Робот робот болып қалады, оның тізгіні - өзімізде

Раушанбек Сариев 1983 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген. 1983-1988 жылдар аралығында қалалық пионерлер және оқушылар сарайында үйірме жүргізді, лаборатория басқарды, техникалық-шығармашылық бөлімге жетекшілік етті. Он жыл шамасында №1 мектеп-интернатта физика, информатика пәндерінің мұғалімі болды. Кейін жеке кәсіппен айналысып, 2015 жылы қалалық оқушылар сарайындағы жұмысына қайтып оралды. Содан бері осында балаларға білгенін үйретіп келеді. Одан бөлек, «KazRobotics» федерациясының облыстағы өкілі, қаладағы IT паркінің жетекшісі. 

– Біраздан бері қалалық оқу­шы­лар сарайындағы робототехника үйір­месіне жетекшілік етіп келесіз. Үйірменің қазіргі жағдайы қалай?

– Біздің үйірме облыс әкімінің қолдауымен 2015 жылдың қыркүйек айында ашылды. Содан бері облыстық білім басқармасы, қалалық білім бө­лімі және қосымша білім беру орта­­лығының қаржысы есебінен қа­жетті құрал-жабдықтар сатып алы­нып, материалдық-техникалық ба­за біршама нығая түсті. Өткен жы­­лы 3D принтер алдық. Жаңа заман принтерінің арқасында ең күрделі деген заттардың құйма пішіндерін жасайтын болдық. Бұл жерде балалар робот құрастырумен ғана айналыспайды. Бізде олардың тех­никалық шығармашылығын арт­тыруға да көңіл бөлінеді. Өткен ға­сырдың 80-жылдары, пионерлер са­райы болып тұрған кезде мұнда тех­никалық бағыттағы 25 үйірме болған. Қазір сол игі үрдісті қалыпқа келтіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Заман талабына сай ста­ноктарға тапсырыс беріп қойдық. Осылардың бәріне қол жеткен кезде робототехника лабораториясын жаб­дық­тауға мүм­кіндік туады.

– Робототехника жайында елі­міз­де соңғы жылдары ғана кеңінен айтыла бастады. Саланың жұмысын ілгерілетуге мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп, үлкен күш жұм­салып жатыр. Осы орайда сыр­бойы­лық балалардың талабы, құл­шы­нысы қандай дәрежеде?

– Біздің балалардың бұл салаға қызығушылығы өте жоғары. Жуырда облыстық білім басқармасы «KazRobotics» федерациясының қолдауымен Қызылордада робототехника ба­ғы­­тында оқушылардың облыс­тық «Robo Fest»  фестивалін ұйымдастырды. Оған 6 мен  17  жас      аралығындағы 80-дей бала қа­тысты. Талапкерлердің жұмысын тәуелсіз қазылар алқасы бағалады. Осы орайда, әсіресе, жобалардың бірегейлігі, конструкцияның техни­калық күрделілігі, сондай-ақ аз уа­қыт ішінде тапсырманы мүлтіксіз орындау сияқты жайттар ескерілді. Фестивальға қатысқан балалардың бәрі – «сен тұр, мен атайындар». Кейбірі адамның ойына келмейтін дүниелер құрастыруымен дараланады.

Ал былтыр желтоқсан айында жобалық менеджмент жүйесін енгізу аясында облыс әкімдігі «Hack Day» байқауын ұйымдастырды. Бірінші рет өткеніне қарамастан, оған біз ойлағаннан да көп талапкер қатысып, ақпараттық технология, контент және медиа, кино және видео бағыттарында 140-қа жуық жоба ұсынды. Байқау шартына сәйкес олар бар-жоғы бір күннің ішінде идеяларын прототипке айналдыруы тиіс болды. Бұл шара да балаларымыздың қарым-қабілетін бай­қатты.

– Болашақта жаңа бағытты игер­гісі келетіндерге қандай кеңес айтар едіңіз?

– Робототехника түрлі модельден робот жинаумен ғана шектелмейді. Ол үшін радиоэлектрониканы, электро­техниканы, физиканың техникасы мен электр бөлігін, информатика мен математиканы міндетті түрде білу ке­рек. Әрбір траекторияны, әрбір дөңгелектің диаметрін есептей білу өте маңызды. Сол кезде ғана толыққанды модель, яғни өз ойымыздағы робот­ты құрастырып шыға аламыз. Ал пәндерден физика, математика, инфор­матика, технологияны білу міндетті.

– Үйірмедегі балалардың қандай жетістіктері бар?

– Оқушылар қазір автоматтан­ды­рылған робот қол жасап шықты. Қол буынының қимылын мотор атқарады. Ол заттарды түр-түсіне қарай іріктей алады. Робот қол Қызылордада са­лынып жатқан шыны зауыты үшін таптырмас құрал бола алады. Біз тек моделін құрастырып қойдық. Егер инвесторлар қызығушылық танытып, оны дамытатын болса, зауыт жұмысы біршама жеңілдер еді. Жақында Астанада өтетін оқушылардың шығар­машылық байқауына осы өнер­та­бысымызды апарғымыз келіп отыр.

