« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Заман талабына сай мемлекеттік қызметті оңтайландыру ұдайы болып тұратын процесс. Осындай кезекті оңтайландыру процесі осыдан төрт жыл бұрын жүзеге асырылып, нәтижесінде салықшылар, кеденшілер бір мемлекеттік органға біріктірілген болатын. Міне, сол атаулы күн қарсаңында облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мұстафаевпен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Серік Жолдасбекұлы, 14 тамыз Мемлекеттік кірістер комитеті құрылған күн. Бұл жартыжылдық жұмысты қорытындылайтын кезеңге тура келеді екен. Олай болса, өзіңіз басқарып отырған департаменттің биылғы жыл басынан бергі жұмысына тоқталып өтсеңіз...
– Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына негізделген басым бағыттардың бірі – бірте-бірте электронды форматқа көшу арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін жеңілдету, оны алушыға қолайлы жағдай жасау. Мемлекеттік кірістер органдарының алдына қойылған бірқатар міндеттер осы мақсатқа жұмылдырылған. Жолдау аясындағы жобалардың бірі «Салықтың жиналуын көтеру» бойынша жұмыс қарқыны биылғы жылы да сақталуда.
Нәтижесінде, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2018 жылдың 1 жартыжылдығында шоғырландырылған бюджетке 151,5 млрд теңге түсім түсуін қамтамасыз етті, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 45,8 млрд теңгеге артық. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттің үлесі 61,3 млрд теңге, тапсырма 108,6% орындалды. Республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 33,5 млрд теңге, өткен жылдың осы кезеңінен 6,6 млрд теңгеге артық (орындалуы 103,4%), жергілікті бюджетке түсім – 27,8 млрд теңге болып құралды, өткен жылмен салыстырғанда 9,7 млрд теңгеге артық (115,7%).
Өсімге қол жеткізудің негізгі себептері облыстың макроэкономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы: өңдеу өнеркәсібі өнімдері (100,5%), құрылыс көлемі (115,9%), ауыл шаруашылығы өнімдері (102,7%) өсті. Кіші кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2664-ке немесе 6,4% артты. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің күшейтілуі арқасында 14,2 млрд теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді. Бизнеске қолайлы жағдай жасау аясында салықтық тексерулер 46% азайды, тексерулер нәтижесімен 8 млрд теңгенің қосымша салықтары есептеліп, алдыңғы жылдардағы сомаларды қосқанда 10,4 млрд теңге өндірілді. Салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін өз еркімен орындауына қол жеткізу маңызды. Камералдық бақылау нәтижесімен 6 айда 6,7 млрд теңге қосымша есептелді.
Биылғы жылдың жаңалықтарының бірі – IV деңгейлі бюджеттің енгізілуі. IV деңгейлі бюджеттің қалыптасуы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған, ауыл, аудан халқының мүддесі үшін жасалған әлеуметтік маңызды шара. 2018 жылдан бастап Бюджеттік кодекстің 8-тарауы 52-1 бабымен толықтырылып, түсімдердің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері арасында бөлінуі белгіленді. Облыстағы 2000-нан астам тұрғыны бар 65 ауылдық округ бойынша бірінші жартыжылдыққа 484 млн теңге бюджет қалыптасты, яғни болжамды түсімнің орындалуы 137,6%.
– Цифрландыру – бүгінгі заман талабы. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қызмет көрсетудің электронды форматқа көшуі бюджетті нығайтудың белгілі бір тетіктерін қамтамасыз етуде. Мысалы, электронды шот-фактура жүйесін қолданушылар қатары өсіп келеді. Қазіргі кезде бұл жүйені 3770 заңды тұлға (2017 жылдың 6 айында-2269), 3391 дара кәсіпкер және 8409 жеке тұлға, барлығы 15570 тұлға қолданып отыр (2017ж. - 10533).
