ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ ӨМІРДІ ЖАҚСАРТАДЫ

 Облыстық әкімшілікте «Жобалық басқару негіздері» тақырыбында семинар өткені мәлім. Оны осы салада тәжірибесі мол Ресей Федерациясы Белгород облысының мамандары өткізуде. Семинар арасындағы үзілісте қонақтар делегациясының басшысы, Белгород облысы губернаторының орынбасары О.Павлованы әңгімеге тартудың реті келген еді.
– Ольга Альбертовна, бүгінгі семинар туралы айтып өтсеңіз...
– Бүгінгі семинар барысында негізінен Белгород облысында жобалық басқару тәсілдерін енгізудің нәтижелері туралы айттық. Біздің облыстың бұл саладағы тәжіріибесі осында жиналған барлық мемлекеттік қызметкерлерді қызықтырғаны сөзсіз. Өйткені, бұл жаңа нәрсе  және ол Қызылорда облысында да енгізілуде. Осы мақсатта Қызылорда облысының делегациясы Белгородта болып кетті. Енді біздің мамандар осында келіп, жобалық басқарудың нормативтік базаларын  түсіндіруде.
Жобалық басқару жүйесін басқару саласындағы жаңалық деуге болады. Жобалық басқару деп кез келген субъектінің белгілі бір проблеманы шектеулі мүмкіндікпен, аз ресурстарымен қысқа мерзімде жаңа тәсілдермен шешіп шығуын айтуға болады. Жобалық басқару – ол тиімділік. Нақты мақсаттар мен белгілі нәтижелерге жетуге бағытталған іс-әрекеттер. Бір-бірімен өзара қатысты, іс-әрекеттерді үйлестіру. Басы және соңын анықтауда уақытқа белгіленген шектеулілік.
Жобалық басқаруды кез келген салада қолдануға болады. Ол барлық салада жағдайды өзгерте алады. Мәселен, денсаулық сақтау саласын алайық. Мысалы, емхана жұмысын бұрынғысынша ұйымдастыра беруге болады. Онда дәрігерді күткен науқастар кезегін көреміз. Бұл көрініс сіздерде де, бізде де, жалпы посткеңестік елдердің бәрінде бар. Ал енді жұмысты емханаларда кезек болмайтындай, сапасы жоғары болатындай етіп ұйымдастыруға болады. Ол үшін субъект территориясындағы бастапқы буын жұмысын жетілдіру керек. Мысалы, ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттерді ашу керек. Олардың қызмет көрсететін тұрғындар саны бір жарым мың адамнан аспағаны дұрыс. Сол уақытта отбасылық дәрігер ем алушыларға сапалы ем көрсетіп, өзіне келгендердің бәрін жақсы біліп жүретін болады.  
– Ал енді бұл жүйе Белгород облысының барлық саласында жұмыс істей ме?
– Белгород облысының 22 муниципалдық басқармасында жобалық басқару жүйесі жолға қойылған. Сондай-ақ аймақтық жобалық кеңсе жұмыс істейді. Бұл жүйе барлық салада енгізіліп, аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына жұмыс істейді. Ресей Федерациясында бұл жүйені қолға алғанымызға жеті жыл болды. Ал басқа губерниялардың ден қоя бастағынына екі жылдан асып барады. Бірақ деңгейлері біркелкі емес. Біз бірінші болып бастадық және осы салада ең жоғары жетістіктерге жетудеміз.
– Жобалық басқарудағы табыс неге байланысты?
– Табысқа  жетудің негізі бірінші басшының дұрыс шешімі, яғни табысқа жетем деген ниеті және шаршамай-шалдықпай үнемі бақылау жасап отыруы. Табыстың екінші критерийі адамдар дер едім. Осы идеяға барынша беріліп, жан-тәнін салып істейтін адамдарды дұрыс іріктей білу қажет. Бар қуатын салып, басқаларды осы іске өзінің соңынан тарта білуі тиіс. Біз өз облысымызда мұндай адамдарды таба алдық. Сіздер де сондай адамдар таба алады деп сенемін.
– Жобалық кеңсе дегеніміз не?
– Ол жобалық басқару жүйесінің орталығы саналады. Жобалық басқарудың тәсілдерін енгізіп отыратын ақыл-ой орталығы. Ол нормативтік базаны құрып, мемлекеттік қызметкерлерге идеяларын жобаға айналдыруға көмектесетін және содан кейін оның жүзеге асуын бақылап отыратын орталық.
– Екі облыс арасындағы байланыс қанша уақытқа белгіленген?
– Біз бір жыл көлемінде облыста жобалық басқару жүйесін енгізуге көмектесе аламыз деп ойлаймын. Жобалық кеңсе құру бағытындағы жұмыс басталып кетті. Бірлесіп жасап жатқан жұмыстардың нәтижесін көреміз деген сенімдемін. Сіздердің мемлекеттік қызметкерлердің ең төменгі буынына дейін үйреніп, осыны жүзеге асырсам деген ниеттері пайда болғанша, нормативтік базалары толық жасалып біткенше жұмыс жүргізе береміз. Бұл, әрине, оңай емес, қиындықтары жетерлік. Біраз күш-қуатты жұмсау керек болады. Ал егер оған үйренбесе, бұрынғы ескі тәсілмен жүре береді. Жобалық басқарусыз өмір сүре беруге болады. бірақ оны енгізу өмірді жақсарту деп түсінген дұрыс.
– Рахмет!

Әңгімелескен Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Cұхбат 12 қазан 2017 г. 1 195 0