0 мың теңге қаралып, жаңа оқу жылынан бастап іске қосу жұмыстары атқарылып жатыр.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан:
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |