Өмір межесі сондай деңгейде сызылған сияқты...

Адамның бітім-болмысының сыны өмірдің адамға деген тағдыр-сыйынан ба, әлде адамның өмірге деген тарту-сыйы арқылы айқындала ма? Ой тоқтатар болсақ, бұл екі жақтың да өзіндік мән-мағынасы бар сияқты. 

Өмірдің адамға сыйы – Жаратушының адам баласының маңдайына жазған тағдырының талайы, ал адамның өмірге сыйы – оның еңбегі. Жетпістің желкесіне мініп, қазақ әдебиеті бәйтерегінің бір бұтағына айналған Сайлаубай Жұбатырұлының ғұмыр-жолына көз салсақ, жоғарыда айтқандай, өмір мен оның өз сыйы домбыраның қос ішегіндей қатарласып жатқанын көруге болар еді. Бар ғұмырын ел-жер салауаттылығы жолына арнап, ұрпаққа ұлағат етуді мұрат тұтып, жанын ізгілік шуағымен жадыратып жүрген ол артында өшпес із, өлмес мұра қалдырумен келеді.

Өмір есігін 1948 жылдың қаңтарында Аралдың Бөген ауылында ашқан Сәкең кезіндегі қазақтың маңдайындағы жалғыз университетте, журналистика факультетінде оқыды. Еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде Ф.Оңғарсынова апайының шақыруымен бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған ол, бертін келе, «Қазақфильм» киностудиясы көркемдік кеңесінің мүшесі, КСРО Орталық телевидениесі тапсырыс фильмдер редакциясының бас редакторы қызметтерін атқарды. Ал 1981-1988 жылдары Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің театр істері жөніндегі инспекторы, М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының әдеби-репертуарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болып, әдебиет пен өнерді зерделеу жұмыстарын жүргізді.

С.Жұбатырұлы 90-жылдар басында саялы, аяулы Алматысын тастап, ел-жердің экологиялық-әлеуметтік мәселелерін тереңірек зерттеу мақсатында туған жер топырағына келді. Сол кезеңде «Кіші Арал» идеясы, Сырдария өзенін қорғау, Қазақстан өзендерінің бір бөлігін Арал аймағына жеткізу идеяларын көтерген бірден-бір азамат – осы Сәкең. Нақтырақ айтсақ, 1981 жылы КОКП ХХVІ съезі, Л.Брежнев атына мыңдаған қазақстандық қол қойған Арал қасіреті туралы хат ұйымдастырған ол «үндеместер» қуғынын да көруге мәжбүр болған.

КСРО Жазушылар одағының мүшесі С.Жұбатырұлы 9 көркем шығарма кітабын жарыққа шығарып, 3 кинофильм, 50 шақты аударма фильмнің авторы атанды.

Сәкеңнің шығармашылық жолындағы шырғалаңға толы еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Ол сонау 1971-1974 жылдары «Жалын» бәйгесінің екі дүркін жеңімпазы атанды. Кезінде ВЛКСМ, ЛКСМК, Қазақстан Журналистер одағының Мақтау хаттарымен марапатталып, Ө.Жәнібеков, К.Смайылов, Ә.Кекілбаев ағаларымен бірге «Қазақ әдебиеті» газетінің үздік авторы, 2007 жылы «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Осы жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.

2009 жылы әдебиет саласы бойынша ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері атанды.

Оқырман қауым Сәкеңді уақыт талабынан табылған, толғандырар тақырыптарды ұшқырлықпен көтерген, парасат-пайымы биік прозашы, бітім-болмысы бөлек тұлға ретінде таниды.

Қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері Сайлаубай Жұбатырұлымен көргендері мен көңілге түйгендері жайлы ашық әңгімелескен едік. Енді сөз кезегін осы әңгіме желісіне берелік.

– Әлқиссада әңгімені сіздің жазушылық тағдырдан бастасақ, Сәке. Ол қандай жолдар мен кезеңдерден өтті? Оның өзіндік ерекшелік, өзгеше бір мәнділіктері болды ма?

– Жастықта бәрі қызық. «Жез де – алтын, күміс те – алтын, алтын да – алтын» дегендей... Сонан да сен қызыққышсың, батылсың, өнімдісің. Талғамсыздық емес, өсуге, қалыптасуға қажетті сондай бұла кезең болмысы бұл.

Таңдап сөйлеу, талғап сөйлеу, яғни, зілді жауапкершілік кезеңі кейінірек келеді. Көк бейнет, қара жұмыс сол кезде басталады. Күмән сұрақтары сені жиі мазалайтын болады. Бәрібір, сонда да, ашсың ба, тоқсың ба, барсың ба, жоқсың ба, қолыңа қағаз-қалам алмай отыра алмайсың. Сөз сиқыры дейсің бе, шығармашылық ауруы дейсің бе – өзің біл. Бұған шыдамаған немесе басқа тірліктер жолын қуып кеткен – шын шығармашылық адамы емес-ау деп ойлаймын. Графомандар мен екі сөздің басын құрап, «мен жазушымын!» дейтін қайраткерлікті өз арына тапсырдық!.. «Ол бейнет неге керек?» деген шолақ сұрақ мұндайда туындамаса керек. Бейнетсіз зейнет жоғы – аксиомалық ақиқат. Біздің бейнеттен тұшымды сөз, жүрек қозғар шындықтар күтіледі. Міне, осы мәселе – сұмдық ауыр жүк. «Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы...» тек өлеңнің ғана талабы емес.

Мен «Әдебиет» атты ғажайыпқа ат қойған алғашқы қадамымды жаман бастамаған сияқтымын. Осыдан 50 жылдай бұрын «Жалын» баспасы бәйгесінің жүлдегері атандым. (Бұл оқиғаның төңірегіндегі, тіпті, өзім де білмейтін кей қызық жайттарды Фариза Оңғарсынова қайтарынан сәл бұрын өзіме айтып кеткен. Реті келгенде, оның да сырын ашармын). Сол бәйгенің тағы бір жүлдегері атандым. 20 жастың о жақ, бұ жағында едім. Сол деңгейдегі жоғары меже менің арғы шығармашылық тағдырыма ғана емес, бүкіл өмір жолыма жауапкершілік межесін сызып кеткендей болды. Төмен болмауға, қарадүрсін, таптаурын, жаттанды, құр жылтырақта құнарсыз сөйлемеуге тырыстым.

– Көп еңбегіңіз ел көзінде жүрсе де, сіздің кеуде кермейтін сабырлылығыңыз біраз жұртқа мәлім. Сонда да, әлгі, өмір мен шығармашылықтың «биіктік межесін» сәл ашыңқырап айтсаңыз?

– Жазба сөз бетінде көп айтыла қойған жоқ-ау, бірақ Шерхан аға, Мұзафар ағалар сол бәйге қазақ әдебиетіне «жыл келгендей жаңалық» әкелгенін талай сөздерінде айтып отыратын. Әр онжылдықтың әдебиетіміздегі «жыл келгендей» жаңалығы М.Әуезовтен қалған сөз ғой. Сол кезең (70-жылдарға шейін) әдебиетімізде Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Д.Исабеков легі – 60-жылдар түлектері делінсе, 70-жылдар легіндегі романтикалық, батыл ой мен қиял еркіндігін «Алыстағы аралдар» повесі ала келгені әдеби ортада мойындалған шындық еді. Жасыратыны жоқ, ол әдебиетімізде жаңа серпін-тыныс ашты. Осыны қоштап ала жөнелгендей М.Қабанбаев, М.Рахманбердиев, Н.Мұратәлиев, С.Байхоновтар қатары «лапылдап» келіп есік ашты. Солай, жаңа бір лек өмірге келді. Егер ақсақалдар пікірлеріне қарсы болмасаңыз, дәл осыны әдебиеттегі мына пенденің бірінші ерлігі деуіңізге болатын сияқты.

Екінші. 80-жылдар ортасында КОКП-ның Арал туралы құпия қаулысы шықты. Сондай тыйым бедерінде «ҚӘ» газеті менің «Сұрауы бар су еді...» атты мақаламды басып жіберді. Құйттай ғана дүние. Бірақ ҚСР Ауыл шаруашылық министрі соған жауап жазып, әпі-шәпісі шықты. (Ол кезде сын сөзге байыпты жауап берілетін). Ал редактор Ш.Мұртаза сол мақала үшін ҚКП ОК-дан сөгіс алды деп есіттім. Сонда да ер ағамыз «Мақала жазсаңдар, Жұбатыровтай жазыңдар!» деп редакция летучкасында мәлімдеген екен. (М.Құлкенов інім айтқан мәлімет). Міне, осы дүние қазақ журналистикасындағы проблемалық мақаланың алғашқы қарлығашы болды. Сол кезге дейінгі «гектарына пәлен центнер... еселі ерен еңбегімен... ауа райының қолайсыздығына қарамастан...» деген татымсыз-таптаурын журналистика сөзін бұза сөйлеген, зерттей-зерделей айтылған батыл сөз сол болды. (Солай сөйлеткен тағы да Арал мұңы!..) Кейін, «қара сөздің Қабанбайы» атанған М.Қабанбаев інім бұл бастауды да іле-шала дүрк көтеріп әкетті. Және ол керемет

биіктерге самғады. Қазақ журналистикасындағы сарапшы өткір сөз бастауы 1984 жылы солай өмірге келген. Мұны бұл пендеңіздің екінші жаңалық-бастамасы дегенге қосыла алсаң, өзің біл!

Үшінші. «Абыржы» роман-трилогиясы. Мұның анық сөзі әлі айтылған жоқ... Бірақ сонау «шығармашылық деңгейді» бір сәт естен шығармаған намысты жұмыс, көпжылдық (17 жыл!) еңбек пен ізденіс бір нәтижесін берер деймін. Ел пікірін арлы адам ақшаға сатып, не алақан жайып сұрап алмайды. «Қын түбінде өткір пышақ жатпайтыны» рас болса, бұл да бір жерден шығар... Тек... Романның біткеніне 4 жыл. Қаржы мәселесі себебінен сонша уақыт жатып қалды. Заманауи тақырыпқа жазылған дүние шықпай жатыңқырап қалса, ол уақыт «мүжуін» тез сезеді, оны тез «тат шалады». Кітап сондай себептен көп уақыт жоғалтып, қиналыста жарық көрді... Рухани өрістің еңбек адамы (ол да осы қоғамның еңбеккері ғой!) әлеуметтік жағынан әлі де әлсіз екенін мойындау керек...

– Сізді көсемсөзші-эколог дейді, Арал теңізі төңірегіндегі көптеген бастамаларыңызды ел біледі. Ал бұл жұмыстардың бізге мәлімсіздеу жақтары бар ма?

– Арал сөзін айта бастағаныма былтыр 50 жыл болыпты. Тұтас бір кезеңдік уақыт емес пе!.. Ал «Кіші Арал» жолындағы сүркіл ізденіс сүрдегінде жүргеніме – 28 жыл!

Сөздің басы – Арал мен үшін. Соны жазып бастадым. Әдебиетке де, журналистикаға да соның толқындарының қуатында келдім десем болады. Ендеше, өзіңді бағып-қаққан ата-анаңды, өзіңді тербетіп өсірген Арал-бесікті қандай ұл тәрк етер?!. Ұлдық парыз – ұлық ұғым... Бәрі есімде. Тыйымды, тіпті, қатерлі тақырып еді Арал. Көп мәселеде жалғыз шырылдап жүрдім. Мұны бір ерлік іс деп ойлаған емеспін. Тіпті, донкихоттық сияқты көрінетін... Ақылды жігіттер ондай тақырыпқа жоламайтын. Пайдасынан – зияны ғой... Сондай уақытта үнсіз-қалыс қалғандарды да бүгін енді кіналамаймын. Тек, осы күні қаптаған «ерлер» өз өрекпулерінде сол тарихқа қиянат айтпаса екен!..

Өткенде ресейлік бір «қайраткер» «Кіші Аралды» сендерге (Қазақстанға) ұсынып істеткен мен едім!» деп, кеуде соғып тұрды. Аттарын айтпай-ақ қояйын, ел біледі деген бір-жар азамат соған орындарынан тұра, бас шұлғып жатты. «Тарихты біліп сөйлеңіз – бұл теңіз халық ізденісінің нәтижесі!» деп ол «қайраткерге» тыйым айтуға тура келді сол жерде. Біз өз тарихымыз шындығын қолмен көлегейлеуге, шындықтарға көз жұма қарауға кейде тым қайым жұрт сияқтымыз. Бірақ, ақиқатында, шындық озады, ұсақ-есеп ниеттер елдің көз алдында тозады емес пе?!

Осындай жағдайда, «Кіші Арал» талабы жолында Қызылорда облысы басшылығы соңғы кезеңде аса қажырлы ізденіс-жұмыстар жүргізіп жатыр. Көптен күтулі ізденістер нәтижесін көрер күн де алыс емес деген сенім бар.

Ал көсемсөзші-эколог ретінде мен тек Аралмен шектеліп қалғаным жоқ. Сыр-Ана жайы, «Байқоңыр» мәселелері – мен үшін маңызды тақырып. Бұлардың сыртында Балқаш, Ертіс, Ертіс-Зайсан да біздің ынталы назарда тұрды.

Құдайшылығын айтайық: бұл Арал сонау тәуелсіз тарихымыздың бастауында (Семей сынақ алаңымен бірге) біздің елдік сана-сезім оянуының, ұйымдасып-ұйысуымыздың өзіндік бір ұйытқысы болған. Ол тарихтың қай кезеңінде де, қандай жағдайда да елдің, елдіктің Аралы болған!

– Осы ретте, еліміз өміріндегі соңғы кезеңнің тарихи оқиғаларына қатысты ойларыңызға тоқталсаңыз...

– Қазақстан – бүгін әлем таныған, дүние көзінде толымдылық, көркемдік, бейбітшілік символына, тіпті, ертегіге айнала бастағандай ел. Құр дабыра-дақпыртпен емес, толағай еңбек, сындарлы саясатпен қол жеткізілген жетістіктер мұның бәрі. Ел басшылығының еңбегі.

Соңғы кезеңнің үш ұлық бастамасы ел көзінде – конституциялық реформа, экономикалық серпін және рухани жаңғыру. Бәрі маңызды. Ал, қаламгер ретінде, осы кезеңдік құбылыстардың үшіншісі маған көп ой салған, ой-ізденістерге жаңа кеңістіктер көкжиегін ашқан жайт дер едім. Ел мен жер туралы кең толғап сөйлейтін қаншама мүмкіндіктер ашылып тұр!

Жасыратыны жоқ, біз сонау бір өткен батырлары мен бағландары керемет, ал бүгіннен айтары аздау жұрт түрінде сезіне бастағандай едік өзімізді. Кемшіндік психология рухани құлдықтың қанымызда қалған сарысүйек үзірі еді. Сонан түбегейлі серпіліп, сергитін уақыт келді енді. Киелі жерлеріміз, зат байлығынан әлдеқайда көп, алуан қатпарлы рухани байлығымыз қаншама! Міне, қала демей, ауыл демей, даладағы жалғыз үй демей, соларды көтермелеп, жарқыратып ашатын мүмкіндік келді. Тоқымдай ғана Бөген деген ауылды айтайын. Сол бір ауылдың төңірегінде «Ормамбет би өлген жер», «Алтын көмулі құм», «Қан жиде» деген жұмбақ жерлер жеткілікті.

Бұл – бір «100 нысан» аясына сыймайтын, кең өріс кеніштер...

Ең алдымен, адам, адам болғанда да, жастар жанын тәрбиелеу керек! Бұл бүгінгі қазақ зиялылары алдында тұрған толағай міндет. Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» атты өлеңі аса көкейтесті: күні бүгін де заман мен қоғамның ділгір, өткір мәселелері жастарда тұр.

Жекелеген адамдар мәдениетінен қоғам салауаттылығы тоқылған.

«Рухани жаңғыру» – қаламгер ретіндегі біздің осы төңіректегі ой-қайғымызды жүйелеп, қалыптауға бастаған, ізденістерді елдік саясат деңгейіне көтерген үлкен бастама.

– Осы тұс, қоғамдағы осы күннің рухани ахуалына тоқталсақ?

– Қоғамдағы ахуал әлгіндей елдік міндеттер мен саясатты туындатуға сеп болады. Себепсіз ешнәрсе туындамайды... Біз «жабайы капитализм» дегенді көбірек айтатын болдық. «Жабайыны» да, жақсы-жаманды да жасайтын – адам.

Еркіндіктің жөні осы екен деген асыра сілтеумен, адамдар, біздің адамдар қазақы қасиет қана емес, адами әлпеттен жүдеп-жадауға бой алдырды. Дөрекілік, дарақылық, анайылық – ешкім ұялмайтын, тіпті, әлдебір артықшылық көрінетін өмір нормасына айнала бастады. Бет жыртысқан ұсақ есепшілдік көбейді. Ақша мен өктемдікке арқа сүйеген жаман мінез үстемдік алды. Қазақтың «жаманды жаман десең, бөркі қазандай бола береді» деген астарлы мәтелі мына өмірдің шындығы болып шыға келді. Жазушы үшін қарғаға жемтік көбейгендей бір молшылық бұл. Бірақ бізге осындай «жемтік» молшылығы керек пе еді?.. Ау, біз кеше «Ревизор», «Хамелеондарды» жиіркене оқып, адамдық қасиеттердің тазалық, биіктігін ұлықтаумен өскен жұрт емес пе едік?

Адами мәдениет көңіл шетіне ысырылған жерде өмір қияметке айнала бастайды.

Еркіндік пен анархия – екі түрлі нәрсе. Дарақылық немесе тықақтық-тарлық қазаққа жарасқан емес.

Уақыт пен құбылыстарға жанды аздырмай, елді тоздырмай төтеп беретін – біздің өзіндік төл қасиеттеріміз, ілім тіліне салып айтқанда, Құдай берген қазақтық менталитетіміз. Соны өлтіріп алмау ғана емес, жаңа уақыт талабына сай, елдік қасиетті шығармашылықта бейімдеу өмір шарты енді.

«Қазақ халқының моральдік Кодексі» деген керек сияқты бізге.

– Тағы да соңғы жаңалығыңызға оралайық: «Абыржы» трилогиясы қалай жазылды?

– Мен үшін тым қиын тақырып. Өмір проблемаларын кітапта өрнектеу, жалпы, бейнетті тірлік. Әсіресе, сонау Арал проблемасын алсақ... Әрине, табиғат, Арал мәселесі – баяндаудың фоны. Мәселе – адамда.

Негізінен, кітаптар тараулары ширыққан сюжеттер арқылы өріледі. Мен де сюжетпен «ойнағанды» жақсы көремін. Ол кітапты арқалап алып шығатын оңқай асықтай қолайлы амал. Бірақ өмір үнемі ширыққан сюжеттерден тұрмайды ғой. Қалыпты өмір бір ырғақты, байырқалы ауанды ұнатады. Сол «сюжетсіз» өмірді натуральді түрде жаза аламын ба? Ол үшін қаншалықты күш, шеберлік деңгейі керек?.. «Абыржының» алғашқы нұсқалары осындай авторлық ұстанымда туды. Аса күрделі, ауыр табиғатта шықты. Көпшілік қиналып оқыды, түсінгендер аз болды. «Ширпотреб» дегенді мен аса көп ұнатпайтын адаммын. Бірақ халықты, оның қабылдау деңгейін (бұл сөзім үшін кешірім өтінемін) ескермесе болмайды екен. «Күрделілік тереңдігінен гөрі, қарапайымдық тереңдігі керек» дейтінім сонан. Кітапқа кеткен 17 жыл уақыт ішінде осындай жайттардың көп бейнеті бар.

Трилогия өткен жылы облыс әкімшілігінің қолдауымен толық құрамда жарық көрді.

Кітап өмірі халық алдында жалғасады. Кітап өзі үшін өзі жауап беруі тиіс. Оны автор өбектеп, көп үгіттеуінің қажеті жоқ. Ол енді менен кеткен, «өз қолы өз аузына жеткен», көпшіліктің дүниесі.

– «Өз баласына әке сыншы» дегендей, кітабыңыздың жоғарыдағы «биік межеге» сай ұстандым деген қандай тұстарына назар аударар едіңіз?

– Роман даратұлғалы (моногерой). Ол бүгінгі қоғамның «лакмус қағазы» сияқты. Химияда бар еді ғой, зат құрамын анықтайтын сондай құрал... Тек Арал мәселесінен ғана емес, күрделі, күрмеулі өмір жайттары көп мұнда. Қаза бар. (Өмір ғой). Және сол даратұлға көзімен үш кітап бойы өмірге қарау, яғни, роман сюжетін бір адам сезімімен алып шығу – Кербаланың шөлінен жаяу өткендей қиын тірлік болды. Қайтейін, өзіме қойған талап, солай алып шығу – міндет.

Романдағы қат-қабат өмір проблемалары көп болғанымен, кітап оптимизм идеясын ту етіп көтерген дүние. Өйткені, қазақтың азат тарихы қалыптасуының алғашқы қадамдары бұл. Сонау ұлы төңкеріс туралы (1917 ж.) «оң-солдан» мыңдаған кітап жазылған. Ал біздің жаңа тарихымыздың ширек ғасырдан астам уақыты өтсе де, байыпты бағамдаған дүние аздау көрінеді. Айтулы тарихымыздың сынды да сындарлы бастау кезеңдері туралы шыншыл дүниелер қажет-ақ. Бұл кітапты жазуда осындай мақсат пен намыс қамшылауы болды.

Қоғам мен құбылыстарға сыншыл көз (бұл – шындыққа көз жұмбайтын өмір үшін аса қажет) кітаптың сөзін өткірлеу еткен сияқты. «Ауруын жасырып өлгенше», ауырмайтын салауаттылық жолын іздеу объективті қажеттілік ғой. Өркендеп өсер өмір қажеттілігі ол.

Роман бастауында «советтік» лексика, «русизим» сөздер баршылық. Бүгінгі қазақыланған оқырман «автордың мұнысы несі?! деп, оған үдірейе қарамасын. Осы кітаптың бір шарты сондай. 90-жылдарға дейінгі кешегі кітаптарды қарап көріңізші. Бұл дүние де сол ізді қуалап барып, екінші томда «қазақыланады». Сондай өмір шындығы, болмыс динамикасы керек болды... Шындық демекші, екінші кітаптағы «Қиялистанды» жазу үшін бұл пендеңіз бір апта бойы жүйке аурулары (жындыхана) ішіне барып, араласып жүруге де мәжбүр болған... Тағы да сол өмір шындығының қажеттілігінен солай істелген...

Осыдан 400 жыл шамасы бұрын жазылған, романдардың романы «Дон Кихотты» жиі мысалға аламын. (Жалпы, «Абыржыда» Дон Кихот сарыны аса анық). Осыдан 4 ғасыр бұрын бір жынды идальго туралы күректей екі кітап (дилогия) жазған Сервантеске замандастары «сенің мынауың не?» деп сұрақ қойды

ма екен?.. Ал менен ХХІ ғасыр оқырманы сұраса қайтем? «Дені дұрыс емес, қоғамға көңілі қиғаштау біреуге үш кітап (трилогия) арнағаны несі?» деп?.. Несін жасырайын, осындай рухани төмендіктен қорқамын.

– Болашаққа жоспарлар қалай?

– «Абыржының» өзімді біраз әбіржіткені рас. Тосыннан келетін көптеген жалтты ойлар (кей қызық идеялар солай, табан астында келеді ғой) осы кітаптың садағасында кетті. Қанша дүние жазуға болатын еді!.. Осы күні ішіндегі айраны төгілген күбідеймін... Дегенмен, Алла жүрім берсе, әлі де біраз нәрсенің басын шалармыз деген ой бар.

Өмірде көп қиындық болды. Сондай қиындықтарда ізгі азаматтардың қолдау-көмектерін сезіндім. Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алик Айдарбаев, Мархабат Жайымбетов сияқты азамат-інілерімнің ізгіліктерін көрдім. Ретті жерде айта жүремін: аман болсын, талаптары алға баса берсін!.. Сөз сыйлаған, дәстүр сыйлаған, азды-көпті еңбегімді бағалаған жақсы дәстүр бүгін де жалғасып жатыр. Соған қанағат, шүкіршілік айтамын!

Сол баяғы Сайлаубаймын. Рухани-моральдік тұрғыда, өз сезімдерім тұрғысында... Төмендеп, түсіп қалған дәнемем жоқ сияқты. Тек бір-жар жыл бір тосындау сырқаттың аяқ тұсағаны болмаса... Ол да өмірге соны көзбен қарап, кей мәселелерді танып-білуге септескен рухани-моральдік эксперимент сияқты болды.

– 70 жас деген қандай екен? Сіздің көңіл көзімен?..

– Жақсы жас! Жаратушы жеткізген нығыметтің бәрі жақсы. Ал көңіл 25-тің төңірегінде жүр-ау деймін!..

– Сұхбатыңызға рахмет, Сәке!


Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ.

Cұхбат 20 қаңтар 2018 г. 1 049 0