Самал БАЙСЕЙІТОВА: «ӨНЕРГЕ БАЛА КҮНІМНЕН ЖАҚЫН БОЛДЫМ»

2017 жылдың мәресінде әртүрлі салада еңбек етіп, аймақ дамуына айрықша үлес қосып жүрген бірқатар сырбойылық мемлекеттік марапатқа ие болды. Олардың қатарында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің солисі және Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы Самал Байсейітова да бар. Самал Жанасылқызы кеудесіне «Құрмет» орденінің тағылуын азды-көпті еңбегінің еленгені деп есептейді. Әншіні осы марапатымен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.
– Жаңа жыл қарсаңында Президент Жарлығымен «Құрмет» орденін иелендіңіз, құтты болсын! Марапат сіз үшін қаншалықты маңызды?
– Кез келген марапат жауапкершілікті еселей түседі, адамды алға ұмтылдырады. Бірақ, бұл мақтануға, дандайсуға еш негіз бола алмайды.
– Атағыңызды пайдаланатын сәттер болып тұра ма?
– Ондай қулыққа барған емеспін. Меніңше, бізге әлі ерте сияқты. Әзірге атаққа қызмет жасауға, еңбегімізді елеп, берген марапатты ақтауға тиіспіз.
– Опера дегеніңіз өзі бір күрделі классикалық жанр ғой. Оған екінің бірі бара бермейді. Сіз қалай тәуекел еттіңіз?
– Менің өнерге әуестігім балабақшадан басталған. Мектепте оқып жүргенімде де өте белсенді болдым. Домбыра, баян, фортепиано аспаптарында ойнап, ән де салдық, би де биледік. Жалағаш ауданының Мәдениет ауылындағы №32 орта мектепте оқыдым. Сол кезде мектеп әкімшілігіне ауданда өтетін іс-шараларға, конкурстарға мені қатыстыру жөнінде әдейілеп қатынас хатын жіберетін. Сынып жетекшім «осылай да осылай, сені сабақтан босатуды сұрапты» дейді.
Соны естіген бойда директордың рұқсат берген-бермегеніне қарамастан, дереу дайындыққа кірісіп кетем. Үстіме анам тігіп берген аппақ бүрмелі көйлекті, оның сыртынан қара масаты қамзолды киіп алам. Басыма өзінің қаракүзен бөркіне үкі тағып кигізіп қояды. Қолымда – домбыра. Айнаның алдында өз бетімше дайындық жасағаннан кейін шақырған жерге тартып отырам. Сол кездегі аудандық мәдениет үйінің директоры Тынымбай Мәдиев өзі бастап күтіп алып, бәйек қағып жүреді. Мәдениет үйінің өперпаздарымен Жалағаштың ауылдарына, Байқоңыр қаласына гастрольдеп барғаным есімде. Бірде Өзбекстанның Хорезм облысынан делегация келіп, сол жерде арнау айтқаным бар. Домбыра ұстап тұрған суретімді аудандық газетке ақпаратпен қоса жариялап, оны сүйіншілеткеніміз де есімде.
– Өнер сізге қайдан немесе кімнен қонған? Үйіңізде «әу» дейтін кім бар еді?
– Әкем – сахнаға шықпағанымен, өнерді өте жоғары бағалайтын адам. Ән айтудан алыс болған жоқ. Өнер қанмен келген шығар деп ойлаймын. Анам ән айтады. Бірақ оқушы кезімде қолыма домбыра ұстатып, өнерге икемдеген – Ауған соғысының ардагері Әлібек Байсейітов деген ағам. Төртінші сыныпта оқып жүргеннен сол кісінің көп көмегі тиді. Радиодан естіген әндерімді «үйретші» дегенімде ағам маған бала деп бетімнен қайтармай, жалықпай отыра қалып үйрететін. Өнер жолында қандай жетістікке жетсем, сол кісіге және басқа да ұстаздарыма алғысым шексіз. Жалағаштық Қаншагүл Мұстафаева деген апайымыз бізді оқушы кезден бастап спектальдерге, өзге де іс-шараларға жиі тартып жүрді. Бірде Наурыз мерекесінде «Қыз Жібек» қойылымын сахналадық. Апай мені «шашың ұзын» деп Жібектің роліне таңдап алған. Қаншагүл апайдың бастамасымен, ұйымдастыруымен өнерлі балалар көрші ауылдарды аралап, өзімізше гастрольге шығып тұрдық.
