Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауының жетінші бағыты білім саласының алдына бірнеше маңызды міндеттер қойды. Айталық, жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақ өз өлкесінің тарихын танып-білумен қатар, әлемдік ақпарат кеңістігінде еркін құлаш сермеп, жаңа технологияны жан-жақты меңгеруі қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Оған қоса, ана тілінен бөлек, орыс және ағылшын тілдерін жетік білуі тиіс. Осынау талаптар деңгейінде қызмет көрсетіп, зейінді шәкірттің болашағына байыпты бағдар беретін білім ошағының бірі – Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаты. Инновациялық негіздегі білім беру ұйымының бүгінгі жұмыс барысынан кеңірек хабардар болу мақсатында мектеп директоры Балзия Абдуллаеваны әңгімеге тартқан едік.
– Балзия Әбдікәрімқызы, мектеп-интернаттың жалпы орта білім беретін мектептерден айырмашылығы қандай? Дәлірек айтсақ, оқыту бағдарламасында қай бағытқа басымдық берілген?
– Білім беру ұйымы 2010 жылы пайдалануға берілді, 300 орынға лайықталған және жатақханамен қамтамасыз етілген. Жалпы білім беретін мектептерден айырмашылығы – мұнда оқушылар 6-сыныптан кейін қабылданады. Негізгі бағыты – жаратылыстану, сондықтан мұнда оқуға талаптанған оқушылар математика пәнінен емтихан тапсырады. Мектеп-интернаттың ерекшелігі – оқушылар екі ауысымда білім алады. Бірінші ауысымда жаратылыстану-математика бағытындағы бейінді пәндер бойынша берілген білім стандартына сәйкес күрделі есептер шығарып, жаратылыстану-математика пәндерін ағылшын тілінде кіріктіріп оқиды.
Екінші ауысымда мектеп-интернат оқушыларының мүдделілігі мен қабілеттеріне сәйкес олардың жеке тұлғасын дамытуға бағытталған вариативтік (жылжымалы) оқу жүктемесінен факультативтер, үйірмелер, жеке тұлғаны бейімдеуге арналған сағаттар бөлініп, дара және топтық жеке бағдарды қамтамасыз ететін білім беру үрдісінің жаңа түрлері іске асырылады.
– Қай қоғамда да ұрпақ тәрбиесі ұлттық мүддемен сабақтасып отыратыны белгілі. Ал бүгінгі жаһандық өркениетте талап пен талғамның формасы өзгерді. Осы орайда өскелең ұрпаққа өмір талабына сай білім беру ісінде зор жауапкершілік болса керек...
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда ұстаздар алдындағы міндет – ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес білімі терең, ойы ұшқыр, іскер әрі қабілетті, құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Әлбетте, мұндай талапқа сай қызмет ету үшін ұстаз кәсіби білікті және үздіксіз ізденісте болуы тиіс. Міне, осындай маңызды қадамдарды назарға ала отырып, еліміздің білім беру жүйесінде 2016-2017 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұнына көшу сатысы басталып, оқушыларды кең ауқымды дағдыларға үйретуге, функционалдық сауаттылықтарын арттыруға, адами құндылықтарын дамытуға ден қойылып отыр. Дәлірек айтсақ, жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды сындарлы оқытуға үйрету, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. Бұл мақсатта 7-сынып оқушыларымен тиянақты жұмыс жүргізіліп, тақырып бойынша қалыптастырушы және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары алынады, мектепішілік педагогикалық шеберлік орталығында әрбір нәтиже талданып, жинақталады.
Дарынды балаларды оқытуды инновациялау, элитарлық білімнің функционалдығын қамтамасыз ету және педагогика-психологиялық жағынан қолдау көрсету мақсатында мұнда 15 мыңнан аса кітап қоры бар кітапхана, компьютермен жабдықталған 36 оқу кабинеті, электронды оқу залы, 130 орындық асхана, медициналық бөлім, арнайы жабдықталған спорт алаңы жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, «Робототехника» кабинеті екі ауысымда оқушыларға қызмет көрсетеді, қазіргі нәтиже жаман емес. Алматы, Астана, Қызылорда қаласында өткен чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрген оқушылар бар. Ең бастысы, оқушылардың робототехникаға қызығушылығы жоғары. Мектепте оқушы – кітапхана – мұғалім байланысы электронды жүйеде жүреді. Сонымен бірге, рухани жаңғыру аясында «100 кітап» акциясы бойынша көркем әдебиеттерді оқуға үлкен мүмкіндіктер қарастырылған.
– Өзіңіз білесіз, әлемдік ақпарат алмасуда ағылшын тілін үйренудің маңызы зор. Елбасы Жолдауында айқындалған тапсырмалар аясында алдағы жылдан бастап 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталады. Осы тұрғыда қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Мектеп-интернатта оқу-тәрбие, әдістемелік сүйемелдеу, ағылшын тіліне көшу бағытында бірнеше жобалар іске асырылуда. Мысалы, үш тілді білім беру аясында ағылшын тіліне кезең-кезеңімен көшудің 3-кезеңі аясында жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілімен кіріктіріп оқытуды іс-тәжірибе бағытында қолдана бастадық. Нәтижесінде, оқушының тақырыпқа қатысты ақпаратты, терминдік қолданыстарды меңгеруіне оң әсерін тигізгені байқалып отыр. Сонымен бірге, ағылшын тілі пәні бойынша аптасына 6 сағаттық жүктеме оқушылардың білімді терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл орайда тілдік-деңгейлік үйірме сабақтары қолға алынып, мұғалімдердің біліктілігін көтеруге де баса назар аударылып отыр. Бүгінгі таңда биология, математика, химия пәндері бойынша кіріктірілген сабақтар 100% ағылшын тілінде өткізіліп жатыр. Оқушылардың танымдық қабілеттеріне қарай төрт дағды бойынша қосымша үйірме сабақтары ұйымдастырылған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Менің бастамам – менің Отаныма» атты облыстық семинар-практикум ұйымдастырылып, онда мектеп-интернат мұғалімдері «Туған жер», «100 жаңа есім», «Латын әліпбиіне көшу», «Үш тілде білім беру» жобалары аясында өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сол секілді биылғы оқу жылында халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов кубогына оқушылар арасындағы ХІІ республикалық шахмат турнирі өткізілді.
– Мұнда білім алып жатқан оқушылар жатақханада орналасқандықтан, уақытының көп бөлігі осында өтеді. Сондықтан тәрбиелік шараларға барынша көңіл бөлген жөн сияқты. Жалпы осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайын білсек...
– Расында, тәрбие бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар оқушының тұлғалық-танымдық қабілетін қалыптастыруда ерекше мәнге ие. Атап айтар болсақ, «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы, «Туған жер» жобасы, «100 жаңа есім» жобасы «Мәңгілік Елдің» ұрпақтарын отаншыл рухта тәрбиелеп, өз елінің патриоты етіп қалыптастыруға бағытталады.
Бұл орайда дарынды балаларды кешенді оқу және тәрбие негіздерімен оқыту жан-жақты әрі тиімді қарастырылған. Оның дәлелі, биылғы оқу жылының басынан бастап 652 оқушы түрлі байқауларға қатысып, 373-і жақсы нәтиже көрсеткен.
– Өзіңіз жоғарыда айтып өттіңіз, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Осы орайда, оқушыларға жаңаша білім беру ісінде ұстаздар қауымының жеткен жетістіктерін атап өтпеске болмас...
– Иә, расында, білім беру ісінде ұстаздар қауымына жүктелген міндет жыл өткен сайын еселеп артып келеді. Бізде осы талапқа сай пәндік олимпиадалар мен республикалық конкурстарда, кәсіби байқауларда жетістіктерге жеткен ұстаздар қатары аз емес. Атап айтар болсақ, 2012 жылдың «Үздік педагогы», «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының І дәрежелі диплом иегері Ж.Дінисламов, математика пәні бойынша өткізілген облыстық білім сайысында бас жүлде – автокөлік иегері, математика, физика және информатика пәндері мұғалімдері мен олимпиадалық резерв тренерлерінің ашық республикалық шығармашылық байқауының ІІІ дәрежелі дипломының иегері, халықаралық педагогикалық олимпиада жүлдегері Ш.Жиембаев, облыс әкімінің миллион теңге сыйақысын иеленген мұғалімдер Г.Нұрмаханова, Ә.Алпысова, Г.Абдукамалова, Т.Жұмағұлова, 2015 жылдың «Үздік педагогы» А.Смағұл, «Үздік физика пәнінің мұғалімі – 2015» байқауының жеңімпазы, 2016 жылдың «Үздік педагогы» Ш.Бейсенова, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауының І орын иегері С.Болатқызы, «Үздік әлеуметтік педагог – 2016» байқауының жеңімпазы Г.Ниеталиева, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік авторлық бағдарлама» конурсында ІІІ дәрежелі диплом иеленген Ә.Жақсылықова секілді мұғалімдер заман талабынан қалыс қалмай, еселі еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, мектеп-интернат 2016 жылы «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясын иеленіп, 17 миллион теңге сыйақымен марапатталды. Мұның барлығы – уақытпен санаспай, ерекше шығармашылық ізденіспен еңбек еткен ұстаздардың жеңісі.
– Сұхбатыңызға рахмет, Балзия Әбдікәрімқызы! Толағай еңбекте табыс биігінен көріне беріңіздер!
Сұхбаттасқан
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».