АҚЫРҒЫ ТЕҢІЗГЕ...

- Естисің бе?- Нені?- Теңіздің қалай шулағанын?- Ол жоқ емес пе...
«Дүниеде бар зат жоқ болмайды, жоқтан бар пайда болмайды». Ертеде Жер кіршіксіз болған. Ол пәктігін өзін тапсыратын адамын күтумен болған. Шексіз мейірімді, жомарт Жер барлығына пана болды. Азық берді. Шөліркегеннің шөлін қандырды.
Суы тартылып құрдымға кетіп бара жатқан Арал теңізінің жағасында, Құдайдың өзі ұмыт қалдырған құлазыған қу далада – Ана. Дүниеден өткен жарының аманатымен Арал теңізіне орын теуіп, кеуіп қалған топыраққа  еккен өсімдігінің жарық көретінін  түйсігімен сезеді. Тіршілігі жоқ жерге тіршілік келсін бе? Бұған мұң басқан Ананың қасындағы немересі де, қаланың мазасыз тіршілігінен мезі боп келген қыз да сенбейді. Дегенмен уақыт өте келе құрғаған жағада тұрып жатқан осы үшеуі топырақтан қылтиып шыққан өсімдікті көрді. Арал қалпына келеді!

Алматылық режиссер Жаннар Шораеваның Арал теңізі туралы «Ақырғы теңізге» деп аталатын қысқаметражды фильмінің жабық көрсетілімі жақсылыққа сендірді.  40 минуттық  көркем фильмде Арал  қазіргі адамның босап қалған ішкі дүниесінің жұтаңдығын, құлазыған көңілін бейнелеген. Соңында тіршілік нәрін аңсаған кейіпкер  жойылып кетпей тұрған дүниені құтқарып қалуға болатынына сендірді. Режиссердің айтуынша, фильмде көрерменнің санасына, қиялына әсер ететін образ жасалған.  

Жаннар Шораева, «Ақырғы теңізге» фильмінің режиссері:

Арал бұл жерде  - метафора.  Шаршап, еңсесі түскендер адам  - аллегория.  Шөліркеген  кейіпкер бәрін қамтығысы келеді. Суды аңсамайтын адам бар ма? Құлазыған ішкі дүниені де қалпына келтіруге болады. Фильмнің тақырыбы арнайы таңдалып алынған жоқ.  Мен оны ойдан шығарған жоқпын, ол бүтіндей өзі туды.   Бұл  - ел оқиғасы. Бүгін – Арал, ертең  - Балқаш болуы мүмкін. Сондықтан сайын даламыз, жеріміз туралы ойлануымыз керек.  Көрермен осыны сезінеді деген үмітім бар.  Тау-тасымыз, шұрайлы жеріміз  жоқ емес. Бірақ, шындықтың бетіне қарайық. Құлазыған жерлерімізді де ұмытпайық.  Жарқыраған  дуалдың арғы жағында қора-қопсы барын да ұмытпайық. Жалпы, көрерменге жеткізем деген біраз ойым болған.  
Картинаның қақ ортасында ұйытқы болған Фатиманың образы өңмеңіңнен  өтеді. Әр сөзін қадап, татымды етіп шығарған актриса Райхан Айтқожанова режиссердің «барынша шынайы ойна» деп талап қойғанын айтады.

Райхан Айтқожанова, актриса:

Өз басым ойнақы сөздерді жек көремін. Өмірде қалай сөйлейсің, солай сомдау керек!  Ішіңде қандай ой жатыр, қандай сезім бар, қандай қиыншылықты көрдің, сол арқылы жеткізу керек деп ойлаймын. Қай кинода болса да  шынайы ойнағым келеді. Менің кейіпкерім  - тағдырлы, терең әйел. Оның орнында болсам,  тура солай істеуші едім. Жеріне деген махаббатын асқақтатпай, драмалы сәттерін жанымызды салып сомдадық. Эмоциясыз, ышқынбай-ақ, қарабайыр және тереңдігімен көрсету керек болды.
Бар ғұмырын  Аралда өткізіп келе жатқан Фатима жары мен қызынан айырылған соң,  теңіз жағалауында немересімен бірге соңғы үмітін жандандыруға тас бекінген. Кейуана «теңіз жоқ» деген ұрпаққа  теңіздің бар екенін көрсетті. Бұлардың қатарына қаланың мазасыз тіршілігінен безіп кеткен Гауһар есімді қыз қосылады. Гауһарды сомдаған актриса  Салтанат Наурыз расында да Алматыдан алысқа шықпағанын, бұл фильм көп нәрсеге көзін аштырып, санасына  әсер еткенін  жасырмады. «Арал туралы көп оқыдым, естігем. Дегенмен  қаланың жайлы жағдайына үйреніп қалған басым, Арал тұрғындарының қандай жағдайда тұрып жатқанын көргенде, пікірім 360 градусқа өзгерді» дейді.

