« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» денсаулық саласы дамуының маңызды бағыттары айқындалып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, халық денсаулығына ортақ жауапкершілік және салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау бастамалары нақтыланды. Бұл бағытта аймақта да ауқымды жұмыс бар. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназаровамен сұхбаттасып, саланың даму деңгейін саралаған едік.
– Ақмарал Шәріпбайқызы, денсаулық сақтау әлеуметтік салалар ішінде күрделісі екені белгілі. Десе де біздегі жетістікті қалай бөлісер едіңіз?..
– Иә, жыл сайын денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатардағы технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базаны күшейтуге, профилактикаға, науқастарды диагностикалау мен емдеуге бағытталған қаржы көлемі ұлғаюда. Осындай қамқорлық біздің өңірімізде де нақты көрініс тауып отыр. Мәселен, облыста саланы қаржыландыру соңғы 5 жылда 26,7 процентке артып, 2017 жылы 44,04 млрд теңгені құрады. 2013 жылы бұл көрсеткіш 34,8 млрд теңге болатын. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облыс әкімдігінің іс-шаралар жоспары әзірленді. 2016 жылы аталған бағдарлама шеңберінде өлім-жітім себептерінің 52 процентін құрайтын аурулардың және демографияға әсер ететін 5 негізгі нозология бойынша жол картасы әзірленіп бекітілген болатын. Былтыр мен биыл аталған жол картасына өзгерістер мен қосымшалар енгізілді. Осыған орай, барлық 5 бағыт бойынша бірінші деңгейде бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету (БМСК) ұйымдарында барлығы 89 бейінді кабинет ашылып, 3 деңгейлі көмек көрсету жүйесі құрылды. Ауыр экстрагенитальді аурулармен босанғандар мен жарақаттанғандарға, инсульт алған науқастарға оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында реабилитациялық және қайта қалпына келтіру бөлімшелері ашылып, барлық аудандық ауруханаларда ауданаралық травматологиялық бөлімшелерді медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
– Соңғы уақытта бірқатар орталықтардың ашылғаны белгілі. Олар медициналық қызмет сапасын арттыруға қаншалықты әсер етуде?
– 2016 жылы облыста офтальмохирургиялық орталық ашылды. Осы орталыққа жергілікті қаржы есебінен ота санын 2 есеге өсіруге мүмкіндік беретін, жалпы құны 90 млн теңгені құрайтын жоғары диагностикалық құрылғы сатып алынды. Аймақта алғаш рет аталған орталық базасында глаукомды кабинет ашылып, 2000-нан аса науқас есепке алынып, сауықтырылды.
Өткен жылы облыстық медицина орталығы базасынан қант диабетімен ауыратын науқастарға мамандандырылған көмек көрсететін «Диабет орталығы» ашылды.
Соңғы 5 жылда өңір кардиохирургтары жүрек-қан тамырларына және миға 2300 -ден аса ота жасады. 2016 жылы Қазалы теміржол ауруханасы базасында Байқоңыр қаласы және Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындарына ауданаралық нейроинсульт орталығы жұмысын бастады. Сонымен бірге Қазалы аудандық ауруханасы базасында инсультпен сырқаттанатын науқастарды әрі қарай оңалту бөлімшесі және №3 қалалық емханасы базасында нейрооңалту орталығы ашылды. Осының негізінде соңғы бес жылда ашық жүрекке ота жасау 48,3 процентке, тамырды эндопротездеу бойынша оталар 6-ға, нейрохирургиялық оталар 2-ге өсті.
–Ана мен бала саулығын сақтау бағытында қандай жұмыстарды айтар едіңіз?
– Жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін бес жыл ішінде 350 төсек- орынға арналған облыстық перинаталдық орталық, 350 төсек орынға арналған облыстық балалар ауруханасы және Талсуат кентінде 50 төсектік республикалық оңалту орталығы салынып, іске қосылды. Облыстық перинаталдық орталығында ауыр патологиясы бар әйелдерге арналған 30 төсектік босанғаннан кейінгі оңалту бөлімшесі жұмыс жасайды. Бірінші деңгейдегі стационар дәрігерлері арасында оперативті техниканы игерген мамандардың үлесін арттыру бойынша біршама жұмыстар жасалып, ота жасайтын акушер-гинекологтардың үлес салмағы 45 проценттен 67 процентке артты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нәрестелер өлімі 41,2 процентке азайып, өткен жылы ана өлімі тіркелген жоқ.
– Тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру, яғни, мықты материалдық-техникалық база қажет екені белгілі...
– Әрине, материалдық-техникалық база сай болмайынша жетістікке жету қиын. Бұл орайда соңғы бес жылда жалпы құны 27,4 млрд теңгеге 58 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 49 немесе 84,5 проценті апаттық жағдайдағы нысандар орнына салынғанын айта кетуіміз керек. Бірқатар облыстық, аудандық ауруханалар құрылысы салынды, көптеген дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік амбулатория мен медициналық бекеттер жаңадан пайдалануға берілді.
Облыстық денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық техникамен жабдықтау мақсатында соңғы бес жылда 6279,7 млн теңге медициналық құрал-жабдықтар алынып, нәтижесінде медициналық техникалық жабдықтармен қамту көрсеткіші 32,2 процентке өсіп, өткен жылы 76,5 процентті құрады.
– Істің тетігі мықты маманға байланысты екені белгілі. Кадр мәселесі жөнінде айтып өтсеңіз...
– Кадр мәселесі қашан да маңызды. 2016-2018 жылдарға арналған үшжылдық дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың жоспары жасалды. Қажетті мамандарды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранттары бөлініп, 2016-2017 жылдары 22 үміткер түсті. Облыс бойынша соңғы бес жылда 705 маман қайта даярлау, 11732 маман білімін жетілдіру курстарынан өтті. Олардың ішінде дәрігері – 4056, орта буынды маман – 7676. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде аймақта жетіспейтін неонатолог, травматолог, онколог, реабилитолог мамандарының тапшылығы жойылды. Аталған мерзімде 569 жас маман жұмысқа орналасты.
– Цифрландыруға байланысты осы салада үлкен қозғалыс бар. Бұл тұрғыда жетістіктеріңіз қаншалықты?
– Иә, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында нақтыланғандай, электрондық денсаулық сақтауды дамыту концепциясына сәйкес облыс көлемінде бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, қазіргі таңда облыстағы медициналық ұйымдарда 22 республикалық ақпараттық медициналық жүйе іске асырылуда. Сонымен қатар, электронды денсаулық сақтауды дамыту үшін ақпараттық жүйелер енгізіліп, жұмыс жасауда. Бүгінде медицина ұйымдарының 77 проценті медициналық ақпараттық жүйемен іске асырылады. Өткен жылы емдеу-алдын алу ұйымдарының компьютерлік техникамен жабдықталуы 80 процентті құрап, 1614 компьютерлік техника алынды.
Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде өткен жылы облыс халқының өмір сүру ұзақтығы 1,3 есе өсіп, 71,91 жасты құрады. Өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда, 4 процентке төмендеді, нәрестелер өлімі 41,2 процентке, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 22,8 процентке азайды. Туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 31,2 процентке төмендеп, өлім-жітім 2 есеге азайды.
– Биылғы жоспарлармен бөліссеңіз...
–Биыл Қазалы аудандық аурухана базасында Арал, Қазалы және Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласы тұрғындарына арналған тері коронарлық араласу орталығын ашу, Арал және Шиелі аудандарындағы 150 төсектік орталық ауруханалардың құрылыс жұмысын аяқтау секілді бірқатар жоспарлар бар. Сонымен бірге, облыстық қан орталығы, Жалағаш аудандық ауруханасы, 3 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік акушерлік бекеті құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу көзделуде.
Мұның бәрі, әрине, халықтың саулығына арналған әрі келешек үшін жасалып жатқан іс.
Облыс басшылығы денсаулық саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Оның көрсеткіштерін айттық. Демек, өңірдегі медицина қызметкерлері кәсіби мерекеге лайықты жетістіктермен келіп отыр. Осы сұхбат аясында барлық әріптестерімді мерекемен құттықтағым келеді.
–Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан:
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |