Жарты ғасырдан бері қазақ тілінің тазалығы, құнарлығы, шешендігі сияқты қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңірумен келе жатқан Дариға Тұранқұловамен біз Сыр еліне сапары кезінде жолықтық. Өзі армандаған актерлікті үздік бағаға аяқтаса да, ұстаздық жолға бұрылған Дариға апа бүгінде – Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
– Дариға апа, актерлікті бітіріп, ағартушылыққа қалай ауысып кетіп жүрсіз?
– Бұған бірден-бір себепкер – марқұм ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рабиға Қаныбаева. Мен 1970 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын қызыл дипломмен бітірдім. Ол кезде бізді жұмысқа ректорат пен министрлік өздері бағыттап отыратын. Оқу бітірер тұста курс жетекшім болған Рабиға Мұқайқызы мені ректоратқа шақыртып, консерваторияға жұмысқа алып қалғысы келетінін айтты. «Сен жақсы актриса болумен қатар, теорияға да өте бейімсің. Бізге театр актерларының сөйлеу шеберлігін арттыруға үлес қосатын сен секілді мамандар керек», – деді ол. Бір жағынан Алматыда актрисалар жеткілікті болды. Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Зәмзәгүл Шарипова, Торғын Тасыбекова секілді маңдайлалды дарын иелері көрермен көзайымына айналған еді. Актерлікті армандап келіп, арманым қол жетерлік жерде тұрса да, үлкеннің сөзінен аттап кете алғаным жоқ. Сөйтіп, оқу бітіре салысымен Рабиға Мұқайқызының кеңесімен қазақ топырағында сол кісі өзі бастап негізін қалаған сахна тілі кафедрасына мұғалім боп жұмысқа орналастым.
– Өмір бойы адамның өз дегені бола бермейді екен-ау...
– Иә, Рабиға Мұқайқызының өзімен әріптес болуды ұсынуы менің өмірімді күрт өзгертті. Бірақ ол кісі сахнадан біржола қол үзіп кетпеуімді қалады. Осылайша Назым Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Мехменебануды, Әбділда Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майраны, Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлікті, Николай Гогольдің «Үйленуіндегі» Фекла Ивановнаның рольдерін сомдадым. Кино өнерінде де бағымды сынап көрдім. Өзбектің «Сүйінші», қазақтың «Алпамыс мектепке барады» деген көркем фильмдерін қазақ тілінде сөйлетуге атсалыстым. Жастармен араласып жүріп те біраз нәрсе үйрендім. Ұстаздық жолда үлкен тәжірибе жинадым.
– Қазақтың маңдайына біткен талай талант сіздің тәрбиеңізді көріп, тәліміңізді алған екен. Кімдермен мақтанасыз?
– Мені консерваторияға алып қалғаннан кейін оқытушылық бағытта білімімді жетілдіруге тура келді. Осы мақсатта елдің сол кездегі орталығы – Мәскеу қаласындағы беделді оқу орындарында оқуымды жалғастырдым. Ресей театр өнері институты мен Михаил Щепкин атындағы театр училищесінде танымал тіл мамандары мен ғалымдарының мектебінен өттім. Жиған-терген тәжірибемді Алматыға келіп, жастармен бөлістім. Алғашқы шәкірттерімнің қатарында Қазақстанның халық артистері, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Құдайберген Сұлтанбаев, Меруерт Өтекешова, Уәйіс Сұлтанғазин, Лидия Қаденова, Қызылорда облыстық театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмігүлсім Бегімова сынды хас таланттар бар. Тізбектей берсем, таусылмайды. Олардың мықтылығы, кісілігі сол, барлық жұмысты, мәселені ақылдасып жүріп бітіретінбіз, шешетінбіз. Сабаққа берілген уақыт жетпей қалған күндері аудиторияда түн жарымына дейін отырамыз. Осындай бейнетті еңбек біздің ұстаздық тәжірибемізді дамытты.
– Болашақ актерларға арнап бірнеше оқулық та жазыпсыз...
– Оқулық – кез келген ұстаздың көмекшісі. Онсыз аудиторияда бостан-босқа сөйлеп кеткендей боласың. Оқулық жазу ісімді «Сахна тілі» деген кітабымды шығарудан бастадым. Оны ғалымдар дұрыс қабылдап, оң бағалады. Республикаға кеңінен таралып кетті. Артынша ұстазым Рабиға Мұқайқызының кеңесімен «Көркемсөз оқу шеберлігі» атты еңбегім дүниеге келді. Үшінші кітабым «Сырлы сөз – сахна сәні» деп аталады. Ол болашақ театр актерларының тілдік шеберлігін арттыру мақсатында техникалық жаттығулардан құралған. Өзім аралас-құралас болған Әшірбек Сығай, Маман Байсеркенов, Есмұхан Обаев, Асанәлі Әшімов сынды мықтылардың дәрістерін негізге ала және қазақтың эпостарын, монологтарын қамти отырып, кейін «Сахна тілі» оқулығының жаңа нұсқасын өмірге әкелдім. 2015 жылы шығармашылық әрі ұстаздық жолдағы 50 жылдығыма байланысты осы кітаптарымды төрт томдыққа айналдырдым.
– Дариға апа, саналы ғұмырыңызды арнаған сахна тілі деген не?
– Мәдениет, әдебиет, өнер, саясат және тағы басқа да мәселелерді уағыздайтын, халықтың санасына сіңіріп, ұрпақты тәрбиелейтін – дәл осы сахна тілі. Ол адамның жүрек сезімін шертетін, оны қуанышта да, қайғыда да тәрбиелей алатын құдіретке ие. Аталған пәннің негізін қалап, дамытқан уақыт ішінде тіліміздің таза, тамырымыздың терең, тарихымыздың бай екеніне көзім жетті. Жүргенов академиясында 20 жылдан бері ұстаздық қызметтемін. Кейде маған атқарған жұмысымыз теңізге тамған тамшы сияқты болып көрінеді. Жастардың тілдік нормаларды бұзып сөйлеуі, арзан сөзге құмарлығы қазақ тілінің құнарлығын кемітіп жіберді. Бұл бізге ой салуы тиіс. Әзірге тіл тазалығын тек театрдан байқап жүрміз.
– Сонда қазақ телевидениесі мен радиоларында жағдай қалай? Халықты тәрбиелеуде экран мен эфирдің бір кісідей үлесі бар екенін білеміз...
– Турасын айтып, туғанына жақпай жүргендердің бірімін мен. Экрандағы, эфирдегі тілдің жағдайы өте төмен. Осыны шырылдап айтсам, мені ата жауындай көреді. Шындықты бетіне шұқып көрсеткенді кім жақтырсын?! Тіл тазалығына бейжай қарамайтын мықты теле-радиожүргізушілер бар. Бірақ олар саусақпен санарлықтай. Бүгінде микрофон тізгіндегендердің, оның ішінде әншісі, артисі, журналисі бар – бәрі жүргізушілер мектебінің қыр-сырынан бейхабар. Олар көрерменге өздерін ғана ұсынуға бейім. Мысалы, Сәбира болса, ол аудитория үшін өзінің түрі, бұраңдап отырғаны, күлгені ғана маңызды деп ойлайды. Мұның экран әдебіне сай келмейтінін ескермейді. Оның үстіне, көбі қазақ тілінің ережелерін мен заңдылықтарын дұрыс білмейді әрі сақтамайды. Үндестік заңын мүлдем бұзып сөйлейді. Олардың айтатын ойын тиянақтап алмастан эфирге, экранға шығуы қатты қынжылтады. Жұтаң дауыспен, үзік-үзік деммен сөйлегенде өзің ұяласың. Тілінің сақаулығы бар біреулер де бағдарлама жүргізіп жүр. Ондайларды телевидение мен радиоға мүлдем жолатпау керек. Өйткені бұл ТВ «тәрбиелеген» ұрпақты бұзады. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Бізге оқуға келген жастардың көбі теле-радиожүргізушілерге, артистер мен әншілерге ұқсағысы келеді, еліктейді.
– Сізге рахмет.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».