Кедендік декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі де қазіргі кезде толықтай қолданыста. 2017 жылдың қазан айынан бастап «транзит» модулі тәжірибеге енгізілген: содан бері 2035 транзиттік декларация осы жүйеде өңделді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан экспорт режимі, ал 1 сәуірден бастап барлық басқа режимдер электронды жүйеге көшті. 2018 жылдың 6 айында 1198 декларация (100%) электронды түрде ресімделді («экспорт» - 500, басқа режимдер - 698). Тауарды босату тәртібін, яғни «жасыл», «сары» немесе «қызыл дәлізді» жүйе өзі таңдайды. «Қызыл дәлізге» түскен тауарға қойылатын кедендік бақылау түрін де ақпараттық жүйе көрсетіп береді. Айта кетуге болады, бірінші жартыжылдықтағы кедендік қарап тексерулердің тиімділігі 27% болған.
– Кіріс органдары салық және кеден қызметімен қоса бұрынғы қаржы полициясының да жұмысын жүргізуде, яғни экономикалық қылмыстың жолын кесуге үлес қосудасыздар...
– Жұмыстың тиімділігін арттыруда экономикалық қылмыстармен күресуді ұйымдастырудың да рөлі басым. Департаменттің Экономикалық тергеу қызметінің қаржы, салық саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау тәжірибесі айтарлықтай. Жыл басынан бері департаменттің өндірісінде 184 істің сотқа дейінгі өндірісі жүргізілді. 122 іс (66,3%) аяқталып, 68 іс сотқа жолданды. Мемлекет бюджетіне келтірілген залал көлемі 1,2 млрд теңгеге бағаланса, 218 млн теңгенің қаражаты қалпына келтіріліп, 2 млрд теңгенің мүлкіне арест қойылды. Экономикалық қылмыстар қатарында мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 12 қылмыс тіркеліп, 7 іс материалы сотқа жолданды. Бюджет қаражатын қымқыру, мақсатсыз жұмсау және талан-таражға салу бойынша алғашқы жартыжылда 61 қылмыстық істің өндірісі жүргізілді. Оның 37-сі аяқталып, 10 іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесіне қатысты 17 қылмыстық іс тергелді. 12 істің өндірісі аяқталып, сотқа жолданды. Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 7 іс тергелді. 3 қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа берілді. 1 млн 174 мың бөтелке алкоголь өнімі заңсыз айналымнан алынды. 17 қылмыстық іс жалған ақша фактілеріне қатысты қозғалған. Оның 15-нің өндірісі аяқталды. Қызметіміздің негізгі көрсеткіштері осындай.
– Алдағы жылдары жалпыға бірдей декларациялау жүйесі енгізіледі. Оған дайындықтың басым бөлігі өздеріңізге жүктелген. Бұл жұмыстар қалай жүруде?
– Елбасының халыққа Жолдауында атап көрсетілгендей, Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер сандық технологияны меңгерумен тығыз байланысты. Жаңа форматтар мен озық идеялардың жүзеге асуы ізденіссіз және қатаң талапсыз мүмкін емес. Көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың бір тетігі – жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2020 жылдан бастап енгізілетін болады. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылауға қол жеткізу. Сонымен қатар, азаматтардың табысы мен мүлкінің есебі ашық болуы салықтарды толық төлеуді қамтамасыз етеді және салықтық әкімшілендіруді барынша толық қамтуға мүмкіндік береді. 250.00 нысанды «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясы» бекітілді және жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде декларацияда жеке тұлғалар көрсетуі тиіс ақпараттар тізімі анықталды. Декларация тапсырған кезде жеке тұлға өз атына тіркелген барлық жылжымайтын немесе жылжитын мүліктердің тиісті тіркеу деректерін (реквизиттерін) көрсетеді. Оған жердің кадастрлық нөмірі, орналасқан мекен-жайы, автокөліктің маркасы, vin-коды, қозғалтқыш көлемі, мемлекеттік нөмірі, банктегі қаражат сомасы немесе қолдағы қаражаты, иелігіндегі жеке мүлкі мен шетелдегі мүлкі, заңды тұлғаларға қатысты құрылтайшы болуы немесе қатысу үлесі сияқты деректер толтыруға жатады. Декларацияны Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтарының барлығы тапсырады. Ал, Қызылорда облысында шамамен 400 мыңнан астам адам тапсырады деп күтілуде. 2020 жылы әрбір жеке тұлға өзінің мүлкі мен табысының 2019 жылдың 31 желтоқсандағы жағдайына байланысты декларация толтырады.
Президент Жолдауының және бір бағыты еңбек рыногының тиімділігін қамтамасыз етумен байланысты. Жұмысы мен күнкөріс көзін ресми түрде ресімдемеген тұлғаларды «көлеңкеден шығару» - мемлекет үшін ғана емес, сол тұлғалар үшін де тиімді. Қазіргі кезде осындай жандардың әлеуметтік жағынан қорғалу тетігін бір жүйеге келтіру үшін «Тұрғындардың күнкөріс көзін ресми айқындау мәселелері» бойынша заң жобасы жасалуда. Жыл соңына дейін Мәжілістің қарауына ұсынылатын осы заң жобасында мемлекеттік кірістер органдарының мүдделі тұстары бар, яғни салықтық және әкімшілік-құқықтық шаралар кешені қамтылуы керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар үшін «Бірыңғай жиынтық төлем» (единый совокупный платеж) жүйесін енгізу – салықтық міндеттемелерді жеңілдетіп, МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) шеңберінде медициналық көмек және әлеуметтік төлем алуға құқық береді. Қазіргі кезде, облыс бойынша күнкөріс көзі айқындалмаған азаматтардың (2017 жылдың 01 шілдесіне 38500 адам болған) мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың 1 шілдесіне 19300 адамның мәртебесі анықталды. Бұл ауқымды шараны жүргізу үшін біздің мамандар тарапынан көше аралап, үй жағалап жүру әдісі де қолданылуда.
– Мемлекеттік кірістер органдары қызметінің басты мәні неде?
– Халқымыздың саны өсуде, жақында ғана Қазақстан халқы 18 миллионнан асты деген дерек пайда болды. «Бір қозы туса – бір түп жусан артық шығады» деген мақал бар халқымызда. Сол бір түп жусан өсіп, сол қозының аузына түсуі үшін жұмыс жасайтын бірден-бір мемлекеттік органбыз, ел бюджетінің кіріс бөлігін қалыптастырамыз. Сондықтан, міндеттеріміз үлкен, ірі жұмыстарымыз бар алда, ал жұмыстың жолға қойылуы үлкен еңбектің арқасында мүмкін болады. Яғни, жұмыс жалғаса береді, біз еңбектене береміз деген сөз. Мемлекеттік кіріс органдары — маңызды мемлекеттік құрылымдардың бірі болып табылады. Елдің қаржылық ахуалының тұрақтылығы ең алдымен осы саланың жемісті қызмет етуіне қатысты. Ал біздің жұмысымыздағы басты көрсеткіш бюджетке түсім болып саналады.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару органдарын реформалау туралы» ҚР Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы №875 Жарлығына сәйкес ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Осыған орай, салық және кеден органдары біріктірілді. Елбасының Жарлығына сәйкес құрылған Мемлекеттік кірістер департаменті қызметінің ауқымы кеңейді. Ендігі жерде біз салық және кеден қызметтеріне қоса, қаржы полициясына тиесілі болған экономикалық зерттеумен де айналысып келеміз. Бұл жұмыстардың нәтижесін жоғарыда келтіріп кеттім.
Осы орайда, мемлекеттік кірістер органдары құрылған атаулы күн қарсаңында жемісті қызмет атқарып, ортақ қазынамызды – бюджет қоржынының молаюына еселі еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын және олардың еліміздің игілігін көтеруге бағытталған еңбектеріне табыс тілеймін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |