МӘМС: ТИІМДІЛІГІНЕ ТАЛАС ЖОҚ

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» - Ұлт Жоспарының 80-қадамында айтылғандай, еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметі бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі негізінде іске асырылып жатыр.Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – бұл халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Қатысушыларына уақытылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсынуды қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» құрылды. 2017 жылдың маусым айында аталған қордың филиалдары еліміздің облыстарында ресми түрде ашылды. Ал, өткен жылдың 1 шілдесінен МӘМС жүйесі бойынша тұрғындар жарна төлеуді бастады. Осы орайда  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы  бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбаттасқан едік.

– Бақыт Торғайбайұлы, міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйе­сін енгізу 2020 жылға шегерілді. Жүйені енгізудің кейінге қалдырылуы қор жұмы­сына әсер етті ме? Бүгінгі таңда қорда қандай өзгерістер болып жатыр?

– Шегерілді дегенмен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске қосуға дайындық жұмыстары жоспарлы, толыққанды жүріп жатыр. Бір жарым жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап жатқан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» бүгінгі таңға дейін түскен сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 47 млрд теңгеге жетіп жығылады. Бұдан да басқа қор тегін медициналық көмек көлемі пакеті аясында көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу бойынша қаржылық оператор рөлін атқарып, 2018 жылға ТМККК шеңберіндегі қызметтерді сатып алуды жүзеге асырды және осы жылы көрсетіліп жатқан қызметтер үшін медицина мекемелеріне шығындарды өтеумен айналысуда. Болашақта бұған әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті қосылады. Ендігі мәселе, сол екінші пакеттің қай жылы іске қосылатынында ғана.

Қорға қаржы түсіп жатыр және ол денсаулық сақтау саласына жетпей жатқан қаражаттың орнын толықтыруға көмектеседі. АҚШ, Ұлыбритания сынды дамыған елдерді айтпай-ақ, ЕАЭО-дағы жақын көршіміз Ресейді алып қарасақ, денсаулық саласына ІЖӨ-нің 3,2 процентін бөледі. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,8 процент ғана. Екі елдің ішкі жалпы өнімі арасындағы айырмашылық та аз емес. Яғни, салаға қаржы жетпейтіні даусыз. Сондықтан міндетті сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін қосымша медициналық қызметтер пакеті іске қосылып, жағдайдың біраз жақсарары хақ. Екінші жағынан, жүйені енгізу мәселесіне тежеу болып отырған проблемалар түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Бұл жерде мен өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды айтып отырмын. Біздің есептеуіміз бойынша елімізде 2,7 млн адам өзін-өзі сақтандыруы тиіс. Яғни, олар қорға ай сайын ең төменгі жалақының 5 проценті мөлшерінде жарна аударып отырмаса, болашақта сақтандыру пакетін пайдалана алмайды, олар тек негізінен шұғыл медициналық көмек түрлері енген тегін медициналық көмек пакетін ғана пайдалана алады. Қазір цифрландыру бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарламаның арқасында барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын бір-бірімен ықпалдастырудың маңызы артып отыр. Жалпы, цифрландыру бағдарламасының арқасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды барлық мемлекеттік органдардың, оның ішінде салық органдарының ақпараттық жүйелерінде өзектендіріп, олардың барлық салық түрлерін және медициналық сақтандыру жарналарын жүйелі төлеп отыруын заңдастыру МӘМС пакетін кәдеге асыру төңірегіндегі өзекті мәселелерді шешіп беретіні даусыз.

Айта кету керек, елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» бойынша медициналық көмектің екі пакеті қолданысқа енгізіледі. Оның бірі – қазір қолданылып жүрген кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек пакеті болса, екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің мойнында болатын. 2018 жылы аталған комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» биылдан бастап заңда белгіленген міндетін атқаруды бастады.

– Сақтандыруды кейінге шегеруге негізгі себеп те осы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі ғой?

– Иә. Елбасының өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың сақтандырудан тыс қалмауын қарастыру туралы тапсыр­масынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті билік органдарымен бірлесе былтырдан бері осы ауқымды мәселемен айналысып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі де салалық уәкілеттік орган ретінде медициналық сақтандыру пакетін жасап шығуы тиіс. Сөздің шыны керек, бірақ бұл шаралармен бәрін қамту мүмкін емес. Қамтылмағандар өзін-өзі сақтандыруы қажет. Алдағы уақытта осындай азаматтарға сақтандырудың тиімділігін, жарна төлеудің оңай жолдарын түсіндіру жұмыстарын күшейтпек ойдамыз. Жалпы, жарна төлеудің бірнеше жолы бар. Қазір сақтандыру жарналарын «Қазпоштаның» немесе банктердің кез-келген бөлімшесі арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар, азаматтар төлемді «Қазпошта» АҚ-ның сайты арқылы жасай алады. Болашақта оны онлайн-банкинг жүйесі мен банк терминалдары арқылы төлеу мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Қор қазір екінші деңгейлі банктермен осы бағытта жұмыс істеп жатыр.  Ең бастысы, адамдар МӘМС шеңберінде аз ғана жарна төлеп, қосымша медициналық қызметтерді алуға болатынын түсінуі қажет.

– Осы жылы «Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қорымен» келі­сім­­шарт жасасқан жекеменшік клиника­лардың саны қанша?

– Медициналық сақтандыру қоры­ның мақсаты – жақын болашақта медсақ­тандыру пакеті бойынша стратегиялық сатып алушы ретінде жекеменшік секторды қызмет көрсетуге көбірек тарту, сол арқылы медицина нарығында бәсекелестікті күшейту. Өйткені, бәсеке бар жерде сапа болады. Осы мақсатта қыркүйек айында қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуге ниетті денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Еліміз бойынша мемлекеттік тапсырысты орындауға ниетті, әрі әлеуеті жетеді деген 1600-ден астам денсаулық сақтау субъектісі дерекқорға енді. Оның 43 проценттен астамы – жекеменшік клиникалар. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Ал жекеменшік клиникалармен бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы биыл әзірге 95 млрд теңгені құрап отыр. Бұл да өткен жылдардағы көрсеткіштен 2 есе көп. Сонымен қатар, биыл алғаш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жекеменшік клиникалар қатысып отыр. Қызылорда облысы бойынша айтар болсақ, қордың дерекқорына қазір 83 медициналық мекеме тіркелді, оның 49-ы – жеке клиника, осылайша былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге, яғни 45%-ке  артып отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша 35 млрд теңгеге 68 медициналық мекемемен келісімшарт жасалды. Оның 32-і немесе 47,1 % -і жекеменшік клиникалар. Биыл кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік клиникалар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ке артты.

– Былтыр емханаларға тіркеу науқанын тұңғыш рет Медициналық сақтандыру қоры өткізген болатын. Науқан қалай өтті? Тіркеу барысында кемшіліктер болды ма?

– Өткен жылы қор тұңғыш рет медициналық қызметтерді жеткізу­шілермен, соның ішінде емханалармен жұмыс істеуді қолға алған болатын. Олармен жасалатын келісімшарт сомасы тіркелген тұрғындар санына тәуелді. Жыл басынан бері елімізде кейбір емдеу мекемелерінің азаматтар атынан тіркеу жөнінде жалған өтініштер жазып, оларды өздеріне тіркегені туралы, сондай-ақ, тіркеуден ешбір негізсіз бас тарту фактілері туралы шағымдар түсті. Қазір қор мамандары осындай шағымдар негізінде жан-жақты жұмыс істеуде. Сондықтан қазір осыны Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу туралы ұсыныс дайындалып жатыр. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, тіркеу ережесіне де толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Әрине, жаңа қызметтерді іске қосуға біраз уақыт қажет. Сондықтан қор осы бағытта жұмыс басталған кезде қосымша хабарлайтын болады. Оған дейін азаматтарды емханаға тіркеу тәртібі бұрынғыша: egov.kz порталы немесе емханалардың тіркеу бөлімі арқылы жүргізіле бермек. Тіркелу үшін жеке куәлік пен медицина ұйымы басшысының атына жазылған өтініш талап етіледі.

Сұхбатты жүргізген:

 Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 16 сәуір 2018 г. 1 086 0