Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар» туралы Жарлығына сәйкес сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамалар жүргізу функциясы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен Әділет министрлігіне берілген болатын. Сонымен сот сараптамасы қызметінің бүгінгі міндеттері қандай? Ол қалай жүзеге асырылып жатыр? Біз осы сауалдарға жауап алу мақсатымен ҚР Әділет министрлігі «Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Қызылорда филиалы институтының директоры Бақытбек Сүлейменұлы Ержановқа жолыққан едік.
– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсеткен стратегиялық бағыттарды іске асыруда сот сараптамасы саласының да едәуір маңызы бар, – деді бізбен әңгімесінде Бақытбек Сүлейменұлы. – Мемлекет басшысы тарапынан заман талабына сай сот-сараптама жүйесін дамыту мен жетілдіру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, соның нәтижесінде 2017 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметін жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейтін «Сот-сараптама қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Бұл заң еліміздің сот сараптамаларын ұйымдастыру, тағайындау және қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізуде арнайы ғылыми білімді пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіруді, сондай-ақ сот сарапшылары палатасын құру арқылы мемлекеттік емес (жеке) сот сарапшылары қызметі институтын одан әрі дамытуды көздейді. Одан басқа, сот сараптамасын жүргізу үдерістеріне қатысушы азаматтар мен ұйымдардың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Заң лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын сот-сараптама органы мен оның басшысының, сот сарапшыларының құқықтары мен міндеттерін реттейді. Сонымен қатар заңмен сот сараптамасын жеке-дара, комиссиялық және кешенді түрде жүргізудің ерекшеліктері реттеледі.
Осыған байланысты сот-сараптама қызметін дамытуға, жүргізілетін сот сараптамаларының түрлерін кеңейтуге, әдіснамалық базаны одан әрі жетілдіруге, қолда бар материалдық-техникалық базаны кеңейтуге және одан әрі жақсартуға, сараптама сапасын жоғарылатуға жаңа тұрғыдан қарауды, соның ішінде инновациялық технологияларды пайдалану және сараптамалық әлеуетті арттыру арқылы айқындау міндеті қойылып отыр.
Сот-сараптама қызметі саласында сот ісін жүргізудің бүгінгі қажеттіліктерін барынша толық қанағаттандыру мақсатында міндеттерді шешуге заманауи дайындық жасау, оның дамыту перспективаларын есепке ала отырып, жаңа сот сараптамалары түрлерін және сот сараптамаларын жүргізу әдістемелерін енгізу талап етіліп отыр.
Қылмысқа қарсы күресте маңызды қарудың бірі сот сараптамасы болып табылады, ол қылмыстарды тергеу кезінде ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
– Сот сараптамасын кімдер жүргізеді? Ол қандай негіздерге сүйеніп жасалады? Олардың түрлері қандай?
– Сот сараптамасын сот, прокуратура, тергеуші және анықтаушы сараптама жүргізуді жүктейтін, істің нәтижесіне мүдделі емес, арнаулы ғылыми білім-білігі бар лауазымды адам – сот сарапшысы жүргізеді. Сот сараптамасын та-ғайындауға тергеушінің қаулысы немесе соттың ұйғарымы негіз болып табылады. Институттың штаттық құрылым негізінде институт директоры, директордың сот сараптамасы, сот-медициналық сараптамасы және жалпы мәселелер бойынша орынбасарлары сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу барысында өз лауазымды міндеттеріне сай қызмет атқаруда.
Сот сараптамасының 39 түрі бойынша 51 сарапшы, 18 орта буын медицина қызметкерлері, 13 кіші буын медицина қызметкерлері облыс көлемінде сараптаманың келесі түрлері бойынша: құжаттардың сот сараптамасы, сот портреттік сараптамасы, сот бейнефонографиялық сараптамасы, заттар мен материалдардың сот сараптамасы, жол-көлік оқиғасы жағдайлары мен көлік құралдарының сот сараптамасы, сот экономикалық сараптамасы, сот тауартану сараптамасы, сот құрылыс сараптамасы, компьютерлік технология құралдарын сот-сараптамалық зерттеу, сот өрт-техникалық сараптамасы, сот жарылыс-техникалық сараптамасы, сот баллистикалық сараптамасы, сот трасологиялық сараптамасы, есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сот сараптамасы, сот биологиялық сараптамасы, сот-сараптамалық психологиялық-криминалистикалық зерттеу, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің материалдары бойынша мәйіттердің, жәбірленушілер мен айыпталушылардың және өзге де тұлғалардың сот-медициналық сараптамасы, сот-гистологиялық сараптамасы, сот-биологиялық (медициналық) сараптамасы, медициналық-криминалистикалық сараптамасы, химия-токсикологиялық сараптамасы, сот-наркологиялық сараптамасы, сот-психиатриялық сараптамасы түрлері бойынша қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, институт құрамында 2 аудандық сот сараптамалары бөлімшелері: Шиелі аудандық бөлімшесі, Байқоңыр қаласындағы бөлімшесі және 3 аудандық сот-медициналық бөлімшелер: Арал аудандық бөлімшесі, Қазалы аудандық бөлімшесі, Шиелі аудандық бөлімшесі сот сарапшылық зерттеулері бойынша қызмет көрсетеді.
– Сот сарапшылары қызмет бабында қандай заңдылықтарға сүйенеді? Ақылы қызмет түрлері көрсетіле ме?
– Негізінен, сарапшылар қызмет бабында Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін, «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Әділет министр-лігінің сот сараптамасын ұйымдастыру мен жүргізуді реттейтін басқа да актілерінің нормаларын басшылыққа алады.
Заңды және жеке тұлғалардың жазбаша өтініштері келіп түскен кезде, сарапшылар сот сараптамасы органында ғылыми кұралдар мен әдістерді пайдалана отырып, келісім шарт негізінде мамандар ретінде зерттеулер жүргізеді. Қазіргі таңда осы зерттеулер Қызылорда облысы бойынша сот-сараптамалары институтында ҚР Әділет министрлігі тарапынан бекітілген «ҚР ӘМ сот сараптамалары орталығы» РМҚК-да жүргізілетін ақылы қызмет бағалары прейскуранты негізінде жүргізіледі.
Осы орайда, Институт базасында ғылыми кұралдар мен әдістерді пайдалана отырып, келісім шарт негізінде төмендегі зерттеулер мен ақылы қызмет түрлері: Қанның, зәрдің құрамында есірткі қоспаларын анықтау; Қаннан, зәрден алкогольді сандық анықтау; Объектілерді карбоксигемоглобинді анықтау; Алкоголь суррогаттарын зерттеу; Зәрдегі есірткі заттарды зерттеу; Бір блокті гистологиялық зерттеу; Объектіні соттық-биологиялық зерттеу; Мүрдені суық камерада сақтау; Мүрдені косметикалық өңдеу; Сыртқы бөлек бальзамдау; Ішінара сыртқы бальзамдау; Ішінара инъекциялық бальзамдау; Ашық шірумен өзгерген мүрделерді бальзамдау (күйікпен); Дене жарақатын көрсетіп, соттық-медициналық анықтау; Медициналық құжаттарын зерттеумен соттық-медициналық анықтау; Азаматтық істер бойынша қайталама (комиссиялық) соттық-медициналық сараптама; Бір объектінің зерттелуі үшін қан алу; Соттық-наркологиялық сараптама; Сот психология-психиатриялық және сот-психиатриялық сараптамалар амбулаторлық түрде жүргізіледі.
Ата Заңымызда адамның құқын, бостандығын, ар-намысын қорғау, т.б. секілді адамгершілікке негізделген бірқатар нормалар бар. Осы қағидаттар құқыққа әсер етеді және заңдарымыздың негізіне ықпалын тигізіп, одан әрі даму барысында түрлі кодекстер мен әртүрлі заң актілері жасалады. Бірақ бұл адамгершілік қасиеттер заңдылықта сақталмаса, ізгілікке қол жеткізу мүмкін емес. Ал кез келген ауыр қылмысты ашу барысында ізгіліктің көрінісі сот сараптамасының қорытындысына байланысты айқындалады. Сондықтан сот сараптамасын жүргізу барысында сарапшыға маңызды міндеттер жүктеледі. Ол қылмыстық оқиғаға қатысты сарапшы қорытындысында қандай тұжырым береді, адам тағдырын шешетін соңғы үкім де соған негізделеді.
Осы орайда сот сарапшылары егеменді еліміздің заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға өз құзыреті шегінде атсалысып, өз міндеттерін тиісінше адал атқарып келе жатқанын атап өткім келеді.
Әңгімелескен Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.