«Әдепті әдетке айналдыру». Бұл – мемлекеттік қызметші ұстануы тиіс басты қағида. Ұлт Жоспарының 12 қадамына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары белгіленген Әдеп кодексінде «Мен мемлекеттік қызметшімін» деген кез келген жанның әрекеті, тәртібі мінсіз болу қажеттілігі айтылған. Бүгінде аталған кодекс аясында халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшінің әдепсіз әрекетінің алдын алуға бағытталған бірқатар шара жүзеге асуда. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаевпен аймақта бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелескен едік. – Берікбол Ұзақұлы, мемлекеттік қызметшінің беделі – мемлекет беделімен парапар. Сәйкесінше, бүгінде олардың жұмысына, іс-әрекеті мен қызметтік әдебіне бақылау қандай деңгейде жасалуда? Салаға қатысты қандай өзгеріс, жаңашылдық бар?
– Ел мемлекеттік қызметкершілердің жұмысына қарап билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Осыдан-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге артылған жауапкершіліктің маңыздылығын байқауға болады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші ең әуелі халыққа қызмет ететінін естен шығармауы керек. Халықпен байланыс орнатуда кәсібилікпен қатар адамгершілік қасиет те қажет. Әдеп кодексінде бұл мәселелерге ерекше басымдық беріліп отыр. Осыған дейін мемлекеттік қызметтегі өзгерістерді облыс тұрғындарына, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге жете түсіндіру мақсатында департамент кең көлемді ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізді. Басты жаңалық ретінде айта кетейін, биыл агенттік мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысында қолдануға қолайлы Әдеп кодексінің қойын кітапшасын, покетбук енгізді. Бұл – әдеп тұрғысындағы мәселелер туындағанда басшылыққа алынатын таптырмас құрал. Онда мемлекеттік қызметшінің қызметтік қарым-қатынаста, жұмыстан тыс уақытта қандай мінез-құлық таныту қажеттігі, әлеуметтік желіні пайдалану, БАҚ-да сөз сөйлеу, мүдделер қайшылығы кезінде өзін қалай дұрыс ұстау керектігі туралы мәселелер қамтылған. Қойын кітапшадағы мысалдар мен тұжырымдар қарапайым, әрі күнделікті алып жүруге ыңғайлы етіп жасалған. Электронды нұсқасы да қолданыста. Ең бастысы, покетбукты әзірлеу кезінде Батыс Еуропа елдерінің, АҚШ, Австралия, Грузия мемлекеттерінің тәжірибесі ескерілген. Бүгінде біз облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілімен бірлесе отырып, облыстағы мемлекеттік органдардың, аудандық, ауылдық әкімдіктердің қызметшілерімен кездесулер өткізудеміз. Мақсат – покетбукте көзделген мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлық нормаларын кеңінен түсіндіру. Өздеріңіз білесіздер, Әдеп кодексі қызметкерлерді жазалауды емес, олардың бекітілген нормаларды сақтауын қадағалауды көздейді. Ал, бұл шаралар өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің салғырттыққа жол бермеуіне септеседі.
– Мемлекеттік қызметшінің беделін көтерудің жолы көп. Еңбегіне лайықты жалақы тағайындап, біліктілігін арттыруға басымдық берілсе, іс алға басады. Оған қоса имидж дегенде мына мәселені ескеру қажет секілді. Заң аясында жауапкершіліктен бөлек, мемлекеттік қызметшінің рухани-адамгершілік дамуына да мүмкіндік жасалу керек. Мемлекеттік қызметшіге тек тапсырма орындаушы ретінде қарау – әбестік...
– Биыл агенттік кешенді жоспар бекітті. Онда мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға үлкен мән берілген. Жоспарға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта қалмауына, үстеме ақы, материалдық жәрдемақы және сыйақы беру, еңбек демалысына шығару кезінде құқықтары сақталуына және олардың тегін медициналық қызмет алу, жыл сайын медициналық тексеруден өту, спорт кешендеріне бару, үй-жаймен, жер учаскесімен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізіледі. Талдау нәтижесі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, тиісті ұсынымдар қабылданатын болады.
– Заңнама талаптарын сақтау – басты міндет. Мемлекеттік қызмет саласындағы осы талаптардың сақталуы төңірегінде тарқатып айтсаңыз.
– Жалпы, департамент өткен жылы 71 тексеру жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы 294 заңнама бұзушылық анықталып, заңбұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдарға 25 ұсыныс пен ұсыным енгізілді. Ұсыныс қорытындылары негізінде 27 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылды, 16 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Құқықтары қалпына келтірілген 16 азаматтың 5-еуі – мемлекеттік қызметші. Мәселен, ұзаған жылы департаментке келіп түскен Жаңақорған ауданы, Талап ауылдық округінің әкімі А.Шахановтың өзіне заңсыз тәртіптік жаза қолданғаны жөніндегі шағымына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесімен оған ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 37, 62 тармақтарына қайшы «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылғандығы анықталды. Осыған байланысты департамент тарапынан тексеру анықтаған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс негізінде Жаңақорған ауданы әкімдігінің тәртіптік жаза қолдану туралы өкімінің күші жойылып, А.Шахановтың құқығы қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұжымдық өтініші негізінде аталған бөлімде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында бөлім басшысы Т.Бөріқұлақовтың ҚР мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтамайтындығы анықталды. Осыған байланысты бөлім басшысына қатысты тәртіптік іс қозғалып, Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Кеңестің шешімі негізінде Т.Бөріқұлақовқа ҚР мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс беріліп, тиісті тәртіптік жаза қолданылды. Онымен қоса Әдеп жөніндегі кеңес қызметінде превентивтік шараларға да мән берілуде. Өткен жылы кеңесте қаралған 46 мәселенің 22-сі тәртіптік істерге қатысты. Оларды қарау барысында 18 қызметші әртүрлі тәртіптік жазаға тартылған. Оның ішінде 6-на Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін 2 «ескерту», 2 «сөгіс», 1 «қатаң сөгіс», 1 «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», 12-не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Тәртіптік істердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, жер заңнамасы, субсидия беру, сыйақы беру тәртібін бұзуға байланысты орын алып отыр.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан:
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».