Ісін бастаушы азаматтарға кеңес

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері өз кәсібін ашқысы келетін азаматтар үшін кеңес беру айдарын жалғастырады. Келесі кеңесіміз кәсіпкерлік нысанын тіркеу формасына қатысты болмақ. Сауалдарымызға Палатаның кеңесші-менеджері Гүлнұр Құрмантаева жауап берді.


- Гүлнұр ханым, сәлеметсіз бе. Бүгін мен кәсіпкер болғысы келетін азаматтардың атынан кәсіпкерлік нысанын қалай тіркеуге болады? Осы мәселеге қатысты Сізден кеңес алғым келеді. Кәсіпкер ретінде тіркелгенде қандай форманы таңдаған жөн? Жауапкершілігі сектеулі серіктестікті немесе дара кәсіпкерлікті ме?

 - Кәсіпкерлікті үшке бөліп қарасақ болады: жеке кәсіпкерлік, серіктестік және корпорациялық кәсіпкерлік. Жеке кәсіпкерліктің басымдылығы бір адам, яғни сол кәсіпкердің өзі жұмыс жасай алады және өзінің таңдауы бойынша кез келген саланы таңдау алады. Бұл жерде артықшылығы таңдау мүмкіндіктерінің мол болуында. Ал корпорациялық кәсіпкерлікке келетін болсақ, сырттан кпитал тартуға мүмкіндігі зор болады, алайда ерекшелігі кәсіпкер ретінде төлейтін салығынан өзге қосымша корпорациялық табыс салығын да төлейді. Серіктестік кәсіпкерлік бір немесе бірнеше тұлғаның бір мақсат аясында бір бизнеспен айналысуы.

- Менде келесі сұрақ туындап тұр. Мәселен, мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелдім дейін. Салықта қандай ерекшеліктер бар? Жалпы ісін жаңа бастаушы кәсіпкер алғашқы кезде жеңілдіктер болуы үшін қандай нысанда тіркелгені жөн? 

- Жалпы кәсіпкерлерге арналған негізгі үш салық режимі бар. Оңайлатылған, патенттік және жалпыға бірдей. Көбіне кәсіпкерлердің қолданатын режимі ол – оңайлатылған салық режимі. Жұмысшы саны 25-тен аспайтын және табыс 1400 ең төменгі жалақы көрсеткішінен (ЖК - МЗП) аспайтын кәсіпкерлер, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестер де осы салық режимін жиі пайдаланады. Одан басқа патенттік салық режимі бар. Ерекшелігі бір адам ғана жұмыс жасайтын кәсіпкерлік нысаны, яғни дара кәсіпкер ретінде осы режиммен төлей алады. Мұндай режимде салық төлейтін кәсіпкер өзінің қарамағына өзге адамды жұмысқа қабылдай алмайды. Жалпыға бірдей режимге келетін болсам, егер кәсіпкердің табысы 1400 ең төменгі жалақы көрсеткішінен асып кететін болса және жұмысшы саны 25 адамнан асып кететін болса онда автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне көшеді.

 - Келесі сұрағым, кәсіпкерлік нысаны ретінде тіркелу барысында қандай құжаттар жинақтауым керек?

 -  Егер дара кәсіпкер ретінде тіркелгіңіз келсе салық органдарына жеке куәлігіңізбен барсаңыз жеткілікті. Сол жерден салық органдарының қызметкері тіркеп береді. Ал егер заңды тұлға ретінде тіркелгіңіз келсе жұмысы сәл күрделі. Мәселен, жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде тіркелгіңіз келсе жарғылық, құрылтай шарттары болуы қажет. Сондай-ақ, кәсіпкерлігіңізді жүргізетін арнайы ғимаратыңыз болуы керек немесе жалға алғандығыңызды дәлелдейтін келісім шартыңыз болуы тиіс. Мұнан өзге, ЖШС-ті құрған азаматтардың, яғни құрылтайшылардың пайлық үлесін дәлелдейтін құжаттары болғаны жөн. Осы құжаттарды Халыққа қызмет көрсету органдарына апарып, тіркелуге болады.

Тағы бір айтып өтетін жайт, егер салық төлеуге қатысты немесе кәсіпкерлікке қатысты қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасына келіп немесе телефон арқылы кеңес алуға (1432 немесе 40-09-81) болады. Мысалы, салық және өзге де есеп-қисаптарға қатысты бухгалтерлік мәселелер бойынша кеңесші қызмет көрсетеді, құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беретін заңгерлеріміз бар. Өзге де қызмет түрлері бойынша мамандар бар. Көрсетілетін қызметтеріміздің барлығы ақысыз – тегін.    

- Кеңесіңізге рахмет. 

Қызылорда облысы 

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 

Cұхбат 01 ақпан 2018 г. 1 188 0