Ұстаздары талантты, шәкірттері талапты

Бүгінде 25 жылдық тәжірибесі бар №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Бі­лім-инновация» лицей-интернаты – талантты түлек­терді тәрбиелеп отырған іргелі білім ошағының бірі. Оның дәлелі, 1993-2014 жылдар аралығында  аталған лицейді  855 оқушы бітірген болса, олардың 92-сі «Алтын белгі»,  171-і «Үздік аттестат» иегері атанды.  Өткен жылы 15 «Алтын белгі», 10 «Үздік аттестат» иегері білімін дәлелдеп, 100 процент ЖОО-ға грант ұтып алған болса, биылғы оқу жылында 11 «Алтын белгі», 5 «Үздік аттестат» иегері қорытынды аттестациялаудан білімдерін дәлелдеп шықты. Осы аталған жұ­мыс­тардың жайымен толығырақ танысу мақ­сатында лицей-интернат басшысы Бақытжан Омаровпен сұхбат­тасқан едік.

 

–Бақытжан Шайманұлы, лицей-интернаттың негізгі білім беру бағыты қандай?

–Лицей-интернат негізінен жаратылыстану-мате­матикалық бағытта білім береді.  Жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес математика, физика, биология, химия, информатика пәндерінен сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі. Барлық оқу-тәрбие жұмысы оқушының бүгінгі заман талабына сай жан-жақты тұлға болып қалыптасуына бағытталған. Сондықтан да мұнда педагогикалық ұжымның оқу үдерісінде ақпараттық технологияларды игеру мүмкіндігіне баса назар аударылады. Қызылорда облысының білім басқармасы мен «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырған білім сапасын анықтау үлгісі бойынша тоқсан сайын оқушылардың білім деңгейі сараланып отырады. Осылайша лицей мұғалімдері негізгі  бағыттарын анықтап алып, нәтижелі оқыту сапасына жетіп отыр.

– Өткен оқу жылында 15 «Алтын белгі», 10 «Үздік аттестат» иегері өз білімін дәлелдеп, 100% ЖОО-ға грант ұтып алған екен. Осы оқушылар қандай оқу орындарына түсті? Яғни, олар қандай мамандықтарды таңдады? 

– Иә, бүгінде лицей түлектерінің  98%-і  тех­никалық мамандықтар бойынша еліміздің және шетел жоғары оқу орындарында білім алуда. Атап айтқанда,  Н.Назарбаев университетіне 70 оқушы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша  22 оқушы, «Петро-Қазақстан» компаниясының стипендиялық бағдарламасы бойын­ша Қытайдың жоғары оқу орнындарына 43 оқушы түскен.

Өткен 2016-2017 оқу жылында 44 оқушы бітіріп, барлығы да өз таңдауларын жасады. Бүгінде олар Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, ІТ-Халықаралық университеті, Сүлеймен Демирель университеті сияқты іргелі оқу орындарына және Қазақстаннның басқа да облыстарындағы ЖОО-ға түсіп, техникалық мамандықтар бойынша білім алуда.

Биылғы оқу жылында 41 оқушы бітіргелі отыр. Олардың 36-сы ҰБТ тапсыруға өтініш берді. Ал 8 оқушы Н.Назарбаев университетінің грантын жеңіп алды. Жалпы лицей-интернат бірнеше жылдар бойы ҰБТ қорытындысы бойынша облыстағы жоғары балл жинаған мектептер қатарынан көрініп келеді. Оның бір себебі, оқушылардың болашақ мамандықтарына дұрыс таңдау жасауы болса керек. Айталық, биылғы білім сынағының барысында байқағанымыз, оқушылардың 80%-і жаратылыстану пәндерін таңдаған. Бұл өте орынды. Өйткені дәл осы кезеңде елімізде техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары.

 – Шәкірттің шыққан шыңы – ұстаз еңбегінің өлшемі. Осы тұрғыда лицей-интернаттың педа­гогикалық құрамы жайлы айтсаңыз...

– Бүгінгі таңда лицей-интернатта 30 жоғары білімді педагог қызмет етеді. Мұғалімдер интеллектісі жоғары, 50% -і ағылшын тілін меңгерген.

Жаңартылған білім мазмұны бойынша өткен  жылы 8 мұғалім курстан өтті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Лицей-интернатта жаратылыстану-мате­матикалық (математика, физика, биология, химия, информатика) бағыттағы пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Ағылшын тілін оқыту мен үйрену сапасын жақсарту бағытында мұғалімдерге жыл сайын 2 рет емтихан өткізіліп, деңгейлері анықталып отырады. Лицей-интернат мұғалімдері 2016-2017 оқу жылында қаладағы инновациялық мектептерде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден сабақ жүргізіп, тәжірибелерін толықтырды. Сонымен қатар, облыстың осы бағыттағы мұғалімдеріне арнайы семинарлар мен курстар өткізіліп, жаратылыстану пәндерінің терминологиясын меңгерту мақсатында дәрістер берілді. Лицей-интернат өміріне қатысты жетістіктер әрдайым сараланып, соған сәйкес мұғалімдердің еңбегі  бағаланып отырады. Айталық, 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен 9 мұғалім марапатталса,  28 мұғалім облыстық деңгейдегі  түрлі марапаттарды иеленді.

– Білуімізше, жуырда лицей-интернатқа жаңа оқу жылына қабылдау емтиханы өтті. Нәтижесі қалай болды?

 –Иә, жуырда Астана қаласындағы «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қорының ор­та­лық қабылдау комиссиясы әзірлеген қабылдау емтиханына  1000-ға жуық оқушы қатысып, нәтижесінде 48 оқушы алдағы 2018 -2019 оқу жылына лицей-интернаттың 7-сыныбына қабылданды.

– Сұхбатыңызға рахмет.                                                                        

  

Ғазиза ӘБІЛДА,

 «Сыр бойы».

Cұхбат 16 маусым 2018 г. 1 554 0