Салтанат Наурыз, актриса:

Пойызбен Аралға екі тәулік жүріп келе жатқанда өркениеттен алыстағанымды сездім. Арал трагедиясын өз көзіммен көргенде,  не істеу керектігін сол жердің өзі-ақ көрсетіп берді.  Қойшылардың үйінде тұрдық. Жергілікті тұрғындардың  арасында пайда жасап қалғысы келгендер де болды, жасыратыны жоқ.  Сонымен бірге мүлдем танымайтын адамдардың  қонақжайлығы мен қарапайымдылығы, мейірмандығы қызықтырды. «Осы жерде мәңгіге қалдық!» деп ойлаған сәттеріміз де болды.  Ал түсірілімді аяқтап, Алматыға оралғанда көп нәрсені басқаша қабылдадым. Бұл –ұжымның жұмысы. Режиссердің ниеті, айтқысы келгені  фильмде орын алды деп ойлаймын.
Ит байласа тұрғысыз жерден бәрі кетіп қалған. Тек Фатима емес. Ол   тапжылмай күтеді. Өйткені бұл дүниеде тіршілік бар. Біреу келіп, біреу кетіп жатса да, Фатима күтуге дайын. Мықты әйел. Қаңыраған далада немересін бағып, қаңғып келген қызды жұбатар адам.  Тек мықтылар ғана жақсылыққа сенеді. Тек мықты адам жеріне тұрақтайды.  Өз жеріне деген махаббат. Ал махаббат өмір сыйлайды. Демек, Арал қайта оралады.  Бар зат жоғалмайды...

Көрермен пікірі: Бейнегүл Албани, көрермен:

Қатты әсер алдым, өз-өзіме келе алмай отырмын.  Қысқаметражды картина болса да, жүрегіңе уайым туғызады.  Фатиманың уайымы, сағынышы, мұңы...  Тіпті бір ауыз сөз айтпаса да мұңын түсінесің.  Фильмнің өзі, әйел, әйелдің көзіндегі қайғы көреременге беріледі екен.  Ұнжырғам түсіп кетті. Арал трагедиясына қанықпын, бірақ бүгін соны жан-тәніммен сездім. Сол жерде жүргендей болдым, қапырық ыстықты сездім, су құйып жатқанда  суды ішкім келіп кетті. Фильмді кейіпкерлердің сөзінсіз қалдыруға болады деп ойлаймын, себебі  режиссер де, оператор да  суалған теңіздің атмосферасын  жақсы жеткізіпті. Тіпті бір сәт жылағым  келді. Ал Фатиманың тілі (қазақ тілі) аударуды қажет етпейді , өйткені бәрі детүсінікті.  

Арман Шораев, қоғам белсендісі, журналист:

Арал – айырылып қалған байлығымыз. Құдай оңдап, соңғы 10-15 жылда  қайтадан өзінің мәресіне келе жатыр. Арал - халқымыз үшін үлкен трагедия,  жалпы әлем үшін  экологиялық проблема. Бұл  Жаннардың бірінші кино туындысы, бастамасы. Ризамын, қарындасыма. Журналистикада да істеді, басқа кәсіпкерлігі бар, кинорежиссура  факультетін оқып бітірген -  қолдадым.
Аралда бірнеше мәрте болғанмын, халқын да білем. Осыдан  екі апта бұрын Сыр елінде Арал мәселесіне қатысты халықаралық конференция өтті, сол жерде  фильмнің тұсаукесерін жасадық. Арал проблемасын енді шешуге болады,  іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тек Үкімет қана емес, БҰҰ-да жұмыс жүргізуде.  Дамбаны екі есе биіктетсе, бұрынғы қалпына келеді, яғни, су  қайтадан Арал қаласының қасына келеді деген болжам бар. Бұл фильм халықаралық фестивальдарға шықса,  аталмыш проблеманы шешуге оң әсері болады деп үміттенем.
Дереккөз КТК арнасы
Cұхбат 02 тамыз 2017 г. 1 470 0