Зерттеуші-ғалым, географ Ш.Уәлиханов халықтың кемеліне жетіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек екенін айтады. Оның біріншісі бізде бар. Ал халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін дүние – білім болатын болса, қазақ елінің өзге елдермен терезесінің теңдігіне де ешкім дауласа қоймас. Себебі, қазіргі білім саласындағы жаңа бағдарламалар мен өзгерістер озық технологияларды меңгерумен қатар ұлт болашағының дамуына бағытталған.
Осы орайда білім саласындағы бағыттар мен реформалардың орындалуы жөнінде №264 Т.Есетов атындағы мектеп лицейінің директоры Ұлболсын Махановамен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Ұлболсын Ибрайханқызы, әңгіменің ауанын мұғалімдікке қалай келгеніңізден бастасақ.
– Еңбек жолымды Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Сол сәтте мектеппен қатар институтта физика пәнінен дәріс оқыдым. 4 жыл шалғай ауылда да ұстаздық еттім. Уақыт өте келе информатика пәні мұғаліміне сұраныс көбейе бастады. Ақпараттық технологияны меңгеру үшін осы салаға бағытымды бұрдым. Бүгінгі күнге дейін информатика саласындағы білімімді жетілдірумен келемін. 2014 жылы білім беру жүйесіндегі ақпараттық ІТ технологияларды пайдалануға байланысты Болгарияда, 2015 жылы Қазан қаласында өткен «Информатика пәнінен олимпиадаға дайындаудың тиімді жолдары» атты тәжірибе алмасу семинарларында болып қайттым. Осындай семинар-тренингтерде ұққан-түйген білімімді оқушылардың санасына сіңіру үшін жұмыс жасаймын. Менің қызметтегі һәм өмірдегі миссиям осы.
– Үш тұғырлы тіл білім саласының басты жаңалықтарының бірі деп айтсақ қате айтқанымыз болмас. Сіз басшылық ететін білім ордасында бұл реформа қалай жүзеге асуда?
– Қызмет барысында көптеген жерде басшылық жасадым. Қай жерде болмасын ең бірінші мұғалімдердің білім деңгейімен баса мән беремін. Ұстаздың теориялық білімінде ақсақтық болса, онда оқушыдан да көп нәрсе күте алмаймыз.
Мектебімізде физика, информатика, химия және биология пәндерінен үш тілде дәріс беретін мұғалімдеріміз бар. Әр педагогикалық кеңесте ұстаздарымызға ата-аналар алғыстарын жеткізіп жатады. Сондай мұғалімдердің бірі Салтанат Асқарова. Физика маманы ағылшын, орыс тілдерін жоғары деңгейде меңгеріп, жақында Кореяға да барып, білімін шыңдап келді. Сәйкесінше ұстаздың 200 пайыздық мөлшерлемеде жалақысы өсті.
Білім ордаларында қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін біріктіре алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушы-субьектінің ізденісіне, яғни, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз.
– Қазіргі таңда балалардың тең құқықта білім алуы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Инклюзивті білім беру бағдарламасы сіздерде қалай жүріп жатыр?
– Инклюзивті оқыту – оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады.
Қазіргі таңда мектепте 23 мүмкіндігі шектеулі оқушы білім алады. Оның ішінде тіл мүкістігі бар, ақыл есі баяу дамитын, аутизммен ауыратын балалар да бар. Мүгедек бала қарапайым 3 оқушының көлемімен өлшенеді. Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан бала білім алатын сыныпта оқушы саны 23-тен аспайды. Бұл ерекше балалармен сабақтан соң жоспарлы түрде дефектолог, психолог, логопед, әдіскер сияқты 7 маман жұмыс жасайды.
Өткен жылы инклюзивті оқыту бойынша 3 сыныпқа бір оқушы қабылданды. Ақыл-ойында ауытқушылық болғасын болар, сабақ үстінде айқайлап немесе терезеге қарай жүгірген сәттерін де көрдік. Нәтижелі жұмыстардың арқасында қазір оқушы өзін бірқалыпты ұстайды. Мүсін жасауға икемді болғандықтан сол өнерге баулыдық. Еңбектің жемісі деген осы болар.
Аталған бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