Меруерт ӘДІЛҚЫЗЫ: КӨПШІЛІКТІҢ БОЛЖАМЫНША ӘДІЛ КӨКЕМ ТІРІ СЕКІЛДІ…

Қазақтың бағына бола туған ерлер көп-ақ. Бірі елінің қошеметіне бөленіп, ендігі ел ағасына айналса, енді бірінің ғұмыры келте қайырылды. Ал ақын Әділ Ботпановтың өмірі бұл екеуіне де жатпайды. Қазақ оқырманын елең еткізген ақын 30 жасқа жетпей із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Ақын жайынан әлі күнге хабар жоқ. Артында қалған ұлы мен қызы бүгінде есейіпті. Ақынның қызы Меруертпен әкесі жайында әңгімелесіп едік…


Ұлан: Меруерт, сенің қазақтың аяулы ақыны Әділ Ботпановтың қызы екеніңді ғана білеміз. Асылдың көзі деп ардақтап, әңгімелескіміз келді. Әуелі «Ұланның» оқырмандарына өзің туралы айтып берсең…

Меруерт: Мен 1993 жылы дүниеге келгенмін. Қазір Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық университетінде, филология факультетінің 3-курсында  оқимын. Бірақ қазір ұтқырлық бағдарламасымен Қызылордаға келдім, бір жыл осында оқимын.

Әкемді «Әділ көке» деп атап кеткем. Мен үш жаста, інім бір жаста болғанда Әділ көкемнен ажырап қалған екенбіз. Әділ көке еміс-еміс қана есімде. Есімде қалғаны – балажан еді. Жұмыстан келе сала інім екеуімізді құшағынан бір ажыратпайтын. Үнемі жайдары жүретіні, жүзі жылы болатыны есімде. Інімнің есімі – Ақназар. Әділ  көкем өзі қойған екен. Бұл есімді қою үшін бір ай ойланыпты (күліп).

Ұлан: Әділ көкеңнен ажырап қалғаннан кейінгі өмірлерің туралы айтып берші…

Меруерт: Көкемізден ажыраған соң Қызылордада, бұрынғы үйімізде тұрдық. Атамды әке деп кеткенмін, сол кісінің тәрбиесінде өстік. Атам бастаған  Әділ көкемнің достары бар, көкемді біраз іздестіріпті. Милицияға хабар беріп, жан-жаққа адам салыпты. Әділ көкемнің ағасы бір әңгімесінде «осы уақытқа дейін Әділді іздеп үш жүзге жуық балгерге барыппын» дейді. Солардың әрқайсысы әртүрлі болжам айтыпты. Бірі қайтыс болған десе, бірі әлі тірі дейді. Бірі есінен адасып кеткен дейді. Енді бірі бір әйел дуалап алған дейді. Бірақ көбінің болжамынша көзі тірі екен.

Ұлан: Өз түйсігің не дейді?

Меруерт: Тірі секілді, үйге қайтып келетін секілді. Үміт үзгім келмейді. Бұл туралы жаман ойлай бастасам, ар жақтан жылт еткен бір үміт пайда болады. Жақсы сөз – жарым ырыс дейді ғой, жақсы сөздер үмітімізді үздірмейді.

Екі жыл бұрын көкемнің кітабы шықты. Ақтөбедегі Бауыржан көкенің бастамасымен «Өмірзая» кітабының тұсаукесері әуелі Қызылордада, кейін Алматыда, Жазушылар одағында өтті. Кең көлемде аталып өтті. Әділ көкемнің көзін көрген достары жақсы естеліктер айтты. Сондағы алған әсер де үміттің шоғын үрледі десем болады.

