« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Әр қылмыстық істің артындағы адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай, қызмет атқару кез келген адамның қолынан келе бермейтіні шындық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуат оқиғамен өріліп, шым-шытырық оқиғаның түйінін тарқатуда тынымсыз ой мен болжамның құшағында жүретін, өзінің тікелей міндетімен қатар басшылық қызметті де қатар алып жүрген Қызылорда қаласы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Сәрсенов Берік Жүзбайұлы жайлы сыр шертпекпіз.
Сәрсенов Берік Жүзбайұлы 1975 жылы 13 қазанда Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1996 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін тәмамдағаннан кейін 1997 жылы ішкі істер органдарына қызметке қабылданады.
1997-2000 жылдары Шиелі АІІб-нің қоғамдық қауіпсіздік тобының учаскелік полиция инспекторы болып қызметін бастап, 2002-2005 жылдары Шиелі АІІб-нің тергеу бөлімшесінің тергеушісі, 2008 жылы Қызылорда ҚІІБ-ның тергеу бөлімшесінің тергеушісі, 2013 жылы Қызылорда ОІІД-нің тергеу басқармасының алдын ала тергеу бөлімнің аға тергеушісі, 2016 жылы Қызылорда ОІІД-нің тергеу басқармасы бастығының орынбасары әрі ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс бөлімінің бастығы лауазымдарын абыроймен атқарған. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқаруда.
Берік Жүзбайұлы, бұл салада жұмыс істеп жатқаныңызға неше жыл болды? Ішкі істер органдарына қалай келдіңіз?
- Жалпы ішкі істер органында 1997 жылдан бері қызмет атқарып келемін, соның ішінде тергеу саласында істеп жатқаныма 16 жыл толып жатыр. Аталған қызметке келуімнің бірден-бір себебі, балалық арманым. Мектеп кезінде, 5 немесе 6 сынып оқитын кезім болса керек, детективті кинофильмдерді көп көретінмін. Фильм актерларына еліктеп, мен де сондай болсам деп армандайтынмын. Солардың іс-әрекеттерін қайталауға тырысып, солар не істеді, соны айнытпай жасауға талпынатынмын. Милиция формасына да қатты қызығатынмын, шен таққан аға-апаларды көріп, болашақта мен де тәртіп сақшысы боламын дейтінмін. Міне, сол арман, балалық қызығушылық осы салаға әкелді. Құдайға шүкір, қазір осы салада жүргеніме 21 жыл толыпты.
Берік Жүзбайұлы, осы қиын да жауапты қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізуіңізде қандай сыр бар? Жалпы, өзіңіздің қызметіңіз жайында айтып беріңізші?!
- Бүгінгі бәсекеге қабілетті, нарықтық заманда қандай да болмасын мамандықтың нағыз майталманы, білгірі болмасаң қызмет атқару қиын. Соның ішінде тергеу саласында талап пен жауапкершілік өте жоғары. Өйткені жәбір көрген азамат алдыңа көмек сұрап келгенде, оның талаптарын заңды дұрыс қолдана біліп орындамасаң, тергеушінің өз жауапкершілігі қаралады. Сонымен қатар, ол сенің тергеуші деген атыңа кір келтіріп қана қоймай, жалпы тәртіп пен заң жолында қызмет етіп жүрген әріптестеріңе, бүкіл жүйеге күйе болып жағылатыны тағы бар.
Сондықтан, бірінші кезекте тергеуші сауатты, жан-жақты, заман талабының сұраныстарына бейімделген, жаңа редакциядағы да, бұрынғы қолданыстағы да заңдарды толық меңгерген, үнемі ізденісте жүретін тұлға болу қажет. Екінші талап, тергеуші адамдармен жұмыс атқарғындықтан, психолог болып, алдында жауап беріп отырған адамның сөйлеу мәнеріне, әрекетіне қарап оған баға беріп, шындықты не жалған айтып отырғанын пайымдап, сезе білу керек. Үшіншіден, тергеушінің қызметі инемен құдық қазғандай десе де болады, яғни ерінбей, талмай жұмыс атқару керек.
Ең басты талап, өз қызметін адал атқарып, қызметінде бұрмалаушылық пен заңсыздықтарға бармау. Өзім осы қағидаларды ұстандым, қазіргі көрсеткішке қол жеткізудің де сыры осында деп санаймын.
Тергеу қызметіндегі жұмысқа деген талпыныс беретін жағдайлардың бірі – ол өндірісіңдегі қылмыстық іспен түпкілікті шешім қабылданып, тараптардың, әсіресе жәбірленуші жақтың ризашылығын, алғысын алған сәт деп есептеймін. Осы кезде иығыңнан ауыр жүк түсіп, жеңілдеп қаласың. Одан кейін қоғам болғандықтан қылмыс деген тоқтамайтыны заңдылық. Келесі іске көшіп кетесің, яғни үнемі жұмыс, бір күнің екінші күніңе ұқсамайды. Осының бәрі жігерлендіріп, алға жетелейді.
Ең алғаш тергеген ісіңіз есіңізде ме?
