Наурызда дала демократиясы көрініс тапқан

Наурыз – Абай айтқандай, «қырдағы елдің ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп», бір жасап қалатын көктем мерекесі. Жан сарайымызды тазартып, елдің бір-бірінен кешірім сұрайтын жаңару мейрамы. Жаппай наурызкөже ішетін емес, жер-жаһанды шуаққа, адамзатты мейірімге бөлейтін күн. Наурыздың шығу тарихы, мән-мағынасы  қандай? Біз «Рухани жаңғыру» орталығының «Рухани қазына» бөлімінің меңгерушісі, ақын, түркітанушы Серікбай Қосановпен наурыздың ерекшелігі, тарихы, қасиеті туралы әңгімелестік.


Серікбай Қосанов:


– Наурыз мейрамын жыл сайын бір сценариймен қарсы алып, көже ішіп, шапан киюмен шектелетіндер көп. Бұл 62 жыл бойы Наурызды жаппай тойламаудың әсері де болар. Бір сұхбатыңызда «Наурызды қазақтар тоғыз күн тойлаған, арнайылап өгіз сойған» депсіз. Тарқатып айтыңызшы... 

– Наурыз мерекесі – қазақ үшін қасиетті күн. Бабаларымыз табиғатпен етене өмір сүрген. Мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі халық табиғаттың  құпиясын жұлдыздарға қарап анықтаған. Наурыздың алғашқы қасиеті, күн мен түн теңеледі. Жан-жануар оянып, жер бусанып, мал төлдейді. Жыл құстары келе бастайды. Сондықтан Наурыз қасиеті қыстан аман шыққан халықтың күн шуағымен, жаңа күнмен кездесуі, ағайынның жүздесуі. Бұл күні «Самарқанның көк тасы жібиді» деген ұғым бар. Сол уақыт – Алланың, ескіше Тәңірдің мейірімі түскен күн. Сондықтан түркі халықтары, жалпы Шығыс халықтары үлкен мереке етіп тойлаған. Әлгінде айтқан, өгіз малына қатысты мифтер әсіресе, үнді, грек, түрік, парсы тілдес халықтармен байланысты. Көне түркілердің мифтері бойынша қара жерді өгіз көтеріп тұрады. Күн мен түн теңескен уақытта шаршаған көк өгіз жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырады. Сол кезде тіршілікте өзгеріс пайда болып, жаңа жыл келеді. Табиғатқа қатысты осы түсінік наурыздың қалыптасуына себеп болған. Бұл күні түркілер өгіз сойған. Кейіннен Ислам дінін ұстанған халықтар Аллаға мінәжат етіп, тасаттық береді. Тасаттық үшін құрбандыққа өгіз шалған. Бұл ислам мен ескі Тәңір ұғымдарының бір-бірімен байланысуы. Ерте кезде қазақтар бір Тәңірге сыйынып өмір сүрген. Обал, сауапты насихаттаған. Наурыз күні дастархан қаншалықты мол болса, соншалықты ырыс келеді деп сенген. Бұл мейрам ізгі қасиеттерді біріктіреді. Айталық, адамдардың бір-бірімен көрісуі, бұрыннан реніші бар адамдардың кешірім жасауы, бір-бірін құттықтауы.

Наурыздың кезінде байлар наурыздама берген. Наурыздамада малы көп байлар шүлен тартқан. Шүлен – байлықтың бір бөлігін кедейлерге садақа ретінде тарату, қайырымдылық іс.

– Наурызда дін мен дәстүрдің байланысы ерекше болған секілді...

– Иә, байлардың шүлен тартуы исламдағы садақа беру дәстүрімен астасып жатыр. Бұл мерекенің исламға қайшы еместігінің дәлелі. Үлкенге сәлем беру, құттықтау, көргенділік, бауырмалдық қасиеттер осы наурызда ұлықталған. Дала демократиясы осы наурызда көрініс тапқан. Бұл күні бай да, кедей де бір табақтан ас ішкен. Түркілердегі дәстүр бойынша патшалар билігін сол күні кедейлерге берген. Бұл «күн мен түн теңелді, бай мен кедей де теңелді» деген ұғымды білдіреді. Наурыз мерекесінде жұмыс істемейді, үлкен жұмысты бастамайды.

Наурыздағы ескі ұғымдардың бірі бүкіл даланы Қызыр ата аралап жүреді. Халық Қызыр бір үйге кірсе, ол үйге бақ дариды деп есептеген. Бірақ Қызырдың келгенін ешкім көрмейді. Тек Қызырдың келгенін қасиетті адамдар сезетін болған. Соған байланысты, «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген тәмсіл сөз бар. Үйге адамдардың көп келгені жақсы, солардың бірі Қызыр ата болуы мүмкін деп ел сенген. Ислам дінінде Қызыр Ілияс пайғамбар бар. Бұл – көптеген діни кітапта аты аталған пайғамбардың бірі.

 Этнограф Жағда Бабалықтың айтуынша, Наурыз ғұндардың кезінде де тойланған. Ғұндар күн мен түн теңелген кезде таудың басына шығып, қолдарын көкке жайып, Тәңірден тілек тілеген. Абыздары, одан кейін тайпа өкілдері 365 қобызбен күй тартып, әр күнге бір күйді арнаған. Одан кейін Наурыз мерекесі басталады.

Наурыздың ерекше белгісі – көже қайнату. Көже жеті түрлі дақылдан жасалады. Бұл астан көршілер, ағайын-туған, құдайы қонақтар дәм татқан. Алладан береке тілеп, дұға еткен.

Наурызға қатысты мына аңыз Нұқ пайғамбармен байланысты. Осыдан-ақ бұл мейрамның өте ежелден тойланғанын байқаймыз. Топан су басқан кезде Нұқ пайғамбар аман қалған адамдарды, жан-жануарлардың бір-бір өкілдерін кемесіне тиеп, мұхитты кезген. Алты ай суда жүзіп, Қазығұрт тауына тоқтағанда, қуанған халық қазан көтеріп, той жасайды. Арабша мұхарам айының оны біздің жұлдыз есебімен қамал айы. Нұқ пайғамбар заманынан келе жатқан мерекенің аты Шығыста ашура деп аталады. Қазақтар мұны Бұқар есебі деп атап, Григориан күнтізбесіне өткенше пайдаланып келген. Наурыз ескіше үт жұлдызы мен қамал жұлдызының тоғысуы кезінде пайда болған. Үт айы ескіше ақпан айына, ал қамал айы наурыз айына сәйкес келеді.

– Қамал дегеніміз амал айы ғой. 14 наурызда амал мерекесі келді деп тойладық емес пе? 

– Арабша амал, парсыша қамал деп айтылады. Қазақтар амал деп те, қамал деп те айтқан. Амал мерекесі осы жұлдыздардың тоғысуы кезінде тойланған. Ескіше 13-нен 14-не қараған түні, жаңаша 21-22 наурызға дәл келеді. Жұлдыз аттарын қазақтар қаңтардан бастап амал, сәуір, саратан, зауза, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс және жәді, үт деп атайды. Үт айы келген кезде, жаңаша ақпанның 14-і келгенде «үт келді, құт келді» дейді. Сыр бойындағы қазақтар үшін үт келген кез жаздың жақындап қалғанын білдіреді. Ал Арқадағы қазақтар үшін «үт келді, жұт келді» деген сөз бар. Оларда әлі қыстың бітпеген уақыты. Бекасыл деген атақты әулие, ғалым ХІХ ғасырда былай деп жазыпты: «Көк қарға он бесінде келер, жиырма екісінде күн мен түн теңелер. Қамал мен сәуір отыз бірінде келер. Сәуір келгенде бәбісек келер. Жыл жақсы болса, оншақты күн бұрын шақырар». Бұл кісінің айтқан он бесі наурыздың он төртіне шамалас келеді. Көк қарға келгеннен кейін, күн жылып, күн мен түн теңеседі. Күн мен түннің теңесуі әр аймақта әртүрлі. Маңғыстау елі 14-інен бастап тойлайды.

Кеңес үкіметі Наурыз мерекесіне 1926 жылы тоқтау салды. Тек 1988 жылы қазақтар қайта құру кезеңінде Наурызбен сағынып қауышты. Биыл наурыздың оралғанына  30 жыл.

– Наурыз мейрамын қазақ ойшылдары қалай бейнелеген? 

– Наурыз туралы деректер Шығыс данышпандары Бируни, Науаи, Фердауси, Омар Хайямның кітаптарында бар. Абай, Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім мұраларында айтылады. Абай: «Бұл күнде жазғытұрым мейрам болып, Наурыздама қыламыз деп тамаша қылған екен. Сол күнді Ұлыстың ұлы күні деп атаған» десе, Ахмет Байтұрсынов «Наурыз – қазақша жыл басы. Біздің жаңа жылымыз марттың басы болсын, ортасы болсын, мартта болса жаңа жыл деп айтуға лайық» дейді. Ал Міржақып Дулатов «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мерекесі. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы ету айырықша сыйымды, айырықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше тоғызында, жаңаша 22-де күн мен түн теңеледі. Қыс өтіп, жаз келіп, шаруа кенеледі» деп жазған. Ал Мағжан Жұмабаевтың мақаласында «Қазақ жаңа жылы – жазғытұрым күн мен түннің теңелген күні 22-март. Жаңа жылдың ертеңіне жарық күн қараңғы суық күннен ұзара бастайды. Бұл ретте қазақ жаңа жылы ғылым қойнына да басып кіріп қалады. Наурыз әулие, әмбиенің аты болмаса керек. Сондықтан қазақтың Наурызы дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы. Шаруашылық мейрамын ғылыммен тұрмыспен байланыстырып, қоғамға пайдалы іс жасайтын күн. Ауыл адамдарымын ұйымдастыратын мейрам ету керек» дейді.

Мағжанның айтып тұрғаны да осы қазіргі наурыздағы істейтін амалдармен сәйкес келеді. Наурызда көшеге тал егу дәстүрі бар. Өнерлі балаларға бата беріледі, ат шаптырылады. Бәйге беріліп, қыз қуу ойналып, көкпар тартылады. Мал төлдейтін кезде күзеттегі қыз бен жігіттер ұйқыашар деген тағам ішкен. Селтеткізер дәстүрі орындалған.

Наурызды 2008 жылы Президент мемлекеттік мереке ретінде мерекелеу туралы қаулы қабылдады. Ол 2009 жылы Парламент Мәжілісінде бекітілді. Наурыздың мейрам ретінде тойлануы үшін Елбасы, сондай-ақ қоғам қайраткері, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Жағды Бабалықов, ғалымдар, қаламгерлер, ақсақалдар еңбек еткенін айта кету керек.

– Мәшһүр Жүсіп «Наурыздың келгенін адамнан – қойшы, жан-жануардан балық пен Самарқанның көк тасы бірінші сезеді» дейді. Наурызға әз сөзінің қосылып айтылуы қойға қатысты делінеді. Бұл туралы сіз не айтасыз?

 – Мәшһүр Жүсіптің «Мес» кітабында солай айтылады. Дегенмен, әз бірнеше мағынада айтылады. Әз – арабтың, ғазиз, мәртебелі, ұлық деген сөзі. Шығыстанушы ретіндегі менің ойым, ұлық деген мағынада қолданылған. Ғазиз – Алланың 99 есімінің бірі. Аллаға тән нәрсе. Билеушілер де Алланың көмекшісі деп, түркілерде елге еңбегі сіңген хандарға әз сөзін құрмет ретінде қолданған. Қазақ өзінің ел билеген қайраткерлерін Әз-Жәнібек, Әз-Тәуке деп атады. Наурыз мейрамына құрмет ретінде Әз-Наурыз деп атаған.

– Байқасақ, наурыз туралы Роза Рымбаева айтатын «Наурыз айы туғанда...» әнінен бөлек кең таралған ән жоқ. «Бабалар сөзі» 100 томдығының 2 томы қазақтың қара өлеңі. Ән болып таралып, халыққа жеткені бар ма? Жалпы, қазақ наурызда қандай ән шырқаған? 

– «Бабалар сөзіндегі» қара өлеңдердің көбі халық әндері. Бірақ ән болып жеткенін естігенім жоқ. Наурыз кезінде халық әндері шырқалған. Әсіресе, кең таралғаны – Наурыз айтысы. Жастар айтыста табиғат құбылыстарын, халықтың тұрмысына қатысты мәселелерді қозғаған.

– Өзіңіз М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан «Рухани жаңғыру» орталығына келдіңіз. Қазір «Рухани қазына» бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

– «Рухани жаңғыру» орталығының ашылғанына көп болған жоқ. Рухани жаңғыру бағдарламаларының кіші бағдарламалары: рухани қазына, білім және тәрбие, ақпарат толқыны, атамекен. Рухани қазына бағдарламасының базалық бағыттары бойынша «туған жер», «қасиетті Қазақстан» және «Қазақстанның мәдени жетістіктері» туралы түрлі жобалар, іс-шаралар қолға алынуда. Ұлттық ойындар да біздің назарымызда. Қазақ күресі халықаралық деңгейге шықты ғой, асық ойыны да осы деңгейге көтеріледі деген үміт бар. Жалпы, ұлттық ойындар жаңғырады. Заман дамыған сайын біз ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалуымыз қажет. Кезінде біздің институт ғалымдары әзірлеген 100 томдық «Бабалар сөзінің» ішінде қазақ тілінің, фольклоры, этнографиясы мен мәдениетінің қаймағы жатыр. Соларды кейінгі ұрпаққа аманат ету біздің – парызымыз.

 – Сұхбат үшін рақмет!


Әңгімелескен: Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 24 наурыз 2018 г. 1 382 0