– Ән-биге жақын болыпсыз, басқа сабақтарға үлгеріміңіз қалай еді?
– Барлық пәнді жақсы оқыдым. Оқушы кезімде химиядан олимпиадаларға қатысып жүрдім. Он біріншіні бітірген кезде алдымда екі таңдау тұрды. Әке-шешем дәрігер болғанымды қалады. Бірақ, мен олай еткенім жоқ. Құжаттарымды Қызылордадағы музыкалық колледжге тапсырдым. Бала күнімнен бойыма қонған өнер мені осында жетелеп әкелді. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қарагөз
Ақдәулетовадан сабақ алдым. Колледжді аяқтағасын оқуымды әрі қарай жалғастыру мақсатында Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға оқуға түстім. Менің бағым шығар, КСРО мен Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегенованың тәлім-тәрбиесін көрдім. Бибігүл Ахметқызы бізді бітірткеннен кейін зейнеткерлікке шықты.
– Бұлбұл дауысты әншіден білім алғаныңыз үшін де сіз бақыттысыз!
– Ол – қазақтың қайталанбас тұлғаларының бірі. Әлі де сахнада жүр, әлі де сол қалпында, әлі де даусы сондай керемет. Ішкі жан дүниесі, мәдениеті соншалықты терең. Ол кісінің бойында бүкіл адами қасиет көрініс тапқан. Құрманғазы консерваториясында небір мықты профессорлар сабақ берді. Ол кісілердің әрбір лекциясы, әрбір тәжірибесі біз үшін өмірлік азық десем болады.
– Үлкен қалаларға – Алматыға немесе Астанаға кеткіңіз келмей ме?
– Бұл мегаполистерде, әсіресе, жастарға көптеген мүмкіндік бар. Өнер адамдары шет елдерге жиі шығып, ондағы әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып тұрады. Алматыға, Астанаға барып, орнығып, өнерде де, өмірде де жолы болған талай жанды білемін. Алматыда Абай атындағы опера және балет театрына жұмысқа орналасуға ниеттеніп жүргенімде бір күнде Қызылордаға қайтып келдім. Өйткені, осында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі ашылып жатыр деп, мені жұмысқа шақырды. Оған қоса, музыкалық колледжге оқытушы болып жұмысқа кірістім. Сөйтіп, бір жағынан жеке шығармашылығымды, екінші жағынан ағартушылық қырымды дамытуға мүмкіндік алдым. Екі жұмысты қатар алып жүргендіктен, Астананы немесе Алматыны ұмыта бастайды екенсің. Студенттерді әртүрлі деңгейдегі конкурстарға дайындадым, қатыстырдым. Өзім де әнші ретінде концерттерге қатысып, өнерімді өлтіргенім жоқ. «Ұстаздан шәкірт озады» дейді халық даналығы. Сол сияқты өзім шыға алмаған шыңдардан, бағындыра алмаған биіктерден шәкірттерім көрініп жатса, ол – мен үшін екі есе қуаныш әрі зор жауапкершілік. Студенттерімнің алды Астанадағы өнер университетінің магистратурасын бітірді, бүгінде Астана қалалық конгресс-холында солист. Біреулері оқытушы болып жұмысқа орналасты, біреулері сыртта оқып жатыр. Былтыр ғана бітірген шәкіртім Әйгерім Ораз Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, атақты опера әншісі Майра Мұхамедқызының сыныбына оқуға қабылданды.
– Қазақ операны қалай қабылдайды?
– Қазақта опера бүгін не кеше пайда болған жоқ. ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ әншілері Мәскеуде өтетін онкүндікке баратын. Күләш Байсейітова және Қанабек Байсейітов қазақ операсының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты. «Қыз Жібек» операсымен, батысеуропалық өнер туындыларымен танылды. Алматыдағы тарихы терең, Астанадағы жаңадан ашылған опера және балет театрлары классикалық өнердің биігінен көрініп келеді. Біздің халқымыз әлімсақтан өнерді жоғары бағалайды. Операны да солай қабылдайды.
– Сіз орындайтын шығармалардың ішінде бойтұмарыңыз қайсысы?
– Өзім Бибігүл Ахметқызының сыныбында оқыған соң ба, ол кісінің орындауындағы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін өте жақсы көрем. Дәл солай орындай алмасам да ұқсап бағуға тырысам. Жалпы, қазақтың барлық классикалық әндері жаныма жақын.
– Бибігүл Төлегенова «Бұлбұлды» жеке орындауыңызда тыңдады ма?
– 2014 жылы Қызылордада алғаш рет жеке шығармашылық концертімді өткіздім. Соған Бибігүл Ахметқызы арнайы келді. Осылайша бір жағынан ұстаздың, бір жағынан Сыр жұртшылығының алдында есеп бердім. Бибігүл апайға «сіздің ән мектебіңіз жалғасып келеді, өнеріңіз ешқашан үзілмейді» деп шәкірттеріммен бірге оның әндерінен попури орындадық. Ол кісі «туған жерде жүріп өнерді дамытып, жастарды өнерге баулып жүрсің, еңбегіңе ризамын» деп, маған батасын берді. Бұл мені қанаттандырды. Шабытыма шабыт қосты.
– Сыр өңірінде өнерге, өнер адамдарына қолдау қаншалықты сезіледі?
– Туған жерге ту тіккен он жыл ішінде өнерді дамытуға азғантай да болса, үлес қостым деп есептеймін. Өткен жылдың аяғында «Құрмет» орденін алуым еңбегімнің еленгені болса керек. Аймақ басшысы болып Қырымбек Елеуұлы тағайындалғаннан кейін облыста камералық оркестр ашылды. Өнер ұжымдары, өнер адамдары мемлекеттің, жергілікті басшылықтың қолдауын айқын сезініп келеді. Басқа өңірлерге, алыс-жақын шет елдерге гастрольге шығу мүмкіндігін иелендік. Мен осы күні Алматыға не болмаса Астанаға кетпедім деп еш өкінбеймін. Бибігүл Ахметқызы Қызылордаға келген кезінде облыс әкіміне өтініш айтып, соның арқасында 2015 жылы үйлі болдым. Бұл да болса өнер адамының өнімді жұмыс істеуіне септігін тигізері сөзсіз.
– Туған жыл туралы нанымдарға қалай қарайсыз?
– Мен – жылқы жылының тумасымын. Қазақ қадір тұтатын жануармен расында ұқсастықты байқаймын. Өзіңіз білесіз, жылқы жаугершілік заманда ердің қанаты болды, жүкті де көтереді, қандай бәйгеге қоссаң да, шаба жөнеледі. Осы қасиеттер маған да тән. Кез келген күрделі жұмысқа дайынмын, конкурстарға қатысып, додаға түскенді жақсы көремін.
– Сұхбаттың түйінінде «әйел бақыты» дегенді қалай түсінетініңізді білгім келеді...
– Әйелдің бақыты – отбасы. Баласына жақсы тәрбие беріп, күйеуінің бабын жасап отырса, келін болып түскен жеріне сыйлы бола білсе, бақыты сол шығар. Ал жұмыс, сахна, шәкірт тәрбиелеу – қосымша дүниелер.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Назерке САНИЯЗОВА.
«Сыр бойы».
Cұхбат 09 қаңтар 2018 г. 1 518 0