Ұлан: Иә, енді көкеңнің әдеби мұрасына көшсек. Өзің де болашақ филолог екенсің. Демек, көкеңнің шығармашылығымен жақын таныс шығарсың? Өзің айтқан «Өмірзая» жинағымен елдегі көзіқарақты оқырман танысып үлгерді деп ойлаймын. Басқасын қайдам, Алматының жастары «Өмірзаяны» жастанып оқитынын талай көргенбіз. Бұл кітапқа көкеңнің аяқталмаған прозалық шығармалары да еніпті…

Меруерт: Иә, барлығын қамтуға тырыстық. Жинаққа енбеген шығармалары да бар. Бірақ олардың көбі сарғайып, әріптер өшуге айналған. Жинақты шығарар кезде біраз өлеңін таспаға түсіріп, үлгермегенін сурет күйінде Бауыржан көкеге жолдағам. Әділ көкем өте кіді болған ғой. Кейбір өлеңдерін түзеп жіберуге, бос тұрған жолдарды ұйқастырып жіберуге дәтім бармады дейді Бауыржан көке. Жариялауға келетінін сол күйінде беріп, қалғанын қалдырыпты.

Ұлан: Әділ көкең бүгінде аңызға айналғандай. Шығармашылығымен қатар,  оның мінезі туралы ақын достары тамсана айтар еді. Кілең мықтылар (үлкен ақын-жазушылар) шығатын газет-журналда жастардан Әділ көкеңнің өлеңдері жиі жарияланады екен. Бірінші курстағы білімнің өзімен мұғалімдермен жиі таласатын еді дейді. Жалпы айтқанда, Алматыдағы әдеби ортаны мойындатқан ғой. Қазір інің де ержетіп қалыпты. Ініңнің әдебиетке қатысы бар ма?

Меруерт: Иә, Әділ көкенің мінезі туралы көп естігем. Сұрақ қойған адамға қыңыр жауап беретін болған ғой (күліп). Бірақ мұнысы тәкаппарлыққа, менмендікке жатпайтын еді дейді достары. Әділ көкеме ініме қарағанда мені көбірек ұқсатып жатады. Ал інімнің жүрісі ұқсайды дейді. Інім қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде оқып жатыр. Мамандығы – ағылшын тілінің аудармашысы. Ол кішкене кезінде өлең жазатын. Қазір қойып кетті.

Ұлан: Ал ақынның қызы өлең жаза ма? Көкеңнің мұрасына қатысты қандай да бір істер атқарғың келетін шығар…

Меруерт: Әдебиетті сүйіп оқысам да, өлең жазуға деген ынтам болмапты. Бірақ шағын әңгімелер, эсселер жазатыным бар. Өзім үшін, әрине. Көркем әдебиетті жақсы көремін. Кітапты үзбей оқимын десем болады.

Арманым көп. Әсіресе, көкемнің шығармашылығына қатысты. Кітабы күні кеше ғана шықты ғой, мұқым ел танысып үлгермеген шығар. Осы бағытта жұмыс істегім келеді. Үйде әлі қаралмаған қолжазбалар бар, соларды қайта зерделеу керек. Дипломды да көкемнің шығармашылығынан қорғасам деймін. Бірде «әкеңнің болмағанына арланба, әкеңдей бола алмағаныңа арлан» деген қанатты сөзді естігем. Әділ көкемдей болмасам да, көкем жүрген жолмен жүргім келеді. Әдебиет саласында қызмет атқарсам деймін.

Ұлан: Қызылорда өңірі Әділ Ботпановтай ақынын ардақтай алып жатыр ма?

Меруерт: Иә, бірқатар шаралар болып жатыр. Үйге де іздеп келушілер көп. Анамнан сұхбат алып кетеді. Әділ көкемнің өлеңін жатқа оқитын жастар да көп екен бұл жақта. Көкенің кітапханасы бар үйде. Қоры әжептәуір үлкен. Көкемнің үлкен білім иесі болғандығын содан-ақ білуге болады. Қазақ әдебиетінің мол мұрасы, әлемдік классиканың жауһарлары бар.


Әңгімелескен Асылан ТІЛЕГЕНОВ

(«Ұлан» газеті, №40, қазан 2015 жыл)


Cұхбат 23 шілде 2018 г. 1 389 0