« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сырдария ауданында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар тың жобалар жүзеге асуда. Жыл сайын ауыл шаруашылығы бойынша көшбасшылар қатарында келетін ауданның бұл саладағы жетістіктері бір төбе. Биыл құрылғанына 90 жыл толатын өлкеде әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени тұрғыда алда қандай мақсат-міндеттер бар? Бұл жөнінде Сырдарияға сапарымызда аудан әкімі Ғанибек Қазантаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ғанибек Қонысбекұлы, соңғы жылдары Сырдария ауданында көптеген әлеуметтік мәселелердің реттеліп жатқанын білеміз. Әсіресе, ауылдар жағдайын жақсартуда ауқымды жұмыстар бар екен. Әңгімемізді осы тақырыптан бастайықшы.
– Алтын бесік саналатын ауыл жағдайын түзеу – басты назарымызда. Барлық экономикалық реформалардың негізгi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру десек, аудан халқының басым бөлігі ауылдарда орналасқаны белгілі. Бір кездері ажары кетіп, жаппай қалаға қоныс аударудан көңілге орнаған сенімсіздік пен ауыл келешегіне деген алаңдаушылық мәселелері қазір өз шешімін тапты. Елді мекендерде жаңадан ауыл әкімдігінің ғимараттары, білім ордалары, ауылдық клуб үйлері, балабақшалар, дәрігерлік-амбулаториялар салынды. Мысал ретінде, аудан орталығынан шалғай орналасқан бір ғана Іңкәрдария ауылында атқарылған жұмыстарды айтуға болады. Ауылға жаңадан әкімдік ғимараты салынып, 120 орындық клуб үйі мен дәрігерлік-амбулатория пайдалануға берілді және білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Былтыр, соңғы он жылдан бері өзекті мәселеге айналған елді мекеннің кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 291 млн теңге бөлініп, жұмыстары аяқталды. Жөндеуден өткен жолдың ұзындығы 7 шақырым, ені 7 метрді құрайды. Бүгінде Іңкәрдария ауылының халқы 24 сағат бойы таза ауызсу тұтынып отыр. Айдарлы ауылында аудандық бюджет есебінен ауылдық клуб үйі бой көтерді. Ауыл еңбеккерлері «Торпедо» қауынын егіп, өнімдері өз елімізбен қатар Ресей мемлекетіне саудаға шықты. Бұл елді мекеннің кәсіпкерлікке ден қойғанын білдіреді. Сонымен қатар, барлық ауылда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Өткен жылы егін егумен айналысатын шаруашылық құрылымдары 1 млрд 506 млн теңгеге 35 ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Шіркейлі ауылындағы жаңа мектеп пен мөлтек аудан ашылып, инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталды. С.Сейфуллин ауылында да аудандық бюджет есебінен балабақша, ауылдық клуб, орта мектептің акт залы мен кітапханасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы, айтқанда соңғы жылдары ауылдарымыздың әлеуетін көтеру бағытында біраз нәтижеге қол жеткізілді.
– Кентте салынып жатқан жаңа баспаналар, қайта жаңғыртылған нысандар, кәріз жүйелері ауданның өз кірісінен атқарылуда екен. Жалпы, Сырдария ауданы инвестиция және қосымша қаржы тарту жағынан облыстағы маңдайалды аймақ. Биыл бұл жұмыстардың бағыты қандай?
– Ерекше «экономикалық кезеңге» қарамастан соңғы жылдар ауданымыз үшін жетістіктер мен жаңалықтарға толы табысты жыл болды. Өткен жылы аудандық бюджеттің түсімі 7 млрд 496 млн теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде 4 млрд 528 млн теңге өз кірісіміз. Былтыр аудан экономикасына 52 млрд 581 млн теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге орындалды. Ал, ағымдағы жылдың үш айында аудан экономикасына 5 млрд 342 млн теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,2 процент болып отыр. Былтыр өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 1 млрд 243 млн теңгенің өнімін өндірді, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңіне 112,1%-ті құрады. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айында ауданның өнеркәсіп орындары 281,6 млн теңгенің өнімін өндірді. Биылғы басты мақсатымыз бұл – барлық әлеуметтік міндеттемелердің уақытылы орындалуы, халықтың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы болып қала береді.
– Күріш өндірісі де аудан үшін көп табыс әкеліп отырғаны белгілі. Биыл қанша көлемде өнім егу жоспарлануда? Жалпы, ауданның ауылшаруашылық саласында қандай өзгерістер бар?
– Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдағы 5 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Осыған орай, ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Агрокартасын жүзеге асырудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шара жоспарында негізгі бағыттардың бірі болып – өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және өндірісті әртараптандыру болып айқындалды. Үстіміздегі жылы бекітілген сызбаға сәйкес 29926 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде күріш – 18500, жаздық бидай – 500, жүгері – 200, мақсары – 300, картоп – 310, көкөніс – 190, бақша – 320, жаңа жоңышқа – 2906 және ескі жоңышқа 6700 гектар.
Бүгінде ауданда егін егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 6700 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 2906 гектар жаңа жоңышқа, 500 гектар жаздық бидай, 325 (108%) гектар мақсары егілді. Үстіміздегі жылдың егісіне қажетті 5180 тонна күріш тұқымы, 406 тонна жаздық бидай, 43,1 тонна жоңышқа тұқымдары дайындалды. Сондай-ақ, егіске қажетті минералдық тыңайтқыштар 12714 тоннаны құрайды.
Көктемгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС арқылы 2090 тонна дизель отыны жеткізілді. Ауданымыздың негізгі дақылы Сыр салысы болғандықтан сапалы өнім өндіру бағытында жұмыстар жалғаса береді.
Былтыр 39 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның ішінде 14 кооператив 20 өзіндік қосалқы шаруашылықтардың бірігуі арқылы құрылған. «Ақжарма Инвест» және «Ақжарма Ынтымақ» өндірістік кооперативтері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мүйізді ірі қара малының сүтті тұқымдарын көбейту бағытында 152,8 млн теңге қаржыға 1074 бас мүйізді ірі қара мал алынып, бағылуда. Сонымен қатар, «Ақжарма Инвест» кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 27 млн теңге несие алып, мал сою алаңын, ет өнімдерін өңдеу және сүт қабылдау пунктін ашу үшін құрал-жабдықтар сатып алынуда. «Ақжарма Ынтымақ» өндірістік кооперативі ет өнімдерін тасымалдау үшін рефрижератор көлігін алуға 7 млн теңге несие алды.
Ауданда ауылшаруашылық саласы бизнестің іргетасына айналған. Осы салада бағын сынап, айналысушылар қатары мол. Өйткені нарықтың талабы осы. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бастамалар мен ұсыныстар кәсіп игеремін деген жанды қолдауға бағытталған.
– Биыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланды. Бұл ретте аудан, ауылдарда кәсіппен айналысушылар қатарын көбейтуге мән берілмек. Бастаманы жүзеге асыру шаралары қалай жүріп жатыр?
– Бүгінде аудан бойынша 2081 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 10,9 %-ке өсті. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандар үлесі 73,6 процентті құрады. Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында 161 кәсіпкерлік субьектісі тіркелді.
2018 жылды облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялануына байланысты ауданда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жол картасы» бекітілді. Сонымен қатар, әрбір кент және ауылдық округ бойынша жол картасы бекітіліп, көрсеткіштердің орындалуы қатаң бақылауға алынды. Ауылдық округтердің барлығында кәсіпкерлікке қызмет көрсету кабинеттері ашылды. Онда әрбір кәсіпкер салық есебін тапсырады және аудандық кәсіпкерлік палатасы мамандарынан «скайп» арқылы кеңестер алады. Бүгінде аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Кеңесші» курсын 136 азамат тәмамдаса, «Бастау-Бизнес» курсын оқуға 170 адам тізілді. Кез келген ортада кәсіпкерлікті дамытудың ең басты әрі маңызды талабы – қолайлы бизнес ахуал құру. Негізінен, бұл шағын және орта бизнес үшін аса маңызды әлеуметтік индикатор. Бүгінде аудан экономикасы тұрақты өсуде, бұл бюджетке түсетін қаржының жалпы құрылымына да әсерін тигізеді. Сондай-ақ жеке табыстың да артуы байқалады.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша облыстық «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-нан кепілдігі толық қамтамасыз етілген 40 млн теңгенің 12 жобасы қаржыландырылды. Жыл басынан бері 15 жаңа жұмыс орны ашылды. «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы бақылаушы кеңестің оң қорытындысын алған құны 265,5 млн теңгенің 88 жобасы қаржыландырылуда. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 1 жеке кәсіпкердің жобасы «Халық банкі» АҚ арқылы 22 млн теңгеге қаржыландырылды. «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлескен жобалардың бірі «Шаған Агрофуд» ЖШС-нің мал сою алаңының құрылысы, ет өнімдерін өндеу цехын ашу, мың бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жобасы бойынша жарғылық капиталын ұлғайтуға 206,1 млн теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 57 млн теңгесі серіктестікке аударылды. Мал Қарағанды, Қостанай облыстарынан сатып алынды. Сондай-ақ, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде «Кәсіпкер» айдары ашылып, тұрғындар сала мамандарынан кеңес алып, кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуда. Жалпы, кәсіпкерлік саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жүргізіле береді.
– Өткен жылдары облыс әкімінің демеуімен аудандағы бірнеше шаруашылықтың кепілде тұрған жерлері қайтарылды. Бұл мәселелер толығымен шешіліп, тиесілі жер тұрғындарға тиген болар?
– 2004 жылдың желтоқсан айында ауыл тұрғындарының қатысуымен «С.Сейфуллин Жер» және «А.Тоқмағанбетов Жер» ЖШС-нің жалпы жиналысының хаттамалары жасалып, аталған хаттамалар негізінде құрылтай шарттары қабылданып, ауыл азаматтары өздерінің жер үлестерін серіктестіктерге салым ретінде берген. Өз кезегінде серіктестіктер барлық жер учаскелерін «Алуан-Ас» ЖШС-не сенімді басқаруға беріп, тиісті жерлер (ауыл тұрғындарының жер үлестерімен қоса), барлық ғимараттар мен техникалар «АТФ Банк» акционерлік қоғамына кепілге қойылған. Сол себепті қандай да бір іс-әрекеттер (жер үлестерін бөліп алып шаруа қожалықтарын құру, басқа серіктестіктерге салым ретінде беру) жасауға мүмкіндік болмаған. Облыс әкімінің тікелей араласуымен өткен жылы С.Сейфуллин және А.Тоқмағанбетов ауылындағы үлескерлердің жерлері кепілден босатылып, жер құжаттарының түпнұсқалары иелеріне қайтарылып, бүгінгі күні олар еш кедергісіз құжаттарын ҚР Жер Кодексінің 101-бабының талаптарына сәйкес қайта рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуіне орай атқарылып жатқан жұмыстар жайында айта өтсеңіз?
– Қай халықтың да ертеңге артар үміті көп болады. Ал енді біреу оны тек тілекпен күтсе, біреу оған жоспарлы еңбекпен, сенімді жүрекпен жетеді. Оның дәлелі – мерзімінен бұрын халқымызды биік белеске шығарған Елбасының «Қазақстан – 2030» стратегиясы. Біз үшін бұл арман мен ақиқаттың таласын, жай сөз бен нақты істің арасын айшықтаған қадам болды. Осы орайда биылғы Жолдау – біз үшін осынау ордалы ойды саралап, оның әрбір түйінін жаңалап тұрған, халық болып бірігіп, қоғам болып жұмылып атқарар ең басты құжат. Мұның өзі еселі еңбек пен тынымсыз тірліктің, ел болып жұмылған ынтымақ пен береке-бірліктің нәтижесінде келеді.
Елбасының бағдарламалық мақаласы – рухани жаңғырудың жарқын жолы. Осы маңызды мақалада заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани түлеу мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Бүгінге дейін аудан тұрғындарының қатысуымен мекемелер мен кәсіпорындарда, шаруашылық және басқа да ұйымдарда ұжымдық талқылаулар өткізілуде. Кездесулерде мақаладан туындайтын міндеттер түсіндіріліп, бірлікті, тұрақтылықты сақтауға атсалысуға шақырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау насихатталуда. Бұдан бөлек аға буын өкілдері және жастардың ұйымдастыруымен түрлі шаралар өтуде.
Елбасы мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданда «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға елімізге белгілі ғалымдар қатысып, келелі ойларын ортаға салды. Мамыр айында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының үміткері Н.Аппазовпен және жоба жеңімпазы, аудармашы, педагог-психолог С.Әбдірахмановамен жастар кездесуі өтті. «Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сырдариялық кәсіпкерлердің қолдауымен бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Тереңөзек кенті орталығындағы саябақта орналасқан ескі мешіт ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қосымша ғимараты ретінде теңгеріміне берілді. «Құрметті азаматтар» аллеясы мен «Еңбек даңқы» музейіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы аудандық бюджеттен және демеушілер есебінен ашылды. Осы мақаладан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жергілікті кәсіпкер, «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қайрат Нұрсейітов Ақжарма ауылдық пошта бөлімшесі ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 13 млн теңге қаржы бөлді. Жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
Елбасы мақаласының аясында Қызылорда қаласында өткен шараларда халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытында үнемі қаржылай қолдау білдіріп, меценаттықпен тұрақты түрде айналысып жүрген азаматтар «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алдаберген Құлбаев «Жомарт жүрек» номинациясымен және «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов «Сыр жанашыры» номинациясымен марапатталды. Жалпы, Елбасы мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру бойынша аталған жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.
– Биыл Сырдария ауданына 90 жыл. Мерейтойға байланысты қандай іс-шаралар жоспарлануда?
– Айтулы мерекеге орай үстіміздегі жылдың тамыз айының 10-11 күндері ауданда кең көлемді мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Тереңөзек кентіндегі «Парасат» алаңында ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Социалистік Еңбек Ерлерінің ескерткіш-бюсттері орнатылады. Мерейтой аясында С.Сейфуллин ауылындағы ипподромда ат жарысы өтеді. Сонымен бірге, ғылыми-танымдық конференция өткізу, ауданның өткені мен бүгінінен, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен сыр шертетін «Сырдария ІІ» кітабы шығарылу үстінде. Мерейтой аясында халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен жазушы Әбдіраш Жәмішовтің 90 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылады деп жоспарлап отырмыз. Ал, мерейтойлық іс-шаралардың екінші күні танымал ақындардың қатысуымен республикалық ақындар айтысы және бүгінде ел дамуының әр алуан саласында жемісті еңбек етіп жүрген, өмірлері өнегеге толы жерлес азаматтармен «Жаныңда жүр жақсы адам» атты аудан жастарының кездесуі өткізіледі. Мәдени іс-шаралардан бөлек, тоғызқұмалақ, шахмат, таэквандодан спорттық жарыстар да бар. Бүгінде шараның эмблемасы бекітілді және мерейтойға орай мерекелік медальдар шығарылады. Осы сұхбатты пайдаланып, «Сыр бойы» оқырмандарын дамудың даңғыл жолына түскен Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатысуға шақырамын.
Бүгінгі табысымыз қай шаруаға да – жұрт болып жұмылып, көп болып көтеріп жүргеніміздің арқасы. Елге адал қызмет етіп, ортақ мүддеге шын жанашырлық танытсақ, бітпейтін іс, алынбайтын асу жоқ деп ойлаймын.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Сырдария ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |