АШЫҚТЫҚ, ТИІМДІЛІК, ӘДІЛДІК

Еліміздің  прокуратура саласында қабылданған «Өзгерістер бағдарламасында» қоғам жаңа форматтағы прокуратураны қажет ететіні жарияланып, трансформация жүргізудің негізгі бағыттары айқындалды. «Халыққа арналған ашық прокуратураны» қалыптастыру үшін жұртшылықпен тікелей байланыс жолға қойылды.  Жақында газет тілшісі сала жұмысының жаңа беталысы мен бағыт-бағдары туралы бірнеше сауалды Қызылорда қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі  Мұрат Досмағанбетовке қойған еді.
– Мұрат Досмағанбетұлы, жұмысты жаңа форматқа көшіргелі, яғни прокуратура халыққа жақындағалы көзге анық байқалған өзгерістер қандай?
– Қалалық прокуратура жұмыс барысында «ашықтық», «тиімділік» және «әділдік» бағыттарын белгілеп, жүйелі шаралар атқаруда. Қадағалау қызметі артық жүктемелерден арылды. Тұрғындармен тікелей байланыс орнатудан бастап, барлық елді мекендерді жеке-жеке аралап, жеке қабылдаулар жүргіздік. Осы қабылдаулар барысында мүдделі органдарды үйлестіру арқылы өтініштерді бюрократиясыз шешу жолдарын қарастырып, сервистік ұстанымды қолдандық. Қабылданушылардың саны 4 есеге артты.
Бізбен оңай әрі жылдам хабарласу үшін сенім телефондарымыз тәулік бойына қосылып, барлық емханаларда арыз-шағым жәшіктеріміз орнатылды. «Ю-туб» және «Фэйсбук» әлеуметтік желілерінен қалалық прокуратураның парақшалары ашылып, қазіргі таңда 1500-ден астам адам жазылған. Енді әрбір қала тұрғыны біздің жұмыстарымызбен интернет арқылы таныса алады.
Жаңашылдық ретінде жобалық басқаруды жүзеге асыруға ден қойдық.
– Қызылорда қаласы – аймақтағы ең ірі елді мекен болғандықтан, мұндағы  қылмыс жағдайына талдау жүргізіп, қоғамдық қауіпсіздікті тұрақтандыру және қылмыстың алдын алуда кешенді шаралар күн сайын қадағалауда болатыны анық. Жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы жер-жерде жарияланып жатыр. Қалалық прокуратураның қорытындылары қандай?
– Тоғыз айда қылмыс саны 5114-тен 4559-ға, яғни 10,9 пайызға төмендеді. Оның ішінде ауыр қылмыстар, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, тонау, бұзақылық, мас күйде, топпен жасалған қылмыстар төмендеген, қоғамдық орында жасалған қылмыс пен  ұрлық, алаяқтық  азайды.
Бас прокуратура қылмыстық процестегі заңдылықты қадағалауды басым бағыт етіп белгілегелі қадағалау күшейтілді. Себебі, қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы – прокуратураның басты міндеті. Осыған орай, барлық ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстарға процесс прокурорлары тағайындалды. Ол дегеніміз – процесс прокурорлары қылмыс тіркелген сәттен бастап, сот үкімі шыққанға дейін қадағалау жүргізеді.
Бұл қылмыстық қудалау органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық, объективті жүргізуіне, азаматтардың құқықтарының сақталуына кепілдік бермек. Енді процесс прокурорлары ауыр қылмыстар бойынша жаңа айыптау актілерін жасап, сотқа жолдауда. Бұл қылмыстың сипаты мен барлық мән-жайының нақтылап, кінәлі тұлғаның жасаған әрекетін қылмыстық баппен дұрыс саралануын қамтамасыз етуде.
– Тергеу барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қылмыстық істерді қысқа мерзімде аяқтау – прокуратура жұмысының басты міндеті екені белгілі. Азаматтардың қылмыстық процестегі сот шешімін бірнеше айлап күтуі айқындық пен ашықтықтың жолын бөгейді. Осы процестерді оңтайландырып, азаматтардың уақытын үнемдеп, әуре-сарсаңды жою үшін қандай шаралар қабылданды?
– Қалалық прокуратура мен ішкі істер басқармасы Бас прокуратураның «Қылмыстық процесті азаматтардың мүдделері үшін жетілдіру» жобасын іске асыруда. Жобаға сәйкес қылмыстық істердің 80,4 пайызы 10 күнде аяқталды.  
Тергеу әрекеттері заманауи  аудио-видео бекіту құрылғыларымен жабдықталған жауап алу бөлмелерінде жүргізіледі. Қадағалаушы прокурорлар полициядағы кезекші прокурор кабинетінде болып, қылмыстық істерді сол жерде сотқа жолдауда. Сәуірден бастап 145 қылмыстық іс жеделдетілген тәртіппен сотқа жолданып, шешім қабылданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артып, өз тиімділігін берді.
Прокуратура, ішкі істер, сот органдары арасында үшжақты меморандум жасалып, пилоттық жоба аясында сотқа жолданған теріс қылықтар 1 күнде, басқа қылмыстық істер 7 күнде қаралуы жөнінде келісілді. Нәтижесінде сот ісінің айқындығы мен жеделдігі артып, ұзақ уақыт алатын процедуралар мен құжат айналымы қысқармақ. Кезекші прокурорлардың жұмысын күшейту нәтижесінде уақытша ұстау изоляторында азаматтарды заңсыз ұстау, қинау деректері орын алмаған және олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілген жоқ.
– Мәліметтерге қарағанда, қала көлемінде тіркелген қылмыстардың тең жартысы ұрлық болып отыр. Алаяқтарға алданып, опық жегендердің де қарасы қалың. Бұл ақпарат жетіспеушіліктен бе, әлде адамдардың бейқамдығынан ба?
– Ақпарат жеткілікті. Бас прокуратураның «Ұрлыққа тосқауыл» жобасы іске асуда. Қала аумағында қатынайтын автобустарға қалта ұрлығынан сақтанудың жолдары туралы плакаттар ілінді. Бір автобуспен күніне 300-350 адам қатынайды десек, бұл жадынаманы  бір күнде 30-35 мың адам оқиды. Ұрлықтың алдын алу, болдырмау үшін «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп «Бұлтты бейнебақылау» жобасы жүзеге асырылуда. Енді әр пәтер иесі өзінің подъезі мен ауласында орнатылған бейнекамералар арқылы онлайн режимде бақылай алады. Ол үшін айына небәрі 350 теңге төлесе жеткілікті.
Қалалық прокуратура, қала әкімдігі, «Қазақтелеком» АҚ және жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінен құрылған жұмысшы топ «Арай», «Мерей»  шағын аудандарындағы көпқабатты үйлердің ауласында, подъездерінде бейнебақылау камераларын орнату туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде аталған шағын аудандардың 54 тұрғынынан бейнекамера орнатуға арыз қабылданып, жұмыс жасалуда.
Қала аумағындағы 8 банкке алаяқтықпен сотталған адамдардың тізімі жапсырылды, жадынамалар банк клиенттеріне таратылды. Алаяқтықтың кең таралған түрлері (жұмысқа тұрғызу несие, арзан үй, кезектен тыс пәтер, жер алып беру) туралы билбордтар қаланың орталық көшелеріне, алаяқтардан сақтандыру туралы плакаттар халық көп шоғырланған орындарға ілінді. Осының нәтижесінде қазіргі таңда ұрлық қылмыстары 15 пайызға, алаяқтық қылмыстар  22 пайызға азайды.
– Қылмыстық істердің сотта қаралуына заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында құрылған электронды база –  «Заңдылық» ақпараттық талдау жүйесі прокурорларға қажеттілігін дәлелдеді. Бұл жүйенің артықшылықтары туралы айтып берсеңіз...
– Аталған жүйе арқылы 40-тан астам сот актісіне апелляциялық өтініш хаттар беріліп, сот үкімдері мен қаулылары заң талаптарына сәйкестендіріліп, 20-дан астам сотталушының құқы қорғалған. «Заңдылық» жүйесі сотталушылардың жазасын өтеу мекемелерінің өзгертілуіне, тағылған жазаларының тым ауыр болуына байланысты төмендетілуіне, қосымша жазаларының негізсіз тағылуына және сотталушылардың құқықтарының бұзылмауына байланысты сот актілерінің қабылдануына өз септігін тигізуде.
– Халықтың мұң-мұқтажын есту үшін оған жақындау керек. Бұл ретте  құқық қорғау қызметтері орталығының «бір терезе» қағидасына негізделген тәртіппен қызмет көрсетуі маңызды қадам.Тұрғындармен сенімді байланыс орнатқаннан қандай ой түйдіңіз?
– Қарапайым халық прокурорларға сенуі қажет. Осы қағиданы енгізу үшін жұмыс барысында артық жүктемелерден арылып, халыққа нақты пайдасы бар жұмыстарды атқардық. Бұл орталықта түрлі сала өкілдері, атап айтқанда, прокуратура, ішкі істер, әділет, мемлекеттік кірістер органдарының және қала әкімдігінің өкілдері, адвокат және медиатор құқықтық қызмет көрсетуде. Аптасына 1 рет, яғни әр сейсенбі күні сағат 11:00-12:00 аралығында жеке қабылдау жүргіземін.
Орталық ашылғалы жалпы 337 адам келіп, құқықтық көмек алды. Олардан 34 жазбаша өтініш қабылданды. Адвокат 3 адамға талап арыз дайындап, медиаторлар 30 келісім-шарт жасады. Сонымен қатар, әр айдың соңғы бейсенбісінде сағат 11:00-12:00 аралығында облыс прокуроры, облыстық ішкі істер, кірістер, әділет департаменттерінің басшылары және қала әкімі жеке қабылдау жүргізетінін тағы бір айтқым келеді. Өздеріңізге белгілі, жаңадан «Прокуратура туралы» ҚР Заңы қабылданып, қадағалаудың нақты шектері айқындалып берілді.
Осыған сәйкес, прокуратура органдары мүгедек және өзін-өзі қорғай алмайтын адамдардың, шектелмеген адамдар қатарының және адам өмірі мен денсаулығына орны толмас зардап келтіретін жағдайларда қадағалау жүргізеді.
Осы бағытта қоғамның түрлі өкілдерінің мұң-мұқтаждарын білдік. Мәселен, І-топ көз мүгедектері қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндіктері болғанымен, іс жүзінде тасымалдаушылар олардан жолақы талап ететінін айтты. Зерделесек, бұл проблема автобус паркі және жергілікті атқарушы орган арасында жолақы алу тәртібі бойынша тиісті келісім болғанымен, ол шартта жазылмай қалған. Салдарынан осындай түсініспеушілікке ұласқан. Біздің ұсынысымызбен шартқа өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде 305 көз мүгедегі мен 24 соғыс ардагері қоғамдық көліктерде тегін жүретін болды.
70 жастан асқан қала зейнеткерлерінің жолақысына жеңілдіктер қарастыру жөнінде пікірлер білдірді. Қала әкімдігі арқылы тасымалдаушыларға жеңілдіктер беру мүмкіндігін қарастыру жөнінде біздің ұсынысымызбен шартқа өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде 8,5 мыңға жуық 70 жастан асқан зейнеткерлер қоғамдық көліктерде 50 пайыз жеңілдікпен жүруге мүмкіндік алды. Түзету кабинеттерінде мүгедек балаларға көмек көрсететін мамандар жетіспейтіні анықталып, 5 маман бөлінді. Мамандар биылғы оқу жылында 2 мыңдай мүгедек балаға түрлі түзету, әлеуметтік қызметтер көрсетіп жатыр.
Бұған қоса 396 тыл ардагерінен және мүмкіндігі шектеулі жандардан заңсыз алынған 800 мың теңгеден астам салық, 56 көп балалы анадан заңсыз алынған 288 мың теңгеден астам мүлік және көлік салықтары кері қайтарылды.
Талдау барысында ауыл мектептеріндегі ұстаздар заңды құқықтарын білмегендіктен, тиесілі мемлекеттік әлеуметтік көмекті алмай жүргендері белгілі болды. Түсіндірме жұмыстарын жүргізген соң 31 ауыл мұғалімі 68 млн теңгеге жуық жәрдемақы алды.
Үйден оқытылатын мүгедек балалар демалыс мерзімінде ем-шарасыз, түрлі әлеуметтік-психологиялық қызметтер түрлерін алудан тыс қалатынын, Талсуат елді мекенінде орналасқан мүгедек балаларға әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтың жартылай стационарында бос орындар барын білдік. Балалардың ата-аналары орталықтан қызмет алуға болатынынан бейхабар. Біздің үйлестіруімізбен мүгедек балалардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде медициналық көрсетілімдері сәйкес келетін 24 бала аталған орталықта қызмет алды. Қала аумағындағы 5 банктің жеке автотұрақтарынан «Мүгедектерге арналған» орын белгіленді. Еңбекке жарамды мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл ретте, яғни мүгедектерді  жұмысқа орналастыруда квоталау мәселесі созбалаңға салынып, қаралмай қалған. Прокуратура ұсынысымен 46 мүгедек тұрақты жұмыспен, 83 мүгедек қоғамдық жұмыспен қамтамасыз етілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары үшін қалалық әкімдіктің актісімен айқындалып, жылына бір рет берілуге тиіс әлеуметтік көмек 3 жыл бойына қаржының жетіспеуінен бөлінбей келгендігі белгілі болды. Біздің үйлестіруіміз арқылы қалалық мәслихат бекіткен шешім қайта қаралып, 73 саяси құғын-сүргін құрбанына 500 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Қалалық прокуратура атқарылған жұмыстармен тоқтап қалмай, Бас прокуратураның, өзіміздің жобаларды іске асырып, заңдылықтың сақталуын қадағалауда қызмет етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген:
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Cұхбат 06 қараша 2017 г. 1 306 0