МӘМС: Жаңа жүйенің тиімділігі неде?

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 80-ші қадамында айтылғандай, еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі негізінде іске асырылуда. 

«Міндетті әлеуметтік меди­ци­­налық  сақтандыру жүйесі» ту­ра­лы заң 2015 жылдың 16 қара­ша­сында қабылданды. Осы Заң аясында «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» КЕАҚ (әрі қарай Қор) құрылды. 2017 жылдың маусым айында аталған қордың филиалдары еліміздің әрбір облыстарында ресми түрде ашылды.  Шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер жә­не азаматтық құқықтық шарт арқылы жұмыс атқаратындардан ауда­рымдар мен жарналар тұрақ­ты аударылып келеді. Осы орайда жүйеге енгізілген өзгерістер мен бүгінгі жұмыс барысы туралы «Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қоры» КЕАҚ облыс  бойынша филиа­лының директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбаттасқан едік.

– Бақыт Торғайбайұлы, өт­­­кен жылдың шілде айынан бас­­­­­­­тап жұмыс берушілер мен кәсіп­­­­керлер және азаматтық құ­қықтық шарт арқылы жұмыс жасау­шылар тұрақты түрде жар­на төлеуге кірісті. Бірқатар өзгерістер енгізілгенінен хабар­­­дар­мыз. Нақ­ты қандай өзгеріс­тер орын алуда? 

– «МӘМС» заңына сәйкес әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдар 5 түрлі форматпен жүргізіледі. Олар: әлеуметтік қорғал­маған азаматтарға мемлекеттің жарнасы; жұмыс берушінің әрбір жұмысшыға аударатын аударымдары; жұмыскерлер жарналары; жеке кәсіпкерлер жарналары (2 ЕТЖКдан) және Белсенді емес тұрғындар  (1 ЕТЖКдан).

2017 жылдың шілде мен жел­тоқсан айларында жұмыс берушілер жұмыскерлеріне ай­лық табысының 1% көлемінде өз пайдасынан төледі, ал жеке кә­сіпкерлер сол жылғы ең тө­мен­гі айлық жалақының 2 есе­леген мөлшерінің 5%-і көле­мінде және азаматтық құ­қықтық келісім-шарт негізінде жұмыс атқаратындарға айлық табы­сының 5%-і көлемінде жарна мен аударымдар аударып отырды. Әлеуметтік қорғалмаған аза­маттарға мемлекет жарнаны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен екі жылды қоса алғандағы орта айлық жала­қы­ның 4% көлемінде 14 санат бойын­ша ай сайын аударып отырады. Аударылған аударымдар мен жарналар Ұлттық банкте сақ­талады және Қордың ресми сайтында ашық көрсетілім табады.

МӘМС жүйесінің заңына то­лықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне себепкер болған елі­міздегі әлеуметтік мәрте­бесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелерде өзектендірілмеген белсенді емес халықтардың санағына байланысты болып келді. Соған сәйкес тек МӘМС жүйе­сіндегі көрсетілетін меди­циналық қызметтердің енгізілуі екі жылға кейінге шегерілді, яғни 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады және аударымдар мен жарналарды төлеу тәртібі мен мөлшерлерінде де өзгерістер болды. Атап айтқанда, 2018-2020 жылдарға белгіленген МӘМС жарналары мен аударымдарының мөлшері жұмыс берушілер (оның ішінде ЖК мен ШҚ иелері өз жұмыскерлері үшін жұмыс беруші ретінде) 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап – 2%, жеке тұлғалар 2018-2019 жылдар төлемейді де, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖК (өзі үшін) екі еселенген ең төменгі жалақыдан – 5%, АҚК негізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылы айлық табысынан – 1%, 2021 жылдан бастап – 2%, өзге санаттар ең төменгі жалақыдан – 5%. Мемлекет  2020 жылы жеңілдігі бар санаттар үшін мемлекеттік статистика органы тарапынан өткен 2 жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4% көлемінде жарна аударады («МӘМС» заңының 26-бабы 2;3 тармақтары бойынша), жұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлердің табысынан алынатын жарнаны ұстап қорға аударып отырады (2020ж – 1%, 2021ж – 2%).

Айта кету керек, қазіргі кезде арнайы Денсаулық сақтау заңына және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңдарына өзгерістер мен толықтырулар жасау жағдайлары қаралуда. Сол себептен МӘМС жүйесінің толық жұмыс жасауына кедергі келтірген белсенді емес тұрғындар жыл соңына дейін нақтыланса, онда жүйе 2019 жылдың 1 қаңтарынан енгізіліп кетуі мүмкін. Осы уақытта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті және Медициналық сақтандырудың медициналық пакеттерін нақты бекіту жұмыстары жүргізілуде.

– Қордың қазіргі жағдайы туралы айтып өтсеңіз.

– Әлеуметтік медициналық сақтан­ды­ру қорының мақсаты – кепілден­ді­­ріл­ген тегін медициналық көмек па­ке­­ті­нің қаржы операторы, ал жақын бо­ла­шақта медсақтандыру пакеті бойынша стратегиялық сатып алушы ретінде же­ке­меншік секторды қызмет көрсетуге көбірек тарту, сол арқылы медицина нары­ғында бәсекелестікті күшейту. Өйт­кені, бәсеке бар жерде сапа болады. Осы мақсатта өткен жылдың қыркүйек айында Қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуге ниетті денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Дереққорға енгізілген медициналық мекемелер 2018 жылға халыққа «Тегін ме­дициналық көмектің кепілдендірілген көлемі» бойынша көмек көрсететіндер. Еліміз бойынша мемлекеттік тапсырыс­ты орындауға ниетті, әрі әлеуеті жетеді де­ген 1600-ден астам денсаулық сақтау субъектісі дерекқорға енді. Оның 49 про­центі – жекеменшік клиникалар. Бұл же­ке­меншік ұйымдардың қор бастамасын қол­­дап, медициналық қызмет көрсетуде бел­­сенділік танытқанын көрсететін негізгі дәйек.

Облыс бойынша айтар болсақ, Қордың дерекқорына қазіргі таңда 83 ме­дициналық мекеме тіркелді, оның 49-ы – жеке клиника, бұл былтырғы жылмен са­­лыстырғанда 2 есеге  артық. Қазіргі уа­қытта облыс бойынша 36 млрд теңгеге 65 ме­дициналық мекемемен келісімшарт жа­салды. Оның 34-і, немесе 52%-і жеке­мен­шік клиникалар үлесінде. Биыл кепіл­ден­ді­рілген көмек пакеті шеңберінде қызмет көр­сететін жекеменшік клиникалар саны өт­кен жылмен салыстырғанда 30 %-ке  артты.

Өткен жылы Қор тұңғыш рет меди­циналық қызметтерді жеткізу­шілермен, соның ішінде емханалармен жұмыс істеуді қолға алған болатын. Олармен бекітілетін келісімшарт сомасы тіркелген тұрғындар санына тәуелді. Жыл басынан бері елімізде кейбір емдеу мекемелерінің азаматтар атынан тіркеу жөнінде жалған өтініштер жазып, оларды өздеріне тіркегені туралы, сондай-ақ, тіркеуден ешбір негізсіз бас тарту фактілері туралы шағымдар түсті. Қазір Қор мамандары осындай шағымдар негізінде жан-жақты жұмыс істеуде. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың құжаттарын қабылдау тәртібін өзгертіп, процесті адам факторларының қатысуынсыз ықпал ету керек. Сондықтан қазір осыны ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу туралы ұсыныс дайындалып жатыр. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, тіркеу ережесіне де толықтырулар енгізу көзделуде. Әрине, жаңа қызметтерді іске қосуға біраз уақыт қажет. Сондықтан Қор осы бағытта жұмыс басталған кезде қосымша хабарлайтын болады. Оған дейін азаматтарды емханаға тіркеу тәртібі бұрынғыша: egov.kz порталы немесе емханалардың тіркеу бөлімі арқылы жүргізіле бермек. Бұдан басқа,  қазақстандықтарға сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін әзірлеп, емханаға тіркеу процесін жетіл­діру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, бұл бағытта азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу мүмкіндігіне ие болмақ. Мысалы, қазір осыған ұқсас қызметтерді «электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады.

– Тегін медициналық көмектің ке­піл­дендірілген көлемі пакеті (ТМККК) пен МӘМС жүйесінің меди­циналық пакеттері туралы жан-жақты түсіндіре отырсаңыз.

– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі Мемлекет басшысының биылғы Жолдаудағы тапсырмасы негізінде оңтайландырылып жатыр. Тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы әрбір адамға шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қоғамдық мәні бар ауруларды мемлекеттік бақылауға алуға негізделген. Ал, тегін меди­циналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемі паке­ті­нің жаңа үлгісімен қатар енгі­зілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті оның кем-кетігін толықтырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының іргетасын қалауға ықпал етпек.  Яғни, шұғыл көмек пен мем­лекет тарапынан реттеуді талап ететін саланың бәрі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті есебінен жүзеге асырылады. Ал, кепілдік берілген тегін көмекке кірмейтін қосымша қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.

Амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмекті әлеуметтік маңызы бар аурулар да, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шең­берінде динамикалық бақылауға алынатын науқастар да ала алады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейтін науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар қазіргі кезде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС жүйесінің медициналық пакеттері кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Тегін меди­ци­налық көмектің кепілдендірілген кө­ле­мі жаңа үлгісіндегі меди­циналық паке­ті бойынша барша азаматтарға жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық-санитарлық кө­мек, шұғыл жағдайларда ста­ционарды ал­мас­тыратын және стационарлық кө­мек пен паллиативті көмек кіреді. Ал, әлеу­меттік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде консультативті-диагностикалық қызмет, ам­бу­латорлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жос­парлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек және туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалту жатады.

МӘМС (сақтандырылғандарға ар­нал­­ған) жаңа үлгісіндегі меди­ци­на­лық пакетіне консуль­тативтік-диаг­нос­тикалық көмек, ересектерді про­фи­лактикалық тексеруден өткізу, бала­ларды мамандандырылған деңгейде тексеру, бағасы қымбат зертханалық қызметтер кіреді.

Сұхбаттасқан

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 21 тамыз 2018 г. 1 822 0