Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ой-толғам. Онда тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, қазақ елінің рухани даму бағыты айқындалған. Мемлекет басшысы қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін атап көрсетті. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Ендігі міндет – Елбасы тапсырмасын орындай отырып, мақалада көрсетілген жобаларға басты назар аудару. Осы орайда Арал ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішевпен әңгімелескен едік.
– Еркін Жұмаханұлы, бағдарламалық мақалада айтылған тапсырмалардың орындалу барысын баяндап берсеңіз...
– Бұл мақала – мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, бүгінгі қазақ қоғамының санасын оятатын рухани жаңғыртуға бағытталған саяси-идеологиялық құжат. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілетін іс-шаралар жоспары бекітілді. Мақала аясында «Туған жер» бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық сарапшылар кеңесі, жобалық кеңсе және аудан әкімінің өкімімен «Арал ауданының 100 жаңа есімі» жобасы аясында түрлі салада қызмет атқарған тұлғаларды айқындау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының отырысы өткізіліп, «100 жаңа есім» жобасына тәуелсіздік жылдары табысқа жеткен медицина, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқан 17 адам ұсынылды.
– Осы жерде әңгіме ауанын мақалада көрсетілген бағыттарға бұрсақ. Олар бойынша не жасалып жатыр?
– Мақаланың «Тәрбие және білім» бағыты бойынша барлық кітапханада «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында кітапханаға 300 дана кітап сыйға берілді. Сонымен қатар, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Асқақ арманды алаш ардағы», «Тұғыры биік тұлға» деген тақырыптарда поэзия, жыр кештері болды. Білім беру орындары мен кітапханаларда 80-нен астам шара өткізілді. Іс-шараға 2,5 мыңдай адам қамтылды. «Отаным – тағдырым» бағыты бойынша 60-қа жуық шара ұйымдастырылып, оларға 3,5 мыңдай адам қатысты. Оның ішінде №4 қалалық кітапханада жерлесіміз, спорт майталманы Дабыс Қалауовтың «Туған елдің текті ұлы» атты танымдық лекциясы, №3 қалалық кітапханада Құдайберген Саржановтың «Аралдың айтылмаған ақиқаты» атты кітабы негізінде оқырман арасында кітапқа талдау жүргізілді. Барлық кітапханада жыршы Нұртуған Кенжеғұлұлының 130 жылдығына орай «Сыр сүлейі Нұртуған», «Сырдың дүлдүл ақыны», «Асқақ үнді алып ақын», «Сырлы жырдың саңлағы», «Қара сөзден жыр құйған сөз зергері» атты кітап көрмелері, оқырман конференциясы және жыр кештері ұйымдастырылды. Ал жуырда өткен аудандық мәдениет үйіндегі шара 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінің маңызын аша түсті. Барша қазақстандықтың арман-мұраты салтанат құрған, мемлекеттің ең басты әрі қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні де жылдағы ізбен тасада қалмайды. Биыл бұл бағытта аудандық және мектепішілік кітапханаларда «Өрлей бер, гүлдене бер, туған елім – Қазақстан» атты кітап көрмелерін оқырман назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Маңызды салтанатты кеш аудандық мәдениет үйінде 16 желтоқсан күні болады.
– Рухани жаңғыру кітап оқудан басталады. Одан бөлек, туған жер алдындағы перзенттік парызды өтеу де – маңызды іс. Президент мақаласында бұл мәселелер де қамтылғанын білесіз...
– Оныңыз рас. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Кітап – білім бұлағы» бағыты бойынша 50 шақты шара өткізілді. Оның ішінде кітапханаларда Жанқожа батырдың туғанына 240 жыл толуына байланысты «Ел тарихындағы ерен тұлға Жанқожа», «Ел қорғаған ер бабам», «Жауға жалаң қылыш болған Жанқожа», «Ер мен елдің рухын көтерген батыр» атты кітап көрмелері, ерлік сағаттары, таным сағаттары, патриоттық кештер оқушылардың таным көкжиегін кеңейте түскені сөзсіз. Сонымен қатар, дауылпаз ақын Зейнолла Шүкіровтың 90 жылдығына орай кітапханаларда «Ғазиз жүрек, қайсар жазушы», «Дарыны асқақ ақын», «Ыстық жүрек, алау жыр», «Теңізін әлем таныған» атты әдеби сағаттар, поэзия кеші, поэзия сағаты, патриоттық кештер, әдеби жыр кеші ұйымдастырылды. Ал «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» бағыты мен Елбасы мақаласының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданнан шыққан азаматтар және ауыл тұрғындары 94 млн 170 мың теңгеге демеушілік жасап, қайырымдылық көмек көрсетті.
– Атап айтқанда, нақты қандай көмек?
– Аманөткел елді мекенінде жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен жаңа мешіт салып берсе, осы елді мекен жастары футбол алаңын қоршап, мәдени демалыс орнына арналған сахнаның құрылысын жүргізді. Сонымен қатар, Ерімбетжаға ауылында жергілікті тұрғындардың қаражаты есебінен жаңа мешіт ғимараты бой көтерсе, Қосжар елді мекенінде Ізімбет ахун ұрпақтары жаңа мешіт құрылысын жүргізіп, халық игілігіне ұсынды. Осы орайда бизнесте жүрген азаматтар жаңадан ашылған мешіттер мен мектептерге дыбыс күшейткіш аппаратура, мектептерге мультимедиялық проекторлар алып беріп, мектеп жаттықтырушылары мен оқушыларды спорттық киімдермен қамтамасыз етті. Қарақұм елді мекенінен жеке кәсіпкер жаңа тағзым алаңын салса, Қызылжар ауылында орналасқан «Оңғар ахун» мешітінің күмбезі де осы ауыл азаматы тарапынан жаңаланып, ол жуынатын бөлмені жабдықтармен қамтамасыз етті. Жыл сайын өткізілетін аудандық пәндер олимпиадасының бас жүлде иегеріне берілген автокөліктің қаражатын да жеке кәсіпкер көтергенін айтуға тиіспіз. «Туған жерге тағзым» акциясы негізінде ауданның жеке кәсіпкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын жүргізіп келеді. Алдағы уақытта шижағалық азамат өз қаражаты есебінен туған жерінде аллея салуды жоспарлап отыр. Құрылыс нысаны келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланды. «Сыр жомарты» қайырымдылық айлығы да игі дәстүрге айналды. Шара аясында мекеме басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, жергілікті депутаттар және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және тұрмыс жағдайы төмен 435 отбасыға азық-түлік, көмір, қаржылай және киім-кешек түрінде 2 млн 861 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.
– Бұл жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айғақтай түседі. Жалпы, ұлттық идеологияны қалыптастырудың кілті саналатын құжаттың маңызын түсіндіру бағытында қандай шараларды қолға алдыңыздар?
– Аудан бойынша мақаланы түсіндіру мақсатында кітапханаларда тақырыптық шолу, ой-толғау, библиографиялық шолу, дөңгелек үстелдер мен отырыстар, спорттық сайыстар және әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қамбаш көлінің жағасында 2017 жылдың 1 шілде күні Халықаралық Арал өңірі балықшыларының III слеті өткізілді. Аталған слеттің негізгі мақсаты – өңір балықшыларының әлеуетін көтеру, олардың ел экономикасының дамуына үлес қосқанын ескеріп, еңбегі сіңген ардагерлерге құрмет көрсету. Елбасы мақаласы қазақ халқын рухани жаңғыртуға бағытталған саяси-идеологиялық құжат болғандықтан 160-тан астам мәдени шара ұйымдастырылды. Ал мақаланы халыққа насихаттау мақсатында қала, кент ауылдық округтерде 31 билборд ілінді. Сонымен қатар, аудандық «Толқын» газетінде 45 мақала жарияланып, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан «Туған жер» бағдарламасы аясында 4 бейнесюжет түсірілді. Мақала аясында Аманөткел елді мекенінде ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының 130 жылдық мерейтойы, қалалық мәдениет үйінде Зейнолла Шүкіровтің 90 жылдық мерейтойына орай аймақтық ақындар айтысы, белгілі қоғам қайраткері, бұрынғы ҚазССР Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржановтың 80 жасқа толуына орай мәдени шаралар өтті. Мәдениет үйі ғимаратында аудан әкімдігі және аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру жолындағы құндылықтар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Биыл – тарихы бай Қарақұм ауылының құрылғанына 60 жыл және осы мекеннің іргетасын қалап, өз кезінде тек Қазақстанға ғана емес, Одаққа танымал еткен білікті басшы Байжан Бижановтың туғанына 100 жыл. Осыған байланысты «Естелік – елдігімнің белгісі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бұдан соң ардагер ұстаз Үргенішбай Қуатовтың «Құт қонған өңір – Қарақұм» атты кітабының тұсауы кесілді.
– Арал ауданына, халқына Елбасының қамқорлығы ерекше. Сонымен қатар бұл жер тарихи-мәдени ескерткіштерге бай. Ауданның ерекшеліктерін аз-кем сөз етсек...
– Жалпы, Арал ауданының географиясы қызық. Оңтүстік бөлігін түгелдей Арал теңізі алып жатыр. Батысы мен солтүстігінде Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудандарымен, солтүстік-шығысында Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен, оңтүстік-шығысында Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақстанмен шектеседі. Тұран ойпатында орналасқан ауданның батысын Үлкен және Кіші Борсық құмдары, солтүстік-шығысын Баршақұм, шығысын Арал Қарақұмы алып жатыр. Теңіз жағалауында Көкарал, Көктырнақ, Барсакелмес, Шұбартарауыз, Құланды түбектері, Чернышев, Тұщыбас, Шевченко, Бутаков шығанақтары және Берг мойнағы орналасқан. Сондай-ақ, Қарашоқы, Алтыншоқы жота-таулары кездеседі. Осыншама табиғат пен сұлулықтың үйлесімділігі көз тартарлық. Арал ауданы «Барсакелмес» қорығымен, сол аумақтағы республикалық маңызы бар «Бегім ана» мұнарасымен, басқа да ежелгі қалашықтарымен және кесенелерімен әйгілі. 2014 жылы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың тоқсан жылдық мерейтойына арнап Аралда шығармашылық үйі ашылды. Өскелең ұрпақ ол жерде қаламгердің шығармашылығымен танысып, танымал тұлғалармен бірге түскен суреттерін тамашалай алады. Ал 2015 жылы шығармашылық үйінің алдында жазушының «Соңғы парыз» кітабы кейіпкерлерінің ескерткіші бой көтерді.
– Тарихтың қоймасы, өмірдің айнасы іспетті музейлер туралы не айтуға болады?
– Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында қазіргі күні 10 мың экспонат сақтаулы. Музей археология мен этнография, өнер мен әдебиет, өлке тарихы, тәуелсіздік, көрме, Арал қаласының тарихы залдарынан тұрады. Бұл залдарда заманында халқына қамқоршы болған, елдің жарқын болашағы үшін күрескен, артына өшпес мұра қалдырған шешендер мен билер, батырлар мен әдебиет қайраткерлерінің суреттері, құжаттары, Арал өңірінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде тұтынған бұйымдары, киім-кешектері, Арал теңізінің кешегісі мен бүгінгісі жайында, табиғат, жан-жануарлар дүниесі, миллион жылдардан кейін тасқа айналып кеткен балықтардың денесі, тағы да басқа жәдігерлер қойылған. Ал «Балықшылар» музейіндегі жәдігерлер саны 2 мыңға жетіп жығылады. Музей «Балықшылар» және «Кемелер» деген екі залдан тұрады. Оларда балық шаруашылығына еңбегі сіңірген қайраткерлер мен атақты балықшылардың портреттері, фотосуреттері, «Лев Берг» кемесінде балықшылардың киімдері мен құрал-жабдықтары орналасқан. Сонымен қатар, бізде Арал қалалық тарихи музейі бар.
– Сөз соңында биыл өткен ІІІ Халықаралық Балықшылар слеті, жалпы, аудандағы балық шаруашылығының дамуы жөнінде айтып өтсеңіз...
– Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын үзіліп қалған бұл үрдіс қайта жалғанып, бүгінде дәстүрлі шараға айналып үлгерді. Теңіз төскейіндегі биылғы балықшылар тойына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Марлен Айнабеков қатысты. Сондай-ақ, Дания, Ресей мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген өкілдер мен ардагерлер шараны тамашалады. Су маржанын сүзуден жарыс өткізіліп, ең салмақты, ең көп, ең үлкен балық аулаған және ең дәмді сорпа әзірлеген қатысушылар түрлі номинация бойынша марапатталды. Өздеріңізге белгілі, Елбасының бастамасымен қолға алынған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі ауқымды шаралар нәтижесінде Арал өңірінің ата кәсібі – балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамып келеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біз үшін көрші мемлекеттермен байланыс жасауға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Соның айқын дәлелі – ресейлік кәсіпкерлермен бірігіп салған Ресейдің Ульяновск облысындағы «Димитровград балық өлкесі» балық өңдеу зауыты. Зауытқа шикізат негізінен Арал теңізінен жеткізіледі. Балықтың сапасы жақсы, нарықтағы сұранысы да жоғары. Бүгінде Арал балығы Дания, Польша, Ресей, Грузия және Әзербайжанға экспортталады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Назерке САНИЯЗОВА.