БОЛАШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ

Халықаралық көрмені көруге ынталы азаматтарға жолбасшы болып, Астанаға сапарлап қайтуына мұрындық болып жүрген ұжымның бірі Жаңақорған ауданындағы «Ақбаян» қоғамдық бірлестігі. Оның төрайымы, белгілі өнер адамы Күлән Әбілтановаға жолығып, пікірлескенімізде ол расында адам сүйсінерлік тартымды жайттарды әңгімеледі.
– Қазақстанның атын әлемге кеңірек таныту, ондағы болашақ үшін жасалынып жатқан ғылыми жұмыстардың өміршеңдігін насихаттау мен қатар, шетел өнертапқыштарының да еңбектерінен үйрену тұрғысында да бұл халық-аралық көрменің өз уақытында және де өте сәтті ұйымдастырылғандығына көзіміз жетті. Өйткені, біздің «Ақбаян» қоғамдық бірлестігі аудан әкімінің қолдауы және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің демеуімен аудандағы түрлі топ адамдарынан 181 кісіні Астанадағы ЭКСПО көрмесіне апарып-әкелуді міндетімізге алған едік, әзірге 2 сапарда 106 адамды апарсақ, тамыз айының 12-сі күні тағы да 75 кісіні жолға алып шығамыз, – дейді.
Күләннің айтуынша, халықаралық көрменің жұмысымен танысу ниетіндегі адамдар арасында еңбек ардагерлері Сейдемет Елеусіз, Пахмаддин Айнақожаев, Әбсұлтан Өтембаев, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі Серік Мұсабаев және Жаңақорған кент әкімі жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы Қыздаркүл Балғабаева, ақындыққа әуес апасы Тынышкүл Асанова, алтын алқа иесі Қатшагүл Пірімбетова, күміс алқа иегері Назым Оспановалар бар екен. Солардың бірі, ұзақ жылдар бойы аудандық су шаруашылығында еңбек еткен Әбсұлтан Өтембаев ағамызбен сөйлесудің сәті түсті. – Алғашында ұзақ жаққа сандалып не бар, деген ұры ойдың болғаны рас еді, Астанаға барған соң, сапар мерзімінің қысқа болғанына өкінейін. Өйткені, 25 гектар аумақты алып жатқан халықаралық көрменің тамашасын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемде біз білмейтін нәрсе тіптен көп екен ғой, күннен қуат алатын аппараттарды естіп жүр едік, судан қуат алып, зырылдап тұрған машиналарды осы жолы көрдім. Адамның қимылынан да қуат шығаратын құрылғылар бар екен. Бәрін айт та, бірін айт демекші, менің риза болғаным, «Нұрлы әлем»!  Адам баласының қиялы жетіп, шыныдан осындай дүние жасап шығарады деп егер өзім барып көрмесем, өмірі сенбес едім, ғажап қой, ғажап!
– Бұл кісілердің жолы болды, ЭКСПО-ны тамашалап жүргенімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шет елдің делегациясын аралатып, біздің жанымызға келіп қалғаны, тура есік пен төрдей жерден көріп ауылдан барған аналардың қуанғанын айтсаңызшы! Біздің де балаларымыз осы кісідей қайраткер, еліне елеулі азамат болсын деп қол бұлғап, құрмет көрсетті. Президентіміз де қарапайым кісі ғой, біздің оңтүстік жақтан келгенімізді күнге күйген түрімізден білді-ау, деймін, басын изеп, жылы жымиып, назар аударды.
Сонымен Жаңақорғаннан Астанаға қарай тағы да 75 адам жолға шығуға дайындық үстінде. Олардың арасында «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері де бар. Олар тамыз айының 14-15 күндері Астана қаласында өткізілетін Қызылорда облысының өнері күндерін де қоса тамашалап келеді.
Иә, жақсылық нәрсе ғой, көңіл көңілден су ішеді демекші, жерлестеріміз халықаралық ЭКСПО көрмесінде көрген тамашаларын ауылдастарына айтып, тіпті тауыса алар емес. Өйткені, әлемнің бар ғажабы алдыңа келген сәтті бір ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес. Бұл болашақтың жарқын жолы!

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
Cұхбат 08 тамыз 2017 г. 1 271 0