– Бәрекелді! Тағы нендей жетіс­тіктеріңіз бар?

– Балалар құрастырған дүние­лер аз емес.    Көбіне «ақылды жылы­­жай», «ақылды үйлер» жасауға ынталы. Сонымен қатар, мобильді метеос­танцияның моделін құрастырды. Ол адам аяғы жетпейтін орындарда бо­лып, сол жердің ауа райын – температурасын, күн мен желдің қоз­ғалысын, жердің ылғалдылығын, ауа­­ның ластану деңгейін зерттейді. Гейгер есептегішімен радиация мөл­шерін де анықтай алады. Содан соң жинаған ақпаратын интернет арқылы компьютерге жолдайды.

– Балалардың ішінен кімдерді бө­ліп-жарып айта аласыз?

– Қызылорда қаласындағы №23 мек­тептен Рустам Кенжалы, №144 мектептен Оралбек Абдуллаев, №1 мектептен Бейбарыс Раушанбек, Темірлан Хамза және басқа да бала­лар бірінен бірі озады. «Robo Fest» фес­­тивалінің нәтижесі бойынша рес­публикалық жарысқа 12 оқушы жол­дама алса, соның 2-і – Назарбаев зияткерлік мектебінен, қалғаны – біздің балалар. Оқушылар сарайында 7 мен 12 жас аралығындағы балаларға арналған тағы бір үйірмеміз бар. Оған Серікбол Ерәлиев жетекшілік етеді. Үйірме оқушылары жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

– Өзге өңірлермен, оқу орында­рымен байланысып тұрасыздар ма?

– Робототехника негізінен білім беру, спорт және өндіріс бағыттарын қамтиды. Біз соның ішінде алдыңғы екеуі бойынша жұмыс істейміз. Оқушылардың талпынысын арт­тыру мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­сите­тімен, Мәншүк Мәметова атын­­дағы Қызылорда гумани­тар­лық колледжімен тығыз бай­ланыс орнатылған. «KazRobotics» феде­рациясының филиалдары еліміздің барлық өңірінде болғандықтан, бар­лығымен дерлік өзара тәжірибе алмасып тұрамыз. Өз басым робо­тотехника саласындағы ешбір жаңа­лықты қалт жібермеймін. Қажетті әдебиеттерді қайдан болса да алды­рып, балаларға сол бойынша робототехниканың қыр-сырын үйре­темін.

– Қызылорда қаласында құрыл­ған ІТ паркінің мақсат-міндеттері қандай?

– «Hаck Dаy» фестивалі аймақта ақпараттық-коммуникациялық тех­но­логия саласында талантты жас­тар­дың көп екендігін көрсетті. ІТ паркін құру қажеттілігі осындай жастарды цифрландыру бағытындағы жобаларға жұмылдырып, олардың мүмкіндіктерін шыңдау мақсатында пайда болды. Бұл алаңда өңірдің жетекші программистері бірігіп жұмыс істейді. Ол үшін коворкинг, әңгімелесу, демалыс, жеке жұмыс орындары, 2 конференцзал, 3D студиясы мен технолабораториялар қарастырылған. Робототехникаға ар­налған орындар да бар. Жалпы, мұндай парктер «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылып жатыр. Одан бөлек, жас инженерлер мектебін ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз.

– Біз қаласақ та, қаламасақ та болашақтың кілті – осы ақпараттық технологияларда. Роботтар дәуірі туғанда өзіміз жұмыссыз қалмаймыз ба?

– Қазіргі күні жоғары оқу ор­нын бітіргендердің арасында эко­номист, заңгер, қаржыгер сияқты мамандықтардың иегерлері жетіп артылады. Дипломы бола тұра жұмыс таппай сенделіп жүргендер көп. Мен біздің үйірмедегі балалар болашақта бұл мамандықтарды таңдамайтынына жүз процент сенім­дімін. Өйткені олардың техникалық бағытқа қызығушылығы жоғары. Бала­ға бүгіннен бастап мамандық таңдауға көмектессек, әлгіндей мәселе тумайтыны анық.

Болашақта барлық өндіріс авто­мат­тандырылады. Роботтар адам­ның көмекшісіне айналады. Оның алғашқы көріністерін қазірдің өзін­де айналамыздан көріп жүрміз. Мысалы, биіктен фото, видео түсіруге арналған дрондар пайда болды. Олардың көмегімен енді пошта тасымалы жеңілдей түсті. Пилотсыз ұшақтар, көліктер шығарылып жатыр. «Роботтар тұрғанда адамдар жұмыссыз қалмай ма?» дейсіз. Бірақ оларды басқаратын да адам керек қой. Біздің артықшылығымыз – адами интеллекттің болуында. Қалай десек те, робот робот болып қалады. Оның тізгіні – өзімізде.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан 

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы».

Cұхбат 21 маусым 2018 г. 1 918 0