- Полицияда тергеу саласы жауапты қызмет болғандықтан, қызметке алғанда бірден тергеушілік қызметті ұсынбайды. Бірнеше жыл кәсіби біліктілікті жинақтау үшін басқа қызмет салаларында жұмыс істеуің қажет. Менің өзім де сол дәстүрмен алдымен учаскелік полиция инспекторы болдым. Одан кейін кезекші бөлімінде, басқа да қызметтерде болып, кезекші бөлімінің бастығы қызметінен ауыстым. Ол кезде мен Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде қызметтемін. 2002 жылдары компьютерлік техникалармен енді қамтамасыз етіліп жатқан кезең. Ауданда кезекші бөлімі бастығы болумен қатар штаб бастығы қызметін қатар атқардым, сондықтан ең соңғы үлгідегі компьютер менде болды. Ал сол қызметтен тергеуші болып ауысқанымда кезекші бөлімі бастығына ешкім қызметке келе қоймады. Сөйтіп, 2-3 айдай екі қызметті қатар алып жүруге тура келді. Әлі есімде, тергеудің басшылығы сол компьютері бар деп санаған болу керек, 6-7 сынып оқитын жасөспірім балаларға қатысты 6 эпизодты істі беріп қойды. Ал ол балалардың ата-аналары ішімдікке салынып, ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамайтындары белгілі болды. Сөйтіп, сол іс біткенше сол жасөспірімдердің әкесі болдым. Күнделікті тамағы, жүріп-тұруы менің мойнымда. Кәмелетке толмағандарға қатысты істе міндетті түрде психиатриялық сараптамадан өткізу керек. Ол сараптама тек Қызылорда қаласында. Төртеуін ертіп алып, қалаға баратынмын. Нәтижесінде жаңағы балаларға әбден бауыр басып қалдым. Одан кейін де бірнеше рет іспен өтті. Маған өздері кінәларын мойындап келіп тұратын болды. Кейіннен, шамасы 2016 жылы болу керек қала орталығында аялдамада тұрсам, сол балалардың біреуі жігіт болған, жүгіріп келіп, амандасып, жағдай сұрап жатыр. Өзінен жөн сұрағанымда, отбасылы болып, қалаға көшіп келгенін, балалықты қойғандығын айтты. Қуандым, полиция қызметкері, ең бастысы қарапайым адам ретіндегі міндеттерімді абыроймен, адал орындағанымды ұқтым. Себебі, олардың кіналарын дәлелдеп, жаза беріп қана қоймай, олардың тұлғалық, азаматтық болмысын сақтап, болашаққа деген сеніміне селкеу түсірмегенімді түсіндім.
Жалпы, қазіргі таңда қандай қылмыс түрлері жиі орын алып жатыр? Және осы қылмыстардың көбеюіне не себеп? Азайту үшін не істеу керек?
- Ең көп кездесетін түрлері, меншікке қатысты ұрлық пен алаяқтық қылмыстары. Мүліктік сипаттағы қылмыстар болғандықтан тыйылуы мүмкін емес қылмыстар, дегенмен оларды тоқтату мақсатында бірнеше шаралар атқарылуда. Қылмыстың алдын алу бірінші кезекте жергілікті полиция мен әкімшілік полицияның міндетінде, қылмыспен күрес ортақ жұмыс болғандықтан бірлесіп қызмет жасалуда.
Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. Халық арасында «Әр жетістікке жеткен ер адамның артында әйелі тұрады» деген қанатты сөз бар ғой. Осымен келісесіз бе? Әйеліңіз күндіз-түні созылатын жұмыс жүйесіне қалай қарайды?
- Толықтай келісемін. Адам екі нәрседен қателеспеу керек дейді ғой, біріншісі – жар таңдауда, екіншісі – мамандық таңдауда. Қазіргі жағдайыма қарап отырып, осы екі нәрседен де қателеспегеніме толықтай сенімдімін. Себебі, келіншегімнің түсінігі өте жоғары, шаңырақ көтергенімізден бергі 19 жыл уақыт ішінде менің жұмысыма, отбасыма көп уақыт бөлмейтініме кінә тағып көрген емес. Отбасы шаруаларымен де, бала тәрбиесімен де өзі айналысады. Үйге қашан келсемде, үй жинаулы, тамақ істеулі, киімдерім үтіктеулі, балаларымның жағдайы жасаулы. Менің тек үйге барғанда тамақтануға және ұйықтауға әлім жетеді. Ал қолым сәл босай қалған уақытта барлық уақытымды балаларыма және отбасыма арнауға тырысамын.
Қанша балаңыз бар? Балаларыңыздың әке жолын қусам деген мақсаты болса, қалай қарар едіңіз?
- Құдай шүкір, қазіргі таңда 4 балам бар, үш қыз, бір ұл. Балаларымның әр таңдауын қолдаймын. Бағыт-бағдар көрсетіп, әкелік ақыл-кеңесімді беріп отырамын, алайда жүректері шын қалап тұрған мамандықты таңдауларына қарсы шыға алмаймын. Себебі ол олардың таңдауы. Тіпті полиция қызметкері болам десе де, қолдау көрсетуге әзірмін.
Сізге көп рақмет. Мазмұнды әрі мағыналы сұхбат болды. Қорытындысында, ішкі істер органдарына орналасып жатқан жас мамандарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
- Жас мамандарға айтар кеңесім, ең бірінші өз арыңның алдында таза болу, антқа адалдық таныту, білімді, сауатты болу. Сонымен қатар, психолог бола білу, алдыңдағы қылмыскердің жан-дүниесін түсініп, әр іс-әрекетін, ым-ишарасын бағамдай алу. Әр уақытта аянбай еңбек ету, себебі маңдай термен келген нан ғана тәтті болатынын ұғыну қажет. Сондықтан қаншама адам саған сеніп отырғанын жан дүниеңмен ұғынып, әр атқарған ісіңді жауапкершілікпен соңына дейін жеткізіп, тәртіпке бағынған жағдайда ғана жақсы жеткістіктерге жететіндіктеріне күмәнім жоқ. Алайда, ең бастысы адамгершілік принциптерін ұмытпау қажет.
Сұхбатыңызға үлкен рахмет. Сізге зор деңсаулық, еңбегіңізге береке тілейміз.
Қызылорда ҚІІБ баспасөз қызметі
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |