« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елімізде өз кәсібін дөңгелентіп отырған табысты жастар көбейіп келеді. Өйткені, ізденген жанға мүмкіндік мол. Ешқандай шектеу жоқ, керісінше ынтасы мен жігері бар жасқа қолдау көп. Бұл – қуанарлық жағдай. Осындай демеудің арқасында кәсібін көркейтіп отырған жандар біздің өңірімізде де жетерлік. Солардың бірі – студент күнінен табыстың кілтін тапқан азамат Жандос Оразмаханов. Жас кәсіпкермен тілдескен едік.
– Жандос, ең алдымен өзің жайлы айтып өтсең...
– Мен 1994 жылы Қызылорда қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. 2012 жылы №15 гимназияны бітіріп, жоғары оқу орнын арман қала Алматыда, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (МУИТ) «IT-Finance» мамандығы бойынша тәмамдадым. 2016-2017 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде информатика мамандығы бойынша магистратурада оқыдым. Барлығын ағылшын тілінде бітіріп шықтым. Мектепте оқып жүргенімде «KazGerMunai» компаниясының жолдамасын ұтып алып, Лондон, Кембридж және Ипсвич қалаларында ағылшын тілін жетілдіруге мүмкіндік алдым.
– Естуімізше, өзің 19 жастан бастап кәсіппен айналысыпсың. Іс бастауыңа не түрткі болды?
– Студент кезімде өндірістік тәжірибеден өту үшін мені банкке жіберді. Ол жердің күнделікті клиент қабылдау, қағаз толтыру секілді бір сарынды жұмысы ұнамады. Азаннан кешке дейін орындықта отырып қызмет істейсің. Содан ойлана келе, өзімнің болашағымды осы кәсіпкерлік саласы жағынан көргім келді. Алғашқы капиталды Алматыдағы Барахолка базарынан сағаттар мен наушниктер әкеліп сатудан бастадым. Сөйте келе, «Ballon D’or» футбол дүкенін аштым. Бірақ дүкен ұзақ жұмыс істемеді. Тәжірибе мен білімнің аздығынан банкрот болдым. Дегенмен, шығынға ұшырау менің меселімді қайтара алмады. Керісінше, білімімді шыңдадым, семинарларға қатысып, өзімді дамыттым.
– Қазір нақты қандай кәсіппен айналысасың?
– Бүгінде «Оразмаханов» ЖК арқылы жастардың бизнес жобаларына инвестиция бөлеміз, мемлекеттік сатып алуларға қатысып, футбол және стрит воркаут алаңдарын саламыз. «Ee_Go» деген жас вайнерлардың да продюсерімін. Ендігі жерде фото-видео студиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуға байланысты іс-шаралар өткіземін. Оған қоса Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Бизнес-Старт» орталығын басқарамын. Бұл жерде де жастарды кәсіпкерлікке баулып отырмын. Нәтиже жаман емес, 60-қа жуық студент өз кәсібін жасауда.
– Өзің секілді жастарға қандай кәсіппен айналысуға кеңес бересің? Еліміздің нарығында қандай кәсіп түрлері тиімді?
– Кәсіптің кез келген түрімен айналысуға болады. Оның ішінде әрбір адам өзінің жақсы көретін ісін, яғни хоббиін бизнеске айналдырса өте жақсы болар еді. Бұл арқылы адам шаршамайды, табыс табады әрі ләззат алады. Ескеретін бір жайт, осы сала бойынша білімді жетілдіріп отыру керек. Сол кезде бірінші болуға болады. Әсіресе, Қызылордада бизнес үшін бос орындар көп. Бізде жеңіл өнеркәсіп жағы кенжелеу қалып тұр. Қазіргі күні әлеуметтік желі арқылы да кәсіп жүргізуге болады. Ең бастысы, ештеңеден қорықпау қажет. «Тәуекел түбі – жел қайық» деген, жастар табыссыз қалмайды, табандылық танытса.
– Ал идеясы бар, бірақ қаражаты жоқ азаматтар инвестицияны қайдан тартса болады?
– Шынын айту керек, жастарда идея бар, бірақ жоба жоқ. Сол себепті ақша табу қиынға соғады. Егер идеяңызды толық зерттеп, нарыққа қажеттілігін, кірісі мен шығысын жоспарласаңыз, инвесторлар өздері тартылады. Барлығы дайын болса, «Бизнес-старт» орталығы арқылы инвесторлармен байланыстыруға дайынмын. Жақсы жобаларға қаржы құюға әзір кәсіпкерлер аймағымызда көп. Сондықтан идеяны ойға түйіп жүрмей, қағазға түсіріп, талдау жасай білуіміз керек.
– Алға қойған мақсатың қандай?
– Басты мақсатым жастардың кәсіппен айналысуға деген қызығушылығын арттырып, бір сарынды қалыптан оятқым келеді. Тек студент жастарды ғана емес мектеп базасында бизнес-инкубаторларды ашу жұмыстарын қолға алмақпын. Бизнесте адамның жасы емес, ақылы мен санасы рөл ойнайды. Сондықтан, оқушыларға әлеуеті мен ерік-жігері мықты, креативті ойлай алатын жеке тұлға ретінде қараған жөн. Осы жолдағы өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт пен сапалы бағдар бергім келеді. Сол кезде біздің елден де Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Маск және Марк Цукерберг сынды алпауыт инноватор кәсіпкерлер шығады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен,
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |