« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-қадамын орындау мақсатында мемлекеттік мекемелерде Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы қызметі енгізілді.
Президент Жарлығына сәйкес Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымы аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, шет елдегі мекемелері бар орталық мемлекеттік органдарда (құқық қорғау органдарын және ҚР Қорғаныс министрлігін қоспағанда), сондай-ақ, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана әкімдерінің аппараттарында енгізіліп, жұмыс жасауда. Осы қызметтің өңірдегі жай-жапсарын білу мақсатында облыс әкімі аппараты ММ Әдеп жөніндегі уәкілі Бақытжан Ідірісовпен сұхбаттасқан едік.
– Бақытжан Жеткерұлы, алдымен Әдеп жөніндегі уәкілдің атқаратын қызметін айтып өтсеңіз.
– Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, сондай-ақ, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.
– Енді осыған кеңірек тоқталсаңыз...
– Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі міндеттерінің бірі ол мемлекеттік қызметшілерге консультациялық көмек көрсету болып табылады. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер әртүрлі себептерге байланысты мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықпен күрес салаларындағы өзгерістерді толық меңгере бермеуі мүмкін. Ол себептерге негізгі жұмысының ауқымдығы, жұмыс өтілінің аздығы, құқықтық білімінің болмауы секілді тағы да басқалары жатады. Сондықтан, олар жұмыс барысында шешім қабылдауда немесе өз құқықтарын қорғауда кібіртіктеп қалады. Міне, осы тұста уәкілдің міндеті – мемлекеттік қызметтегі, сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамаларындағы өзгерістерді, Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру. Консультациялық көмек әрбір қызметкерге жеке-жеке көрсетіледі. Облыс әкімдігінің сайтында менің қабылдау кестем жарияланған, аптасына 5 күн, күніне 8 сағат бойы есік ашық, кез келген мемлекеттік қызметші өзін толғандырып жүрген сауал бойынша келіп, консультация алуына болады. Әрине, консультациялық көмек заңды және жеке тұлғаларға да беріледі.
Екінші бағыт – ол түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Түсіндірме жұмыстары мемлекеттік қызметшілерге лекциялар оқу, семинар-кеңестер өткізу арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет өткеруде орын алған әртүрлі құқық бұзушылықтарды талдау және оларды болдырмаудың алдын алу. Үшінші бағыт – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауына мониторинг және бақылау жүргізу. Мониторинг бұқаралық ақпарат құралдарында (газеттер, интернет-басылымдар, т.б) жарық көрген материалдарды зерделеу арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, тұрақты түрде мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарына бақылау жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік медиаларды пайдалануда мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстанды мекендеген сан түрлі ұлттардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарау, балағат лексикасын қолданбау және мемлекеттік қызметке сын айтылатын фото, видео материалдар жарияламау сынды талаптар ескеріледі. Ал, егер қызметші бұл талаптарды орындамаса, оның тәртіптік жауапкершілігі қаралады.
– Даулы мәселелер туындап жатса қалай болады?
– Әдеп жөніндегі уәкілдің келесі бір міндеті – ол мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау. Уәкілдің бұл бағыттағы міндеті даулы тараптарды қатыстыра отырып, келіссөздер жүргізу арқылы екіжақты татуластыру. Ал, егер екі жақ келісімге келе алмаса, онда қызметтік тексеру жүргізіп, ақ-қарасын шешу болып табылады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау да уәкілдің міндетіне жатады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші өз құқығын қорғау үшін мемлекеттік қызмет жөніндегі өкілетті органға немесе сотқа жүгінеді. Бұл жағдайларда мәселені шешу ұзақ уақыт алуы мүмкін. Ал, бір деңгейдегі екі мемлекеттік қызметші, басшы мен қызметкер арасындағы дауларды келіссөз жүргізу арқылы Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне мониторинг жүргізу мақсатында әрбір ұжымда анонимді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп отырады. Зерттеу нәтижесімен ұжымдағы мемлекеттік қызметшілердің арақатынасына, басшы мен қызметшілердің қарым-қатынасына, қызметшілердің құқығының бұзылуына талдау жүргізіледі. Егер ұжымдағы жағдай қалыпты болмаса, ол ұжымның басшысына түзетуге ұсынымдар беріледі.
Сұхбаттасқан Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |