Арқамнан ауыр жүк түскендей

Қазақстандық ауыратлет 11 желтоқсанда ОКҚ-да өткен баспасөз жиыны кезінде Олимпиаданың айырылып қалған екі алтын жүлдесі және сыйақы ретінде алған ақшасы мен пәтерін қайтарып беруге дайын екенін айтып берді. "Уәде бергенімдей сіздермен қайта жүздесіп отырмын. Неге мұнда отырмын дейсіздер ме? Алғысымды білдіргім келеді. Бүкіл Қазақстанға. Арқамнан ауыр жүк түскендей. Маған бекем бол деген Нұрсұлтан Әбішұлына рақмет. Менің спортта қалуым үшін барлық жағдай жасады. Ата-анам мен туғандарыма рақмет", - дейді Ильин.
TENGRINEWS:
Сіз бапкер болып жұмыс істеп келдіңіз бе? Қиын сәтте кім қол ұшын берді? 
Илья Ильин:
Спортта жүргеніме 20 жыл. Бұл спортты сүйемін. Жанымда әрдайым жас буын табылады. Менімен жұмыс істегісі келген адамды қалай жаттықтырмайсың, сондықтан, семинарлар мен шеберлік сағаттарын жүргіздім. Маған көп адамдар көмектесті. Федерация да, министрлік те. Үнемі қолдау білдіріп келді. Швейцарияға бардық, адвокаттар жалдадық, британиялық. Федерация мен Конфедерация бүкіл шығынды өз қалтасынан өтеді. 5 қазанда отырыс болды. Бәрі жақсы өтіп, маған бір-екі ай күте тұр деген болатын. 
TENGRINEWS:
 Олимпиада жолдамасы үшін күресесіз бе және салмақ дәрежесін ауыстырасыз ба? 
Илья Ильин: 
Олимпиадаға барамын ба, жоқ па - білмеймін. Бірақ оралғым келеді, жасым 29-да ғана ғой. Алдымен елдің спорт жетекшілігімен кездесу керек. Жарты жыл ауыр көтергенім жоқ. 170 және 215 келі ғана көтеріп жүрдім. Ол 75 пайыз ғана. Дәрігерлер бәрі дұрыс десе, команда жинау керек... 
TENGRINEWS: 
Сыйақы ретінде алған ақша мен пәтерді қайтарып бергіңіз келмеді ме? Допинг қолданған спортшыларды алаяқ деуге бола ма? 
Илья Ильин:
Мен алаяқ емеспін. Біз күні бойы жаттығу жасап, бір күнде 30 тонна темір көтереміз. Алаяқ деп басқа адамдарды айтар едім. Біз 9-10 жыл жаттығу жасап, өзімізді шектеп тастаймыз. Отбасымызбен бірге тұрмайыз. Ақша туралы айтатын болсақ, біз ақша үшін жаттықпаймыз. Біздің мақсатымыз басқа. Маған көпшіліктің мұндай сұрақ қоятынына таңғаламын. Бір апта бізбен бірге залға барып, жаттығу жасап көріңіздерші. Ол жақта көп нәрсе болады. Оның барлығын ешқандай ақшаға қайтарып ала алмайсың. Допинг - спорттың басты проблемасы. Онда спортшылардың барлығын алаяқ деу керек шығар. Бірақ, бізді бұлай атағандармен келіспеймін. Жүрек ауыруы, омыртқаның жарақаты... Бұл жарақаттардың барлығын мен алып жатырмын. Жауапкершілік те менде. Ертеңгі күні менде жүрек ауруы да болатын шығар. Бірақ мен алаяқ емеспін. Егер мемлекет талап етсе, пәтер мен ақшаны қайтарып беруге дайынмын. 
TENGRINEWS: 
Алдағы бәсекелерде басты қарсыласыңыз деп кімдерді айта аласыз? 
Илья Ильин: 
Олимпиадаға дейін әлі біраз уақыт бар. Біз келесі жылы өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Онда мықтылар көп болады. 105 келі салмақта қатыссам үш мықты спортшы бар. Ресейлік Беджанянды қоссақ төртеу, біздің Александр Зайчиковпен бес мықты зілтемірші болады деп ойлаймын. 64 келі салмақта ирандық әлем чемпионы мықты қарсылас. Егер мен осы салмақта өнер көрсететін болсам, ирандық спортшыны зерттеймін. Егер 105 келіде бақ сынасам, бұл салмақты көрсеткіштері шамалы аздау. Бірақ қарсылас көп. 
TENGRINEWS: 
Жаттығуға қайта кіріскен кезде бұрынғы командаңызбен жұмыс істейсіз бе? Әлде жаңа команда жинайсыз ба? 
Илья Ильин: 
Бұл сауалға әлі ойланған жоқпын. Сол үшін жауап бере алмаймын. Мүмкін біреу менімен жұмыс істегісі келетін шығар. Алдымен бір жүйені қалыпқа келтіру керек. 
TENGRINEWS: 
Сіздің әлемдегі ең ірі спорт киімдерін өндіретін компаниямен келісімшартыңыз бар еді. Қазір де бұл компаниямен шарттамаңыз бар ма? Және бір сұрақ. Сіз станозололды қолдандыңыз ба? Бүкіл ел жауапты сіздің аузыңыздан естігісі келеді. 
Илья Ильин: 
Менің Nike компаниясымен ешқандай ақша жүзінде жасалған келісімшартым болмады. Олар бізде спорттық киімдерді ұсынып отырды. Егер мен Олимпиаданы жеңіп алатын болсам, олар маған 15 мың доллар береді. Сонымен қатар, мен екі жыл LG компаниясымен жұмыс істедім. Станозолол жайлы айтатын болсам, бұл жағдайды менің өзім де түсінбедім. Тамақтан түскен дейді. 
TENGRINEWS:
Сіз білмеген станозолол туралы Алексей Нидің білуі мүмкін бе? 
Илья Ильин: 
Ол жағын білмедім.
 TENGRINEWS: 
Қазір спорттан шеттетілген ресейлік спортшыларға деген көзқарастың оң емес екенін көріп отырсыз. Сіздің Алексей Нимен қарым-қатынасыңыз қандай? 
Илья Ильин:
 Достарымның бірде-біреуі мен туралы жаман айтпайды. Біз барлығымыз бірдей жұмыс істейміз. Достарымның барлығы мені сыйлайды. Кейбіреулерімен жиі хабарласып тұрамыз. Ешқайсысы маған өкпесін айтпады. Алексей Нимен біз ескі достар ретінде хат алмасып тұрамыз. Оның мен туралы айтқан соңғы пікірі ұнады. Ол менің Олимпиада ойындарына қатысуым керектігімді айтты. Ол Қазақстандағы ауыр атлетиканың дамуы үшін барын жасады. Ол менен үлкен. Мені жас кезімде менеджер ретінде алға сүйреді. 
TENGRINEWS: 
Жаттығу жұмыстарына қашан кірісесіз? Ресей спортшылары туралы не айта аласыз? Олардың Олимпиада ойындарына бейтарап тудың астында өнер көрсеткені дұрыс па? 
Илья Ильин: 
Жаттығуға қаңтарда кірісетін шығармын. Ал Олимпиадаға міндетті түрде қатысуы керек. Олар өмірінің жартысын жаттығуға арнады. Барып, жеңіске жету керек. Ресейлік жанкүйерлер отандастарына қолдау білдірмейді дейсіз бе? Алтын алу керек. Ол спортшының өзіне әрі елге тиесілі болады. 
TENGRINEWS:
Илья Ильиннің өз мектебі бола ма? Неге бұған дейін ашпадыңыз? 
Илья Ильин: 
Мен дайын болмадым. Бірақ мектеп міндетті түрде болады. Болашақта. Қазір жоспарын құрып жатырмын. Спорттан кеткеннен кейін кірісемін. Ол кезде жасым 32-де болады. Жекпе-жек спорт кешені салынып жатыр. Сол жерден орын сұраймын. Мүмкін сонда ашатын шығармын. 
TENGRINEWS: 
Илья, 2020 жыл. Сіз тағы да Олимпиаданың жеңімпазысыз. Осылай қиялдап көрдіңіз бе? 
Илья Ильин: 
Жоқ. Әзірге ойламадым олай.

Тengrinews.kz

Cұхбат 17 қаңтар 2018 г. 867 0