« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазіргі таңда полиция мамандығы тек ер адамның жұмысы ғана емес. Құқық қорғау органдарында ер адамдармен иық тірестіріп қызмет етіп жүрген әйелдер қауымы жетерлік. Олар жүктелген күрделі міндеттерге, зор жауапкершілікке, күндіз де, түнде де жалғасатын жұмыс жүйесіне қарамай, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасты, нәтижесінде аналық, әйелдік, келіндік міндеттерімен қатар, полиция қызметкерінің міндеттерін де абыроймен атқарып келеді.
«8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында, оқырмандардың назарына қауіпсіздік пен тыныштық күзетінде жүріп, халықтың құқығы мен бостандығын қорғауда алдыңғы сапта көрінетін, қатаң тәртіпте қызмет етсе де, өздерінің нәзіктігі әрі жұмсақ жүректілігін сақтай білген полиция қатарындағы арулар жайлы сыр шертпекпіз.
Тергеуші болу – қиын емес! Әрине, егер сіз өз мамандығыңызды жақсы көріп, өзіңіздің атқарып отырған ісіңізден ләззат алатын болсаңыз! Дәл осы принциппен әңгімеміздің кейіпкері – Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы Тергеу бөлімінің тергеушісі полиция майоры Дюсенбаева Әйгерім өмір сүреді.
Дюсенбаева Әйгерімді көрген жандар оны полиция қызметкері деп ойламайды. Табиғатынан дарыған нәзіктігі, сыпайылығы, биязылығы оны қатаң тәртіппен байланысып тұратын полиция қызметіне қимайтын секілді. Әрдайым өзіндік пікірге ие және оны сенімді түрде қорғай біледі, бірақ ол оны дұрыс және сыпайы түрде жеткізеді. Оның жоғары кәсібилігі мен төзімділігін әріптестері ғана емес, басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері де өте жақсы біледі және бағалайды. Нәтижесінде, қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жақсы көрсеткіштер көрсеткені үшін департамент, басқарма бастықтарының құзырымен бірнеше мәрте марапатталған.
- Сіз сыпайы, нәзік және биязы қызсыз. Неліктен жауапкершілігі жоғары, физикалық тұрғыдан да ауыр мамандықты таңдадыңыз?
- Бұл сұрақ мені ұзақ уақыт толғандырған емес. Себебі кішкентай кезімнен бастап мені осы салаға келетінімді өзім үшін нақты шешіп қойған едім. Азаматтардың құқығы мен бостандығының сақталуын қамтамасыз етіп, заңды тұрғыдан қорғалуына үлес қосқым келді.
Иә, дұрыс айтасыз, бұл жауапкершілігі жоғары, күрделі сала. Әсіресе, бала тәрбиесі мен ошақтың қасындағы тірліктермен айналысуға жаратылған қыз баласы үшін. Алайда, өз ісіңді сүйіп, Антыңа адал болсаң, түзу жүріп, аяғыңды тік бассаң ешқандай қиындық келтірмесі анық.
Бала кезімізден бізді отбасымызда да, мектепте де адамдар алдында, өзіңнің алдыңда адал болу қажеттігін санамызға құйып өсірді ғой. Анамыз айтып отыратын әр қадамдарың ертең болашақта ұялмайтындай, жақындарыңды ұялтпайтындай жасалу қажет деп. Сондықтан, мен өзім осы салаға келгеніме ешқашан өкінген емеспін.
- Ішкі істер органдары қатарындағы қызметіңізді қай уақытта және қай лауазымнан бастадыңыз?
- 2002 жылы мектеп бітіргеннен кейін мен Талдықорған қаласындағы заң колледжіне оқуға түсіп, 2007 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ-нің оқу курсына түстім. Ал 2009 жылы мамыр айында Арал ауданындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор болып жұмыс істей бастадым. 2010 жылы аға анықтаушы болдым. 2011 жылы Қызылорда қаласы Ішкі істер басқармасының анықтау бөліміне ауыстым. 2014 жылдан бері осы уақытқа дейін Тергеу бөлімінде аға тергеуші лауазымында қызмет етудемін.
- Тергеуші болу үшін не керек деп ойлайсыз?
- Қайсарлы, жігерлі, рухы мықты болу керек. Әр тергеушінің алдында тергелетін қылмыстық істің қиындығына, жұмыстың ауқымына қарамай өз ісін адал атқарып шығу міндеті тұрады. Дәлелденуі қиындық тудыратын істер де, жұмыс деңгейінің көрінбей қалатын жағдайлар да болады. Принципшіл адам осының бәрін жеңіп шығу керек. Сонымен қатар, адамгершілігі зор болу қажет. Себебі, әр қылмыстық іс – ол бір адамның тағдыры. Қылмыскердің қылмысын дәлелдеп, айыбын тағумен ғана шектелмей, керісінше болашақта оның осы сергелдең жолға қайталап түспеуіне, өмірден түңіліп кетпеуіне басты назар аудару керек.
- Өзіңіздің жұмысыңыз жайлы не дейсіз? Бұл сіз ойлағандай болды ма?
- Біріншіден, бұл өмірлік тәжірибе. Жұмыстың алғашқы айлары әрине өте қиын болды. Мен білмейтін көптеген салаларды үйренуге тура келді,белгілі бір әдістер, қызметтің нақты бағыттары. Уақыт өте келе, осы саланы тереңірек ұғынған кезде полиция қызметкерлері үрей тудыратын роботтар емес, біз бен сіздер сияқты қарапайым адамдар екендігіне көзім жетті.
- «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі жақындап қалды. Барлық әйелдер қауымына, әріптестеріңізге не тілейсіз?
- Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қаракөз қыз-келіншектер! Сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Өңір халқының әл-ауқатын жақсарту жолында атқарып жатқан еңбектеріңізде табыстарға жетіп, үлкен биiктерден көрiнулерiңiзге шын жүректен тілектеспін.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |