Жуырда басталған міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен жекеменшік клиникалар да тыс қалмайды. Денсаулық сақтаудағы халықтың әлеуметтік мүддесін қорғаудың бұл түрі пациенттің аурухана таңдау еркіндігіне басымдық береді. Осы орайда Қызылордадағы «Centre Nova Diagnostic» медициналық орталығының директоры Ғалымжан Шабдаровпен жаңа жүйенің артықшылықтары мен мақсат-міндеті туралы сөйлескен едік.
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін бұрын да болған дейді...
– Алғаш рет бұл жүйе елімізде 1996-1998 жылдары қолданысқа енгізілген болатын. Бірақ сәтсіздікке ұшырады. Өйткені экономикалық дағдарыс шегіне жетіп тұрған еді. Жұрт жалақысын да, зейнетақысын да ала алмай әбден титықтады. Кейбір облыстар тіпті сақтандыру жарнасын төлей алмады. Ал түскен қаржы сол кездің өзінде денсаулық сақтау саласының мұқтаждығына жұмсалды. Жарналар мен төлемдер дер кезінде аударылмай, ақша дұрыс шоғырланбады. Соның кесірінен кіріс-шығыс арасында үлкен айырмашылық пайда болып, қор төлем қабілетінен айырылды. Бірақ мұнымен реформаны тұтастай жоққа шығаруға болмайды. Пайдалы тұстары да барын айтуға тиіспіз. Осы үш жылда жаңа жүйенің арқасында медицина саласына там-тұмдап болса да нарықтық экономиканың негізгі принциптері енді. Ал қазір жағдай біршама өзгерді. Ол кездегідей емес, сала тиісті инфрақұрылымдармен жабдықталды. Экономикалық жағдай едәуір тұрақталды. Мемлекеттік емдеу мекемелері заманауи қондырғылармен толықты. Жеке меншік емханалар көбейді. Жүрек, бүйрек, буын алмастыру сияқты күрделі операциялар бұрын шет елдерде ғана жасалатын болса, енді ол отандық дәрігерлерге қол емес. Сондықтан медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды енгізуге дайын болған соң осындай байламға келді.
– Жүйеге қайта айналып соғудың қандай қажеті болды және тиімділігі неде?
– Германия, Франция, Голландия, Швейцария, Бельгия елдерінде бұл жүйе бұрыннан бар. Қазақстан Еуропа елдерінде қалыптасқан озық тәжірибеге сүйене отырып, дұрыс шешім қабылдады. Мұның ең тиімді тұсы – адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Осыған дейін медицина саласын түгелдей мемлекет қаржыландырып келді. Бұл – зор шығын. Ендігі жерде мемлекет қаржысын үнемдеуге қор көмектеседі. Жаңа жүйе медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін көтеруге ықпал етіп, бәсекелес орта қалыптастырады. Ол дегеніміз – емдеу ұйымдары мен ондағы мамандар өздеріне адам тарту үшін аянып қалмайды. Қызмет көрсету сапасын арттыруды алдыңғы қатарға шығарады. Ал халық үшін медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болғаны бәрінен маңызды.
– Міндетті сақтандыру тек мемлекеттік емес, жекеменшік емханаларды да қамтиды. Жаңашылдық, демек, сіздердің де мәртебелеріңізді көтереді деуге болады ғой?
– Сақтандыру аясында медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жекеменшік мекемелер де көрсете алады. Демек, қорда біздің де үлесіміз бар. Пациентке емхана жеке ме, мемлекеттік пе, қайда қызмет көрсетілетіні маңызды емес. Өйткені міндетті сақтандыру аясындағы көлем бірдей болып қалады. Ал ерікті медициналық сақтандыру сақтандырылған тұлғаның МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық қызмет көрсету шығындарын толықтай немесе ішінара жабуға мүмкіндік береді. Ерікті медициналық сақтандыру полисі жеке тұлғаларға немесе ірі компаниялардың қызметкерлеріне сақтандыру компаниясының есебінен олар таңдаған емханаларда тексерілуге мүмкіндік береді. ЕМС рәсімдеген кезде азаматтың өзі ерікті сақтандыру полисіне енгізілген қызмет көлемін таңдайды.
– Енді өзіңіз басқаратын медициналық орталық жөнінде айтып берсеңіз...
– «Centre Nova Diagnostic» компаниясы 2010 жылы құрылды. Компанияның басты мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру, халықтың денсаулығын жақсарту. Осы уақыт аралығында компаниямыз медицина саласына біршама үлес қосып үлгерді. Сонымен қатар, сапалы әрі сенімді заманауи диагностикалық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бізде жоғары санаттағы мамандар қызмет көрсетеді. Мекемеде күндізгі емхана, УДЗ, егу, массаж жасау бөлмелері бар. «1.5T GE МРТ» аппараты жаңартылды, жоғары санаттағы УДЗ, сандық үлгідегі рентген аппараттары жұмыс істеп тұр. Орталықта 20 білікті маман қызмет атқарып келеді. 2014 жылы – 6900, 2015 жылы – 8100, 2016 жылы – 10000, соңғы 3 жыл ішінде Қызылорда облысы бойынша барлығы 25000 тұрғынға МРТ қызметі көрсетілді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша, яғни квота арқылы 2016 жылы 17 391 000 теңге қаржыға 1200 емделуші түсірілді. Қызметтің сапасын кеңейту, одан әрі қарай жоғары деңгейде жұмыс жасау мақсатында былтыр құны 800 миллион теңге тұратын медициналық жабдықтармен жаңартылды. Қызмет түрінің жоғары көрсеткіші мен сапалы қызметі артып, компания ғимаратын кеңейту жұмысы іске асырылды. Сонымен қатар, қазіргі таңда аталған медициналық аппараттар іске қосылып, 15 кәсіби маман жұмыспен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде компания медициналық сұранысқа сай, бағыты мен бағдары айқын жоғары санаттағы денсаулық сарайына айналып отыр.
– Алдағы жоспар қандай?
– Біздің компания еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл баршамыз үшін тиімді. Себебі бұл бағытта атқарылатын жұмыстар екі жаққа бірдей жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта компанияның ең басты мәселесі – күндізгі емхана қызметін ұлғайту және кәсіби жас мамандарды қызметке тарту. Мамандардың жаңадан орнатылған сандық-технологиялық аппараттармен жұмыс жасау қарқынын арттыру, сол қызметке бейімдеу. Ең басты мақсатымыз – халықтың денсаулығын жақсарту. Осы мақсатты назарға алып, талмай еңбек етіп, компанияның медициналық қызмет түрлерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
– Әңгіме ауанын қайтадан сақтандыру жайына бұрсақ. Қорға жарна төлеу шарттары қандай?
– Міндетті сақтандыру жүйесі 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылады. Ал жарна төлеу биылғы шілде айынан басталды. 1 шілдеден бастап жарнаны жұмыс берушілер (2017 жылы – жұмыскердің табысының – 1; 2018 жылы – 1,5; 2020 – 2; 2022 жылы 3 пайызы), жеке кәсіпкерлер (ай сайын 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызы немесе 2828 теңге) төлейді. Келесі жылы 1 қаңтардан бастап жүйеге мемлекет (әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санат үшін) пен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (төменгі айлық жалақының 1 пайызы немесе ай сайын 1414 теңге) қосылады. Жұмыскерлер сақтандыру жарнасын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлейді. Жұмыс беруші 2019 жылы қарамағындағы жұмыскер табысының 1 пайызын, 2020 жылдан бастап 2 пайызын ұстап, ай сайын қорға аударып отырады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.