«Қазалының Нартайы»

Ел ішінде «Арқаға барып әншімін деме, Сырға келіп жыршымын деме» деген қанатты сөз бар. Бұның астары бағзыдан Сыр бойындағы жыршылық, термешілік өнердің кеңінен өріс жаюында жатса керек. Ата-баба мұрасына адалдық танытып жүрген дәстүрлі әншілер, күміс көмей, сырнай дауысты жыршылар Қазалы ауданында да баршылық. Солардың бірі – көптеген облыстық, республикалық, халықаралық жыршы-термешілер фестивалдарының лауреаты Әзілхан Мақсатбаев. 

Тыңдарман көңілінен шығып, сырлы даусы көпшіліктің жүрек қылын қозғаған Әзекеңнің аудан өнеріндегі орны ерекше. Осы орайда, «Қазалының Нартайы» атанған күміс көмей әншімен аз-кем әңгімелесіп, сұхбат құрудыңда реті келген болатын.  

– Әзілхан аға, ауданымыздағы дәстүрлі әншілердің алдыңғы легінде жүрген өнерпазсыз. Осынау өнер өлкесіне қалай келдіңіз?

– Рахмет, жалпы өнер дегеніміз бабадан қалған мұра, біздің рухани байлығымыз. Ол өз алдына бір әлем. Әу, демейтін қазақ жоқ. Өйткені оған киесі қонған дарынды талант, нағыз өнер иесі ғана егелік ете алады. Ал менің өнер жолына қадам басуыма келер болсақ, ол өз алдына ұзақ әңгіме. "Армансыз адам – қанатсыз құспен тең" дейді ғой. Сол бала кездегі арман санаға сырлы әуенді себелеген сайын «өнер» деген ұлы көшке талпынысым артып, құштарлығымды оята түсті. Десек те, өнер біреуге жүре келе қонса, біреуге жеті атасынан қонған. Менің анамның есімі – Жұпар. Шешеміз жас күнінде әжептәуір әнші болды. Оны ес біле келе өзімде талай  мәрте тыңдап өстім. Әуені әлі күнге құлағымда. Қазір ол кісі бұл өмірде жоқ, бақилық болып кетті. Анам үй шаруасын істеп жүргенде ыңылдап, ән салып жүріп-ақ бар тірлігін тындырып жүретін. Естуімше, әкемнің де бала жұбатары болған деседі. Бізге көбіне байқата бермейтін. Соған қарағанда оңашада айтары болуы керек (әзіл). Менімше, бұл өнер әке -шешемнен дарыды деп айтуға толық негіз бар.

 Мен балықшы отбасында дүниеге келгенмін. Ата кәсібіміз балық шаруашылығы болғандықтан ба, жастық шағымыздың біршама уақытын су маржанын сүзумен өткізгеніміз рас. Оның өзіндік қызығы мен сыры барын бірі білсе, бірі білмес. Өйткені біз тумысымыздан дала дәстүріне қанығып, сол ортаға бейімделген жандармыз. Көл бетінде қу қайықпен көлбей жүзіп, керемет күйге бөленіп, әсерлі көріністердің куәсі боласың. Мен үшін тұмса табиғаттың дауысынан асқан музыкалық құрал жоқ секілді. Желмен тербеле аққан көл суының сылдыры, теңселе түсер шалғын шөптің сыбдыры мен шуылы осы бір бейне әуендер құлаққа жеткен сайын тамақты бір кернеп алып, арындата айқайға сап ән сала жөнелетін сәттерде болатын.

Мақсатбаевтар отбасын көпшілік жақсы біледі. Ол да осынау киелі өнердің арқасы екені анық . Жалпы өзіңіз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Бір ағамыздың «Лахалы жері өнерпаздардың фабрикасы» деген әзіл-шыны аралас сөзін естіп едім. Сол топырақтан өсіп өнгендіктен бе, жұрт біздің әулетімізді өнерпаздар отбасы ретінде танып, тиісті бағасын беріп жатады. Әкемнің есімі – Нағашбай. Жұпар анамыз екеуі 11 баланы дүниеге әкеліп өсіп-өнген жандар. Осы күні немере, шөберелерінің қызығын көріп отырған кішкентайларының ардақты атасы. Әкемнің бауырлалары – Жолшара, Кенжебай, Кенжалы ағаларымыз жастайынан өнермен біте қайнасып, өз уақытындағы мәдениет майданында қолтаңбаларын қалдырып, қал-қадірінше халыққа қызмет етіп, киелі сахнаның төрінен көрініп, елдің қошеметіне бөленген. Қазіргі таңда да сол құрметке лайықты кісілігін жоғалтпай келеді. Басқа да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Айталық, Гүлназ қарындасымыз болашағына көп үміт күттірер таланты жастардың қатарына қосылды. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Айман Мұсаходжаева басқаратын Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті. Рахымжан ініміз Алматы қалалық Абай атындағы гуманитарлық университетінің музыкалық білім беру мамандығы бойыша бітіріп, Әйтеке би кенттік клубының қызметкері, талантты әнші. Әділхан болса әуесқой сазгер. Біршама әндері ел ішінде орындалып, өзінің лайықты бағасын алып жүр. Мейірімхан ауылдық клуб меңгеруішісі әрі әнші, әрі сырнай аспабында шебер орындаушы. Шаңырақтың ең жас әншісі Ақылбай Республикалық Бозторғай балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы. Қамажай апамыз бен Ерліхан ағамызда өнерден құр алақан емес. Әулеттің келіндері де өз алдына бір ансамбль. Оның бәрін жіпке тізіп мақтаныш қылмай-ақ қояйын. Өзім Лахалы елді мекенінің  тумасымын. Мектепті ауылда бастап, №216 Қ.И.Сәтбаев атындағы білім ордасынан бітірдім. Араға біршама уақыт салып Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетіндегі «Халық әні» кафедрасының «Дәстүрлі өнер-жыр» факультетінің «жырау-фольклоршы» деген арнаулы пәндерінің оқытушысы мамандығын алып шықтым. Отбасылымын. Жұбайым Асылгүл Үсенқызы екеуміз Алла берген Ақерке, Ерболат, Назерке, Айзере есімді перзенттер тәрбиелеп отырмыз. Қазіргі таңда Қазалы қаласы әкімі аппаратының «Қалалық мәдениет Үйі» МКҚК-ның директоры қызметін атқарамын.

Кез келген аламанға түсер жүйріктің өз сейісі бар. Сіздің томағаңызды сыпырып, ақыл-кеңесін берген ұстаздарыңыз кімдер?

– Сыр бойының шайыры Жиенбай жыраудың

«Сөйлеші тілім сөйлеші,

Жан шіркінің сауындай.

Дауысым бірден келмейді

Теріліп төгіліп ағылмай.

Болғанмен жүйрік шаппайды

 Сейісі тауып бағылмай» деген керемет жыр бастауы бар. Әрине, «шәкіртсіз ұстаз тұл».  Бала күнімізде біздің ауылға гастролдік сапармен облыстық филормония әншілері жиі келетін. Сол уақыттары олардың құрамында Тұрсынкүл Баяханова да болды.  Мектеп жасына жете қоймаған кезім. Тұрсынкүл апайымыздың орындауындағы Нартайдың термесін ауыл клубының еденінде жатып алып тыңдағаным әлі есімде. Клубтың орындығы ауылдың шал- кемпірінен ауыспайтыны белгілі ғой. Ол кезеңдерде өнерге деген құрметтің жоғары деңгейдегі көрінісі ме, концерт келсе ауылдың тайлы-тұяғына дейін қалмайтын.Тіпті бесіктегі баласын құндақтап жас босанған аналарға дейін қалмайтын. Клубтың ішінде ине шаншар орын болмайтын сәттер жиі кездесетін. Қазір сол концертке көрерменнің қызығушылығы жоғалып бара жатқан секілді. Арнайы шақыру жібергенде де келтіре алмайтын көрініс кездесетінін жасыруға болмас.

 Тұрсынкүл апайымыздың Нартай Бекежановтың көзін көрген, Нартай атамыздың өзі құрған концерттік бригадасының белді мүшесі, әрі әншісі, әрі шәкірті екенін кейін білдім. Сол апаймен бірге бүгінгі таңдағы танымал өнер адамдары Шымберген Тілеулесов, Серік Төлеуов, Сұлтан Нұрмаханов, Гүлжан Нұржанова, Күлән Қалымбетова, Тәжігүл Аманжолова  жиі ат басын бұрып, елді ерекше көңіл күйге бөлеп, әнмен сусындатып кететін. Сол көшпен ілесіп, аудандық көркемөнерпаздар бригадасы құрамында Кенжебай Мақсатбаев, Орақ Баубеков, Насыр Баекеев, Кенжәлі Асқар, Арман Әуез, Ғалия Оспан, Гүнәр Төребекова тағы да басқа өнерпаздар мен театр тарландары біздің үйге жиі ат басын бұратын. Үйде кішкене ғана екі қатар пернесі жағалай орналасқан қара гармон болатын. Әлгінде айтқан әкемнің інісі Жолшара ағамыз жылжымалы мәдени кешен көлігінің жүргізушісі еді. Әлгі бізге құпиясы  беймәлім  сыр сандықты қолына алып сарната жөнеледі. Ондайда үйдің іші думанға толып кетуші еді. Сырлы саз, әдемі дауыс жан сергітер әсем әуенді тыңдағаннан кейін рухани көкжиегің кеңейіп ала жөнеледі. Керемет құбылыс, не деген құдірет деп таңқаласың. Әрине, бұның бәрі бала қиял. Бірақ, сол бала қиял алыс араманға жетелеп, қияға құлаш ұрып, өнер әлеміне әуестігімді арттыра түсті. Сол гармонның әр басылған түймесінің сырын ашу үшін қаншама төзім, еңбек керек екен. Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде мектеп жанынан Серік Сансызбаев ағайымыздың бастамасымен шағын фольклорлық ұлт аспаптар ансамблі құрылып, аудандық Наурыз шапағаты т.б байқаулардан алдыңғы орындағы жүлделерін қанжығаладық. Менің осы бір киелі өнерге келуіме жігерімді жанып, ақыл кеңесін берген алғашқы ұстазым Серік ағамыз еді. Ал университет қабырғасында мені кәсіби маман ретінде даярлап, шеберлігімді шыңдауға терін төгіп, ағалық ақылын айтып, бағыт бағдарын аямаған б Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қазақ Ұлттық өнер унивеситетінің профессоры, белгілі жырау Алмас Алматов және Жұмабек Аққұлов, Шолпан Бейімбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Амандық Бүрлібаев, Руслан Ахметовтер болды.

– «Қазалының Нартайы» деген айдарлы атыңызды жалпы жұртшылық біледі. Республикамызға да осы Нартайдың әндерін айтып танылып жүрсіз. Сіз үшін Нартайдың әндері несімен ерекше? Сонымен қатар, репертуарыңызда қанша ән-жыр бар?

– Сыр бойында дәстүрлі жыраулық мектеп шоғырланған 3 мекен бар. Олар Арал, Қазалы өңіріне тән Нұртуған мектебі,  Қармақшыдағы Жиенбай жырау мектебі, Шиелі беткейіндегі шоқтығы биік Нартайдың әншілік жыр мектебі. Бұл кешегі Арқаның ақиық өнерпазы ақын, әнші Тайжанның:

 Аралап Сыр бойында серуен еттім,

Ән шырқап, жырдан талай көш жөнелттім.

Арқадан Сыр еліне ескерткіш деп,

Әнімді мен Нартайға тастап кеттім, – деген Нартайдың сырнай сарынымен үндескен әншілік, жыраулық мектебі. Нартай сырнайға қосылып ән шырқауды Сыр еліне қыдырып келген Тайжанның қасында біраз уақыт бірге болып үйренген, оны ұстазым деп санаған. Нартай болса, соның әншілік дәстүрлерін дамытып, Сыр бойындағы жыраулық, әншілік дәстүрмен сабақтастырып, өзіндік мектеп қалыптастырған күллі қазақтың Нартайы. «Болмасаңда ұқсап бақ». Хәл-қадірімше жырлап халықтың кәдесіне жарап жатсақ біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Ел «Қазалының Нартайы» деп  бағаласа  Алла көңілдерін хош етсін. Егер мен осындай атаққа жетсем менің өнердегі өмірлік ұстазым (бұл ағамызға да халық «бала Нартай» деп ат берген) Қ.Р Мәдениет қайраткері Нартайдың дәстүрлі мектебін дамытушы ұлағатты ұстаз Құрманбек Бекпейісов ағамыздың қосқан еңбегі ересен екенін атап өткім келеді.

Жалпы, Нартай әндерінде өзіне еріксіз баурап алатын сиқыр бар. Әндері сырнай әуенімен үндескенде ешбір аспапқа немесе басқа дәстүрлі мектептердің орындаушылығына ұқсамайтын әуезді әуен қалыптасады. Содан барып тыңдарманды тез баурап алып, тыңдаған үстіне тыңдағысы келе беретін құштарлығын арттырады. Сырнай пернелерін үйлестіре іліп–қағып әкетіп, іле–шала әнге қайта ілесіп отырады. Бірде желдіртіп, бір де баяулап, шабыттың шырқау биігіне жеткенде әннің қайырмасындағы әуелетіп салатын игигайы ән ажарын аша түседі. Міне, мен байқаған Нартай әндерінің ерекшелігінің бір ғана мысалы осында. Мен сол Нартай мектебінің өкілі әрі насихаттаушысымын.

Қазіргі таңда менің орындауымда басқа әнші, ақын сазгерлердің әндерін қоспағанда 15-тен астам терме-толғаулар, халық әндері, және оған қоса шығыс классигі Әбілхасым Фирдаусидің Шахнамасындағы «Әшкәбус батыр» дастаны, сондай-ақ, жерлесіміз жырау Сардарбек Қожағұловтың «Жалаңтөс батыр» дастанының үзінділері бар.

– «Өнер жолы ауыр жол». Кейде адам болған соң күресуден, өзіңнің мықтылығыңды дәлелдеуден шаршайтын кездер кездеседі. Тіпті қолды бір сілтеп, бәрін тастай салғыңыз келетін сәттерде сізге не күш береді?

– Әрине, адам баласы үнемі бір қалыпты тұрмайды ғой. Өнерде де солай. Киесіне қалса, басыңнан бақыт құс болып ұшып кете береді. Өнер жолын қалаған екенсің, өзіңді өзің тәрбиеле. Шын өнер –  халықтың айнасы іспетті. «Үлкендік деген ауыр жүк, Көтере алсаң тәуір жүк» демей ме?! Өнерде тура сондай.  Кез келген нәрсені мінезге салсаң онда ол сенің әлсіздігің. Бұл менің ұстаздарымның үнемі айтып отыратын ақыл-кеңесі. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездеседі. Кейде әділетсіздіктерге жолығатын тұстарда болады. Шаршаңқы тартасың, көңілге кірбің ұялайды. Ондайда  ашуға бой алдырмайтын негізі ұстанымым  «Сабыр түбі – сары алтынды» есіме сақтаймын. Бәрі тек әшейін өткінші сәт деп өзімді өзім жұбатуға тырысамын. Менің барша болмысым осы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен:

Есет ТАБЫНБАЕВ.

Cұхбат 16 қазан 2017 г. 1 427 0