Бизнес бастамаларға қолдау күшейтілді

 Шағын және орта бизнесті дамыту – мем­лекеттік сая­саттың басым бағыт­тарының бірі. Кәсіп­керлікті қолдау арқылы мемлекет ұлттық экономиканы шикізат есебінен ғана көтермейді, экономика қызмет көрсету саласы мен бизнеске арқа сүйейді. Бұл сөзімізге бір кездері қолында еш ресурсы болмаған Сингапур секілді елдер мысал бола алады. Елбасы еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін болашақта кем дегенде 50%-ке жеткізу туралы нақты міндеттер қойды.

Биыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы». Осы орайда, қа­ла­лық кәсіп­керлік, өнер­кә­сіп және туризм бөлімінің бас­шысы Жанмұрат Сейілов­­пен әңгімелескен едік.


 Жанмұрат Жақсы­мұрат­ұлы, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­ті­лерінің 48,8 проценті облыс орталығына тиесілі екен. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кеңейтілген мәжілісте облыс әкімі Қызылорда қаласы аудандарға үлгі болуы керек екенін айтты. Қазір жоғарыдағы көрсеткішті арттыру үшін қандай жұ­мыстар атқарылуда?

– Кәсіпкерлікті мемлекеттік қол­­­дау­дың бірнеше механизмдері бар. Қазіргі күні қала мен іргелес қоныс­танған кент, ауылдық округтерде  295 мыңнан аса адам тұрады. Оның экономикалық белсенді бөлігі 123 мыңнан асып жығылады.  Облыстық статистика депар­таментінің 1 мауы­сымдағы мәліметіне сүйенсек, қалада 26 мың 212 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент, ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты басты көрсеткіштерге талдау жасап отырамыз. Биылғы жылдың қаңтар-мамыр аралығында 1564 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 1707 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтердің нақты жоспарлы көрсеткіштері қамтылған 2018-2020 жылдарға арналған 3 жылдық жаппай кәсіпкерлікті дамыту Жол картасының іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.

Кез келген кәсіптің аяққа тұруына қаражат қажет екені айтпаса да белгілі. Осы тұста мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге төменгі пайыздық көрсеткішпен несиелер бері­леді. Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» арқылы жалпы құны 67 млн 897 мың теңгені құрайтын 7 жоба қолдау тапса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 36 млн теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 33 жобаның құжаттары тапсырылып, 4 жоба қолдау алса, қалған 29 жобаның құжаттары қаралуда.

Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер, атап айтсақ, «Халық Банк», «АТФ» және «Сбербанк» арқылы 11 жоба қаржыландырылды.

Ел бұл бағдарламаның тиімділігін байқап келеді, жалпы жыл басынан бері 65 жоба қаржы ұйымдарынан қолдау тапты. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін ауылдық елді мекендерден құны 355 млн 500 мың теңгені құрайтын 51 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарына ұсынылатын болады.

– Елімізде жеке кәсіпкерлік формасы кеңінен таралған. Бизнестің басым көпшілігі сауда және терең кәсіби бағдар мен арнайы мамандануды қажет етпейтін салаларды қамтиды екен. Облыс орталығында тұр­ғындар қандай кәсіп түрлерін игеруге батыл қадам жасауда?

– Қалаға қарасты кент, ауыл­дық округтерде алдымен елге аса қажетті қызмет көрсету орындары ашылуда. Қаржылай көмек іздеген кәсіпкерлер мемлекет қолдауының нәтижесінде 1 тігін цехы, 2 наубайхана, 1 қонақ үй,  1 автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Ал мал басын көбейту және сүт, ет  бағытын дамытуда 522 мүйізді ірі қара мал және 202 жылқы басы, «Береке», «Ырыс» несие беру бағдарламалары аясында 5 кооперативтің 138 мүшесі тарапынан 2 814 мүйізді ірі қара мал басы сатып алынды.

Сонымен қатар, елді мекен тұрғындарына жолаушылар тасымалдау, сапалы қызмет көрсету мақсатында 5 кәсіпкер орта сыйымдылықтағы көлік сатып алса, 11 кәсіпкер өз істерін дамыту және кеңейту мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, 2 жылыжай, 2 наубайхана, 5 қызмет көрсету кешені, 1 асхана, 1 мейрамхана, 2 моншаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ал халықты жұмыспен қамту облыс бойынша ғана емес, республика бойынша да өзекті. Жыл басынан бері 3684 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, соның ішінде 2075 азамат шағын және орта бизнес құрылымдарына орналасқан.

–«Бизнестің жол картасы –2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдар­ламасы аясында қандай жобалар жүзеге асты?

– Аталған бағдарлама бойынша жыл басынан бері 1 млрд 681 млн 775 мың теңгені құрайтын  30 жоба қолдау тапты. Биылғы жылы бағдарлама аясындағы қайтарымсыз грант бағыты бойынша қалаға қарасты елді мекендерден қайтарымсыз қаражат алуға 171 жобаның құжаттары конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, 52 жоба қолдау алды.

Жалпы қаланың кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған барлық қолдау шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың бес айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 1 миллиардтан аса салық түсті. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 130 процентке артық.

– Халықты кәсіпкерлік дағ­ды­ларына үйрету курстары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Биз­нес-кеңесші» және «Бизнес-өсім» жобалары бойынша жүргізілетін. Мұнан өзге жастарды қолдайтын қандай бастамалар бар?

– Кәсіпкерлікті дамыту мақ­сатында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын сапалы жүргізу қашанда маңызды. Елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мем­лекеттік бағдар­ламалардың шарттары мен тиімділігін жан-жақты насихаттау үшін ай сайын көшпелі отырыстар өткізілуде.

Кәсіп бастаймын деген жас­тарға мүмкіндік мол.  Жастарды кәсіпке баулу мақсатында  «IQ Business, жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамыту», «Start up Bolashak: Менің арманым» жастар бизнес-жоба сайыстары мен «Мемлекеттік грант – бизнесті бастаудың тиімді жолы», «Ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту көз­дері», «Заманауи жас кәсіпкер» тақырыптарында семинар, бизнес-тренингтер өткізілді. Жалпы, аталған іс-шараларға  500-ге жуық кәсіпкер, жас кәсіпкерлер және өз кәсібін ашқысы келетін жұмыссыз азаматтар қатысты. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады.

Рахмет!

Сұхбаттасқан Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 28 маусым 2018 г. 1 563 0